«Мен мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты студенттік эссе

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
М.Х.ДУЛАТИ АТЫНДАҒЫ ТАРАЗ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ

Кафедра: Филология және журналистика

«Мен мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты студенттік эссе байқауына

Тақырыбы: Асқақ арман
Мамандығы: Журналистика
Студент: Ілес Майра Жарқынбекқызы
Байланыс тел: 8 707 945 30 75; e-mail: mayra.iles@mail.ru

Тараз 2015
Мазмұны
«Мен мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» деген тақырыпты алдыма қойып көп ойландым. Өйткені сұрақ өте ауқымды. Күрделі. Бірақ ақыры жауапкершілікті сезініп ойымды білдірдім.
Қолыма қалам алған сәтте, «тақырып бірдей болғандықтан мазмұны өзіммен замандас буынның жазғанымен ұқсас болатын шығар» деген қобалжу болды. Олай дейтінім бәріміз: «әуелі терең біліммен қарулануымыз керек» дегеннен бастаймыз. Сол арқылы мақсатымызға қол жеткізуді көздейміз. Иә, байқауға ниет білдірген көп жастың жұмысы алдымен осы қалыпты түсінік бойынша жазылады. Алайда ол барлығының айтары бір, тың дүние кездеспейді деген сөз емес. Бірінші қатарға білімді қоятынымыз парасатты, білімі жетік ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі. Мақсаттымыздың бірдей болып көрінуі – Отанымыз ортақ. Сондықтан жүрегі мен тілегі бір, әрдайым алда болуға ұмтылатын ұрпақ бола алсақ нұр үстіне нұр ғана!ммм
Ақыры санамды сенделткен сұрақтардың жауабын тауып, арманым жайлы ойлай бастаған едім, қаламыма қанат біткендей болды. Эссенің арқауы арман болған соң дәл солай «Асқақ арман» деп атадым. Елбасының кестелі сөздері жинақталған «Ақыл – парасат кітабына» үңіліп отырып мына бір айтқанын жаныма жақын тарттым: «Бүгінгі заманда өзінің асқақ арманына тек жаңаша ойлайтын, ерік-жігері мол, өзіне сенімді адамдар ғана қол жеткізе алады.» Шығармамның атауына лайық келіп, өзіме ерекше жігер беретін тіркестер болғандықтан осы сөздерімен бастадым.
Дана бабамыз әл-Фараби «Ғаламда әр адамның өз орны» бар деген екен. Жаратылыстың шындығы да осы. Кеше мен бүгін және ертең жұмыр жер бетінде тіршілік кешетін жанның әрқайсысының өз мәні мен орны, атқарар ісі мен қалдырар ізі болмақ. Өзіміз емес, соңымыздан қалатын дүние мәңгілік. Әр адам сол өзі өмір сүрген ортаға пайдалы қызмет етіп, өзінің әлеуеті деңгейінде қолынан келгенше ел дамуы мен жаңғыруына үлес қосуы керек. Өз тағдырын ел мүддесімен еселеуі тиіс. Ал ол үшін…
Ең алдымен, өмір алаңындағы өзіңнің орныңды дәл таба білуің шарт. Сонда ғана, яғни өз орнында отырған адам қашанда адамзат баласына, туған халқына, отбасына мейлінше пайдалы іс атқара алады.

Асқақ арман
«Бүгінгі заманда өзінің асқақ арманына тек жаңаша ойлайтын, ерік-жігері мол, өзіне сенімді адамдар ғана қол жеткізе алады.»
Нұрсұлтан Назарбаев
Әрбір жан иесінің дүниеге келуі – адам мен табиғат үндестігінің жемісі. Шырылдап өмірге келген сәттен бастап біз мына өмірмен тыныстай бастаймыз. Бабаларымыздың кейбір қасиетін сүйегімізге дейін сіңіре өмірге аяқ басамыз. Ең бастысы әрқайсымыздың тұтастай келбетіміз, ішкі сыртқы мазмұнымыз түбі бәрі бір өзіндік сипатқа ие. Осыған байланысты әр біріміздің атқарар миссиямыз бар.
