Анарбаев Қ.С., т.ғ.к.,
Қазақстан инженерлік педагогикалық
Халықтар Достығы университеті,
«Қазақтану» этнопедагогикалық
ғылыми зерттеу және білім беру
орталығының директоры
ОРТАҒАСЫРЛЫҚ «КОДЕКС КУМАНИКУС» (ХІІІ-XIV Ғ. БАСЫ)
ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРІ МАТЕРИАЛДАРЫ
ТАРИХИ-ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ДЕРЕККӨЗ РЕТІНДЕ
Ұлы дала тарихының ерте кезеңі мен бүгінгісін жалғастырушы уақыт ортағасырлар деп қарасақ, бүгінгі қазақ халқы сол дәуірде әлемдік тарихында көп жағдайларда «қыпшақтар» деген ортақ атаумен көбірек белгілі болған.
Ертістен бастап, Дон мен Дунайға дейінгі аралықтың “Қыпшақ Даласы” аталып, қыпшақтардың нағыз дәуірлеп тұрған ХІ ғасыр ортасынан ХІІІ ғасырдың басына дейін, бұл аймақта ғасырлар бойы қалыптасқан қыпшақ мәдениеті үстемдік етті. Аталған дәуірде қыпшақтар “әлемдік империялар” санасқан, ірі, саяси күшті ел еді. Шығыстан Батысқа, немесе кері бағытта, “Қыпшақ Даласын” басып өту үшін қыпшақ тілін білу өте қажеттіліктің басты бағытынан саналды.
Батыс пен Шығыс елдері әралуан амалдар (елшілер, саудагерлер жіберу, жансыздар салу, жиһангездер аттандыру, уағыз таратушылардан діни тыңшылар жасақтау т.б.) арқылы қыпшақтарды жан-жақты тануды қолға алған. Кейін, монғолдардың саяси билігі тұсында да қалыптасқан қыпшақ мәдениетінің басым болғаны тарихи деректерден белгілі. Осындай түрлі қажеттіліктер арқасында ортағасырларда қыпшақ тіліне қатысты бірнеше сөздіктер жазылды. Олардың бүгінгі ғылымға айналымға түскендерінің ұзын саны онға тарта екені, ал “Кодекс Куманикус” (одан әрі “КК”) сондай жазба ескерткіштің бірі, әрі бірегейі.
Ғылымда үш ғасырдай уақыттан бері белгілі болған жазба жәдігердің зерттелу тарихына көз жібере отырып, негізінен, “КК”-тің филологиялық тұрғыдан зерттеу нысаны болғанын көреміз. Тек жекеленген авторлар тарапынан ғана тарихи дереккөз тұрғысынан қарастырылғанын атап өту керек [1]. Ескерткішке тарихи-этнографиялық тұрғыдан ғылыми сараптау жасаған сайын тек ортағасырлық жазба мұра тұрғысынан ғана емес, тарихи дереккөз ретіндегі маңызы да арта берері анық. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіле бастады [2]. Сол жұмыстардың нәтижесінде “КК”-тің тарихи дереккөз ретіндегі маңызы айқындала бастады.
“КК”-тің ғылыми айналымға енген тұсынан бастап ескерткішті филологиялық тұрғыдан қарастырған зерттеушілердің бірқатары жазба мұраларды тарихтан тыс алып қарастырмаған. Жазба жәдігерге тек сөздік ретінде емес ортағасырлық қыпшақтардың (құмандардың АҚС.) ауызекі тілінің жазба көрінісі, әдебиетінің көрінісі т.б. сияқты бағалаулар берілгені белгілі. Ал сөздің тарихи дерек сақтаушылық қызметі бар екені қазіргі кезде ғылыми дәлелденген мәселе. Осы тұрғыдан алғанда “КК”-тегі линвистикалық материалдардың дереккөз ретіндегі маңызы айқындала түседі. Бізде өз зерттеуімізде жәдігерде орын алған термин сөздер мен сөз тіркестерінде және фольклорлық материалдардағы тарихи-этнографиялық деректерге назар аударуды мақсат етіп отырмыз.
Ескерткіште тарихи-этнографиялық тұрғыдан ең көп мағлұматтар беретін бөлігі және зерттеушілердің назарын ерекше аударатын дүниесі құман-қыпшақтардың жұмбақтары деп санауға болады. Өйткені, жұмбақтарға халық өмірінде маңызды орын алатын және санада толық ұғымы терең қалыптасқан дүниелер жасырылатыны белгілі. Зерттеуші ғалым Х. Махмудов “КК”-тегі жұмбақтардың барлығы дерлік нақты заттар мен құбылыстарды поэтикалық бейнелеуге құрылғанын, тек екі жұмбақтың шешуі ғана (“құс сүті” және “ұш- ақыл, ес”) абстрактілі түсініктерге қатысты екенін айтады [3, c. 95].
