Шындықтың шырақшысы Шер-аға

Шерхан Мұртаза алып талант, екінің бірінде кездесе бермейтін кемел ойдың иесі. Оның әрбір еңбегі талайды тамсандырған соны туынды. Ол әдебиеттегі кіші жанр саналатын әңгіме жазудың теңдессіз шебері, қоғамда шындықтың шырақшысы болған ерекше тұлға. Қазақтың өткен тарихына барлау жасап, тарихтың әділетсіз тұстарына жаны ауырған Шер-аға өзінің қарымды қаламгерлік ғұмырында «Қызыл жебе атты» атақты шығармасын дүниеге әкелді. Тұрар Рысқұловтың жарқын бейнесі мен асқақ рухын қазақ халқымен қайта қауыштырды.
Мұхтар Әуезов «Абай жолы » роман-эпопеясы арқылы қазақтың ұлы ұстазы, данышпан Абайды, онымен қоса халқымыздың ғасырлық тарихын әлемге танытса, Шерхан Мұртаза Тұрар Рысқұловтың әдебиеттендірілген бейнесі арқылы қазақ халқының өткен тарихындағы ең күрделі, ең ауыр кезеңді шебер суреттей білді. Алайда, Рысқұл менен Тұрардың бейнесін әдебиетке алғаш әкелген Мұхтар Әуезов болатын. Ал Шерхан Мұртаза болса асқан майталмандығын танытып, бастаған бастаманы аяғына дейін жеткізе отырып, тарихи жағынан да маңызы зор үлкен іс атқарды.
Халқына пана болған, орыс шовинизміне, отаршылдыққа қарсы күрескен қайраткерлердің бірі және бірегейі – Тұрар Рысқұлов екендігін «Тамұқты» оқу барысында түсіндім. Төгіп сөйлейтін қызыл сөз шеберлерінің «Ол қайталанбас құбылыс» дегенін ұқтым.
Шығармада Тұрар Рысқұловқа нақақтан жала жабылатын деталь бар. Бұл әйгілі «Халық жауы» дейтін атынан ат үркетін жала. Сондағы әділетсіз қоғамның бет-бейнесі, халық үшін туған азаматтың жан күйзелісі, барлығы да шығармада көрініс тапқан. Көркем тілмен көмкерілген. Мұндай сорақы саясат сол кездегі ұлттық тұлғаларымыздың ешқайсысының басынан айналып өтпеген. Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллиндей ұлт арыстары нақақтан жазаға кесіліп, арманда кете барды.
Бұл дүние Кеңес үкіметі кезінде жазылғанымен, автордың сол кездегі қызыл идеологияға көп бейімделе қоймағаны байқалады. Шерхан Мұртазаның керек кезінде қаймықпай ақиқатты айта алатындығын қазақ жақсы біледі. Сондықтан да азуын айға білеген жазушы тайсалмай Тұрар туралы қара сөзбен толғамын бастап кеткен. Ақыры шығарма қазақ әдебиетінің шоқтықты шығармаларының біріне айналды. Тұрартанудың жаңа бастауы іспетті болып ұлт әдебиетінің тарихында қалды.
Мұнымен қоса Тұрардай тектінің басынан өткерген тағдырын оқи отырып, сол оқиғалар желісімен басқа бір әлемге, мүмкін өткен ғасырға жылжып бара жатқандай күй кештім. Шіркін-ай, біз сүріп жатқан өмір неткен тамаша, дүниеміз біздің кең екен ғой дейсің! Бірақ, осы күнге қол жеткізу үшін Тұрар секілді бабаларымыз қандай азаптарға түсті десеңізші! Бір ой еріксіз санаңды билеп алады екен. Бәлкім, бұл нағыз тамұқ пен жұмақтың қандай боларын түйсініп, осы өмірге шүкіршілік еткенім, яки бейбіт тіршілігіміздің құнын ұға түскенім болар. Шерхан ата ұрпақтарына шынайы бақыт дегенің осы бейбіт ғұмыр екендігін, алайда оның құнының ештеңемен өлшенбейтінін, сол үшін біртуар қайраткерлеріміздің күресіп, туған халық жолында жан пида еткендерін түсіндіргісі келген болар. Және ол мақсаты орындалды.
Шерхан Мұртаза шығармасын «Азаптардан жұлдызға жол…» деген неміс ұлтының сөзімен бастап әрі сол жұлдызға жол тартқан кісіге Тұрар Рысқұловты теңесе, мен осындай терең мазмұнды, кереметтей туындыны өмірге әкелген авторға ,яғни Шерхан Мұртазаға «Дүниеге келер бір-ақ рет, дария кеуде, тау мүсін» дегенді қайталап айтқан болар едім…

Майра ІЛЕС