АНА ТІЛІ
Ұлт Газеті
№22 (1332) 2-8 маусым 2016 жыл
БЕЙБАРЫС СҰЛТАН есіміне қатысты деректер
Мысыр мен Шам елдерінің аймағында айбарлы Мәмлүктер мемлекетін құрып, бүкіл араб елдерін маңғол шапқыншылығы мен крест жорықтарынан сақтап қалған және мұсылман елдерінде білім – ғылымның, мәдениеттің дамуына елеулі үлес қосқан әйгілі бабамыздың есімі ғылыми – әдеби айналымда «Бейбарыс» , «Бибарыс», «Байбарыс» болып әртүрлі нұсқада жазылып, әртүрлі мағыналармен түсіндіріліп жүргені белгілі. Осы қарама – қайшылықты сөз қолданысының түп шешімін табу мақсатында 1245 жылы Мысыр мәмлүктері тарапынан жарық көрген қыпшақ – араб сөздігінің түпнұсқасы қолжазбасы негізінде зерттеу жасаған болатынбыз. Араб жазуын оқи алатын оқырмандарға түсінікті болу үшін мақала барысында түпнұсқалы жазбаларды да қолдануды жөн көрдік.
Сонымен, Сұлтан есімі аталған қыпшақ – араб сөздігінде кездесіп мағынасы алғаш рет араб тілінде жеткізілген. Қолжазбаның түпнұсқасында қыпшақ сөздері ерекшеленіп қызыл сиямен, ал араб тіліндегі түсіндірмелері қара сиямен жазылған екен. Сөздіктің адам есімінен қатысты 22-бөлімі есімімен басталыпты. Қолжазбада есімнің хараккаттары, яғни әріптердің асты – үстіне қойылатын дауысты дыбыстардың белгілері де анық қойылған. Есімнің қызыл сиямен жазылуы оның қыпшақ есімі (сөзі) екенін білдіреді, яғни қыпшақ тіліндегі жазылуы. Түрік тіліндегі үндестік заңын ескере отырып, қойылған характтары бойынша оқысақ, қыпшақ тіліндегі дыбысталуы – «байбарыс», яғни «Байбарыс» болып шығады.Біздің зерттеу барысында көз жеткізген ақиқатымыз бұл есімінің қыпшақ тіліндегі дыбысталуы – байбарыс, араб әдеби тіліндегі дыбысталуы – бәйбәрс. Ал араб тіліндегі ғылыми, әдеби еңбектерде жазылып жүрген сұлтан есімінің [бибәрс] нұсқасы – харакаты дұрыс қойылмаған. Тиісінше, сонын салдарынан ғылыми айналымға қате енген. Демек, қазақ тіліндегі еңбектерде қолданылып жүрген «Бибарыс» нұсқасы араб тіліндегі осы қате жазылған нұсқа бойынша ауысқан түрі деп есептейміз. «Байбарыс» нұсқасының дұрыс екеніне Сұлтанның көзі тірісінде 1265 жылы өзі салдырған Каир қаласындағы мешіттің қақпасында және күмбезінің ішіндегі екі тақтайшада фатха харакатымен «Байбарыс» деп жазылғаны далел екенін белгілі шығыстанушы Қ.Сәки де айтқан болатын. Қолжазбада (Байбарыс) есімін араб тілінде [әмируфәһд] деп аударып көрсеткен. Қыпшақ араб сөздігіне 1894 жылы алғаш зерттеу жасаған неміс ғалымы М.Т.Хоутсма да есімі қолжазбадағыдай деп жазып, бірінші компонентінің транскрипциясын деп берген. Мағынасын сөзімен синоним ретінде қарастырып, неміс тілінде «Emir» күйінде қалдырған, яғни араб тіліндегі [әмир] сөзін аудармасыз берген. Сөздікке зерттеу жасаған отандық ғалым Ә.