ЖҰМАҚ ДЕГЕН НЕ?

110                                                                                             РУХАНИЯТ

 

 

                                 ЖҰМАҚ ДЕГЕН НЕ?

 

Өзімен өзі ойнап отырған немерем: «Ата, жұмақ деген не?» деп сұрады. Сәбиліктен, тәй-тәй басып, балалыққа  аттап, дүние сырын енді-енді түсініп келе жатқан немеремнің сұрағына қапелімде не деп жауап қатарымды білместен тосылып қалдым. Менің түсінігімде, сәбилер, ана құрсағы – жұмақтан жарық дүниеге келген періштелер. Оларда өткен шақ та, о дүние деген де ұғым болмайды. Сондықтан да, біздер, үлкен адамдар, сәбилерден үлкен үш қасиетті үйреніп, адамдық қалпымызды сақтап қала алады екенбіз. Олар: ешбір себепсіз-ақ, қуанып-шаттануды, өзімізді-өзіміз бақытты етуге талпынуды, өзімізге қашан болмасын қажет бір істі тауып алуды, сонымен әрекет етіп, өмір сүруді, ең соңғысы, өз дегеніміздің болуын талап етуді үйренеді екенбіз.

Шындығына келсек, бұл пәниде, адамдар, жұмақты өздеріне өздері жасайды емес пе? Мәселен, біреу бала-шаға, немере-шөбере, туыс-туғанымен ию-қию өмірді қалап, содан зор бақыт табады.Оған одан басқа жұмақтың керегі жоқ. Екіншілері әйел, бала, ата-анадан безініп, жападан жалғыз өмір кешкенді ұнатады. Тыныштықты қалайды, өзі үшін өмір сүреді. Бұған бүгінгі Батыс пен Шығыс елдері халықтарының менталитеттерін мысал етсек те болады. Әйтеуір, адам баласының алдында таңдау көп. Бірақ, бір белгілі жайт – сол таңдау жан мен тәнді, рухты таза ұстау, халқыңның дәстүрі мен тарихын құрмет тұту ережесіне бағытталған болса адам баласы жетістікке жетері анық қой.

Құдай адамға жасаған істерін сол адамның өз қолымен жасайды екен. Демек, құдай тілеуімді берсін деген кісі соған лайық өмір сүруі керек.

Жақсылық көрсем – өзімнен,

Жамандық көрсем – өзімнен,

Тағдыр қылды дегенді,

Шығарамын сөзімнен, – дейді Сұлтанмахмұт.

Ұлтты құртатын үш нәрсе екен: дәстүрсіздік, еліктегіштік, тұқымның араласуы. Осы үшеуі де қазақта бүгінде ашық есіктіктің кесірінен бүліне бастады десек қателеспейміз. Десек те өзге ұлттардан озық тұратын, артық тұстарымыз да жоқ емес. Қазақ баласы алғыр, зерек, төзімді. Менің әріптес досым, корей жазушы-драмматургі Цой Ен Гын былай дейді: «Жер бетінде біздің кәрістердің екі мемлекеті бар. Халқы жүз миллиондап саналады. Ал қазақтар бар болғаны он миллионның шамасы ғана. Сонда да, ғылымда, білімде, спорттық дүние жүзілік олимпиадаларда қазақ жастарының жарқылдап көріне бастағандарына қарап таңырқаймын.  Тәуелсіздік алғанына небәрі, жиырма жылдың ар жақ бер жағында ғана уақыт  өтсе де қазақтар әлемдік додаларда үлкен жетістіктерді бағындырып жатыр. Бұл қазақ халқының қанында, тегінде батырлықтың, алғырлықтың бар екендігін дәлелдейді». Расында, қонақжайлылығымыз, жаңаны тез қабылдайтынымыз, қандай нәрсені де оңай меңгеріп, жастарымыздың өнер мен білімге, спортқа құштарлығы олардың өркениет көшінен қалып қоймауына мүмкіндік береді.

Бүгін фейсбуктен еліміздің премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың Ресей Федерациясының премьер-министрі Д. Медведьевпен  кездесіп, ресейдегі кунсткамерада жатқан ұлтымыздың әруақты ерлері Кенесары мен Кейкі батырдың бас сүйектерін сұратып, туған топырағына арулап жерлегісі келетінін, оны қайтарып алуға рұқсат бергенін оқып, қатты толқыдым. Әруақты сыйлаған ел – азбайды. «Басыңды жоғалтқаннан қорықпа, бет-бейнеңді жоғалтқаннан қорық» депті, фащизм идеологтарының бірі Геббелс. Әруақты ерлер Кейкі батыр мен Кенесары – қазақтың бет-бейнесі десек артық емес. Олардың бас сүйектерін күлсалғышқа айналдыру – сол замандардағы империалдық пыйғылдың асқан сорақы көрінісі еді. Ендеше, Алла сәтін салсын дейік, бабалар сүйегінің туған топыраққа жетіп, арулап жерленуін – қазақтың да еркіндікке толық қол жеткізуінің айқын көрінісі деп бағалайық.

* * *

Батыс пен Шығыс туралы бір ауыз сөз. Батыстың еркегі бесіктегі баласының жөргегін ауыстырады, шомылдырады, тербетеді, тамағын береді. Түн ұйқысын бөліп жұбатады. Ал Шығыстың еркегі әйелдің, Ананың тірлігіне араласуды  дұрыс  деп санамайды. Қолымызға түскен, атақты биолог, академик Абай Оразұлы Сағитовтың «Выжить и приспособиться. Биологи в поисках истины» деп аталатын кітабынан алынған мына бір   мақаласынан Батыс пен Шығыс өркениетінің қайсысы озық, кімнің кімнен үйренгені абзал, ертеңгі болашақ кімдердің қолында болады деген сауалдарға там-тұмдап болса да жауап тапқандай болдық.

