Дереккөз: NewsHub.kz
Материалды орыс тілінен қазақшаға
аударған Ислам Ахметұлы.
Сібір сулары
Добавить категорию письма
Амир Молдабеков
Сібір сулары Аралды сақтай алады ма?
Соңғы жарты ғасырда Арал теңізі 10 еседен астам азайды. Жыл сайын теңіздің кепкен табанынан 80 млн тоннаға жуық улы заттар көтеріліп, олар Батыс Европадан Гималайға дейінгі мыңдаған километрге созылған алқапқа тарап, қоршаған орта мен адам денсаулығына теріс әсерін тигізуде.
Соңғы кездері біз планетамыздың температурасы жыл сайын көтеріліп келеді, сол себептен жер бетіндегі судың көлемі де азая түсуде деген үғымға мықтап бекінген сияқтымыз. Биылғы болған жағдай су мөлшерінің көбеюіне күз кезіндегі жауған жаңбыр мен қыстағы түскен қардың мөлшерінің де әсері бар екенін дәлелдеді. Еріген қар суы өзен мен көлдерді толтырып қана қойған жоқ, арнасынан асып маңайдағы тұрғын халыққа қауіп төндіретін дәрежеге жетті. Қазақстандағы он жеті облыстың тоғызында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Тасқынның күштілігі соншалықты, мыңдаған үйлер суға кетті, жүздеген тас жолдар мен басқа да инженерлік коммуникациялар бұзылды. Ғылым мен техниканың не қажеттің бәрімен қамтемесіз етіп отырған құрылғылары бар, тіпті, алдағыны болжай алатын жасанды интеллектісі бар қазіргі заманауи әлемде бұндай жағдайдың болуы мүмкін еместей еді. Бірақ осындай жағдай болды…
Осы тасқын суларды су қоймаларымызға жинап (егер, олар болса), кейін ауылшаруашылығы саласына пайдалануға болмас па еді? Ойлап отырсақ, қолдағы бар мүмкіндіктерімізді тиімді пайдалану арқылы су тапшылығының түйткілдерін шешуге болатын сияқты. Тіпті, Аралдың мәселесін де! Өткен Кеңес заманы кезінде сібір суларының бір бөлігін Қазақстан мен Орта Азияға бұру жөнінде идея болғанын ұмытып кеттік пе? Онда, тіпті, сібір суларын Аралға дейін жеткізу қаралған ғой. Осы жобаны неге қайтадан жүзеге асырмасқа?
Сібір суларын Оңтүстікке бұру
Обь пен Ертістің суларының бір бөлігін Арал теңізі бассейніне қарай бұру жөнінде, кейбір деректерге қарағанда, алғаш рет XIX ғасырдың орта тұсында сөз болғанға ұқсайды. Анығырақ айтар болсақ, 1871 жылы белгілі журналист және қоғам қайраткері Яков Демченко «Маңайындағы елдердің климатын жақсарту мақсатында Арал-Каспий ойпатын суландыру жөнінде» деген кітапшасын басып шығарды. Бірақ, бұл жоба ешкімді қызықтыра қоймады. Бұл туралы тек соғыстан кейінгі 1948 жылы ғана еске алынды. Онда да ғалымдар арасында.
Жобаға тек 1960-шы жылдардың соңында, яғни сібір өзендерін Аралға қарай бұрудың қажеттілігі туғанда ғана қайта оралды. Бұл кездері Сыр мен Әмудария өзендерінің бойына мақта мен күріш егудің салдарынан су Аралға келуді тоқтатқан болатын.
Бұл жобаны құптаушылардың бірі Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі Чокин Шафик еді. Ол Арал кепкен жағдайда табанындағы сорды желдің мыңдаған шақырымға дейін апаратынын, бүл сол маңдағы өсімдік әлемін жойып жіберуі мүмкін екенін дәлелдеп бақты. Академиктің осы болжамы расқа айналды. Халықаралық Аралды құтқару Қорының мәліметі бойынша қазір теңізді қоршаған 5,4 млн гектар жер (оның 2 млн гектары Қазақстанға қарайды), айналасына тұзды аэрозоль тарататын қауіпті аймаққа айналған.
Эксперттердің айтуы бойынша Аралдың табанында егіс алқаптарынан шайылып келген миллиардтаған тонна улы қоспалар (гербицидтер, пестицидтер) сақталуда. Бұл жағдай теңізде сақталып қалған балық қорына да кері әсерін тигізуде. Кезінде 200-ге жуық балық түрі болған еді, қазір олардың саны күрт азайды.
1968 жылы ССРО Орталық Комитетінің пленумы Мемлекеттік жоспарлау комитетіне, ССРО Ғылым Академиясы мен басқа да тиісті мекемелерге Ертіс, Обь және Тобыл өзендерінің суларын қайта бөлудің жоспарын жасауды тапсырды.
Жобамен 48 жобалау және 112 ғылыми-зерттеу институттары, басқа да одақтық және республикалық дәрежедегі министрліктер мен ұйымдар айналысты. Сібір суларын бұрудың техникалық құжаттары 1976 жылы дайын болды. Сібір суларының бір бөлігін Қазақстан мен Орта Азияға бұрудың шешімі 1976 жылдың март айында Мәскеуде өткен СОКП-ның XXV съезінде қабылданды.