Осы тұрғыдан алғанда ортағасырларда тарихи іздері шығыстағы Алтайдан батыстағы Карпатқа дейінгі аумақта орын алған түріктердің, оның ішінде қыпшақтардың жүріп өткен жолына, тарихына қатысты мағлұматтар беретін деректерде сақталғандай әсер қалдырады. Мысалы, “КК”-тегі құман жұмбақтарының Алтайдағы куманды-кижи халқы жұмбақтарымен қоса, түркі тілді бірқатар халықтардың (қазақ, татар, алтайлықтар) әдебиетімен ортақ тұстары байқалады. Mысалы, оның іздерін Ы. Алтынсарин жинақтаған қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерінен де кездестіреміз.
“КК”-те “Bu bardi-izi yox. Ol, kema-dir” немесе Ы. Алтынсаринде: “Әне барады өзі, көрінбейді ізі. Шешуі: “жел” деп берілген жұмбақтар осының дәлелі. Біз бұл жерде Шығыста, далалық аймақта шешуі “желге” қатысты жұмбақ, Батыста, өмір сүрген ортаның өзгерістеріне орай “кемеге” қатысты ойлармен байланысты жасырылған деп ойлауымызға болады (түркітанушы С. Құдасовтың ауызша кеңесі). “КК”-тегі “Yazda yavli xayis yatir. Ol, yilan-dir”, яғни “жазықта майлы(семіз) қайыс жатыр. Ол, жылан”, “ak kuymanin avzu yox. Ol, yumurtqa”, яғни “ақ құйманың аузы жоқ.
Ол, жұмыртқа” деп келетін жұмбақтар мен Алтынсарин жинақтаған “жол үстінде – июлі қайыс. Шешуі: жылан”, “бір ақ үй бар: кірейін десең есігі жоқ. Шешуі: жұмыртқа” деген жұмбақтарда осы тарихи байланыс анық көрініс береді [4; 5]. Бұл арқылы құмандар және олардың Шығыста қалған этникалық туыс бөліктерімен арадағы тарихи байланысты ғана емес, олардың батысқа қарай жылжығанда бүгінгі Қазақстан территориясын басып өткенін көрсететін деректер ретінде де “КК”-тің тарихи құндылығы тағы бір қырынан көрінеді.
Ортағасырлық құман-қыпшақтар мен бүгінгі қазақ халқының арасындағы этнографиялық тұрғыдан сабақтастықтар бар екеніне дәлел боларлық бұндай материалдар өте көп. Құман жұмбақтарынан түрік тілдес, әсіресе қазақ халқының дүниетанымы мен салт дәстүрінің іздері де байқалады. “КК”-те “Yazda yani kelin yuguna-dir. Ol, xamis basi-dir” деген жұмбақты
А.Н. Гаркавец: “молодая невеста на лугу на тюке своего приданого (сидит). Это метелка (цветок, колос, султан) камыша” – деп аударған [6]. Бұл жерде біршама қиғаш аударма жасалған сияқты. Біздіңше, жазба ескерткіштегі жұмбақ мазмұны бұл жерде қамыс басының сәукеле киген келіннің бас киіміне және қамыс басының иілуі иіліп сәлем салған келінге теңестіріліп тұр деп ойлаймыз. Яғни жұмбақтағы “йугун”-жүгін, бас ұр деген термин, яғни бас иіп сәлем салады деген мағынаға ие деп санаймыз. Бұл жұмбақ құмандарда келіннің иіліп сәлем салу дәстүрінің болғандығына дереккөз бола алады. Құмандар өздерінде бар осы дәстүрді жұмбақ етіп жасырған деп есептейміз.
Жазба ескерткіштегі жұмбақтар қатары арқылы құман-қыпшақтардың көшпелі салты мен киіз үйлерде тұрғанын, мал шаруашылығымен, оның ішінде жылқыны қадір тұтқанына дерек боларлық мағлұматтар беретіндей жұмбақтар кездеседі. Олардың бірқатары туралы біздің бұрынғы зерттеулерімізде айтылған [2].
