ҚАРЫЗ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Әкемнің құлағымда жастайымнан жатталынып қалған бір сөзі бар: «Өліп бара жатсаң да ешкімнен қарызға ақша сұрамағын. Жағдайың болып жатса біреуге көмектес». Бірнеше жыл бұрын бір шәкіртім үйіме келіп, өзім біраз сырқаттанып, қиналыңқырап жүрген шағымда қиылып отырып, қарызға біраз ақша сұрап алды. «Осылай да осылай, аға, диссертациямды қорғап жатыр едім, бір айдың көлемінде қайтарамын», деді. Жалпы, өмірден бір көзім жеткен нәрсе, кейбір адамдар кімдерден қарыз сұрауға болатынын, кімдердің оған «жоқ!» деп айта алмайтынын, кімнің сеніміне оңай кіре алатынын немесе кімдермен адалдық пен адамдық турасында әңгімелесуге болатынын тамаша меңгеріп алған ғой.
Өмір біздерді араға біраз уақыт салып, бір жерде жұмыс істеуді жазыпты. Күнде, кейде күнара кезігіп қаламыз. Адамгершілік, адалдық турасында студенттерге тәрбие сабағын өткіземіз. Алайда, оңаша кезігіп қалғанда көздеріміз түйісіп қалып, іштей қолайсыздықты сезінеміз. Осындай үнсіздік сәттерден соң, біздің бір-бірімізге ешнәрсені түсіндіріп жатуымыздың керегі болмай қалғанын ұқтым. Ұқтым да еңсемді басқан жүктің иығымнан түсіп, бойымның жеңілденіп қалғанын сезіндім.
Қазір зейнет жасына шығып, үйдемін. Көбіне қолым бос болған соң кітап оқимын. Мырзагелді Кемел ағамыздың «Көңіл күнделігінен» кітабынан қарызға байланысты мына бір қызық жайды оқыдым. Белгілі физик, философ әрі мемлекет қайраткері Бенджамин Франклин еліне қайтуға ақшасы болмай жәрдем сұраған бір жігітке мынадай хат жолдапты:
«Қымбаттым! Сіздің хатыңызды алып, қатты қуандым. Сізге он алтын болатын чек жіберіп отырмын. Бұны сыйға емес, қарызға беремін. Еліңізге барғаннан кейін, қарызыңызды қайтаратындай бір жұмыс табатыныңызға сенімдімін. Ол жерде қазіргі сіздің күйіңіздегі жағдайға ұшыраған адамға кездессеңіз, маған қарыз болған ақшаны соған берерсіз. Сөйтіп, мені қуантарсыз және қарызыңызды пайдалы іске жарарлық етіп қайтарарсыз. Бірақ, сізден өтінерім: қарызға берген адамға да жағдайды түсіндіріңіз. Ол адам да жағдайы түзелгеннен кейін, басқа бір мұқтаж адамға беру арқылы қарызын өтесін. Осылайша, біздің он алтынымыз осы шартымызды орындағысы келмейтін бір жаман адамның қолына түскенше көптеген кедейге көмек жасасын. Біз де аз ақшамен көп адамға жақсылық жасау мүмкін екеніне бірге қуанайық.
Қалағанымша жақсылық жасайтын көп ақшаның иесі болмағандықтан осылай жасауға мәжбүр болдым.
Аз уақытта жағдайыңыздың түзеліп кетуіне дұға етемін!»
Зейнеткерлікке шыққан соң, үйдегі қағаздарымды реттестіріп жүріп, 2010 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған мына бір өлеңімді тауып алдым. Өлең жалпы алғанда, әдеби-көркем дүние болғанымен де ондағы айтылатын мәселенің бүгінгі тақырыбымызға сәйкес келетініне өзім де таңырқап қалдым. Сосын назарларыңызға ұсынып отырмын:
ҚАРЫЗ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Дүниеден озған қарияның жаназасын шығарып жатқан молда жиналған көпшіліктен:
- Марқұм жақсы адам ба еді? – деп сұрады.
