«АБАЙ ІЛІМІНІҢ ҚҰРАМДАС БӨЛІМДЕРІ: АҚЫЛ, ҚАЙРАТ, ЖҮРЕК»

 

 

 

 

 

Абай ғылыми-зерттеу институтының

кіші ғылыми қызметкері

Кенжеқожаева А.М.

«АБАЙ ІЛІМІНІҢ ҚҰРАМДАС БӨЛІМДЕРІ: АҚЫЛ, ҚАЙРАТ, ЖҮРЕК»

 

«Абай ілімі» пәні арқылы ұлы тұлғаның ұлағатын ұғынып, ойшыл ақынның философиясын талдап, тануға ұмтыламыз.  «Абай ілімін» түсіну арқылы біз ақынның шығармашылығымен танысып қана қоймай, терең тәрбиелік мәні бар ғибрат, үлгі, өнеге жиып, өз өмірімізге бағыт алып, қолдануды үйренеміз.

«Абай ілімі» пәні бойынша «Абай ілімінің құрамдас бөлімдері: Ақыл, қайрат, жүрек» атты әдеби-танымдық ашық сабақ өткізілді. Пән оқытушысы – Даутова Бибігүл студенттерге сәттілік тілеп, сабақ мазмұнымен таныстырды. Кіріспе сөзді алған Абай ҒЗИ-дың жетекші ғылыми қызметкері, доцент Ләйлә Мұсалы «Абай ілімінің» маңызы мен өзектілігін атап өтті. Журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы «Абай ілімінің» студенттерге аса қажетті, тәбиелік және әдеби әсері мол пән екендігін ескеру керектігін айтты, әдеби-танымдық сабақтың сәтті өтуіне тілек білдірді.

 

Алдын ала берілген тапсырма бойынша журналистика факультетінің 1 курс студенттері   «Ақыл», «Қайрат», «Жүрек» атты үш топқа бөлінді. Студенттер Абайдың он жетінші қара сөзін арқау ете отырып, интеллектуалды-шығармашылық жұмыстарын жүргізді. Топтар өзара сайысқа түсу арқылы Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен өмірі бойынша өлеңдерінен, әндерінен,  шығармаларынан үзінділерін оқып, білімдерін ортаға салды.

«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, жалықпа», – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтып кеткендей, бірінші топ – «Ақыл» тобы Абай есімі мен мұраларының мәңгілік екеніне тағы бір көзімізді жеткізді. Әсіресе Абайдың «АҚЫЛ, ҚАЙРАТ, ЖҮРЕКТІ БІРДЕЙ ҰСТА» атты өлеңіндегі ақылдың адам баласы үшін, қоғам үшін маңызын ашып, әрі ақын өмірінің маңызды  сәттерін көрерменге әсерлі етіп, шеберлікпен жеткізе алды. Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Маңызын жоймау былай тұрсын, заман өзгеріп, қоғамдық санада өзгерістер пайда болған сайын бұл қазына өзінің жаңа қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсетінін «Ақыл» тобы керемет дәлелдеді.

 

Абай ел-жұртының болашағын ойлап, халыққа тұрмыстық азаптан құтылудың жолын меңзеп, оқу-білімге шақырған. Жаман әдеттен арылып, жақсылықты өн бойына жинауға үндеген. Әсіресе «Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім түртпек?» – деп өзі айтпақшы «Қайраттың» адам баласы үшін маңыздылығын, заман үшін қажеттілігін біз бен сіздерге паш етіп, екінші  «Қайрат»  тобы да өздеріне артылған үмітті абыроймен алып шыға алды.

 

Адамның игі қасиеті жүректен шығатындығын, жақсылыққа қуанатындығын, жамандықтан жиренетіндігін «Жүрек» тобы өзіндік тапқырлығымен, топтық бірлігімен көрсетті.

Абайдың топшылауынша, «Ақыл, жүрек пен қайрат бір-бірімен бірлікте, толық сәйкес үндес келуі керек, өйткені бұлар бір-бірінсіз болса адамды орға жығуы, қалыпты жолдан тайдыруы мүмкін. Қайрат пен ақыл, жүрек – бәрі бірлікте болсын. Ал егерде бұлар бірлікте бола алмаған күнде, адам жүректің тілін алсын, яғни сезімнің айтқанын істесін, билік те, тізгін де соның қолында болсын. Ол ақылды дұрыс жолмен бастайды, қайратты пайдалы іске жұмсайды». «Абай ілімі» пәні бойынша «Абай ілімінің құрамдас бөлімдері: Ақыл, қайрат, жүрек» атты әдеби-танымдық ашық-сабақтың басты мақсаты да осы еді.

Барлық студенттерге Абай ғылыми-зерттеу институты атынан Абайдың қара сөздері және  даналық сөздері, «Кісілік кодексі» естелікке  сыйға тартылды.

 

Абай ғылыми-зерттеу институтының

кіші ғылыми қызметкері

Кенжеқожаева А.М.