Жалпы халықтың этнографиясын зерттеуде сол халықтың жадында ұзақ уақыттар сақталатын жайттарға назар аударған дұрыс деп санаймыз. Өйткені, тарихи жағдайларға байланысты мемлекеттік құрылым өзгерсе де, діни сенімдерге өзгерістер енсе де кейбір сенімдерді халық өз жадында ұзақ уақыт өшірмей сақтап, керек болса «жаңа жағдайларға» бейімдей пайдалана береді. Осындай жайттарды біз қарастырып отырған ортағасырлық құман-қыпшақтар мұрасынан да байқауға болады. Жәдігерде дүниетанымдық маңызға ие терминдермен қатар, тотемдік сенімдерге тән сөз тіркестері, аңдар, құстар, төрт түлік атаулары мен діни наным-сенімдерге қатысты терминдер орын алған. Мысалы, «тәңірі», «қам», «бүгі», «су сығыр», «періште» т.б. терминдердің тарихи сабақтастықтарда жәдігерде көрініс беруі арқылы ортағасырлық қыпшақтардың төл дүниетанымы мен діни наным-сенімдеріне қатысты бірқатар жайттар айқындала түседі.
«Кодекс Куманикусте» діни терминдер арасында ең басты термин «Тәңірі» атауы екені анық. Бұл атаудың өзі ежелгі түркілердің «жоғарыдағы бір жаратушы туралы» ұғымдарымен тарихи сабақтастықта екені көрінеді. Тарихи деректерге қарағанда Түріктер өздерін «тәңіртекті халық санағаны» байқалады. Ал бұл сенімнің олардан да ерте кезеңдерге жататын сақ және ғұн дәуірлерімен сабақтастықтар тауып жататынын да байқауға болады.
Мысалы, ежелгі дәуір тарихшысы Геродот жазбаларында келтірілген аңыздардағы скифтердің «тәңіртекті», яғни Зевстің баласы Тарғытайдан тарауы немесе сол аңыздардың бірінде скифтерді Геракл балалары ретінде түсіндіргені туралы айта кеткен жөн сияқты. Соңғы аңызда Гераклдың алыс жерлерге барғаны, онда пері қызымен үйленгені айтылады. Сол перінің қызынан туған үш баласының бірі Скиф болғаны, аңыз бойынша Геракл еліне қайтар мезгілде «оның мұндағы елінің билігіне кім иелік етуі керек»? деген сүйген жарының сұрағына «үш баланың қайсысы менің садағымды тарта алса сол иелік етсін» деген жауабы бар. Одан тараған елдің кейінгі ортағасырлық деректерде аталатын «садақшылар елімен» қаншалықты байланысы бар екенін зерттей түскен дұрыс болар еді деп санаймыз.
Осы орайда, аталған мәселелерді пайымдай түсуге көмек боларлық пікірлердің арасынан Байбота Серікбайұлының «Геродот көшпелілердің сыйынған құдайын білмегендіктен (мүмкін алғашқы еуропацентризмнің ықпалымен әдейілеп тастап кеткен. Автор.) Тарғытайды грек құдайы Зевстен таратып отырғанын айта келіп, ежелгі ғұндардың санасындағы «Көк пен жерден жаратылып, Күн мен Айдың құдіретімен таққа отырған хуннудың Ұлы шаньюі» (Н.Я. Бичурин), ортағасырлық түріктердің де өздерінің «тәңіртекті» екенін сезінгенін немесе солай санағанын Күлтегін жазбасындағы «Теңірі тег теңіріде болмыш», Білге қаған жазбасындағы «Теңірі тег теңіріде йаратмыш» деген жолдардағы сан ғасырлық сабақтастықтарға тоқталған [7, 368 б.]. Ассириялық жазбалар аудармалары бойынша алынған деректердегі «тиграхауда» атаулы сақтардың «құдайдың садақшылары» деген мағынаға ие екенін көрсеткен зерттеушілер бар [8, С.7]. Сонымен бірге зерттеушінің пікірінше корейлердің де ескі аңыздары бойынша ежелгі Чосон жұртын «шығыс садақшылар» деп аталуы, олардың да арғы аталары Аю әйел мен Көк тәңірінің ұлы саналатын Тангун атты ұлдан тарататыны ойландырады. Зерттеуші Тангун атауының өзін «Таң», яғни аспан және «гун», яғни адам деген сөздердің мағынасынан деп қарастырады [8, С.370]. Дегенмен автордың «шығыс садақшылардың» қатарында емэк тайпасының аталатыны туралы, оларды ортағасырлық кимектермен байланысты қарастырған мағлұматтары мен пікірлері келешекте арнайы түріктану ғылымы аясында мәселені тереңдете зерттеуді қажет ететін мәселелердің бірі деп санаймыз.