Құрышжановта өз еңбегінде бұл сөздің жазылуы Байбарыс екенін көрсеткен. Ал зерттеу жұмысының әліпбилік бөлімінде Байбарыс та, Бибарыс та қарастырылмаған. Бұл бөлімде есімнің компонентін бөлек қарастырып, оны «бей» деп транскрипциялаған. Мағынасын «правитель, амир, бей» деп түсіндіреді де: «каз. Би. См. Бейбарыс, Есенбей» деп қазақ тіліндегі мағынасын «би» деп көрсеткен. Енді қолжазбадағы есімнің араб тіліндегі («әмиру фәһд) мағынасына талдау жасайық. Араб тіліндегі «әмир» сөзінің мағынасы – барыс. Әмір, басшы мағынасындағы «әмир» сөзі араб тілінде бірінші басшыларға айтылған. Мысалы, «әмиру – лму минин» – мұсылман халифтарының, ислам елдері патшаларының титулы, яғни «мұсылман еліндегі бірінші басшы» дегенді білдіреді; «әмиру – л- бәхр» – адмирал. Яғни теңіз флоты саласындағы бірінші басшы; «әмиру әләй» – полковник, яғни полктің бірінші басшысы, т.б.Араб тілінде «әмир» сөзінің «әмір. басшы» деген мағынасына қоса «бірінші, ең үлкен, ең мықты, бас, нағыз» деген мағынасы да бар. Осы тұсты біраз таңқатыңқырап айтар болсақ, араб тіліндегі «әмиру-ш-шу әра» тіркесі – бұл ерекше дарындылығын бүкіл араб әлемі мойындаған мысырлық ақын Ахмад Шауқиға берілген титулды білдіреді. Ұлы ақынға берілген «әмиру – ш- шу әра» мағынасы «ақындардыңақыны, нағызақын, ең мықты ақын, бірінші ақын, бас ақын» ұғымына саяды. Біріккен Араб Әмірліктерінде (Әбу Даби) 2007 жылдан бері бүкіл араб әлемі бойынша жылдың жүйрік ақынын анықтау мақсатында жыл сайын дәстүрлі байқау өтіп келеді. Аталған байқауда ақындар арасында жүйрік шығып, бірінші орын алған ақынға жылдың «бас ақыны» атағы беріліп, арнайы жүлделермен марапатталады. Байбарс, Байбарыс есімінің мағынасы «барыстың барысы, нағыз барыс, алып барыс, ең мықты барыс, бірінші барыс» дегенді білдіреді. Енді ана тіліміздегі «бай» және «бәй» сөздерімен байланысты ұғымдарды, тілдік қолданыстарды, түрлі нұсқалардағы сөздерді салыстырмалы түрде зерделеп көрсек. Қазақ тілінде «бай, бәй» сөздері «ең бірінші, алғашқы, ең үлкен, ең биік, алып» деген мағыналарды беретінін байқаймыз. Мысалы, «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» «Бәйбіше» сөзінің бірінші мағынасына «байырғы қазақ қоғамында көп әйел алған ер адамның жұбайылық мәртебесі жоғары бірінші әйелі» деп, екінші мағынасына «жасы үлкен егде тартқан, жұрт сыйлайтын қадірлі, беделді әйел» деген түсініктеме берілген. «Бәйге» сөзінің бірінші мағынасы «Қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан ат жарыстыратын дәстүрлі ұлттық спорт ойындарының бір түрі, ат шабысы»,екінші мағынасына «еңбекте, өнерде, спортта жеңіскерлерді іріктейтін жарыс, сайыс»және бір мағынасына «жарыста озып шыққандарға берілетін жүлде, сыйлық»деп атап көрсетілген. Мұнда «бәйге» сөзінің түпкі мағынасы бірінші келу және бірінші келгенге берілетін сый екені байқалады. Өйткені бәйгеге түскендер озып, бірінші болуды, бірінші келуді мақсат ететіні белгілі. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «байтерек» сөзін «терек туысына тән ең биік ағаш » деп түсіндіріледі.