«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», – деп өлең сөздің қас шебері Абай Құнанбаев атамыз айтып кеткендей, кез келген адам «Өмір» атты дүниенің табалдырығын аттағаннан кейін өз орнын табуға тырысады, яғни өседі, өнеді, «еңбекпен тапқан нан тәтті болады» қағидасын берік ұстанып, қалаған мамандықтарының қызығын көруге ұмтылады. Түбінде осындай бір текті жүйеліліктің арқасында әр біріміз белсенді азамат, Отанымыздың патриоты болу жолына түсіп, республикамыздың дамуына үлес қосу үшін мүмкіндік аламыз. Олай дейтінім, адам баласының жүрегінде әуелгі орынды ақ сүт берген анасы иеленсе, екінші, Отанға деген жалынды, ыстық сезім алады екен. Қазіргі кездің кейбір қателерін ескеріп, әркім өз өміріндегі дара жолын салады, өз өмірін өзі қалайды. Бұл ретте «Елім үшін не істей аламын» деген заңды сұрақа: «көңілің қалаған кәсіптің маманы болу арқылы халықыңа пайда әкелесің. Ал ол арқылы сен ел дамуына үлес қосасың!»-деп жауап қатуға болатын тәрізді. Бірақ бұл мақсатқа жету жолында құр сөзге қарағанда нақты қадамдарға бару маңызды. Елін сүйетін әр перзент мемлекетінің гүлденуі үшін үлес қосуы керек. Алайда өз үлесін қосуда міндетті түрде ұлы істер атқару шарт емес. Әркім өз мүмкіндігіне қарай қызмет атқарса жеткілікті.
Мысалы, мен студентпін. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Журналист» мамандығы бойынша білім алып жүрмін. Менің мемлекетті гүлдендіруге қосар үлесім қандай болмақ? Менің қосар үлесім, оқуымды жақсы оқу, болашақ мамандығымның қыр-сырына теориялық тұрғыдан қанығып, қоғамдық жұмыстарға араласа жүріп шыңдалу. Шыңдалу дегеннен шығады. Кез келген мамандық өзінше терең ізденісті талап етеді. Ізденген адам дамиды. Өзіміздің дамуымыз арқылы өзгенің де білімін жетілдіруге жол саламыз. Осы тұста менің мамандығымның рөлі аңғарылады. Неге десеңіз, журналист басқаға ұқсамайтын, өзгелерден айырмашылығы бар мамандық. Сондықтан бұл мамандықтың тізгінін ұстау екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс деп білеміз.
Өмірде барлығы арманнан басталады. Арман деген көкжиек іспеттес. Оның да шегі жоқ. Мамандығыма деген қызығушылық бала кезде пайда болды. Дәлірек айтқанда, төртінші сынып қабарғасында жүргенде-ақ «Журналист болсам…» деген бала арманы сана түкпірінен орын алды. Арманымды жоғалтпадым. Ақыры журналистиканың ауылына аяқ бастым. Осы мамандықтың студенті атандым. Студент болып түйгенім: мектепте алған алғашқы білім негіз болып қаланып, студент болғанда нақты мамандықтың қыр-сырын ойлай бастайды екенбіз. Қазіргі кезде журналистиканың бағыттары ұлғайып жатыр. Жаһандану кезеңінде журналистика жайындағы дәстүрлі ұғымның қамтитын аясы ұлғайып, мазмұны кеңейді. Сәкесінше қойылар талап та биік. Оның себебін түсіндірмес бұрын жаңа болып көрінетін «жаһандану» ұғымына тоқталсақ: Жаһандану. Орыс тілінде «глобализация» деп айтылады. Бүкіл әлемдік деңгейде көрініс тауып, ұдайы адамзатпен бірге келе жатқан үрдіс. Кейде айтылуы жаңаша болып көрінгенімен, оның түп тамыры ежелгі тарих қойнауында жатыр. Жаһандану біздің елде де басталып кетті. Еуропаша киінеміз,батыстың әндерін тыңдаймыз, киноларын көреміз. Бірақ осы тұста біз нені алуымыз нені алмауымыз керек. Екі бөлек дүниенің ара-жігін түсінгеніміз ләзім. ХХІ ғасырда қазақ жастары да озық технологиялардың барлық қыр-сырын білуі тиіс. Мұнымен біз бәсекеге қабілетті, іргесі мықты ел боламыз. Ал ұлтымыздың болмысына жат, санамызды улайтын дүниесінен мейлінше алшақ болғанымыз жөн. Осылайша біз құндылықтарымызды сақтап, қамқорлық көрсетеміз. Сол арқылы келешекке біртұтас ұлт, рухы биік халық ретінде әрі қарай жол тартамыз.