Шындығында да сол сақтардың, ғұндардың мирасқорлары саналатын Түріктердің өздерін тәңірдің ерекше назары түскен жұрты ретінде санайтыны Күлтегін жазбаларындағы сөздерден анық байқалады. «Жоғарыда көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласын басқаруға ата-бабам Бумын қаған Істемі қаған отырған. Отырып, түркі халқының елілік, заңын ұстай берген, иелік еткен» деген мәтіндер соның айғағы бола алатындай (Күлтегін жазуы. 1-қатар Ғ. Айдаровтың нұсқасы.).
Осы ұғым ислам діні кең тараған түріктер арасында да исламдық сипаттармен астаса көрініс береді. Мысалы Махмұд Қашқари жазбаларында: «…Ұлы Теңірі: «Менің бір тайпа қосыным (әскерім) бар, оларды күншығысқа орналастырдым. Бір ұлысқа ашуланып, назалансам түріктерді соларға қарсы саламын» депті » деген жолдар арқылы ортағасырлық түріктердің өздерін Жаратушының сардарлары ретінде санаған дүниетанымдық түсінігі болғаны байқалады [9].
Өзге жұрттарда да ежелгі ғұндарды және кейінгі түріктерді «Жаратушының жазалаушы қамшысындай қабылдағанын» көрсетететін тарихи деректер аз емес. Мысалы, ғұн патшасы Аттилаға «бич божий», яғни «құдайдың қамшысы» деген лақап атау берген ортағасырлық христиан елі жазбагерлері де «көшпелі тайпалар шабуылдарын» «құдайдың алдында өздері жасаған күнәлары үшін келген жаза ретінде» түсіндіретіні бар. Мысалы армян деректерінде де дәл осындай жағдайлар болғанын көрсететін мағлұматтар аз емес [10, 66; 125 бб.].
Жалпы түріктерде ортақ «Бір Жаратушы» туралы туралы ойдың іздері болғаны байқалады. Ол «Көк Тәңірісі» деген ұғымға жинақталған сияқты. Ортағасырлық жазба ескерткіш «Кодекс Куманикусте де» құман-қыпшақтардың араларында тарай бастаған христиан дініндегі «Құдай» немесе «Бір Жаратушы» ұғымын «Тәңірі» деген атаумен беруі де осы сабақтастықты көрсететеді. Мысалы, “КК”-тегі “тәңірі” атауы, тек христиандық бог сөзінің баламасы ретінде ғана емес, олардың бұрынғы діни наным-сенімдерімен сабақтастықтар ізін байқатады.
Тәңірі туралы сенімдер тек тілдік материалдарда ғана емес, таңбалық сипаттағы танымдарында да орын алған. Қазірге зерттеушілер көп назар аудара бермейтін таңбатану бағытындағы жұмыстарда ортағасырлық жазба мұраларды кешенді зерттеуге пайдасы тиер еді.
Мысалы, таңбалар «құпиясын» зерттеуші ғалым Аманқос Мектептегі «Таңбатану ілімі және ұлттық идея» атты мақаласында көне түркілердің шеңбер таңбасы «Көк Тәңірілік таңбамен» байланыстыра қарай келе, қазақ халқындағы «тасбақаның» аузындағы шөпті алған адамның өмірде жолы болады, бағы жанады деген сенімдердің жұмбағы көп, сондықтан тамырларына терең үңілу керектігін және бұндағы тасбақаның «тәңірі» ұғымына байланысы бар деген пікірі бар [11, 81;88 бб.] Сондай нанымдар ортағасырлық құман-қыпшақтарда да болса керек. Себебі ортағасырлық жазба жәдігер СС – тегі қырық бірінші ретпен берілген “… tengirdan tusgen tokmacik, dort ayakli maymacik. Ol kirpi” (яғни «Тәңірден түскен томпашық, Төрт аяқты маймашық» шешуі: кірпі А.Қ.) деген жұмбақта да құман-қыпшақтардың наным-сенімдерінің осындай көне дүниетаным, сенімдермен сабақтастықтарының іздері байқалатын сияқты [4]. Тәңірлік таңбалармен кірпінің өзара ұқсастығы туралы олар білген нәрсесін жұмбақ етіп жасырып отыр деп ой түйіндеуге болатындай.
