ҚАСЫМ ХАННЫҢ АЖАЛЫ

 

Рысбек Рамазанұлы

                                                       ҚАСЫМ ХАННЫҢ АЖАЛЫ

Қазақ билеушісі Қасым өмірінің соңғы жылдарын Еділ мен Жайық арасында өткізді. Бұл кезде хан жетпістің бесеуіне жақындап қалған еді.

Ол өмірдің талай соқпағын, тағдырдың талай тауқыметін көрді. Бұқардан білім, Меккеден шатырхат алмаса да соңына ерген халқын қиындықтан алып шықты. Ойлап қарасақ бір адамның өмірінде талай мемлекеттер дүниеге келіп, қанша халық жойылуға дейін жетіпті. Бала күнінде әкелері Әбілқайырдан ығып Жетісуға көшкенде бұл әлі балаң жігіт еді. Әбілқайырдың, оның ұлы Шейх Хайдардың, Шах Будақтың, оның баласы Шайбанидің өлімін, Үлкен Орданың күйреуін, Қазан елінің қуыршаққа айналуын, Мәскеудің төрелік дәрежеге көтерілгенін, аты дүркіреген Моғолстан мен Темір империяларының қырық бөлікке бөлінгенін, өзі тектес түркі жұрты Осман елінің дәуірлегенін бәрін-бәрін басынан өткізіпті. Жасы келіп, атқа мінуі қиындады ма әйтеуір осы қысты Сарайшықта қыстауды ұйғарды.

Қақаған қыстың қаңтары.
Жайық бойы. Сарайшық.

Қазақтың атақты билеушісі хәл үстінде жатыр. Тосыннан келген дерт оны төсекке алып ұрды. Өлім сағаттары жақындағанын әмірші іштей сезсе керек. Хәл үстінде жатқан ол үлкен ұлы Момышты шақыртты. Бұл кезде Момыштың жасы 60-ты алқымдап қалған. Ал Хақназар болса әлі буыны беки қоймаған бозбала. Өзгелерден дараланып, атағы шықпаса да Момыш әке сөзін жерге тастамайтын тілалғыш перзент еді. Жанына келген үлкен ұлына мейірлене қараған ол былай деді:

  • Өмір бар жерде өлімнің болары хақ. Мен өте қартайдым. Мен өлген соң билік үшін күресіп, адамдарды азаптама. Менің бар арманым – қазақ жерін тәуелсіз елге айналдыру болды және мен оған қол жеткіздім. Енді өзге мемлекеттер секілді дамып, гүлденіп, жайнауы тиіс. Халқымыздың атын биік ұста, оның мәдениетін, салт-дәстүрін әрқашан құрметте! Бөлінгенді бөрі жейтінін ешқашан ұмытпа. Әрқашан бірлікте бол. Егер сен халықтың бірлігін сақтап қалғың келсе, билікке ұмтылма, елде азамат соғысына жол берме! Қанша өсиет айтқанмен, менің жүрегім әлі де мазасыз, ұлым…!
    Қарт билеушінің жүрегі бір апаттың боларын сезген бе дерсің. Оның мұндай өсиет айтуы өзінің соңынан қалып бара жатқан ұрпақтарына деген үлкен алаңдаушылығы, солардың ісінен қара халықтың зардап шегерін ескерткені.
    – Егер, – дейді Қасым хан, – осылай жалғаса берсе қазақтар моғолдар мен өзбектердің кебін киеді.
    Негізінде Қасымның ортаншы ұлы Әбілқайыр парсы жорығында шейіт кетпегенде таққа бірден бір үміткер сол болатын. Мүмкін бұл ұлы тірі болғанда кейін ноғайлар Хақназардың сақалына ақ түскен Момышпен текетіреске салмас еді. Себебі тарихи деректерден Қасымның үлкен ұлы Момыш атан түйе көтерер күші болса да, қаталдығы жоқ биязы мінезді жан болған. Үлкен ханның өлімінен соң әмірлердің оны таққа көтеруге асықпауының бір себебі сол.
    Аяқ астынан алқымнан алған науқас Қасымға тақ мұрагерін беделді сұлтандарға табыстап кетуге мүмкіндік бермеді. Тіпті ол бұл мәселеде құдалары Шейх Мамай және Бұхар билеушісі Ұбайдолла сұлтанмен де кеңесіп үлгермеді. Қасымның көлеңкесіне айналған тілалғыш ұл Момыш талай қиыншылықты көрген, тақтың заңды иегері болатын. Әріге кетпегеннің өзінде асыл ердің Шайбаниге қарсы соғыста, Ұлытаудағы әйгілі шайқас, Сыр қалаларын бағындыру, Ташкент жорығында хан әскерінің бір қанатын басқарды. Ол моғол хандарымен келісім жасауының да куәгері.

Осылайша ауыр науқастан айыға алмай Қасым о дүниелік болды. Қазақ ханымен бір уақытта жер бетіндегі атақты патшалардың көбі жан тапсырды. Мұсылман салтымен, Шыңғыс хан ұрпағы ретінде ақ жауып, арулап Алтын Орда хандары жатқан Сарайшықта жерледі. Қасыммен бірге ажал құшқандар арасында Үндістан мен Африканы қалтыратқан Португалия королі Бақытты Мануэл, Қытай императоры Чжэндэ, жиһанкез Фернандо Магеллан, Рим папасы X Лев болды. Айтулы адамдар кетті деп тарих ағыны тоқтамайды. Алтын құрсақты аналар барда бұл үрдіс ақырзаманға дейін жалғаса бермек.
Тарих сахнасына жаңа билеушілер, жаңа императорлар көтерілді. Олар бәрінен асып түсу үшін аяусыз майдан даласына түсті.

Рысбек Рамазанұлы