Есенбаева Айгерім
Жадымызды жаулап алған жарнама
Жарнама дегенде, жан-жағымыздағы түрлі жазулар мен көз тартар суреттер ойымызға бірінші оралады. Күнделікті күйбең өмірде көп кездесетін жарнаманың сансыз түрлері санамызды оңай-ақ жаулап алуда. Осы орайда «Маркетингтегі жарнаманың рөлі қандай?», «Жарнаманың пайдасы бар ма?» деген сауалдардың туындайтыны анық. Бүгін біз осы сауалдар төңірегінде ой өрбітеміз.
Жалпы, жарнама дегеніміз не? Жарнама қашан, қалай пайда болған? Жарнаманың тууына не себепші болды? Жарнама – бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асатын, тауар мен қызметтің белгілі бір түрлерін насихаттайтын нысан. Жарнама жасаудың хас шеберлеріне айналған мемлекеттер деп Ұлыбритания мен АҚШ-ты айтуға болады. Аталған қос мемлекет нарық әлемінде де үзеңгілес, бәсекелес болып келеді. Жарнаманың басты мақсаты – насихаттаушы өнім туралы жағымды ақпарат беріп, қолданушылардың санасына әсер ету. Сонымен қатар, жарнама экономика, мәдениет және өнердің бір бөлігі болып табылады. Жоғары деңгейде, сауатты жасалған жарнама туындылары адамның жақсы талғамы мен көзқарасын қалыптастырады. Жарнама жасау бәсекелестіктің пайда болуына, өнім сапасының жоғарылауына, сұраныс пен ұсыныстың қанағаттандырылуына және экономиканың дамуына әсер етеді.
Бүгінгі таңда Қазақстанның сауда-маркетинг саласында жарнаманың рөлі басым болып тұр. Алайда, көпшілік арасында жарнамаға деген теріс пікір де қалыптасып үлгерді. Оған жарнаманың жалған болуы немесе маркетинг саласы мен бизнесті жете түсінбеуі себеп. Жарнаманы сынаушылар оны адам санасына зиян келтіретін, тауар мен өнім түрлеріне қосымша құндылық дарытатын айлалы әрекет деп бағалайды.
Жарнама құралдары – жарнама жасаушылардың жиынтығы. Оған көшеде таратылатын кітапшалар мен ақпараттық парақшалар, видеороликтер де жатады. Бірақ, ең қуатты жарнама құралы ретінде БАҚ атаймыз. Жарнама жасаушы фирмалар алдын ала газет-журналдардан көлемді орын сатып алады. Баспасөз органдары да жарнама арқылы пайда табады және оқырман жинайды. Бүгінгі таңда жарнаманың өтімділігі жөнінен баспасөз, теледидар, радио, кино және интернет көш бастап тұр. Алайда, интернеттегі жарнама ақпарат көздерінің сенімсіздігіне байланысты көп жағдайда күмән тудырады. Сондықтан, баспасөз бен теледидар дәстүрлі ақпарат құралдары ретінде маркетингтің сенімді әрі өтімді құралына айналуда. Осы тұста бір ескере кететін жәйт – ақпараттың айқындығы мен сенімділігі. Баспасөз органдары мен ақпарат берушілер арасындағы сенімді қарым-қатынас пен айқын серіктестік басты назарда болуы шарт. Сонда ғана, тауар мен өнім сапалы, жарнама өтімді, нанымды болады.
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.