Жәдігерде бақсы, шаман, қамлық сияқты терминдер құмандардың монотеизмге дейінгі наным-сенімдері туралы мағлұматтар береді. Адамдардың құдайлық күштермен «қарым-қатынасындағы» аралық міндеттер қоғамдағы ерекше топтың — шамандардың қолында болды, ал шамандар ертедегі түрік мәтіндерінде қам деп аталған. Шамандар, сәуегейлер, емшілер, «құдайдың қалауын» жариялаушылар болған. “КК”-тегі қам, “қам, ол қатын дір” деген тіркестер бақсылық, шамандықты негізінен әйелдер жасаса керек деген тұжырымға әкеледі.
Наным – сенім салт-дәстүрмен қатар көрінетіні белгілі. Құмандардың салт-дәстүрінен хабар беретін “КК”-те “сығыт”-қайғы, қасірет, “тул”-тұл әйел мағынасында айтылған сөздерді осы тұрғыдан алғанда маңызды деп санауға болады [12, 118, 129 – бб.]. Көне түркіде Күлтегін ескерткішінде “сығыт” – жыры туралы айтылады [13, c. 505]. Бұдан оларда қайғы-қасіретте сығыттау немесе жоқтау айту дәстүрі, ал ері қайтыс болған әйел тұл атанғаны байқалады. Ортағасырлық Лаврентьев жылнамасында Игорь жорығы кезінде половец даласында “құстар шулап, аңдар ақырып, аққудың қаңқылы естілгені” туралы айтылған [14, С. 75]. Осы деректер олардың (құмандардың, қыпшақтардың – А.Қ.) тек тотемдік нанымдарынан ғана хабар беріп қоймай, жау шапқан елдің жылап-сығтағанын, яғни өлгендеріне жоқтау айтқанын байқатады. Жоқтау айту дәстүрі қазақ халқында осы күнге дейін сақталған. Бұл дәстүрдің Алтай халықтары арасында да бар екенін Л.П. Потапов еңбектерінен көреміз [15, С. 267].
Сонымен бірге ертедегі мифтерде жайдың түсуі «жаратушының қаһарымен» байланыстырыла түсіндірілген нанымдардың ізі ортағасырларда да болған және бүгінгі күнге дейінгі халықтық наным-сенімдерде қалмай келе жатыр. Ескерткіште көрсетілген бүгі-яғни әулие, жай тасы, йақчы-жайшы терминдері осындай ойларды одан ары бекіте түсетіндей [12, 56,88,89 – бб.]. Ортағасырлық тарихи деректер олардың арасында жай тасымен жаңбыр жаудырғандардың да болғанын көрсетеді. Мысалы, Абу Дулаф кимектердің аспан әлемін бақылап, жай тастарын қолдану арқылы қалаған мезгілдерінде жауын жаудыра алатынын және бұл әдіс түркілер арасында кең тарағанын жазады. Сириялық тарихшы және жағрафияшы Абу-л-Фида (1273-1331) өзiнiң “Таквим ал- будан” (Упорядочение стран) деп аталатын еңбегiнде: “құмандар астрологиямен айналысады, жұлдыздарды бақылайды және оларға табынады” деп жазады [16, С.14;23]. “КК” – те “йай” – жай тасы мен “йақчы” – жайшы туралы айтылған [12, 68 б.]. Бұл деректер түркі тайпаларында кең тараған жай тасы арқылы жауын жаудыру жоралғысы “КК”-тің жазылу мезгілдерінде құмандарда қолданған деп санауға мүмкіндік береді. Бұл сенім мен әрекеттің тарихы Оғыз дәуірінен бастау алатыны және ХІХ ғасырдың соңына дейін кең түрде қазақ халқының өмір салтында да орын алғаны белгілі. Археологтар Отырар қаласының XVI-XVII ғасырларға жататын қабатынан табылған ромбы пішімдегі алты тастың бетінде бақа, жылан, тасбақа бейнелері және жіп өткізетін тесігі бар екеніне қарап, жай тасын халықтың қасиетті санап, мойнына тағып жүргені туралы пікірлерін айтады [17, c. 203, 208]. Бұл жайттар көне түркілік мәдениеттің белгілерінің кимек, қыпшақ дәуірінен өтіп, қазақ халқы мәдениетінде ұзақ сақталған сабақтастық барын байқатады.
