Бейсенбі, 5 Шілде 2018
Міне, көрдің бе? 4517 90 пікір 12 Маусым, 2018 сағат 16:15
Мәскеу де менің өз жерім, Мосқа атам жатқан жер!
Шәріпхан Қайсар
“Мәскеу де менің өз жерім, Мосқа атам жатқан жер!”. Оразалы Досбосынов секілді бір көсілудің орайы келді, бүгін. Кешелі бері уатсап әлеуметтік желісінде Ресей астанасы Мәскеудің атауы қазақ жігітінің құрметіне қойылғаны туралы ақпарат тарады. Жазбада бұл деректі елге жеткізуші белгілі ғалым Мекемтас Мырзахмет екені анық көрсетілген. Біз ақсақалға хабарластық.
– Мекемтас ата, жұртыңыз Мәскеу қазақтың қаласы екен деп шулап жатыр.
- Е, ескі әңгіме ғой, ол.
Әңгімеміз осылай басталды. Әңгімеден бұрын әлеуметтік желілерді кезіп жүрген мәтінмен таныс болып алыңыз.
“Шындық пен ақиқат күндердің күнінде тарих сахнасына шығады. Сізге бір ғана мысал айтайын. Болгар тарихшысы Киевский русьті басқарып тұрған Сұңқар деген қазақ болыпты деген мәліметті тапқан. Оған Соколов, Станислав деген ат қойған. Ол сол елде тұрып, орыс қызына үйленген. Ресейдің мемлекеттік жүйесін құрып, жасаған осы қазақ болған. Кейін осыны жасырып қалу үшін Киевтің ұлы князі Владимир Мономах жазбалардың бәрін өшіріп, көзін жойып, орнына жалған құжат жасаған екен. Біз осыған 1860 жылдан бері сеніп келдік. Сөйтсек бұл өтірік екен. Бұны Болгар тарихшылары айтып берді.
Мәскеудi 1088 жылы Асат Мосқау деген жігіт билеген. Мәскеудің халқы оны жақсы көргеннен оның атын Мәскеу дегенге айналдырып жіберген екен. Сонда орыстың астанасының аты Мәскеу қазақтың есімінің құрметіне қойылған және орыстың мемлекеттік жүйесін Сұңқар деген қазақ құрған.
Дәл қазіргі уақытта біз ұлы Абайды барынша тануға күш салып, құлдық санадан арылуымыз керек. Ресейдің мұрағаттарында бізге қатысты құжаттарды жойып тастауында үлкен мән бар. Кеңестік билік қазақтың басын көтертпей, бақылауында ұстап отырды. Шын мәнісінде біз қанымыз таза, ойымыз сергек, дүниетанымы өте терең халықпыз.
– Сіз айтқан деректі ғалымдар біле ме?
– Әрине, біледі деп ойлаймын. Көп уақыт өтпей-ақ бұл шындық та айтылатын болады.
– Мекемтас ата, жұртыңыз Мәскеу қазақтың қаласы екен деп шулап жатыр.
- Е, ескі әңгіме ғой, ол.
– Бұ ескі әңгіменің қаншалықты шындығы басым?
- Меніңше, тұтастай шындық.
– Шындық болса, неге ғылыми айналымға енгізбеске?
- Бұл – ғылыми айналымда бар дүние. Татар оқымыстылары балқарлардың тарихын түгендеді. Қазір аты нақ есімде жоқ (қажет етсеңдер, тауып қояйын), 3-томдық кітап жарық көрді. Ескі архивтің деректері негізінде жазылған сол жарияланымда бізге қызықты мұндай деректер өте көп. Соны балқар тарихшысы бізге жеткізді. Біз бірер жыл бұрын бір сұхбатымызда айтып едік, содан бері осы мәселеге қатысты сұраушылар көп.
– Ол Балқар жазушының аты есіңізде шығыр.
– Қазір, Әубәкір ме еді, қазір-қазір, кітабын тауып алып айтайын. Е, міне, таптым. Әбдіқадыр Дәуітбеков (Абдукадыр Даутбеков).
– Кітабының аты қандай?
– Бірінші кітаптың аты – “Дулаттар” (“Дулати”). Екінші кітабының аты – “Аттилла и гуннский орда”. Соңғы кітап, осы биыл ғана ШымкентТОО “Кітап” баспасынан жарық көріп отыр.
– Асат Мосқау деген адам атын бұған дейін біз неге білмей келдік?
– Дұрысы – Ахат Мосқа. Оның руы – Дулат. Орыстан әйел алған адам. Әрине, мұндай бар деректің өзін орыстары шамасы келсе, біздің қолға бермеуге тырысады.
– Руы Дулат болса, қазақ шежіресінде Ахат Мосқаның аты кездесе ме?
- Қазіргі шежірелерде жоқ. Шежіре аталарды аттап-пұттап, әртүрлі ізбен жазылады ғой. Бірақ, негізгі жүлгеден ажырамайды. Адаспайды. Бәлкім, болашақта бұдан да басқа деректер табылуы мүмкін.
Түйін
Өткенде Кремльдің бұлбұлы болып жүрген әлгі кісі (атын атағымыз да келмейді): “Қазақстанда билік ауысса, жерін Қытаймен бірлесе бөліп аламыз” деп тағы бірдемені бықсытты. Біз де өз тарапымыздан арасында Оразалыша:
“Мәскеу де болса біздікі,
Бауыржандай қас батыр,
Орысқа сыйға тартқан жер” деп айтуға хақымыз бар шығар.
Мекемтас қарияның мына дерегі осы сөзді кеудені керіп тұрып айтуға мүмкіндік берді, бізге! Әлей болғай!
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.