Баукеңнің батасы

                                                   «Дала» журналы қазан-қараша 2001 жыл.

                                                                                                  №10-11

 

Баукеңнің      батасы

 Жуалыда тойлап отырған құдалардың үстіне сонау қырқыншы жылдардың әскери киімін киген, мұрты едірейген, алпыстар шамасындағы бейтаныс адам кірді. Шай кұйған келіндер мен жастар жағы жапа-тармағай тұрып, сәлем беруде.

Ал төрдегі бас құда- Мұхан Тойлыбайұлы (бұрынғы сот төрағасы) отырған орнынан қозғала қоймады.

Сәл ғана көз қиығын тастап бас изегендей болды. Жанындағы жұбайы да, ернін жыбырлатып амандасты да: «Той үстіне соғыс киімін киіп келген бұл кім екен?»- дегендей екеуі де мән бере қойған жоқ.

Әйткенмен келген қонақ есіктен кіріп, төрде отырған келіншегінің оң балтырынан сипай тізерлегенде ғана «өй, мынау қайтеді өзі?» дегендей, оған ыжырая қарады.

%d0%b8%d0%b7%d0%be%d0%b1%d1%80%d0%b0%d0%b6%d0%b5%d0%bd%d0%b8%d0%b5-076

  • Құдағи, мына самурайды қайдан тапқансыз,- деп төрдегі Мұхан құдаға тиісе әзілдеді.

Жеңгей орнынан атып тұрып:

  • Жүріңдер, кеттік. Отыз жыл отасқан жарымды, сұмырай деді. Бүйтіп қыз беріп құда болмай-ақ қояйық.
  • Жә, жә, құдағи, кешіріңіз, біріншіден, мен сіздің  күйеуіңізді сұмырай дегенім жоқ,- самурай дедім. Самурай – жапонның қайтпас-қайсар армиясы. Байыңыз соған ұқсайды екен. – Ал, Совет Одағында – гвардия!- деді Баукең.

Осы сөздерден соң тікесінен тік тұрып, оң қолын шекесіне ұстады да:

  • Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы – Сіздің құдаңыз,- деп өзін таныстырды.

Сол-ақ екен, мұхаң оны қапсыра құшақтап, төс қағыстырып:

  • Е-Е манадан бері солай демейсіз бе? Кешіріңіз Баукең екенсіз ғой .Сізбен танысқаныма қуаныштымын.
  • – Ия қазақта «танымасын сыйламас» деген мәтел бар. Бәрі де кешірімді,- деді Баукең ізеттілік сақтап:
  • Бұл жерде мен қонақ емеспін. Жуалы- ұшқан ұям. Мына туған жиендерім – Ақбаевтарды көре кетейін деп келіп едім. Әңгіме- дүкен енді басталды. Баукеңнің Сарыағаш санаториінде бір айдай дем алып келе жатқан беті екен. Тойдың үстінен түсіпті. Туған әпкесі Үбианың бір баласы – Марат Ақбаев өзі теңдес Күлбибі деген қызға уйленіп, құда күту кезі еді. Оның Иімбай, Мартай , тағы басқа ағалары да құрақ ұшып, қонақтарды қарсы алып жүр.

Соның арасынша , ауқат  та дайын болды. Табақ- табақ ет, қой басын көтерген ауыл азаматтары қатар-қатар тұра қалды.

  • Қане, құда, бата беріңіз.
  • Жо-жоқ. Көпті көрген, жасы үлкен Баукең берсін батаны.
  • Иә, иә, дұрыс айтады,- деп көпшілік Мұқаңның сөзін қолдай жөнелді.
  • «Өзбекшелеп» қоймадыңдар ғой, так…- деп Баукең біраз ойланды да бата беруге келіскендей болды.

Жұрт Қолын жайып күтіп тұр.

  • Ал ендеше бастайын:

Тілегімізді қабыл ет,

Иманымызды кәміл ет.

Тозақтың отынан сақта,

Қаңғыған оқтан сақта.

Парақор соттан сақта,

Адамды қадірлемес есерден сақта,

Нанды басқан кесірден сақта.

Кеудесін керген келіннен сақта,

Татымсыз тұздан сақта.

Қайырымсыз жегжаттан сақта.

Жалқау бала тек жат,

Тексізден сақта.

Түнере атқан таңнан сақта,

Жаңбырсыз шаңнан сақта.

Өмір берсе, өңісті болсын,

Еңбагіміз жемісті болсын,

Көсегеміз көгере берсін,

Мыңғырған мал өріске толсын.

Әйел берсең әдепті,

Жанға тыныш жайлы ғып бергін,

Келін берсең келісті ғып бер,

Ат берсең желісті ғып бер,

Тұлпар берсең шабысты ғып бер.

 

Баукеңнің батасы өз елінде, туған жерінде жыр болып жатталып қалды.

 

                                                                      Сағыныш Сариев, журналист.

                                                   «Дала» журналы қазан-қараша 2001 жыл.

                                                                                                  №10-11