Журналист өз творчествосы арқылы қоғамға, адамға қызмет етеді, билік пен халықты байланыстырушы дәнекер болады. Оған қоса, өмірдегі құбылыстардың мәнін түсіне білу де үлкен қасиет болып саналады. Қандай оқиғаны болсын тапқырлықпен, сенімді түрде, көз жеткізіп жазу дұрыс емес, міндет. Ал бұл үшін оған білім мен қабілет керек. Тағы бір айтарлық жайт, журналист қоғамдық қайраткер бола алса тіпті жақсы. Ол уақыт, заман ағымын жақсы түсінуі тиіс. Идеяға толы материалдар жазып, жұрттың назарын аудара білгені жөн. Қалың көпшіліктің назарын аудару деген оның санасына әсер ету, халық арасында белгілі бір пікір қалдыру, қоғамдық оймен санасу. Демек, журналистің қолында белгілі бір ұғымда билік бар деген сөз. Сондықтан француз жазушысы Оноре де Бальзактың баспасөзді «төртінші билік» деп атағанынан асып, билікке ұмтылған Наполеоның: “Жауға қарсы жүздеген мың қол әскерден, төрт газеттің ойсырата соққы беру мүмкіндігі зор” дегені сынды бағалардан артық бір нәрсе айту қажет емес. Журналистерді билік пен бұқараны байланыстырушы алтын көпір дедік. Ендеше мен «басшылардың көмекшісі» бола жүріп, ел ішіндегі күрмеуі қиын мәселелердің шешім табуына көмектесемін. Бүгіндегі журналистика Кеңес Одағындағы биліктің әрекетін бақы¬лау¬шы институттың фунциясын атқаратын болғандықтан билікке ұнаса да, ұнамаса да бұқараның мәселесін көтере беруім керек және көтерген мәселені түбіне жет¬кізу, нәтижесін шығару – журналистің һәм менің мін¬детім.
Тізбектей келе айтқым келетіні, нағыз маман атану жолындағы алған білімімді кәдеге жарату, өз бетінше үздіксіз білім алу дағ¬дыларын меңгеру, бәсекеге қабілетті болу, өз мамандығыма деген адалдық – бәрі-бәрі патриотизмнің құрамдас бөліктері. Бұл ретте «Патриотизм – Отанға, елге деген махаббат!», «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген Бауы𬬬жан Момышұлының сөздері ойға оралады. Енді Алла қаласа жуырда барлығымыз қолымызға диплом алып, түрлі қызметке орналасамыз. Осылайша әрқайсымыз өз бетімізше өмір сапасының артуына үлес қосамыз. Бұдан түйетініміз: жастар яғни мен менің замандастарым білімді болсақ, мемлекет болашағы жарқын болмақ! Арман еткен мақсатымның биігіне жету – көп істі салмақты оймен саралайтын тұс жиырмаға келген Майраның белгілеген негізгі межесі. Арманның шегі жоқ дедім. Менде бір мақсатым орындалса екіншісі пайда болады. Бір арманыма қол жеткізсем екіншісі төбе көрсетеді.
