Мен қалай ҚазҰУ-лық болдым?!

Журналист  күнделігінен…

 

                              Мен  қалай  ҚазҰУ-лық  болдым?!

     Жасөспірім үшін мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсу – өмір жолындағы алғашқы үлкен тәуекелге баратын кез. «ҰБТ сынынан қажетті балды жинап, қалаған мамандығым бойынша оқуға түсе алар ма екем..?» деген уайымың тағы бар. Алайда, мұның барлығы студент атанып, жаңа өмірге қадам басудың алдындағы ең алғашқы жауапты қадамдардың бірі ғана. Бастысы арман және оған жетелейтін мақсат пен жоспар болса болғаны. Үшеуі бірлесіп, сені қалайда дегеніңе жеткізеді.tb_v7faxcfm

    Бастауыш сыныптан журналист боламын деп армандайтынмын. Шүкір. Қазір журналистиканың ауылында жүрмін. Бірақ арманымнан алыстатқан сәттер де болды… Жазмыш шығар. Ал, қалай ҚазҰУ студенті атанғаныма келер болсақ, бірден айтайын, мен Алматыға талапкер болып, жазда шабадан арқалап, арман қуып барған жандардың санатында емеспін. Оны түсіндіру үшін басынан бастағаным дұрыс.

Оқуға  апам ертіп келді. Шыны керек, Таразда оқимын деп ойламаппын. Қаламағандықтан емес. Жоғарыда айтып өттім ғой, «Журналистика» мамандығына түспеуім де мүмкін еді деп. 11-сыныпта аяқ астынан  ағылшын тілін таңдадым да «Екі шет тілі» мамандығына тапсырмақ болдым. Ойлап қарасам, Тәңірдің қалауынсыз тектен-текке ештеңе бола салмайды екен.  «Менің қызым ТарМУ-де оқиды. Майра да сонда оқысын. Екеуі бірге жүріп, бір-біріне серік болады қайта…» деп айтқан көрші ақылымен апам екеуміз сол ТарМУ-дың технологиялық корпусына бардық. Қабылдау жүріп жатыр. Отырған кеңесшілерден университет туралы егжей-тегжейлі сұрап біліп алдық. Сөйтіп осы оқу орнына түсетін болдым. Құжаттарымды қабылдаған апайды ешқашан ұмытпаймын. Себебі, ол кісі маған мамандығым бойынша дұрыс бағыт-бағдар берді.

Оқуға тапсырғалы жатсам да, бір түрлі көңілсіз болдым. Жүрек тұсымда бір нәрсе шымылдап тұрғандай. Білмеймін, бәлкім, журналист болғысы келген бала арманымнан алыстап кетемін бе деген қорқыныштан болар. Абыржып отырғанымды байқаған Үсенова Сандуғаш апай («Педагогика, психология және тарих» кафедрасының аға оқытушысы екен) себебін сұрады. Мен де соны күткендей:«негізі, қалауым журналистика еді, бірақ аудармашыға тапсырмақпын» – деп шынымды айттым. Апай: «Қызым-ау, мамандық таңдау ең  жауапты қадам ғой. Балың жетпей тұрса бір сәрі. Қаламасаң нең бар тапсырып?» – деді таңырқай қарап. Сандуғаш апайдың сөзіне ырзалығын білдіріп, қасымда апам да отыр. Содан не керек, шығармашылық емтиханымды тапсырып, оқуға да түстім! Жақсы адамдардың шапағатымен студент атанып, ақыры өз ортама бардым. Журналистикаға. Барлық саланың «дәмін татып» көре алатын мамандыққа. Журналист – өз творчествосы  арқылы  қоғамға,  адамға  қызмет  етеді, билік пен халықты байланыстырушы дәнекер болады. Қандай  оқиғаны  болсын  тапқырлықпен,  сенімді  түрде,  көз  жеткізіп  жазу  дұрыс  емес, міндет.  Сондықтан ол – уақыт, заман  ағымын  жақсы  түсінуі  тиіс.