Қазақ аңызында самұрық құстың бәйтерекке жұмыртқа салатыны белгілі. Сөздікте самұрық құсты «Ертегі, аңыздарда кездесетін ғажайып алып құс» деп түсіндірген. Алып құс алып терекке, яғни бәйтерекке ғана ұя салатыны қисынды. «Байтөбет» – «сырттан,төбет ит» деген мағынаны білдіреді. Тегі жақсы, қырағы, алғыр итті немесе қасқырды сырттан десе, үлкен арлан итті және үлкен қора күзететін итті төбет дейді. Ал төбеттің ірісін байтөбетдеп атайды. «Бәйшешек» қар кетісімен шығатын, қызғалдақ құртқашаштар тұқымдасына жататын тамыр түйнекті көктем гүлі екенін ескерсек, мұндада алғашқы деген ұғымды білдіретін мән бар. «Бәйшөңгел» сөзіне – «Он екі түлеген кексе бүркіт» деген анықтама берілген. Бәйшөңгел жасы келген, үлкен бүркіт. Бұлардың қатарына «бәй» сөзімен басталатын бәйжігіт, бәйсеңгір, бәйсерке, бәйбесік, т.б. біріккен сөздерді қоса беруге болады. Келтірілген біріккен сөздердің соңғы компонентіндегі дауысты дыбыстар жіңішке дауыстылар болғандықтан, қазақ тілінің үндестік заңына сәйкес бірінші компоненті де жіңішке «бәй» нұсқасымен айтылған. Жоғарыдағы сөздердің кейбірінде бірінші компонент «бай» балып жуан айтылған кездері де бар. Мысалы, «байтерек», «байтөбет» және т.б. Алайда олар көп емес. Ал енді «бай» сөзімен байланысты «байсамырсын» – «үлкен самырсын ағаш» делінеді. Бұған байғасқа, байқадам, байғазы, байғара, байқоңыр, т.б. сөздерді тізбектеп қоса беруге де болады. Аталған мысалдардағы біріккен сөздердің соңғы компоненттері жуан дауыстылар болғандықтан, үндестік заңы бойынша, бірінші компоненті де жуан «бай» нұсқасымен айтылған. Осы сөздердегі «бай» сөзінің орнына жіңішке «бәй» сөзі қолданылғаны кездеспейді. Демек, «барыс» сөзінің құрамындағы дауысты дыбыстар жуан болғандықтан, үндестік заңы бойынша, жуан әуезді «бай» сөзі қосылып, [байбарыс] болып айтылып, «Байбарыс»болып жазылады.Қазақ тіліндегі бай сөзінің «дәстүрлі қазақ қоғамындағы дәулетті әлеуметтік жік өкілі», «дәулеті тасыған, әл- ауқатты, табысты» деген мағыналары да бар. Алайда мұндай мағыналы сөздердің жіңішке «бәй» нұсқасы жоқ және кісі есімдерінің соңынан жалғанады, яғни бірінші компоненті жуае дауыстылардан тұрса да, жіңішке дауыстылардан тұрса да үндестік заңына бағынбай «бай» күйінде жалғанады. Мысалы, Құнанбай, Кеңгірбай (Кенгірбәй емес), т.б. Олай болса сөз басында келетін «бай, бәй» сөздері «ең бірінші, алғашқы, ең үлкен, алып» деген мағыналарда, сөз соңынан жалғанатын «бай» сөзі «дәулетті, әл – ауқатты» мағынасында қолданылатынын аңғарамыз.Енді ғылыми айналымда және халық арасында кеңінен таралып кеткен «Бейбарыс» нұсқасының пайда болу себебіне тоқталайық.