Есіл өңірінің ардақты азаматы Жұмабек ТӘШЕНОВ туралы үзік сыр

18 қар аша, сейсенбі,1997 жыл

Төре БОЛАТОВ,

зейнеткер.

Ақмола қаласы

 

                       Аңыз бен ақиқат

Төре БОЛАТОВ

Есіл өңірінің ардақты азаматы Жұмабек ТӘШЕНОВ туралы үзік сыр

    Қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсіреповтың «Біз ЦК емеспіз,біреуді бір орыннан алып,бір орынға қоя алмаймыз. Жазушы деген халық кісіге мықтағанда өз жүрегінен орын береді. Менің жүрегімнің төрінен орын алатын, менің ер інім, еркек інім Жұмабектің қадамы құтты болсын» деген бір кездегі жүрекжарды тілегі бүгіндері де әр қазақтың көңіліне қонымды сөз болып тұрғанын уақыт,тарих көрсетіп отыр. Өйткені елін,жерін тоталитарлық жүйенің озбырлығынан қорғап өткен Жұмабек Тәшенов сынды азаматымыз халықтың жүрегінен мәңгі орын алды деп ашық айтатын заманға да жеттік.

Иә,табиғатынан зерек, сергек, алғыр Жұмабек Тәшенов кеңестік саяси жүйенің билеп төстеушілеріне тура қараудан тартынбады. Өз пікірін жария етуден жасқанбады. Көңілге түйген ойларын батыл айтып отырды. Оны замандастары түсінді. Философия ғылымының докторы, профессор, Қазақ мемлекеттік әлем тілдері униыерситетінің философия және политология кафедрасының меңгерушісі Сағындық Кенжебаев, академик Манаш Қозыбаев секілді азаматтар Жұмабек Ташеновтің елге сіңірген еңбегі жайында көп жазды. Мәселен профессор Сағындық Кенжебаев «Бәрі құрбан атамекен жолында» атты мақаласында Мәскеудегі мәжілістерде тың өлкесін орталықтн дербес қамтамасыз ету мәселесі қаралғанда Жұмакеңнің Тың өлкесін Қазақстан Республикасының басшы органдарын қатыстырмай, тікелей орталық әкімшілік оргндарына бағындыру саясатымен келіспегендігі туралы жазды. Және 1960жылы Тың өлкесіне қарайтын бес облысты Россияға беру жөнінде Н.С.Хрущевтің ниетіне Жұмекең наразылық білдірді. Ол атамекенді саудаға салуға бармады. Қайыспай шешкен шешімі – халық мүддесін көздегендік, қазақ жерінің тұтастығына  тұтқа болу еді. Сол кезде бұл оңай жұмыс па еді? СОКП орталық комитетінің ұйғарымына қарсы шығу екенің бірінің қолынан келе бермегендігі белгілі. Кезінде тіпті күштеп Жоғары Кеңестің қаулысынан Шымкент облысының «Бостандық» ауданын Өзбекстанға тартып әпергені Орталықтың айбарлы болғандығына бірден-бір дәлел емес пе.

Тарихи оқиғаларды дұрыс жазып, ұрпаққа әділін айтатын кез келді. Академик Манаш Қозыбаев республиканың жаңа тарихын жазу кезінде фактіні бұрынғыдай бұрмаламай, тек шындықты жазу керектігін айта келіп, бұрын біз естімеген бір жағдайды паш етті. Ол кісінің сөзіне қарағанда Жұмекең кезінде Қазақстан жерінде ядролық жарылыс жасауға қарсы шыққан көрінеді.

Осындай батылдылығымен елге қадірлі болған Жұмакеңдей азаматымыз жайында айтылған, әлі де айтыла берер естеліктер көп. Оның қызмет атқару сәтінде мәселені тез шешетінін, үкімет үшін, халық үшін жанпида қылып ұлайнғайыр қызметтер атқарғанын айқындайтын тарихи деректер, азамат өмірінен алынған шешуші эпизодтар жетерлік. Оны Жұмекеңді көзі көрген, қызметтес болған адамдар айтып жүр. Ел аузындағы әңгімелер көптеген мақалаларға арқау да болды, баспасөз беттерінде жарық көрді.

Төре Болатов, Жұмабек Тәшенов

Осы орайда кейбір азаматтардың Жұмекең тың және тыңайған жерлерді игеруге қарсылық білдіріпті деп жазып жүргеніне уәж айтқым келеді. Өйткені, Жұмекең өз әңгімесінде «Мен ешуақытта тың көтеруге, Қазақстан байлығын игеруге қарсы болып көргенім жоқ,тек қазақ елінің дербестігі жөнінде орталықпен қатты айтысқа түсіп жүрдім», – деген еді.

Сондықтан да қандай да деректің,  әңгіменің нақты дұрыс айтылғаны жөн деп ойлаймын. Жалпы Жұмабек Тәшеновтің принципшілдігі мен батылдылығы жөнінде ел арасында бірге қызметтес болған азаматтардың айтатытн әңгімелері көп. Оның бәрін тізе беру қиын.

