Араб- түркі қатынастарының бастауы

  Мұрат Әуезов – қазіргі қазақ қоғамындағы белгілі тұлға. Ол- көрнекті мәдениеттанушы, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері. Энциклопедиялық білімге ие, кең көлемде ой түйе білетін бүкіл азаматтың ұлттық рух пен ұлттық мүдде, еліміздің басқа мемлекеттермен қарым-қатынасы, геосаяси жағдайлары туралы әр кезде айтып жүрген салиқалы да салмақты пікір-пайымдары кімді болса да тәнті етеді. Мұрат Мұқтарұлы шет елдерге жасаған сапарларында жалпыадамзаттық проблемаларды ұтымды көтерумен дүниежүзі жұртшылығының да назарын аударуда. Осы ретте оның Сауд Арабиясына барған сапарында қазақ қауымындағы мәдени-көркемдік үдерістің бастау-қайнарларын шығыс әлемімен байланыстыра, тереңнен ой қозғап жасаған баяндамасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

 

 

Араб- түркі қатынастарының бастауы

(Сауд Арабиясындағы король Фейсал қорының

Ислам зерттеулер орталығында өткен

кездесуде сөйленген сөз. Эр- Рияд, 23 қаңтар, 2007ж.)

 

«Біздің бабаларымыз Арабияның

аптапты шөл далаларынан шыққан ».

Мұқтар Әуезов.

Мен біздің әнгімемізді автобиографиялық шегіністен бастағым келеді, содан соң оны әл-Фараби атымен көбірек танымал болған ұлы философ Әбу Насыр Мұхаммед Бен Мұхаммед Бен Тархан және ХI ғасырдағы аса көрнекті филолог  Махмұд әл-Қашқари есімдерімен байланысты араб-түркі қатынастарындағы екі жарқын эпизодпен жалғастырсам деймін.

Ата-анам маған Мұрат деген ат берді. Әкемнің есімі- Мұхтар, шешемнің есімі – Фатима еді. Екеуі де араб әліпби графикасын жақсы игерген болатын. Оны, әдеттегідей, өзара хат жазысулары мен күнделік жүргізген жазбаларында өмірлерінің соңына дейін қолданды.

Әкем біздің ата-бабаларымыздың Отаны Арабияның ми айналдырар ыссышөлді өлкесі екенін айтып отыратын. Шамасы, сондықтан да болар, ол маған арабтанушы мамандығын таңдауға кеңес берді. Алайда, тағдыр басқаша шешті. Мен мамандығы бойынша синолог (қытайтанушы) және жан дүниемнің қалауымен турколог (түркі-танушы) боп шықтым.

Менің әкем жазушы және ғалым болатын. Оның шығармашылығының аспабы- қалам мен қағаз болса, нәтижесі – қазақ халқы мақтаныш тұтатын көптеген кітаптар еді.

Әкем мен оның бабалары – қожалар әлденеше жүзжылдықтар бойы Орталық Азияның этникалық ортасында руханилық пен мәдениеттің ұрығын сепкен, түркіленген миссионерлер болатын.

Жасым ұлғайған шақта мен өзіме дейінгі көптеген буындардың қанында сақталып қалған «арабиялық шөл даланың» өзіне тартып, шақыруын бұрынғы кездерден гөрі өткірірек сезінемін. Сонымен қабат, менің ақиқатқа тәнті болып, шын берілген бабаларымды өз ортасына жатсынбай қабылдаған адамдар тағдырынан өзімнің еш бөліне алмайтынымды мойындаймын, бұған ешқандай шүбәм жоқ.

Араб-түркі қатынастарының үйлесімі…

Ол мен үшін аңсарлы нәрсе ме? Иә, әлбетте!

Мен оның жаңғыртылып, жандануына септесе аламын ба? Шамам жеткенше солай ету ойымда бар.

Қазіргі Қазақстанда ұлттық тарихқа қызығушылық жоғары деңгейде. Бұл түсінікті де, өйткені тәуелсіз мемлекет құру халықтың тарихи өткен жолы туралы әуелі Ресей, одан соң Совет империялары тықпалаған бұрынғы стереотиптерді бұзу мүмкіндігіне жол ашты.

