Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ҒЗИ-да «Абай ілімі» пәні аясында оқу семестрі соңындағы қорытынды сабақ өтті.

 

 

Абай ғылыми-зерттеу институтының

оқытушысы Б. Даутова

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ҒЗИ-да «Абай ілімі» пәні аясында оқу семестрі соңындағы қорытынды сабақ өтті.

Сабақтың бірінші бөлімінде Абай ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, дәріскер, саясаттану ғылымдарының кандидаты, ақын, аудармашы, филолог Төрегелді ТҰЯҚБАЙМЕН шығармашылық кездесу сағаты өтті. Модератор – Абай ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Ләйла МҰСАЛЫ қатысушы студенттік топтар мен оқытушыларды, қонақтар мен ғалымдарды таныстырды. Абай ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор Аслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ, журналистика факультетінің деканы Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ, тарих факультетінің деканы Досбол БАЙҒҰНАҚОВ салтанатты жиында ақынға жылы лебіздерін білдірді.

 

Кездесу барысында студент жастарға Төрегелді Рақманбердіұлының неміс тілінен тікелей аударған «Гете: Батыс-шығыс жинағы», «Ойтұмар», «Төрт тоғыс», «Мың бір масат», «Письмена мудрости» атты кітаптары таныстырылды. Студенттер ақын өлеңдерін жатқа оқып, автордың «Сағыныш» атты күйін тыңдады, электронды көрме түрінде ұсынылған шығармашылық жолымен танысты. Өз кезегінде сөз алған Төрегелді Рақманбердіұлы студенттерге «Абай ілімінің» маңызы жөнінде айтып, өз кітаптарын сыйға тартып, қолтаңба берді.

Сабақтың екінші бөлімі «Абай ілімі» пәні бойынша аралық бақылауға берілген қорытынды тапсырмалармен жалғасты. Филология факультетінің «Қолданбалы қазақ тіл білімі», «Әдебиеттану» мамандықтарының 1-курс студенттері «Абайдың кісілік кодексі» және «Он жетінші қара сөзінің» желісінде қысқаша қойылымдар көрсетті. Студенттер «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін қара домбырада құйқылжыта шырқады, Абайға арнау өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ «Журналистика» мамандығының 1-курс студенттері «Абай жолы» романының желісімен сюжетті қойылым көрсетіп, Құнанбай қажы, Зере мен Ұлжан образдарын, Абай мен Тоғжан махаббатын бейнеледі. «Қоғаммен байланыс» мамандығының 1-курс орыс тобының студенттері Абай Құнанбайұлына арналған аккаунт-парақшасымен таныстырып, оны дамытудың жолдарын көрсетті. Студенттер «Абай ілімі» пәнінен алған білімдерін осылайша ортаға салып, өзара бірлік пен достық нәтижесінде қорытынды сабақты тамаша нәтижемен тәмамдады. Үздік студенттерге сыйлық кітаптар табысталды. Шығармашылық кездесуде аталған факультеттердің студенттерінің әдебиетке, поэзияға, «Абай іліміне», Абайдың адамдық қағидаларына деген ыстық ықыласы мен қызығушылықтары анық аңғарылды. Жастар «Абай іліміне», пән мазмұнын құрайтын негізгі ұғымдар бойынша таным мен білім жинақтағандарын дәлелдеді. Кешті қорытқан доцент Л. Мұсалы жас білімгерлердің «Ақыл, Қайрат, Жүректі» бірдей ұстаған парасатты азаматтар болатынына үлкен сенімін білдіріп, алғысын айтты.

 

Абай ғылыми-зерттеу институтының

оқытушысы Б. Даутова