АВТОПОРТРЕТ

 

 

 

Сәдуақас ЖҰБАТОВ

Полковник, Ұлттық ұлан ардагері

АВТОПОРТРЕТ

 

Дүние жеткізбейді шетін қусаң,

Бәрі өткінші, алдамшы, қарап тұрсаң.

Бұйырғанын беріпті деген бар ғой,

Шүкір деймін, жеткеніме ойлап тұрсам.

 

Маңдайыма жазыпты көресің деп,

Несібеңді аларсың, терерсің деп.

Артық-ауыс ештеңе жинамаппын,

Қарыздармын өмірге, бересім көп.

 

Төрге жайып өлеңім – төсегімді,

Келген жасқа берсем бе екен есебімді.

Бір асудан асыппын, «Не бітірдім?»,

Еске алайын, өткенім мен кешегімді.

 

Қайда менің, ауылым – Сарыбұлағым,

Ат сабылтып, тай мініп шалдыратын.

Қуаңдария өзені, құмы қайда,

Жүгіріп, жалаң аяқ талдыратын.

 

Қайда менің, шалалық бала кезім,

Көбелек қуып жүретін дала кезіп.

Қайда менің, алғашқы ғашық сезім,

Мөлдіреп қалып еді қара көзі.

 

Анамның ыстық еді таба наны,

Әкемнің жылыұшырап қарағаны.

Әжемнің жұмсақ еді алақаны,

Жақсылығын көп көрдім ағалардың.

 

Балалықты тым ерте қимадым ба,

Мүмкін содан есейдім, ширадым ба?

Аңғал-саңғал кездерім қайда екен,

Сырдың суы келмейтін сирағымнан.

 

Кешікпейік, ұстазымыз ұрыспасын,

Дейтін қайда, КазГУ-лік курстасым?

Лекциясы біткеннен соң, кешке қарай,

Жүруші едік қыз-жігіт боп, қол ұстасып.

 

Жиырма бес қыр астынан шыға келсе,

Арғымаққа мінген қызды қуа келсе.

Таң атқанша теңіңмен ойнап-күліп,

Алтыбақан, ақ отау құра келсе.

 

Орда бұзған отызым ойда жоқта,

Көшкен елдің жұртында қалған жоқ па?

Шығарып сап сапарға, қолын бұлғап,

Сыртымыздан бір қарап тұрған жоқ па?

 

Қамал бұзған кешегі, қырық қайда,

Асау атқа жүретін құрық байлап.

Шылбырымен алысқа шауып кетіп,

Ол да енді біздің жаққа бұрылмай ма?

 

Ердің жасы – елуім де ұзады ма,

Келген жас сүйіндірсін ұзағынан.

Қарттық сапар жол жатыр әлі алда,

Түсірмесін деп тілейін тұзағына.

 

Жүрегің осындайда сыздамай ма,

Жасты көріп, көңілің қызғанбай ма?

Жырларыма ғашық боп, қолтаңба алып,

Жүретұғын қаракөз қыздар қайда?

 

Қызық екен, шынында, сұрағың тым,

Қалқиып кеткендей ме, құлағың тым?

Шырай жүзді тәп-тәуір жігіт-ақ ең,

Самайы бозғыл қырау, мынауың кім?!

 

Қой енді, қартаймайын күн ілгері,

Қараптан қарап тұрып түңілмейін.

Жүрегі жас көңілім сергіп қалсын,

Таң атпай тұрып алып, жүгірейін.

 

О, шіркін, тұла бойдың қызғаны ма,

Жастық шаққа ойымды бұзғаны ма?

Ендеше не ғып тұрмын, барайыншы,

«Дискотека-80»-нің қыздарына!

 

Р.S. Жүректен шыққан сөздің жалғаны жоқ,

Мен әлі бергенім жоқ, алғаным жоқ.

Келе жатқан жолаушы боп жол үстінде,

Алланың бір құлымын, арманы көп!

             

Сәдуақас ЖҰБАТОВ

Полковник, Ұлттық ұлан ардагері