Қазіргі кезде өзінің қаржыландырылу, сондай-ақ, гуманитарлық және шығармашылық күштерді жұмылдыру ауқымы жағынан теңдессіз бірегей, «Мәдени мұра» бағдарламасы жұмыс істеуде. Кейінгі екі жарым мың ғасыр ішіндегі тарих бұл бағдарлама аясындағы зерттеу нысанына айналып отыр. Осы хронологиялық диапазонды таңдап алуға, біріншіден, жаңа дәуірге дейінгі алғашқы мыңжылдық ортасында Еуразия кеңістігіне серпіні жойқын, керемет ұйымдастырылған күштің –салт атты көшпенділердің шығуы негіз болды. Екіншіден, олар жасаған салтатты-көшпенділік өркениетінің күйреуі ХХ ғасырдың 30-шы жылдарына, Қазақстандағы ең бір қасіретті социалистік эксперименттердің бірі- ұжымдастыру салдарынан қазақ халқының үштен бірінің өмірін жалмаған ашаршылық кезеңіне сәйкес келді.

Салт атты-көшпенділік өркениеттің «бастауы» мен трагедиялық «құрдымға кетуі» арасында Қазақстанның бет-бейнесін, оның рухани өмірі мен мәдениетін айқындаған оқиғаларға толы ғасырлар тарихы жатыр. Ұзақ тарих барысында халықты қалыптастырған аса маңызды факторлар қатарына оның Қытай,Үндістан, Иран, араб тілді әлем, Кавказ және Ресей халықтарымен қарым-қатынастары кіреді. Түркілік орта араб-мұсылман әлемі тарапынан, оның білімдері мен Иланымымнан рухани тұрғыдағы ең терең және ең жігерлі ықпалды сезінді.

Араб мәдениеті Орталық Азияны әлемдік өркениет құндылықтарымен жақындастыруда аса зор рөль атқарды. Араб тілінің арқасында аймақтың түрткілді тұрғындары көптеген ежелгі және өздерімен замандас халықтардың философиясына, тарихына, әдебиетіне қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Әрине, әл-Жаухари, әл-Фараби, әл-Қимақи, Иассауи, Бақырғани, Махмұд әл-Қашқаридың ғылыми және рухани ізденістер деңгейінің биік болуына олардың араб тілін тамаша игеріп алғандығы және араб тілді әлем жөніндегі өте бай білімдері себеп болды. Ұлы есімдердің осы бір толық емес тізіміндегі ас ірі жарық жұлдыз- ислам философиясының негізін қалаған Әбу Насыр әл- Фраби. Әл-Фараби шығармашылығы интеллектуалдық проблемалардың аса кең ауқымын: ақыл-парасат феноменін, эстетика, психология, жаратылыстану, математика, астрономия, акустика, музыка теориясы, геодезия және архитектура білімдерінің негіздерін қамтиды.  Ол мемлекеттік құрылыс, адам қоғамының шыққан тегі, «ізгілікті қала» туралы ережелер жасады. Ұлы ғалым тіл білімі саласын дамытуға елеулі үлес  қосты, бұл оның тіл мен ойлаудың арасындағы байланыстар, сөздер мен сөз тіркестерінің семантикалық табиғаты, олардың ұғымдар және логикалық мазмұнмен байланыстары, өлең құрастыру ережелері мен жазу заңдары жайында тереңнен қозғаған пайымдарында көрініс тапты.

Әл-Фарабидің философия саласындағы айрықша орнын оның «екінші ұстаз» (аристотельден кейінгі) даңқына бекем ие болу фактісі айқындайды. Сейид Мұхаммед Хатами мырзаның айтуынша, «өздерінің ұлылықтары және идеялар мен пайымдардың таңғаларлық әлеміне жаңа жолдар ашуына қарамастан, басқа ойшылдар мұндай титулға ие болған жоқ, себебі олар әл-Фараби әлдеқашан жайып қойған бай дастарханның басында отырғандарын көретін».

