ДӘДЕБАЕВ ДӘРІСТЕРІ

 

 

 

 

Шоқан ШОРТАНБАЙ,

әдебиеттанушы

 

ДӘДЕБАЕВ ДӘРІСТЕРІ

6 желтоқсан, 2023

    Сексенінші жылдардың орта шенінде Қазақ мемлекеттік универ­си­теті филология факультетінің білім алушыларына дәріс оқыған ұлағатты ұстаздарымыздың қатарында болған әдебиеттанушы ғалым, оқытушы Жанғара Дәдебаевтың да есімі шәкірттері тарапы­нан ілтипатпен аталады. Ұлттық университетте жарты ғасырдан астам ұстаздық етіп келе жатқан ғұмырында Жанғара Дәдебаев «Әде­биеттің предметі – адам» деген қағидатты тірек етсе, адам­танудың асқан білгірі Абайдың толық адам ілімін, кісілік кодексін де сонша уақыттан бері шәкірт санасына шегелеп келеді. Абай өлеңін түсініп, түйсінудің алғышарттарын ұғынғанмен, оның ілімінің ілкі тұстарын аңдағаны­мыз­бен, ішкі қыртыстарының сан қатпарлы бояуын, сан арналы өзе­гін, мың пернелі әуезі мен әуенін аңғару мен бағамдаудың, ажырату мен айқындаудың шегі жоқтай көрінеді. Соны өмір бойы іздеу мен ізденуге, ойлау мен ойлануға, зерттеу мен зерделеуге негіздеп, «ақырын жүріп, анық басып» келе жатқан ұстазымыздың еңбегі ерен. Абай ілімінің хақтың ілімімен, халық­тың дәстүрлі мәдениетімен, ұлттық кодпен байланысын терең бажайлап, жүрекке жүгіну, ақыл-ой таразысына салып, безбендеу барысында байыптап, бағалау мен талдауға талпынтады.  

 