Менің ТарМУ-не келуім де, оған себепкер болған көршінің кеңесі де, көңіл-күйімді аңғара қойған психолог – Сандуғаш апайдың сөзі де – бәрі жазмыш. Қателік жасап, мүлдем өзге саланың тізгінін ұстатпаған – тағдыр. Мен оған сенемін…

Осылайша, бірер жыл бұрын ғана алып оқу ордасының табалдырығын имене аттаған біздер әне-міне дегенше, студенттік өмірдің соңғы жылына келіп жетіппіз. Зулап өткен осы уақыт аралығында ТарМУ – әр қайсымызды жауапкершілік пен қиындықтарға толы өмірге бейім адам етіп қалыптастырды. Әр қадамды нық басуды, байыпты болуды үйретті. Сондықтан, таңдауыма ешбір өкінбеймін. Дулати бабаның атын иеленген оқу ордасындағы  Мекемтас Мырзахметұлы секілді ғалым негізін салған «Журналистика» мамандығының  студенті болғанымды мақтан тұтамын  және ол маған үлкен жауапкершілік артады.  Мен мұны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқып жүргенде  жақсы түсіндім.

ҚазҰУ еліміздегі жетекші жоғары оқу орны болғандықтан онда республикалық және халықаралық байқаулар жиі өткізіледі. Қазір өзім де сондай байқаулардың бірі «Мен жастарға сенемін!» атты ІІІ республикалық патриоттық жастар фестивалі  грантының негізінде оқып жүрмін. Реті келіп тұрғанда байқаудың өзі туралы да айтып өткенім жөн болар. Ауқымды шара ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Жазушылар Одағы, «Жас Отан» жастар қанаты және Алматы қаласы әкімдігі қолдауларымен ұйымдастырылды. Фестивальге республикамыздың түкпір-түкпірінен талантты патриот жастар, инновациялық жобалар мен шығармашылық туындылардың авторлары жиналады. Биыл ұйымдастыру комитетіне еліміздің 60-тан аса жоғары оқу орнынан барлығы 636 жұмыс келіп түскен екен   (ал, байқауда бар жоғы төрт-ақ грант). Олардың ішінде ерекше авторлық жобалар мен шығармалар, сондай-ақ ұжымдық еңбектер де бар. Іріктеу кезеңінде 200 үздік жоба анықталып, авторлары фестивальдің гала-форумына шақырту алды.  Сондай шақыртумен  ТарМУ-дың жеті студенті бардық. Әр өңірден студент жастар бас қосып, таныстық. Басты олжа осы емес пе?! Сол 200-дің 75-і эссе байқауының жұмыстары. Мен соның ішіндегі үздік 10-қа кіріппін. «Азаматтық рух» номинациясын алдым. Пленарлық отырыс, яғни шығармаларды қорғау  кезінде  Мағжан  ақынның:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күшті қанатты.

Мен жастарға сенемін!

-деген сөздерін айналдырып келіп қайталай берген, Джон Кеннедидің: «Ел мен үшін не істей алады деп сұрамаңыз, ел үшін өзім не істей аламын деп сұраңыз», – деген сөздерін «цитировать» етуден шаршамаған үзеңгілестеріме қарап мен де жазғанымды қорғадым. Ол шамамен былай болды: «Достар, керемет сөздер, жақсы жоспарлар. Бірақ «айқайлап» айтып, өршіл рухымызды көрсетіп жазғанымыз құрғақ сөз, құр аттанға құрылмай нақты қадамдарға ғана барғанымыз маңызды. Біз өз игілігімізге еңбек етейік, сонда (барлығымызға ортақ «Мен елімнің гүлденуі үшін не  істей аламын» тақырыбындағыдай) мемлекеттің де игілігі артады.» -деп эссемнің мазмұнымен ғана таныстырып, регламинттегі 3 минутты да пайдаланбаппын, шыны керек…