 

Вена клиникасында екі апта жатамын деп, тамаша ем ғана қабылдаған жоқпын, сондай-ақ, европалық менталитет дегенді де терең таныдым. Бірде,  ота жасап болған соң, маған жеке қызмет көрсеткен Роберт есімді медициналық көмекшімен әңгімелестім. Одан: «қанша балаң бар?» деп сұрадым. «Балам жоқ, – деді, елу сегіз жастағы австриялық, – Оның керегі не? Менің жүріп жүрген қызым (герлфренд) мен итім бар». Бір күн немеремді көрмесем тұра алмайтын мен, бұған таң тамаша болдым.

Батыста бұндай жағдайдың орын алуының басты себебі – қатаң өмірдің, бәсекенің салдары.  Мәселен, Роберттің медициналық көмекші болуы үшін бес-алты жыл оқуы керек болады. Ал оның көмекшілік сұранысқа ие және белгілі хирургтің деңгейіне жетуі үшін он бестен жиырма сегіз жылға дейінгі шәкірттік тәжірибеден өтуі шарт болып есептеледі екен. Олармен сөйлесе қалсаң: «Біз тек, өзіміз үшін ғана өмір сүреміз» дегенді еш қиналмастан айтады. Менімен бір палатада түркиялық азамат жатты. Өзі 45-тер, ал чехиялық әйелі 29-дар шамасында. Діні бір ағайын болған соң, неге балалы болғыларың келмейді деп, өзімді мазалаған сұрақты қойған едім. Тағы да үйреншікті жауапты естідім. «Оның керегі не?! Біздің өміріміз онсыз да күрделі. Онда балаға деген орын жоқ. Пәтерге ақы төлеу, қоғамнан өзімізге лайық орынымызды табу, сосын, тіпті, қартайғанда қарттар үйінде тұру үшін жетерліктей ақша жинау да керек қой!..»

Міне, ғажап! Олар қартайғанда қарттар үйіне баратынын да осы бастан ойлап қойған. Ал әзірше, жастық күш-жігеріміз барда өмірдің рахатын сезінуіміз керек дейді. Не деген, сорақылық! Біздер, биологтар, адамдар туа салысымен олардың денсаулығын сақтау үшін күн демей еңбектеніп, түрлі зиянкестерден қорғаудың биологиялық тәсілдерін енгізіп, солар үшін күресеміз. Ал олар болса табиғаттың заңына қарсы шығып, ұрпақ туралы ойламай, оның жөргегін ауыстыруды ауырсынып, бала туумен әуре болғысы келмейді. Аустрия клиникасында жатқанда мен, өздері өте бай, бірақ, ешкім де артынан іздеп келмейтін, жалғызілікті қарттарды көп көрдім. Аянышты тағдыр! Оларға қарым-қатынас пен жан жылуы жетіспегендіктен, өздеріне-өздері құрған осындай әлемді  таңдап алған. Ол жерде балаға, ата-анаға деген жүрек сезіміне орын жоқ. Шынымды айтсам, бұл жерде оларға не жетіспейді деген сұрақ маған маза бермейді. Бәлкім, ізгілік, мейірім шығар. Байлық, ішіп-жем дейсің бе, бәрі аста-төк, жеткілікті. Айнала тап-таза, көздің жауын алады, не қажеттің бәрі жетіп-артылады. Бірақ, олардың барлығы бірдей, неге, жеке психологтарға тәуелді? Неге, жақын адамдардың мейіріміне бөленіп, оларға сыр ашудан қашқақтайды? Жан шуағына бөлер жылылықтан  немесе адамгершілік қарым-қатынастан гөрі экстрим жағдайларды көбірек іздейтіндері несі?! Олар көбінесе, туристік бизнесі әлсіз дамыған, әлемдегі экономикасы жаңа дами бастаған елдерге саяхат жасағылары келеді.

Біздер, ешқашанда, айрықша уайымға беріліп, депрессияға кетпейміз ғой. Біз, көбіне, балаларымызды өсіреміз, білім әпереміз, немерелерімізді жеткіземіз деп жүрумен өмірімізді өткереміз.  Шынымды айтсам, шетелдерде

іссапарлармен жүргенде менің миымның бір бұрышында үйдегілердің әрқайсысына, әсіресе, немерелеріме қандай сыйлық алсам екен деген ой маза бермейді.

Батыс елдерінде он алты жастан асқан әрбір жасөспірім өз жолымен өмір сүреді екен. Ол наркоман ба, ішкіш пе,  аш па, тоқ па, оның өз шаруасы. Әке-шешесінің онда шаруасы жоқ. Біздің ата-аналар балалары ер жетсе де олардың әр басқан қадамына алаңдайды. Мысалы, менің немерем Англиядан ара-тұра телефон соғып, менің денсаулығымды сұрамаса, мен де байыз таппай қобалжимын, өзімді қоярға жер таппаймын. Үлкен отбасымызда достарымызбен, шеттен келген қонақтарымызбен тығыз араласып, қарым-қатынаста өмір сүреміз.

Менің неміс, аустриялық, чехиялық достарым біздің елге келген сайын халқымыздың қонақжайлылығына таң қалады. Өз елдеріне барған соң да Қазақстанды сағынғандарын айтады. Қазақ халқының кең пейілі оларды магнитше тартады.

Құдиярбек АҒЫБАЕВ