Әл-Фарабидің рухы мен мазмұны жағынан ренесансты ілімі қазақтыңгуманитарлық жұртшылығы назарын өзіне
ХХ ғасырдың 70-ші жылдары аударды, осы кезде оның мұрасымен танысуға тарихи жағдайлар мүмкіндік жасаған еді. Әл-Фараби шығармашылғымен табысу бізді өз санамызды отарсыздандыруға, бостандық пен тәуелсіздікке деген ұмтылысымызды бекемдеп, нығайтты. Бұл – көптеген күрделі проблемалар қоса астасып жатқанымен, іргелі рухани ізденістер жасалған ғажап кезең еді.

Осындай интеллектуалдық ғаламмен жақындасып, жанасу советтік тоталитарлық жүйенің идеологиялық тұтқынынан енді ғана азаттыққа шыға бастаған қазақ қоңамдық санасы үшін естен тандырарлық сынақ болды. Әл-Фарабидың мұрасымен лайықты деңгейде жүздесу тек руханилықтың биік шыңына көтерілу машықтарына ие болған жағдайда ғана мүмкін болмағы айқындала түсті. Міне, енді осы жолдан өту қажет болатын. Біз өзгерістерді қаладық, осы орайда мынаны да ұқтық: сол кезде біздің қолымызға тиюі тиіс жалғыз қару – шынайы білім еді. Ортағасырлық түркілік орта араб мәдениетінің екі ұлы құрамдас бөлігінің екеуін де –Исламның ғылыми білімі мен дінін түбегейлі қабыл алды. Исламның айрықша ролі мынада еді: ол көшпенді ортаға көзқарастар мен идеялар кешенін әкеліп енгізе алды, соның негізінде тайпалардың жоғары тұрпатты мәдениетін дамыту, ортақ сыртқы және ішкі саясатты жүзеге асыру, білім беру мен ағартудың біріңғай жүйесін ұстану мүмкін болды.

Қазақстанда біздің заманымызда болып жатқан Ислам ренессансы – Түркістан қаласында Ислам университетінің ашылуы, мұсылман оқу орындары желілерінің, соның ішінде Алматыда Ислам институты мен бірқатар жаңа медресенің пайда болуы, барлық аймақтарда мешіттер салынуы – осының бәрі қазақ халқының рухани тұрғыда дамуына Ислам тигізіп жатқан талассыз ықпалдың дәлелі.

Ортағасырлық түркітілді ортаға мұсылман діни ілімін енгізуші сопылардың жеке миссионерлік қызметіне байланысты, өзіндік «дала» исламы туралы әңгіме қозғауға негіз бар деуге болады.

Онда ат үстіндегі көшпенділердің дәстүрлі дүниетанушылық жүйесі- тәңіршілдіктің ізі бар екені айқын сезіледі. Бұл – қазіргі кезеңдегі араб- түркі рухани байланыстарын тереңдетудің ықтимал және қажет үдерісінде санаспауға болмайтын жағдай.

Түркілердің тілі ме мәдениеті жөніндегі мәліметтерді сақтап қалған аса маңызды кітаптардың бірі –ХI ғасырдың екінші жартысында түркі ғалымы Махмұд әл-Қашқари жазған «Диуани лұғат ат-түрік» («Түркі сөздерінің жинағы»). Автор –ХI ғасырдағы мұсылман өркениетінің аса зор кеңістігіндегі түркілердің бұрын- соңды болмаған әскери жеңісі салтанатының куәгері. Сол шаққа дейін мұсылман әміршілері армияларында, негізінен, жалдамалы жауынгерлер ретінде әлемге аты шыққан түркі- оғыздар Византия императорын жеңіп, Таяу Шығыста арабтық және ирандық әулеттердің бақылауында тұрған Қорасаннан Жерорта теңізіне дейінгі кең- байтақ территорияларды, сондай-ақ Кіші Азияны өздеріне бағындырып алды.