Дегенмен, «Қазақ әдебиеті» газетінде 1991 жылдың тамыз айында шыққан «Қайта соққан боран» деген мақалада 1958 жылы Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің бюросында «Қазақ әдебиеті» газетіндегі ұлтшылдық көзқарас ағымының өрістеуі туралы мәселе қаралғаны айтылады. Осы мәселе туралы баяндама жасау газет редакторы Сырбай Мәуленовке жүктеледі. Ол мінберге  көтерілерде сылбыр басып бара жатады. Оны байқаған Жұмекең «тайсақтамай батыл сөйле» деп жігер бере дауыстап қалады. Бұл Сырбай Мәуленовке күш-жігер қосқандай болады. Ал Жұмакеңнің бұл сөзінен Орталық Комитеттің екінші хатшысы Н.И. Журин секем алып, жаратпай қалады. Осы мәжілісте «Социалистік Қазақстан» газетінің сол кездегі редакторы Қасым Шәріпов, «Қазақ әдебиеті» газетін «Казахстанская правда» газетіне қосып, көшірме газет ретінде шығару керек, сол газет редакторының орынбасары болсам мен өзімді бақыттымын деп санар едім», – деп жағымпаздана көлгірсиді. Жұрт тына қалып, отырғандар не айтарын білмейді.

Сол кезде Жұмекең «газетті ашқан да сен емес,жабатын да сен емессің» деп әлгінің бетін қайтарып тастайды. Отырғандардың арасынан Жүсіп Алтайбаев суырылып шығып «Шәріпов, бұдан да сенің өлгенің жақсы еді» дейді.

Сол жолы Жұмабек Тәшеновтің батылдылығы мен табандылығының арқасында Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Яковлев дұрыс шешім қабылдауға мәжбүр болады. Сөйтіп «Қазақ әдебиеті» газеті бір қатерден аман қалады.

Ардақты азаматымыз Жұмабек Тәшенов  еңбек жолын 1934 жылы осы Ақмола аудандық атқару комитетінің жауапты хатшылығынан бастаған еді. Туған жері – Вишнев ауданы «Новоалександровка» поселкесі. Ол сол 1934 жылдан 1986 жылға дейін үнемі жауапты қызметте болып келді, оның ішінде 1939-1943 жылдары «Бейнетқор», «Полудин» аудандарында аудандық жер бөлімінің бастығы, облыстық жер бөлімінің бастығының орынбасары, содан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, оның төрағасы Ақтөбе, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиум төрағасы, Республика Министрлер Советінің төрағасы болды. Қуғындалғаннан кейін Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығы мен шаруашылық қызметтермен еңбек жолын аяқтады. Ал, 1986 жылы қараша айында Жұмекең кенеттен дүние салды.

Жұмекеңді мен 1935 жылдан білетін едім. Сол жылы Солтүстік Қазақстан облысының «Красноармеец» ауданы құрылды. Сол ауданға жиарма жастағы Жұмекең аудандық ауатком жауапты хатшылық қызметіне Ақмоладан ауысып барды. Мен ол кезде аудандық комсомол комитетінде жұмыс істеуші едім. Ол бұл қызметте көп ітеген жоқ, жұмыс бабымен жоғарылап кете берді. Мен төменгі қызметте жүрсем де Жұмекең мені әр уақытта есінен шығарған, ұмытқан емес, Кездесіп те жүрдік, Көп әңгімесін тыңдадым,ештеңесін жасырмай айтушы еді. Сол кездің өзінде Жұмекеңнен бірбеткей, қайсар, жұмысқа батыл кірісетіні байқалып қалатын еді.

Міне, кезінде өзі араша болған Ақмола қаласы – Қазақстан астанасы болды. Ата-бабаларымыз арман еткен жарқын күндерге біздің ұрпақ жетті. Ендеше Жұмабек Тәшенов секілді аяулы азаматтарымыз халықтың жадында мәңгі сақталады. Аяулы ағамыз 1930-1937 жылдарғы қуғын-сүргін көрген, азап тартқан азаматтардың істерін қайта қарау комиссиясының төрағасы болған кезінде талай адамдарды ақтап, көп жұмыс атқарған еді.

Жұмекеңнің мемлекет үшін, Қазақстан Республикасының экономикасының көтеру жолында,жалпы халқымыздың мұң-мұқтажы үшін атқарған қызметі ұшан-теңіз. Өзі экономика ғылымының кандидаты, бірнеше ордендермен наградталған, елге еңбегімен танымал да қадірлі болған азаматтың өмірі туралы әлі де талай айтылады.

Мен бүгін Ақмола қаласының Республикамыздың астанасы болуына байланысты, белгілі азаматтардың, жалпы жұрттың атынан Ақмолада бір көшеге Жұмабек Тәшеновтің аты берілсе, туған жерінде  азаматтың есімі аталатындай болса деген тілекті білдіріп отырмын. Осы ойымыз, пікіріміз облыстық ономастика комиссиясының назарына жетсе екен. Ал, бұл тілекті ел басқарып отырған басшылар құптар деген ойдамыз.

Төре БОЛАТОВ,

зейнеткер.

Ақмола қаласы