Дәдебаевтың қаламынан ту­­ған «Абай антропологизмі» Абайдың адам туралы ілімінің нәтижелі көрсеткіші іспетті. Абайды оқып таңырқадық, ақындық сүрлеуіндегі өзгеше әлеміне тамсандық, дүние­та­ным диапазонының кеңістігіне таңғалудан да қалыспадық. Бәрібір абайтанудың кемшін тұсын тиянақтаудың тоқтамай­ты­нын, таусылмайтынын се­земіз. Тәуелсіздік дәуіріндегі Абайға жаңаша көзқарас ке­мел­денді, түрленді, жаңа биік­ке көтерілді. Жаңа заманмен жарыса жаңа Абай өмірге келді, абайтану да жаңғырды, жасарды, жаһанданудың ыр­қы­на көнбей, жаңа белеске бет­теді, жаңашыл қырынан жарқырай көрінді. Бұл тұста абай­танушы ғалымдардың қай-қайсысының еңбегі де ес­ке­русіз қалмақ емес, еселі еңбек­терін ерекше атауға тиіс­піз. Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Біз Абай­дың «толық адам» тұжырымын қай­та зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мем­ле­кет­ті басқару мен білім жүйе­сі­нің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғы­ры­на айналуы керек деп есеп­тей­мін», – деп атап көрсетуі Абай мұрасына әрдайым оң көзқарастың бола беретінін аңдатады. Ақыл, қайрат, жү­рекке жүгіну – ақынның ой-та­ра­зысының шынайы бол­мы­сы, нақты сипаты. Ізгіліктің жар­шы­сындай үштағаннан бас­тау алатын нағыз адамның адам нанғысыз әлеуетін, болмысын, қасиетін, мінезін, келбетін, яғни алуан қырлы, шы­найы, «то­лық адам» сипа­тын сана­мыз­да сәулелендірді, ойы­мызды қалыптастырды, жү­ре­гімізге ұялатты. Адам­та­ну­дың Абай нұсқаған бес асыл ісі мен адамшылықтан алыс­та­татын бес дұшпанын ғылыми негізде жүйелеп, әрқайсысын жеке-жеке мақалаға арқау етіп, ақын дүниетанымының түпсіз тұң­ғиық сырына қанықтырып, тереңіне үңілтеді. Толық адам болмақтың мақсатын ұқтырып, мәніне бойлатады. Мәселен, бес асылдың алғашқысы – талаптың мәні мен мағынасын – Абай ілімінің биік деңгейіне айқын мысал бола алатынына төмендегідей тұжырым жа­сай­ды: «Ақын талаптың мағы­на­сын, мәнін ашады; маңы­зын аң­датады; түрлерін көр­сетеді; талаптанудың шарт­­тарын анық­­­тайды; талап­та­нудың мақ­­­­сатын талдап, таразылап баян­дайды». Адам болмысын танытатын Абайдың әр сөзінің түп-төркінін, астарын айқын­дап, мағынасын ашып, ұлттық дүниетаныммен қаты­на­сын, арасалмағын парықтап, ғы­лыми байыптау мен бағам­дауға алып келеді, өркениет көшін­дегі беталысын бол­жай­ды. Абай ілімі – даналықтың шыңы, ал Дәдебаевтың моно­гра­фия­лық зерттеуі – Абайдың таным көкжиегінің тереңіне бойлай­тын ыждағатты ізденіс, көп­жыл­ғы зерделеулердің шы­найы көрінісі. Кемел ойдың сы­ғындысы, көрікті ойдың ұш­қыны, ақын кеңістігінің ұшы-қиырсыз екенінің дәлелі. Тағы бір мысал, ақынның қанағат турасындағы үзік-үзік ойларын тілге тиек ете келе, ақын ұғы­мындағы бұл сөздің мағы­на­сының біз ойлағаннан терең, біздің санамыздағы түсініктен тым алыс екенін екшейді. Көңіл тыныштығынсыз қанағат жұтаң тартатынын, көңіл тынышты­ғы­ның бұзылмауы үшін үш нәрсе­ден – адамның адамдығын бұзатын жамандықтан; өзін-өзі артық көрсетпектен; біреуге қас­тық қылмақтан – аулақ ұс­таған жанның мерейі үстем, кө­ңілі шат болмағын тұжы­рым­дап береді.

Зерттеуші ғалым өз кезе­гін­де: «Абай ілімінің жүйесінде қанағат – адам баласының асыл байлығы, рухани қымбат құндылығы. Қанағат адамның жанын, абыройын, адамшы­лы­ғын сақтайды. Абай ілімі бо­йынша қанағат, ынсап – ғада­лет­тен, ғадалет – махаббаттан. Айтылған жайлар Абайдың ілімінде қанағаттың лайықты орны барын, оны басқа еш нәрсемен, ешқандай ұғыммен, қасиетпен ауыстыруға, алмас­ты­руға болмайтынын көрсе­теді. Оның мәнін білу, мәнісін ұғу Абай ілімінің жүйесін дұрыс тануға септігін тигізеді», – деп тұ­жырымдайды. Зерттеуші сондай-ақ терең ой ұғымын әл-Фарабидің «ойлау күшімен» мәндес келетініне көңіл ауда­ра­ды. «Салыстырып қарағанда «ойлау күшінің» де, «терең ой­дың» да, «терең ойдың соңына ерудің» де түпкі мәні бірдей. Айырмашылық – мазмұнда емес, пішінде. Әл-Фарабидің ойы нақты, ал Абай ойы бей­нелі, образды. Екінші жағынан, Абай өзінің ойларын өзі танып, білген өмір тәжірибесі негі­зін­де таратады. Сөйте тұра әлем­дік ақыл-ой қорында жинақ­тал­ған ғылыми пікірлерден ал­шақ кетпейді». Абайдың те­рең ой турасындағы түсінігінің мәні терең екенін, кісінің «өзін­­де ой», «ойда көзі» бол­ма­са, істің байыбына үңіліп, ке­регіне қол жеткізе ал­май­тынын, терең ойсыз адам­шы­лықтың қадірін түсіну мүмкін еместігін сара­лай келе, ақын­ның «терең ойы» – адамның адамшылығының сапалық қа­сиеттерін білдіретін кате­го­риялардың қатарына жата­ты­нын айқындап береді.

«Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі өсек, өтірік, мақ­тан­шақ, еріншек, бекер мал шаш­пақ­тың кісі бойындағы кем­ші­ліктердің ең сорақысы, нағыз өзі екенін ақын айқын аң­ғар­тады. Жанғара Дәдебаев осы «бес дұшпанның» әрқайсысына арнайы тоқталып, жеке-жеке талдап, ақын сөзінің себебіне үңіліп, өзге өлеңдерінде, поэ­маларында, қара­сөз­де­ріндегі қолданысын саралап, жүйе­леп, аражігін тексеріп, өзара сабақтасып жатқан ұғым­дар­дың сырына қанық­ты­рады, ма­ңызын ажыратып береді. Бір ғана мақтаншақ ұғымынан туын­дайтын сан-салалы ма­ғы­насының әрқай­сы­сы­на арнайы тоқ­талып, айыр­масын айқын­дап, бірін-бірі толықтырып, тұ­тасатын тұ­сын аңғарып, бірде өлең­де­рінен, бірде «Ескендір» поэ­масынан, келесі кезекте ау­дар­­ма­ларынан дәлел-дә­йек ұсы­нып, мақтаушының, мақ­та­нушының, мақтаншақтың ара­жігін ажыратып, ақын қолдан­ған әр алуан сипатының сы­­ры­на қанықтырып, маңыз­ды­лығын тұжырымдап береді. Абай ілімінің өміршең прин­цип­теріне негізделген Дә­де­баев дәрістері де өзекті.

Абайтану жеке пән, ғылым саласы ретінде жолға қойы­луы­на қадау-қадау еңбек сі­ңір­ген зиялыларымызды, ағар­ту­шы­ларымызды, ға­лым­дарымызды білеміз. Олардың әрқайсысының осы саладағы қосқан үлесі қомақты. Абай мұхитын толықтыруға қал-қадерінше еңбек етті. Осы тұр­ғыдан келгенде Дәдебаев­тың дананың дегдар дидарын, азаматтық-қайраткерлік кел­бе­тін, ақындық әлемін танытуға келгенде ақын танымындағы адам өмірінің мәні мен маңызы, жұмбақ сыры мен ішкі «мені», қоғамдағы орны мен қоршаған ортаны қабылдауы, адам­шы­лық қасиеттерді тану мен түйсі­нуі жан-жақты сара­ла­на­ды, ақын көзқарасындағы адам­заттың ортақ мүдделері мен мүмкіндіктері жүйеленеді.

Рухани уызбен аяқтанған бала Абайдың дана Абайға жету жолындағы ізденістеріне ішкі қуат-тегеуріннің мықты­лы­ғы, адами құндылықтарға суа­рылған рухани әлемінің та­залығы, ар-ұждан, ынсап, қа­нағат қағидаттарын үнемі қапе­рінде ұстайтын иман­ды­лығы, сүйер елінің «сүйінерге жарар» ұлы болуды ойлаған мақсаткерлігі де сеп болғаны анық. Мұратына адалдықтан туған асыл ойдың нәтижесі екені де айқын.

Зейіні зерек, ой-тағылымы ерек, қабылдауы бөлек Абай­дың білімсіздермен ғана егес­пей, өмірге құштар, білімге ің­кәр замандастарының бойы­нан, ойынан байқаған ада­ми қасиеттердің қадірін бағалады, құн­дылығын бағамдады, ар­тық­­шылығын байқады. Шығар­ма­шылық ғұмырында осы бай­қағыштық пен кісі танушылық, жаны ашығыштық пен ұлтына деген сүйіспеншілік үнемі аң­ға­рылады.

