9 маусым «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» Сәкен Сейфуллин

 

МҰҚИЯТ ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ
Сәкен Сейфуллин музейінің қызметкері
Педагогика ғылымдарының магистрі

 

Сәкен Сейфуллиннің тіл тақырыбында жазған дүниелері хақында

Тіл ұлттың жаны, тірегі, өмір сүруінің негізі. Ұлттың болашағы оның өз ана тілінде жатыр. Сондықтан да әрбір халық өзінің ана тілімен ғана халық болып ғұмыр кешпек. Бұл туралы ата-бабаларымыздан бізге жеткен аталы сөз жетерлік. Ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,– деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырса, авар ақыны Расул Ғамзатов: “Егер тілім ертең болса құрымақ, мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ…» деп шыр-пыр болады. Әрине, әр халықтың  көзі ашық азаматының ана тілі үшін шырылдайтын жөні бар.
Осы қатарда мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, асыл азамат Сәкен Сейфуллин де бар. Бүгінде баршамызға белгілі 1923 жылы ақпан айының 15 жұлдызында жазылған атақты «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» мақаласында сол тұстағы аянышты хал кешіп жатқан қазақ тілінің қадір-қасиетіне айырықша тоқталады.  Біз айтар ойымыз бен сөзімізге тұздық ретінде мысалдар келтіретін болсақ «… Орыстың патшасы қазақты қаратып алып жалпы қазаққа «киргиз» деген ат жапсырылған соң, қазақ халқын оңай қаратып алған соң орыс патшасының төрелері, жасауылдары қазақты бір түрлі мүгедек, мақау жануар деп санап, «киргиз» дегенде біртүрлі менмендік қияпатпен, қорлаған  мазақпен айтатын болды. Ақ патшаның «шарапатына» мәз болған мырзалар қазаққа жоғарыдан төмен қарап, тұмсығын кекірейтіп, пысқырып, «киргиз» дейтін болды. Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда «ах ты, Палкан, киргиздан да жамансың!» дейтін болды» – деп налып, күйініп жазды. Ол кезеңде бүйтіп батырып, ашынып, ашық жазбақ түгілі бас көтерудің өзі қиын кезең еді. Бұл Сәкендей асылымыздың өз ұлтына деген терең сүйіспеншілігі, ыстық ықыласы емей немене?! Тура сол 1923 жылы Сәкен Сейфуллин тек тіл төңірегінде өте маңызды  дүниелерді айтуымен қатар қағаз беттерінде, әртүрлі басылымдарда жарялап отырды. Сол жыл Сәкен үшін нағыз арпалысқа толы, ашынысқа толы, дауылды, өртті тіл майданы болды. Сол  жылдың 9 маусым күні жазған «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деген мақаласында да осы тіл тақырыбында өзекті ой, сүбелі ұсыныс, азаматтық көз қарасын ашып айтады.  Ол бір аумалы-төкпелі өліара мезгіл еді. Патшалық басқарудың ыдырап, кеңестік идеялогияның қауырт етек алған кезі. Оқыған азаматтардың жан алысып, жан берісіп, ұлттың тағдырына бел шеше кіріскен тұсы.  Маусым айының 25 күні жазған «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу» мақаласында қысылтаяң кезеңде ана тілімізді қалай тез қолданысқа енгізіп, мекемелердің барлық іс қағаздарын қалай жүргізу керектігі жөнінде тоқталып, бір ауыз орыс тілін білмесе де қазақша хат танитын  азаматтардың барлығын жұмысқа орналастыру керек деген уәж айтады. Сондай-ақ, қазақтар көп шоғырланған елді-мекендердегі кеңсе ісін қазақ тілінде жүргізу ретінде ел аралаған, көргені көп, оқыған азаматтардың жиі барып жол көрсетіп, бұл мәселенің орындалуын тексеріп отырулары керек. Барлық адам өз тіліне жанашыр болғанда ғана бұл істен көңілдегідей жеміс шығады дейді.
Тамыз айының 3 күні жазылған «Қазақстанның губерниялық һәм уездік исполком төрағаларының құлақтарына» деген мақаласында сол тұстағы теңсіздік пен әділетсіздіккке, кемсітушілік пен төмендетуге қарсы шығып, қазақ тілінің шетке ығысып, барлық жерде орыс тілінің үстемдік құруына азаматтық наразылығын білдіреді. Бұл Сәкен Сейфуллиннің тіл майданындағы бір қыры ғана. Ал, жалпы сол тұстағы қоғамдық қызметтердегі еңбегі, атқарған жұмысы ұшан-теңіз, тарих өз бағасын берген азамат. Қай заманда да ұлттың жаны – тіл. Ана тілімізді ардақтайық.

МҰҚИЯТ ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ
Сәкен Сейфуллин музейінің қызметкері
Педагогика ғылымдарының магистрі

 

 

Отправлено со смартфона Samsung Galaxy.

 

Ответить

Переслать

Предложить звонок