Айтқымыз келетін дүние көп, түсінем. Бәріміз ұлы істер атқаратын жастамыз дегендей. Ы.Алтынсарин 20 жасында бала оқытып, шәкірт тәрбиеледі. М.Дулатұлы 20 жасында саяси бұқаралық жұмыстарға араласты. Тіпті патша өкіметіне қазақ халқының атынан петиция жазуға дейін қатысты. Ал, М.Әуезов 20 жасында «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны сахнаға шығарды. Осындай адамдардың ұрпағы болған соң, рас, «амбиция» деген дүние біздерде де барына бар-ау. Жетіп артылады да. Бірақ, бәрібір, осы жерге бір данышпанның: «Им бы того, что мы сейчас имеем, а нам  бы их энтузиазма. Не ориентированного на получение прямой выгоды» деген сөзін қосқым келеді де тұрады… Тым көсіле сөйлеп, тақырыпты ұмытып кетті демеңіз. Бұл бар болғаны «ойды ой түртеді»-нің көрінісі деп түсініңіз. Фестиваль кезіндегі көңіл-күй, ойлар ғой… Қош, не керек, қазір  осы байқаудың бас жүлдесі – ҚазҰУ-де бір жыл тегін оқу грантымен білім алып жүрмін.

«Мен» деп бірінші жақта айта беру үлкен жөнсіздік. Сондықтан, осы ретте бір кісі туралы айтып өту парыз.  Байқау туралы естіген соң,оның шарттарымен таныстым. Эссе кемінде 7-8 бет болуы тиіс…Ымм… аз емес… Одан кейін ҚазҰУ-де бір жыл тегін оқу грантын ұтып алу мүмкіндігі беріліп тұрғанда, бағын сынап, байқауға қатысуға ниет білдірушілердің көп болатыны да белгілі. Осыларды ойлап әдепкіде біраз жүрексінгенімді жасырмаймын. Қолымнан келеме деген күмәнмен қатысқан байқауымнан жеңіспен оралсам, ол – көз майын тауысып ойымның тұтас болып, сөзімнің қайталанбауына дейін қадағалаған жетекшім – Темірбай Әлиұлының арқасы. Әлі есімде,  алғашында осы байқауға деп жазған эссем, бір төрт беттей ғана болды. Әрі қарай «не жазам?» деп ойланып жүргенімде ол кісінің  айтқан оралымды ой-толғамдары, «…мына сұраққа қалай жауап берер едің?» деген сынды сұрағыма сұрақпен  жауап беріп отыруы, қиялыма қанат бітіргендей болды. Мамандығымның қыр-сырын, бар болмысын түсінуге көмектесті. (Төрт-ақ беттік эссем 6, одан 7, ағайыма соңғы тексеруге апарғанда 13 бет болып, «не жазамыным» былай тұрсын, көлемін қысқартуға тура келді ғой) Шәкірттерінің таным-түсінігінің тереңдеуіне ықпал етіп, шынайы білім,біліктілік дағдыларының артуы үшін бар ықыласын танытып жүрген, Абай әлемін шолушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мұқашев Темірбай Әлиұлы адамгершіліктің ең жоғары үлгісін көрсетіп келеді.

Қуанатыным, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті бола жүріп, «ҚазҰУ-лық» атандым. Сондықтан,  Ұстазым барлық жетістіктерімнен құлағдар болып, қуанып жатыр-ау  деп те тоқмейілсіп қоятыным бар.

Рас, Алматы өзіне табаны тиген әрбір адамды өзінікі қылып алатын, үлкен мүмкіндіктердің қаласы. Әйгілі қара шаңырақ ҚазҰУ-нің студенті атанғаныма да дән ризамын. Алайда, жарқын болашағыма даңғыл жол салып берген ТарМУ мен үшін ыстық ұя болып қала береді.

Менікі қос университет арасындағы әріптестік негізіндегі байланысты пайдаланып тәжірибе алмасу, білімді  жетілдіру мақсатындағы уақытша оқу орнын ауыстыру ғана. Әйтпесе, университетімізден шетелге оқуға барып кеп жатқан студенттер қаншама. Ол дарынды жастарға шетелде оқуға республикалық бюджеттен жағдай жасалып отырғандығының арқасы («Болашақ»бағдарламасынан бөлек). Қысқа қайырғанда, қазіргі заманда білім аламын, алға ұмтыламын деушілерге мүмкіндік өте көп. Тек оны дұрыс пайдалана білсең болғаны.

 

                                                                                                           Майра ІЛЕС