Қорыта айтқанда, “КК”-те кездесетін ондай этнографиялық дереккөз болып табылатын материалдардың барлығына қатысты бір мақала төңерегінде сөз қозғау мүмкін емес екені анық. Біз өз зерттеуімде сол терминдердің, фольклорлық материалдардың бірқатарына зерттеушілер назар аударуды жөн санадық. Рухани тамырларға үңіле түскен сайын бұндай сабақтастықтар маңызына мән бермеуге болмайды деп санаймыз. Ортағасырлық құман-қыпшақтардың жазба мұрасы “КК”-тегі көрініс тапқан тілдік, фольклорлық материалдардың тарихи-этнографиялық дереккөздік маңызын зерделеу бүгінгі деректану саласының басты міндеттерінің қатарына кіреді деп санаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Голубовский П.В. Печенъги, Торки и Половцы до начествия татарь // Исторія южно-русских степей ІХ-ХІІІ вв. – Кіеv: Университетская типография, 1884. – 735 + “Половцы въ Венгрии /исторический очерк/” – С. Добродомов И.Г. О половецких этнонимов в древнерусской литературе // ТС. 1975. – Москва: Наука, 1978. – С. 102-129.; Кляшторный С.Г. Кыпчаки в рунических памятниках // Turcologica, 1986. – Ленинград: Наука, 1986. – С. 153-164.; Плетнева С.А. Половцы. – Москва: Наука, 1990. – С. 208.; Golden P.B. Cumanica IV: the tribes of the Cuman-Qipcaqs // Archivum Eurasial Medii Awi. 9. (1995-1997). – Harrassowofz Verlaq. Wiesbaden, 1976. – Р. 335.; Бушаков В.А. Термины, обозначающие селения и крепости, в топонимии Крыма // СТ. – 1985. № 2. – C. 28-37.
- Анарбаев Қ.С. Ортағасырлық құман-қыпшақтар тарихының мәселелері (“Кодекс Куманикус” материалдары бойынша) // дисс.ж./ т.ғ.к./ – Алматы, 2009 ж.-150б.
- Махмутов Х. Татарские параллели куманских загадок // СТ. 1971. – № 3. – C. 87-96.
- Kuun Codex Cumanicus. Budapest, 1981. – 395 р.
- Алтынсарин Ы. Үш томдық шығармалар жинағы /І том/. – Алматы: Ғылым, 1975. – 359 б.; Укачина К.Е. Алтай табышкактар. – Горно-Алтайск: Солоны. – С. 159.
- Гаркавец А.Н. Codex Cumanicus: Половецкие молитвы, гимны и загадки XIII-XIV вв. – Москва: Русская деревня, 2006. – С.
- Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай. Тіл ұшындағы тарих. Алматы «Жазушы» 2003. -496 б.
- Григорьев В.В. О народе саках // Евразийский народ САКИ. Сборник. – Алматы, 2006. -248с.
- М. Қашқари. Түрік сөздігі. І том Алматы «Хант» 1997. – 408 б.
- «Орталық Азия мен Қазақстан тарихына қатысты армян деректемелері» (С.Құдасов пен Н.Базылханның аудармасында) Алматы «Дайк-Пресс» 2010. –248 б.+8 б. жапсырма.
- А. Мектептегі. Таңбатану ілімі және ұлттық идея // «Көне түркі жазуларының зерттелуі: бүгіні мен болашағы» атты дөңгелек үстел материалдары. – Астана «Ер-Дәулет» 2004 ж. – 78-98 бб.
- Құрышжанов Ә.Қ., Жұбанов А.Қ., Белботаев А.Б.. Куманша-қазақша жиілік сөздік. – Алматы: Ғылым, 1978. – 277 б.
- Древнетюркский словарь. – Ленинград: Наука, 1969. – С. 676.
- Кудряшев К.В. Про Игоря Северского, про землю Русскую /Историко-географический очерк о походе И. Северского на половцев в 1185 года. – Москва: Государственное учебно-педагогическое издательство Министерство Просвещения РСФСР, 1959. – С.
- Потапов Л.П. Умай-божество древних тюрков в свете этнографических данных // Тюркологический сборник. – 1979. – С. 265-286.
- Кумеков Б.Е. Арабские источники по истории кипчаков, куманов и кимаков VIII-нач. ХІІІ вв.: АДД. – СПб, 1994. – С. 40.
- Акишев А.К. О культе “дождевого” камня (джада, яда) // Проблемы изучения и охраны памятников культуры Казахстана. Тезисы докладов и сообщений научно-теоретической конференции. – Алма Ата: Наука, 1980. – С. 203-
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.