Араб сөйлеу тілінде көрші тұрған дыбыстардың жуан не жіңішкелігі біріне – бірі ықпал ету жағдайлары жиі кездеседі. Мәселен, жіңішке дауыссыз «с» дыбысы жуан дапуыссыз дыбыстардан бурын келсе жуан «с» дыбысына айналады. Ал [суқту] сөзіндегі жіңішке [с] дыбысы жуан дауыссыз [қ] дыбысының әсерінен [суқту] болып, жуан [сәхит] сөзіндегі жіңішке [с] дыбысы жуан дауыссыз «х» дыбысының әсерінен «сахит» болып жуан дыбысталады. Жоғарыда айтылған «р» дыбысына тән ереже бойынша сөзіндегі сукунді [р] дыбысы фатхалы дыбыстан кейін тұрғандықтан жуан дыбысталады. Осы жуан «р» дыбысының әсерінен «б» дыбысы да (үстіндегі фатха харакатымен қоса)жуан талып, сөзі сөйлеу тілінде [бәрс] емес [барс] болып айтылады. Ал сөзіндегі[б] дыбысы, өзінен кейінгі [й] дыбысы жіңішке дауыссыз дыбыс болғандықтан, (үстіндегі фатха харакатымен қоса) [бәй] болып жіңішке дыбысталады. Демек, сөзі араб сөйлеу тілінде [бәйбарыс] болып дыбысталады. Ал сұлтан билік жүргізген Мысыр мен Шам елдері диалектісінде жіңішке фатха [ә] харакаты [е] деп дыбысталады. Оған көптеп мысыал келтіруге болады. Мысалы, Ливанның асианасы қаласы араб әдеби тілінде [бәйрут], жергілікті халық тілінде [бейрут] болып дыбысталады. Өзге тілдерде де халық тіліндегі дыбысталуы бойынша «Бейрут» атымен таралған. Үй мағынасындағы сөзі араб әдеби тілінде [бәйт], Мысыр, Шам диалектілерінде [бейт] болып дыбысталады. Есімі де осы қағида негізінде Мысыр, Шам диалектілерінде [бейбарыс] болып дыбысталады. Демек, Сұлтан есімінің «Бейбарыс» нұсқасы Сұлтанның өзі билік жүргізген Мысыр, Шам елдеріндегі жергілікті араб халқының диалектісі негізінде пайда болған және өз тілдерге осы дыбысталуы бойынша тараған деп толық айта аламыз. Ал «Бейбарыс» нұсқасындағы «бей» компонентін парсы тілінен енген теріске шығару мәніндегі қосымша ретінде қарастыратындарға еш негіз жоқ. Олай десек «Бейбарыс» есімі «барыс емес» деген мағына береді. Жауын сескендірген барыс тұлғалы батыр бабамыздың есімі барыс тұлғалылығын теріске шығаратын мән беру дұрыс болмас. Мақаланы аяқтай келе тұжырымдар болсақ, Сұлтанның азан шақырып қойған аты – Байбарыс. Мағынасы – «барыстың барысы, нағыз барыс, алып барыс, ең мықты барыс». Ғылыми айналымда кең тараған «Бейбарыс» нұсқасы Сұлтанның өзі билік үргізген Мысыр, Шам елдеріндегі жергілікті араб халқының диалектісі негізінде пайда болған. Ал «Бибарыс» нұсқасы араб тіліндегі ғылыми, әдеби еңбектерде харакаты дұрыс қойылмауы салдарынан айналымға енген қате нұсқасынан ауысқан түрі. Олай болса, «Бибарыс» нұсқасын мүлдем қолданыстаншығаруымыз тиіс. Әйгілі бабамызды өзге халықтың (яғни Мысыр, Шам елдеріндегі жергілікті араб халқының) дыбыстауымен «Бейбарыс» демей, дүние есігін ашқан кезде әке – шешесі «жауын сескендіретіннағыз барыс болсын, алып барыс болсын, барыстың барысы болсын» деп ырымдап қойған қыпшақ (қазіргі қазақ) тіліндегі өз атымен «Байбарыс» деп атағанымыз жөн. Болашақта латынға көшіп, кирилл әліпбиінде жазылған еңбектерді латын әрпіне қайта көшіру жұмыстары кезінде, Сұлтан есімін латын әліпбиімен осы дыбысталуы бойынша жазып, бастапқы қалпына келтіруіміз керек.
Қалдыбай Қыдырбаев,
Әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық
Университеті,Шығыстану факультетінің
доценті, PhDдокторы
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.