- Иә, жақсы адам еді!
– Алдарыңызда марқұмның бес баласы тұр. Әкелерінің мойнында қалған қарызы болса өтейміз дейді. Марқұмның сіздерге қарызы бар ма еді?
Әр жерден «Жоқ!» деген дауыстар шыға бастағанда, кенет:
– Марқұмның маған қарызы бар еді. О дүниеге алып кетпесінші!.. – деген дауысқа жұрт жапырыла жалт қарасты.
– Осыдан он жыл бұрын үлкен баласы үйленгенде, құдама мінгіземін деп бір тайымды қарызға алған еді. Сол малымды қайтармады. Осында куә адамдар тұр, – деді бір қарт адам.
Мына тосын дауыс марқұмның балаларына да, жиналған елге де аспаннан жай түскендей әсер етті.
– Қарызымды өтейміз!.. – деді балалары күмілжіп. Олардың бәрі де әкелерінің құрдасына қарыздар екенін білмейтін боп шықты.
1.
Қарызым болса, басқа – мұң,
Қайтарып соны берем деп,
Тірлікте мынау қасқағым,
Тырбанып әлі келем келем тек.
Қарызым болса, ерге – мін,
Сұрағын, достым,
қысылма.
Өзіңдей мен де пендемін,
Қалмайын ардың ұшында.
Жалынан ұстап Жалғанның,
Ажалмен келем арбасып.
Мың рет сөніп, жанғанмын,
Өмірдің сүйреп арбасын.
…Маған да қарыз кісі бар,
Сыртымнан көрсе қашатын.
Қарыздың нендей сұсы бар,
Еңсесін ердің басатын?!
Шымына батып ойдың көп,
Сол достың жайын түсіндім.
Қарыз ғып неге қойдым деп,
Өзімнен өзім қысылдым.
Қызыққа мына қараңыз:
Досымды көрген кезімде
Суымасын деп арамыз,
Қашатын болдым өзім де…
Бар ма деп кінәм менің де,
Бөлінді ойым сан-саққа.
Селкеулік түсіп сенімге,
Арамыз кетті-ау алшақтап!
2.
Жетілген едік екеуміз
Жетімдік деген ауылдан.
Жұбымыз жазбай өтерміз,
Жаралдық деуші ек бауырдан.
Жырымыз бірге болатын –
Өзіміз ғана білетін.
Сырымыз бірге болатын –
Жүректе сақтап жүретін.
Ең алғаш гүлдің дестесін
Қыздарға бірге ұсындық.
Көңілдің көркем кестесін,
Көзбенен көріп, түсіндік.
Мақсатқа биік жетуге
Арманның атын ерттесіп,
Дос болып мәңгі өтуге
Беріп ек уәде, серттесіп.
Қарызға ақша сұрады
Сол досым,
күздің кешінде.
«Сөнбесін достық шырағы!» –
Дегені әлі есімде.
Сиреді достың қатары,
Жылжиды жыл да асыға.
Азайып күннің шапағы,
Боз қырау түсті шашыма.
Жалынды жастық күндерде
Басымыз бірге қосылған,
Айырылдым солай бір демде,
Айнымас деген досымнан.
Бұл қарыз – соңнан қалмайтын,
Болмадың сыйқыр сен тектен.
Талайды арбап-алдайтын,
Жабысып алдың етектен.
Ақылдыны – аш етіп,
Надандарды – мыстан ғып,
Жауларды жүрсің дос етіп,
Достарды қойдың дұшпан ғып.
… Түзеген шақта көшімді,
Кетпедім әсте құлың боп.
О, қарыз… сені, кешірдім –
Бес тиындық құның жоқ.
Құның жоқ түкке татымды,
Содан да сенен безінгем.
Азамат деген атымды
Биіктеу қойдым өзіңнен!..
Ағыбаев Қ.