Ашаршылық тарихына қатысты  құжат

Проф.Ж.О.Артықбаев

Ашаршылық тарихына қатысты  құжат

 

Бұл құжатты мен сонау 90-шы жылдардың басында, докторлық диссертацияға керекті дерек іздеп жүрген кезде кездестіріп едім. Менің тақырыбыма тікелей қатысы болмады да, тасада қалып қойды. Құжат ХVІІІ ғасыр басында Ресей тарапынан оңтүстік-шығыстағы түркі халықтарына қатысты қандай саясат жүргізу керек деген мәселеге байланысты пайда болған. Біз бірнеше проект болғанын білеміз, оның бірін Орынбор экспедициясын басқарған, осы бекіністі салған Иван Кирилов, екіншісін ұмытпасам құпия кеңесші В.Татищев, үшіншісін Қазан губернаторы А.Волынский жасаған. Кейін де бірнеше проектілер, соның ішінде қазақтарға арналған И.Неплюев, А.Вейнмарн т.б. дайындаған арнайы жобалар болды, олар туралы қажет болса кейін айтамыз. Бүгінгі әңгіме А.П.Волынский проектісі жөнінде.
А.П.Волынский Петр І заманында көтерілген мемлекет қайраткері еді. Алдымен оны 1715 жылы Парсы жеріне елші есебінде  жібереді. Кейін 1722-1723 жылы орыс-иран соғысы болғаны, әзірбайжан қоныстарының сол соғыста бөлшектенгені  сізге белгілі. Бұдан шығатын қорытынды А.П.Волынский тек Иранды ғана емес, сонымен бірге Ресейдің оңтүстік көршілері болған түрік халықтары туралы деректерді мол жинаған маман болған. 1719 жылы жоғарыдағы еңбегі үшін А.П.Волынский Астрахан губернаторы болып тағайындалды. Бұл жерде де ол түркі халықтарына басым көңіл бөлгені оның Петр І патшаға  жазған башқұрттарға қатысты мына бір сөзінен де аңғаруға болады: «Ни коим образом башкирцам не надлежит верить…в прошлом 1724- м году переловил я посланцев их в калмыцких улусах, которые были под образом будто посланы к ним, а по розыску явились, что они посланы были для согласия к крымским и к кубанским татарам» (Материалы по истории Башкирской АССР. ч.1. Башкирские восстания в XVII-первой половине XVIII вв. // ТИАИ. Т.18. Материалы по истории народов СССР. Вып.7. -М.-Л., 1936, с.304).
Бұл жерде қазақ тарихшысы есте ұстайтын бір мәселе бар, ол Әз Тәуке мен Қайып хандардың дәл осы оқиғалардың алдында көрші түркі елдерімен және Осман империясымен қарым-қатысы. Ресей тарапынан түркі халықтарына төнген  қауіптің күшейіп келе жатқаны барлығына да белгілі болған және ел басшылары  қайткенде де күш біріктіру амалдарын жасаған. Әз Тәуке ханның 1707-1709 жылдардағы башқұрттың азаттық соғысына көмекке баруы, Қайыптың Осман сұлтанына башқұрттың жағдайы туралы жазғаны, жоғарыда А.П.Волынский жазатын  башқұрттардың Қырым мен ноғайларға  жіберген елшілігі т.б. бір нүктеде түйісіп тұр.
А.П.Волынскидің проектісі шамамен 1730 жылы Қазан губернаторы болып тұрған кезінде жазылған. Осы тұста  тағы бір мәселені  ескеру керек, проект  Ресей билігінің  өзінің құрамындағы, немесе өзіне шекаралас түркі халықтарына жалпы көзқарасын көрсетеді.  Ондаған жылдар бойы Ресейдің шығыс саясатына жауап берген, көп шаруасын іске асырған жоғарғы шенді басшы бұл жерде өз атынан ғана жазып отырған жоқ.  А.П.Волынский проектісінің басты идеологиялық тезисі деп башқұрт зерттеушісі Р.Г.Буқанова  шенеуніктің мына пікірін  көрсеткен екен: «Первое, что они имеют-  махометанский закон и по закону своему, конечно, должны быть христианам неприятели…» (Буканова Р.Г.Вопросы управления башкирским народом в проектах царских чиновников первой трети XVIII в//Актуальные проблемы истории и этнологии. Уфа, РИЦ БашГУ, 2011, с.63). Бұдан шығатын қорытынды,  башқұрт халқына да, өзге түркілерге де Ресей көзқарасы ең алдымен  конфессионалды айырмашылық  арқылы анықталады және әуел бастан жау ниетін жасырмайды.
Өзіне көрші халықтарды жау есебінде белгілеген соң, әрине, олар Ресей империясына қосылса да билік тарапынан  түркілерді барынша қырып-жою, немесе санын мейлінше шектеп отыру саясаты  іске асырылуы тиіс.