Жобада Ертіс, Обь, Тобыл, Есіл суларының бір бөлігін Ресейдің Қорған, Челябі және Омск облыстары, сонымен қатар Қазақстан, Өзбекстан және Түркменстанға бағыттау қаралды. Каналдың жалпы ұзындығы 2550 км, ені 130-300 метр, тереңдігі 15 метр, су өткізу мүмкіндігі секундына 1150 м/куб болатын. Бұл жобаның бір бөлігі ғана іске асырылды – Қазақстанда ұзындығы 458 км болатын «Ертіс-Қарағанды», ал Ресейде 182 км «Қулундинский» каналдары қазылып, іске қосылды.
Бірақ 1986 жылы кейбір ғалымдар мен жазушылардың, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдерінің қарсы пікір білдірулеріне байланысты жобаны қаржыландыру тоқтатылды.
Қазіргі кезеңде
КСРО тарағаннан кейін бұл тақырып 2000-шы жылдардың басында қайта қозғалды. Ұсыныс Мәскеудің сол кездегі мэрі Юрий Лужковтан түсті. Өзінің осы ауқымды жоспарын ол 2002 жылы Ресей Президенті В.Путинге жолдады. Путин өз кезегінде бұл жұмысты үкімет қарауына жіберді. 2008 жылы Лужков тіпті бұл жоба туралы «Су және әлем» атты кітап та жазды. Оның бұл идеясын Назарбаев та қолдады. 2010 жылы Өскемен қаласында өткен форумда Ресей Федерациясының сол кездегі президенті Д.Медведевке осы идея жөнінде есіне салған еді.
Бұл идеяның кеңес инженерлері жасаған жобадан айырмашылығы бар болатын. Енді Ханты-Мансийск маңынан (Обь пен Ертістің қосылған жерінен), су жинау станциясын салып, сол арқылы оңтүстікке ұзындығы 2,5 мың км канал қазу ұсынылды. Лужковтың айтуы бойынша бұл жобаның мәні – Обь пен Ертістің суларын оңтүстікке қарай бұру емес, олардың шамамен 7% суын ғана пайдалану. Каналды Челябі, Қорған облыстары арқылы Қазақстанға жеткізіп (Аралға), тіпті жолдағы Әмударияның суын пайдалана отырып Ауғанстанға дейін апару. Бұл жағдайда Обь өзеніннен 10% су алуға тура келеді.
Бұл канал Ресейге орасан зор қаржы келтірер еді. Оған қосымша 4,5 млн га Ресейдің суға тапшы аймақтарын суландырады.
Егер кеңестік жоба 32,8 млрд рубль болса (шығын жеті жылда ақталады деп есептелді), жаңа жоба кейбір эксперттердің есептеуінше 300 млрд долларға тең болды. Лужковтың пікірінше, судың кубын 0,2 доллардан сатқанның өзінде жоба өз құнын тез ақтауы тиіс (әлемдік орташа баға 2 доллар).
Суды мұнай сияқты саудаға шығару идеясын 2008 жылы Ресей Федарациясы Кеңесінің Төрайымы С.Орлова да құптады. Ол «су мұнай емес, таусылады деп қауіптенудің қажеті жоқ» деп атап өтті. Бұл пікірді Мәскеу МУ ректоры Виктор Садовничий де қолдады.
Мәскеу мэрінің идеясын Ресейдің Ғылым Академиясы түгел құптай қойған жоқ. Мысалы, РҒА корреспондент-мүшесі, биология ғылымдарының докторы Алексей Яблоков бұл жоба іске асқан жағдайда канал бойындағы аймақта топырақтың батпақтану процесі басталуы мүмкін деген пікір білдірді. Профессор сонымен қатар жобаның өте қымбат екенін де еске салды.
РҒА География институты гидрология лабораториясының меңгерушісі Н.Коронкевич бұл жоба үшін канал қазудың қажеті жоқ екенін айта келіп, оның орнына құбыр пайдалануды ұсынды. 1980 жылдардағы жобаның тоқтатылуына оның қымбат екендігі себеп болған еді. Құбыр пайдаланған жағдайда судың шығыны 10 еседей азаяды екен.
Маманның бұл айтуы дұрыс сияқты. Құбырмен тасымалданған жағдайда судың шығыны аз болатыны белгілі. Басын Еділдің бір саласы Қиғаш өзенінен алатын, ұзындығы 1300 шақырым «Астрахань-Маңғышлақ» су құбыры Атырау мен Маңғыстау өңірін 37 жыл бойы тұщы сумен үздіксіз қамтемесіз етіп келеді.
Жоғарыдағы жобаларды қайтадан қарап, оларды бірлесіп іске асыратын кезең келген жоқ па екен?
Дереккөз: NewsHub.kz
Материалды толықтай немесе бөлшектеп пайдаланған жағдайда NewsHub.kz дереккөзіне сілтеме жасау міндетті.
Материалды орыс тілінен қазақшаға
аударған Ислам Ахметұлы.