Абайтанушы ғалым осының бәрі ақын танымында қалайша зерделенетіні, ақын көзқа­ра­сында қайтіп көрініс табатыны, ақын жүрегіндегі сүзгіден қа­лай өткізілетіні жөнінде тұшым­ды дәлелдермен тиянақтап, Абай ілімінің адамзат игілігіне айналу үдерісін айқындайды. Абай биігінің аласармас құн­ды­лықтарына зер салады. Абай мұхитының әрбір адам ба­ласына тигізер орасан пай­дасын таразылайды.

Абай шығармашылығының ауқымы кең, толғанған тақы­рыбы да сан тарау болғанымен, қай туындысы болсын өзегінде – адам, оның өмірінің мәні, тіршілігіндегі адамдық қасиет, құндылықтарға арақатынасы, рухани адамгершілік әлемі мен­мұндалайды. Адам әлемі­нің таңғажайып болмысы мен жұмбақ сыры, өмірге көзқа­ра­сының сан қырлылығы мен алуан түрлілігі, нағыз адам ту­ра­лы аңыздан ақиқатқа же­ту­дің амал-тәсілдері, ғұла­ма­лар­дың кемел адам кон­­цеп­циясына қосқан даныш­пандық ойлары мен тұжырымдары Абайды айналып өтпегені анық. Ғұламаһи Дауаниден Дре­перге дейінгі аралықта ай­тыл­ған пәлсапалық ой-тұжы­рым­дарды ой елегінен өткізіп, елеп-екшеп, жүрек сүзгісінен өткізіп, өзіндік пікірге келеді, «толық адам» концепциясының алғышарттарын жүйелеп, тұ­жырымдарына тірек етеді.

Ақыл-ойдың алыбы Фара­би­ден, даналықтың кені Жүсіп Ба­ласағұннан бастау алатын ке­мел адам тұғырнамасының өмірін ұзартып, өміршеңдігіне кепіл бола алған Абай тұжы­рым­дамасының рухани өмі­рі­мізге азық болып келе жатқаны жанымызға жылылық ұяла­та­ды. Өткеннен тағылым алып, даналықтың мәйегін саралап, халық мәдениетінің қазына­сы­нан мейірі қанып өскен ақын­ның ойлары өрнекті, пікірлері келелі, ұстанымдары ұғынықты болуы да заңдылық.

Абай жолы даңғылға ұласып, Абай мектебі өрісін кеңейтті. Абай әлемі кеңістігін ұзартты. Ал Абай ілімі адамзатты ізгі­лік­ке үндесе, қоғамды кемел­ден­діруге қызмет етсе, еліміздің болашағын баянды етуге ық­пал етсе, ақын арманының жү­зеге асқаны, ұлт болашағының жарқын болатынына сені­мі­міздің ұлғайғаны.

Айналасына ілім нұрын сеп­кен данышпан Абайдың түпсіз те­реңге жетелейтін білім­паз­дығын, ақыл-ойын адамзатты ізгілікке, қоғамды ізгілендіруге жұмсаған көрегендігін, пара­сат-пайымын «толық адам» кон­цепциясын жүйелеуге ба­ғыт­таған данышпандығын Абай ілімі теориясымен, фор­му­ласымен түсіндіріп, өзара қабысып жатқанын дәлелдеген Абай ғылыми-зерттеу институ­ты­ның директоры, абайтанушы ғалым Жанғара Дәдебаевтың «Абайдың антропологиясы» еңбегі адамзатты Абай жо­лы­мен жүруге, қоғамды Абай ілімімен сусындауға шақырып тұр. Лайым солай болғай!

Шоқан ШОРТАНБАЙ,

әдебиеттанушы