Торғайды білесіз бе?

 

Торғайлық ақын – Саят Əбенов

 

 

 

Торғайды білесіз бе?

 

 

Торғайды білесіз бе арқадағы,

Көз тартып тұратын жер картадағы.

Ғасырдан ғасырларға тарих болып,

Басылған ұлтым үшін əр қадамы.

 

Жеткенше құшағына тұяқ талар,

Əр тасы сырын шертіп, күй ақтарар.

Көріңіз көзіңізді жеткізіңіз,

Ол жақты көрмеу тіпті ұят болар.

 

Ондай жер еш мекеннен табылмаған,

Кеудемде жүрек болып дамылдаған.

Кейкідей ерлер өскен батыр дала,

Кешегі Ақ патшаға бағынбаған.

 

Торғайды білесіз бе, білмесеңіз,

Біз қайтіп қазақ болып үндесеміз.

Ахмет, Мыржақыпты тудырған жер,

Тарихтың шоғын бір сəт үрлесеңіз.

 

Жан бар ма тарихынан нəр алмаған,

Рухты жер рухсыздыққа жаралмаған.

Ақ таңың Арқалықтың жырға қосып,

Шәмші де шабыттанып əн арнаған.

 

Торғайды есті қазақ қадірлеген,

Мақтанып айтар болсам бəрін де мен.

Ақиық ақынымыз Мұқағали,

Қандай дос еді біздің Шəмілменен.

 

Мейман боп бізге қарай бұрылсаңыз,

Арман жоқ Торғай жайлы ұғынсаңыз.

Жусаны ем болады дертіңізге,

Құшағы дем береді жығылсаңыз.

 

Қонаққа құшақ ашар төр көшеміз,

Көріңіз біздің елді көрмесеңіз.

Ерінбей ең даласын аралап қайт,

Тарихи жəдігерге шөлдесеңіз.

 

Зуылдап өте шығар уақыт бірақ,

Кетерсің жанарыңнан жақұт құлап.

Торғайға қонақ болу үлкен бақыт,

Торғайлық болу одан бақыттырақ.

 

Жар болып Жаратқаным қолдасыншы,

Елімді қасіреттен қорғасыншы.

Торғайды білесіз бе? – деген кезде,

Білмеймін – дейтін кісі болмасыншы!

 

Торғайлық ақын – Саят Əбенов

18.05.18, 7:38 – +7 701 595 9108:

Торғайды əр қазақ біліп жүрсін. ✊✊✊✊