«Диуани» оқырманды мұсылман әлемінің көп бөлігінде билікке келген түркі жаулап алушыларының тілімен және мәдениетімен таныстырған энциклопедиялық сөздік ретінде араб тілінде жазылды. «Диуанидың» алғашқы жолдарынан-ақ оның авторының дүниетанымында Ислам құндылықтары мен араб мәдениеті мейлінше орын алатыны айрықша көзге ұрады. Алғысөзінде Махмұд әл-Қашқари өз еңбегі мұсылмандардың көпшілігі үшін аса жоғары рухани бедел боп табылатын Аббасид халифы әл- Мұқтадиге (1075-1094) арналғанын көрсетеді.

«Диуанидың» мазмұны әл-Қашқари үшін Ислам мен Түркілердің исламға дейінгі иланымы арасында ешқандай шиеленіс болмағанын дәлелдейді. Құдайдың есімін – Тәңіріні еске ала отырып, келтірілген көптеген түркі үзінділерін ол, Тәңірін Алламен алмастырып, мүлдем табиғи түрде арабшаға тәржімелейді. Ислам миссионерлері түркілерді қанға терең сінген бұрынғы рухани құндылықтардан бас тартуға мәжбүрлеген жоқ. Бұдан бұрында айтылғандай, түркілердің исламды жаппай қабылдауының басты себептерінің бірі де осы да жатыр.

Жаңа дінді қабылдаудың бастапқы кезеңдерінде мұсылмандықтың Құран оқу, намаз оқу, мұсылмандарға арналған ережелерді сақтау және бәлкім ең маңыздысы да сол болар – бұдан былай түркілерді арабтармен және парсылармен біріктіретін дәстүрлер жүйесін жасау секілді сыртқы атрибуттары алға шықты.

Махмұд әл-Қашқари түркілердің рухани жетілендігіне куә боларлық мәдени эталонды жасауғы қажет негіз ретінде тілді белгілейді. «Диуанидың» басыт мақсаты- араб тілді оқырманға түркілер тілін жеткізу еді, оның жаңа империяда қолданысқа ие болатынына автор күдік келтірмейтін.

Мұсылман әлемінде жүзжылдықтар бойы таралған, сөйтіп оның аса бай мәдениетінің негізіне айналған Құран тілі, араб тілі Махмұд әл-Қашқари үшін аса жоғары деңгейдегі лингвистикалық бағдар ретінде қызмет етті.

Әл-Қашқаридың ойынша, жинақталған мәндері мен түрлері жағынан түркілер тілі – араб тілімен теңгерілетін ұлы құбылыс: бұл екі тілді ол «ат жарыстағы екі сәйгүлік» деп таниды.

Х-ХI ғасырлардағы оқиғалар мынандай пайым тудырады: түркілердің көз жететін өркениетті бірлігінің кеңістігі «Ислам жерлерімен» байланысты ұғылатын, ал оның аса маңызды мәдени компоненті араб тілі еді. Тура сол араб тілі мен тіл білімі саласының араб алгоритмі арқылы түркілердің тілі мен мәдениеті жөніндегі мәліметтер неғұрлым оң сипатты түрде ұлан-ғайыр мұсылман социуымына тарай алды. Осыдан келіп, Махмұд әл- Қашқари араб- мұсылман ғылыми категорияарын түркілік сөздер мазмұнымен толықтырды, сөйтіп түркі-араб мәдениетінің іргелі туындыларын жасау мүмкіндігін көрсетті.

Араб- түркі қатынастарының тарихында жемісті түрде өзара әрекеттесудің, үйлесімді синтездің, ғылыми құндылықтарды, руханият пен мәдениет жаухарларын бірге жасасудың, этникалық және мемлекеттік дамудың ірі мәселелерін бірлесе шешудің сансыз көп мысалдары бар.

Өзінің мүлтіксіздігімен өзіне тартып, қызықтырып тұратын өзара нығайтушы байланыстар тәжірибесі тарихқа айналып, қазіргі заманда бізге қолдау көрсетіп отыратын тұрақты дәстүрге ұласып өспеуі мүмкін бе?

Мен бұл сауалды өзіме қоямын. Және оны, құрметті кездесуге қатысушылар, Сіздерге де жолдаймын.

 

                             Аударған Балжан Хабдина