Көбіміз ауылда туып- өстік. Туған жерімізге қашанда бір бүйрегіміз бұрып тұрса да сол кіндік қанымыз тамған өлкеге жол түспей жатады. Үлкен қалаға арман қуып келген біздер мұның себебін «қазір жасқа да, жасамысқа да уақыт жетпейтін жанталасқан кезең» деп түсіндірген боламыз. Дейтұрғанмен, іштей атамекеннің құдіретін сезініп жүреміз. Өйткені туған жер әрқашан ыстық, дәйім күш беріп демеп тұрар тірек тәрізді. Елдің гүлденуіне үлес қосу әр кімнің өз түп-тамыры, туған жерін көркейтуден басталады деп ойлаймын. Менің өсіп-өнген мекенім кезінде сұлу көркімен көздің жау¬ын алған, заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің тілімен айтқанда, Қаратау тәжі атанған Кентау қаласы. Өмірдеректі тақырыппен ұштастырып отырғанымның себебі бар. Ол – қаланың экологиясына байланысты мәселе.
Қаланың негізін салушы, кен өн¬діретін «Ачполиметалл» комбинатының тоқтауы және жабылуының салдарынан Кентауда экологиялық жағдай өте күрде-леніп кетті. Кезінде аталған комбинаттың өндірістік қалдықтарын сақтау үшін қала¬ның батыс жағында 332 гектар жер учаскесіне Байылдыр өндірістік қалдық жинау қоймасы салынып, көптеген жылдар бойы адам өміріне және қоршаған ортаға өте зиянды шайынды су араласқан қалдықтар жинақталған болатын. Қазіргі кезде, аталған зиянды қалдықтар тозаң ретінде ауаға көтеріліп, батыс жақтан желдің жиі тұруына байланысты «Хвостохранилищеден» қара түсті құм тектес бұрқасын пайда болып, бүкіл қаланы тұншықтырып тұр. Бұл қалдықтардың құрамында адам өміріне қауіпті неше түрлі химикаттар бар. Салдары тұрғындар арасында түрлі аурулардың (әсіресе, астма, қылтамақ, рак пен бауыр аурулары) көбеюіне әкеліп соқтыруда.
Енді мынаны қараңыз, еліміздегі біршама жерлер «экологиялық аймаққа» кіреді. Мысалы Кентаудың іргесіндегі киелі Түркістан, кішкене елді – мекен Шолаққорған деген жерлер. Бірақ экологиялық аймаққа Кентауды енгізбеген. Бұл тиісті құзы¬ретті мемлекеттік органдардың қалыптасқан ахуалды біле тұра назар аудармауының белгісі ме, әлде мұның басқа жауабы бар ма? Ол жағы белгісіз. Білетінім аталған жағдайларға байланысты ғылыми техникалық бағдарлама түзілген. Ол бойынша арнайы комиссия 2014-2016 жылдар аралығында мәселені зерттеуге алуы тиіс. Әй, бірақ қайдам. Баяғы жартас сол жартасты көріп, құрылған бағдарламаны жұмсақ орынға жәйғасқан шендінің формалдылық қана құжаты ма деп қаласыз. Көсіле сөйлеп артық кетті демессіз. Бұл бар болғаны өзіндік тарихы бар шаһарда орын алған осы тектес жағдайлар өз шешімін тапса екен деген тілегім ғана. Ал әзірге тұрғындарына тым болмаса әлеуметтік көмек көрсетілсе оның өзі жәрдем емес пе?!