Міне, осы жерде біз А.П.Волынский проектісіндегі басты тезистеріне келеміз. Оның біріншісі түркі халықтарының қоныстарын, шаруашылығын барынша зерттеп алу, екіншіден біріне –бірін айдап салып, соғыстырып отыру, үшіншіден жартысын қыру «убавить хотя бы до половины». Бұл жерде тек башқұрт халқы емес, жалпы  түрік халықтары туралы айтылғаны проектінің мына тұсынан жақсы көрінеді: «оных каракалпаков до основания  разорить, и …чтобы махометаня у нас не были блиско в соседстве, и для того всеми мерами оных искоренять и до умножения не допускать» (Материалы по истории Башкирской АССР. ч.1. Башкирские восстания в XVII-первой половине XVIII вв. // ТИАИ. Т.18. Материалы по истории народов СССР. Вып.7. -М.-Л., 1936, с.305).
1730 жыл қазақтың Ресей бодандығын қабылдауды әлі бастамаған уақыты, ал империя негізін жасап жатқан шенеуніктердің пиғылы жаңағыдай. Кейіннен А.П.Волынский проектісінің негізгі идеясы және кейбір баптары  қолданысқа енді, ал түркі халықтарын түгелдей  жартылай қыруға мүмкіндік болда қойған жоқ. Бұл саясат XVIII ғасырда белгілі дәрежеде башқұртқа қатысты  ғана іске асқан сияқты.
Одан кейін ХІХ ғасыр, онымен бірге капиталистік тауар- сауда қатынастары енді. Шоқан жазғандай Ресейдің бүкіл шығыс саудасы қазақ малы арқасында ғана  жүрді, ал енді  экономикасы қазақпен саудаға   тәуелді болған соң қазақ малының иелерін қырып тастау абсурд еді. Осылайша біз ХХ ғасырға іліктік. Ресей билігіне тексіз большевиктік тобыр келді, адамзат тарихындағы ең қанқұйлы тоталитарлы режим орнады. Енлі  жүздеген жыл Кремль үстелінде жатқан А.П.Волынский проектісін іске асыратын сәт те туды. 1932 жылғы аштықтың болу себеп- салдарын осы құжатты ескеріп қана түсінуге болатын сияқты. Қазақ халқының тура жартысы қырылды және оны НКВД бақылап, есептеп отырды деп жорамалдауға әбден болады.
Жақында Қазақстан Президенті ашаршылық тақырыбын көтерді, зерттеу керектігін айтты. Мен ашаршылықты өз басынан өткерген адамдардың ортасында өстім. Тіпті студент кезімде шежіре жинап жүрген күнімде де осы ашаршылық алдымнан шыға беруші еді. Ол кезде шежіре дәстүрін ұстанған  бірді-екілі қариялар болды, бірақ солардың өзі де «Балам-ау, баяғыдай шежіре айтатын адам бар ма, бұрын осы жерде бірнеше ауыл отыратын, ортада небір шежірешілер бар еді, барлығы зұлмат аштықта кетті» деп ашаршылықтың ұзан-сонар әңгімесіне түсіп алатын еді. Бүгінгі күні ашаршылық туралы естелік  айта алатын адамның көпшілігі ортамызда жоқ, егер осыдан отыз жыл бұрын бастасақ бір жөн. Екіншіден, бұл мәселеде қаншалықты табанды болады екенбіз, білмеймін. Ашаршылық геноцид мәселесін көтермей қоймайды, оны жазсаң  алдымен таяқ орысқа тиеді. «Голодомор»  Украина мен Ресейдің арасын ашқаны белгілі. Сол себепті де Кремль бұл тақырыпты көтеруге  шектеу қоймауы мүмкін емес. Біздің билік отыз жыл үндемей келіп енді ол қамыттан шығып кете алады дегенге мен сене қоймаймын. Болашақта амалын тапқан тарихшылар Ресейдің орталық архивтерін, әсіресе НКВД құжаттарын ақтарса негізгі  ақпарат шығады деген ойдамын. Дегенмен қазіргі уақытта осынау адамзат тарихындағы өте сирек кездесетін қырғынның себеп-салдарын зерттеп, қолда бар  деректерін жүйелеп тарихшы ғалымдарға  іздене берген жөн.

P.S. Қанқұйлы жоба дайындаған А.П.Волынскийдің  тағдыры да өз жобасына сәйкес болды. Анна Иоанновна тұсында кабинет-министр қызметіне дейін өскен, «Генеральный проект о поправлении внутренних государственных дел» авторы А.П.Волынский сарай интригасына араласып, онысы әшкереленген соң тергеліп, әуелі тілі, одан соң қолы кесіліп, ақырында басы алынып  азаппен өлді. Дегенмен Ресей тарихшылары  А.П.Волынскийді әлі де атақты  мемлекет қайраткерлері қатарына жатқызады

(Қараңыз: Хрестоматия по истории России в 4-х томах. Т.2. Кн.ІІ, М.,1997. С.54).

Проф.Ж.О.Артықбаев