Қош, қаланың жәйін айтып тақырыптан алшақтап кетті демессіз. Шешілмей отырған мәселені қозғап ой салу, журналист ретіндегі менің міндетім. Азамат ретіндегі борышым. Қайталап айта берсең әбден жауыр болған тақырыпқа айналады, сөзіңнің де қадірі қашады. Алайда көркем қала кезіндегі «кіші Швейцария» – Кентаудың жағдайы жақсарса, бұл да болса еңбектің еш кетпей, қосылған үлестің нәтижесі болады. Менің түсінігімдегі елді гүлдендіріп дамыту болашақ журналист үшін туған жердің жанашыры болудан басталады. Туып-өскен жерімнің қазіргі жәй-күйін баяндағаным – менің туған жерге деген құрмет пен бауыр басқанымның белгісі болады әрі «қазақстандық патриотизм» деген ұғымның ішіне сияды.
Қазақстандық патриотизм демекші, 2015 жыл – еліміздегі елеулі оқиғалар ауқымды түрде өткізілген ерекше жыл болды. Осы орайда, Қазақ Хандығының құрылуына 550 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы, сонымен қатар Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қамтылып отыр. Аталған әрбір датаның өзіндік мәні бар. Мәселен азаматтардың патриоттық сезімдерінің оянуына ерекше әсер еткен Қазақ хандығының 550 жылдығы. Жартымыңжылдық ұлан-асыр той бір жағынан еліміз үшін сыналар сын сағат. Тарихи сананы қалыптастыратын үлкен мүмкіндік. Қазақтың мемлекет құрып отырғанына жарты дәуір толғанын дәлелдейтін тарихи еңбектер бар. Сол тарихи еңбектердің ішінен қазақстандық тарихшы ғалымдар университетімізге есімі берілген Мұхаммед Хайдар Дулати бабаның «Тарих-и-Рашиди» еңбегін негізге ала отырып, жан-жақты зерттеу нәтижесінде Қазақ Хандығының құрылған жылы 1465 жыл деген қорытынды жасады. Тарихи, рухани маңызы орасан ұлық күнді бүкіл ел болып, жұмыла жүріп Тараз төрінде атап өткеніміз өз алдына, «Қазақтың Геродоты» атанған бабаның тегін иеленген оқу ордасында білім алу одан да үлкен жауапкершілікті жүктейді. Атадан балаға мирас болып келе жатқан Керей мен Жәнібек негізін қалаған мемлекет тарихын жақсы білуің тиіс. Қарап отырсақ, осының өзі жастарды отан сүйгіштікке, білімге деген құштарлыққа тәрбиелейді екен. Кейде менің мамандығым тарихшы мамандығына ұқсас болып көрінеді. Неге десеңіз, тарихшы халыққа өткенді зерттеп баян етсе, журналист өз кезегінде сол тарихты дәл қазіргі көзқарасқа лайықтап баян ету арқылы аталған тарих бетінде қолтаңбасын қалдыра алады. «Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтардың білімімен өлше¬неді.» дейді Елбасы. Олай болса, Бауыржан атамыз айтқан азаматтық міндетімізді абыроймен атқарғымыз келсе, еліміздің өсіп өркендеуіне үлес қосуды мақсат тұтсақ, ең бірінші терең біліммен қаруланып алайық!
Қазақстан мемлекетінің ертеңгі бола¬шағы тікелей жастарға тәуелді. Себебі туылғаннан беріліп, сүйегімізге дейін сіңірілетін тал бесіктегі тәлім-тәрбие мен бүгінгі алып отырған білімнің арқасында еліміздің көсегесін көгертетін біздерміз.
Қорыта айтқанда, патриот, тәрбиелі, білімді ұрпақтың қалыптасуына кепіл бола алатын университетімізде жарқын болашақ үшін көп жұмыстар қолға алынуда. Сондықтан келешекте Қа¬зақстан әлемдегі ең дамыған, ең қуатты елдердің қатарына еніп гүлденуіне бүгінгі студенттер қалтқысыз үлестерін қосады, яки қосу үшін аянып қалмайды деп сенемін!

Ілес Майра Жарқынбекқызы
Байланыс тел: 8 707 945 30 75; e-mail: mayra.iles@mail.ru