Құдиярбек АҒЫБАЕВ,
“Құрмет” орденінің иегері.
ЖАН ДҮНИЕСІ КЕҢ САРАЙ, ӘНУАРБЕК АҒА
1970 жылы С.М. Киров атындағы Каз МУ-дің журналистика факультеті дайындық бөліміне оқуға түсіп, келер жылы бірінші курсқа іліктім. Сөйтіп, өзгелер жоғарғы оқу орнында бес жыл оқыса, мен алты жыл дегенде тәмамдадым. Ол кездері газет-журналдарға немесе Қазақ радиосының «Ұшқын» студент-жастар бағдарламасына, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» демекші, күн сайын жазған-сызған өлеңдеріміз бен мақалаларымызды қарша боратып, хатпен жөнелтіп жатамыз. Бұл еңбегіміз зая кетпесе керек, бір күні университетте лекция өтіп жатқанда Бибігүл Матенова деген староста қыз «көзайым» хабар жеткізді.
-«Ұшқын» редакциясындағы ағайлар, сенімен танысқылары келеді екен, — деді ол. Жүректегі жастық желпініспен сол жылы Қазақ радиосының «эфирдегі «Лениншіл жасы» атанып кеткен «Ұшқын» жастар редакциясының табалдырығын жүрексіне аттадым. Әнуарбек Байжанбаев, Абай Өтегенов, Кенжебек Есімов, Нәзила Баймұратова, Сәркен Оспанов, Қасымхан Ерсарин, Мадрид Рысбеков, Кемелбек Шаматаев, Шаншархан Төрегелдиев, Дүйсенбек Қанатбаев, Сауық Жақанова секілді аттары қазақ эфирінен «жер жарған» аға-апаларыммен бірден «қоян-қолтық» аралас-құралас боп кетем деген ой өңім түгілі түсіме де кірген жоқ.
Бірінші курста оқып жүргенде Кемелбек ағаның жетекшілігімен студент-жастарға арналған «Гүлдәурен» радиожурналына (авторлық бағдарлама) редактор болып бекітілдім. Бұл – менің болашағымды түгелдей жаңа бағытқа бұрып, үлкен армандарға жол ашқан оқиға болды. Алматының жоғары оқу орындарындағы студент-жастармен тікелей әрі тығыз байланыс құрдық. Студенттермен кездесулер өткіземіз. Республиканың түкпір-түкпірінен күнде «қапшықтап» хат аламыз.
«Біз де, жігіт болдық, атқа қатар қондық» демекші, бірінші курсты ойдағыдай тәмәмдап, ауылға кәдімгідей, көкірегімізді «жел кернеп», бүгінгіше айтқанда, «жұлдыз ауруымен» ауырып келдік. Кеңес Одағының Батыры, атақты панфиловшы, академик Мәлік Ғабдулин, академиктер Зейнолла Қабдолов, Бейсенбай Кенжебаевтардай ұстаздардан дәріс алып, «қазақтың Левитаны» атанған Әнуарбек Байжанбаев ағамызбен күнде қол қысысып амандасып, бірге қызмет істеп жүрсең, қалайша кеудеңді биік ұстап, басыңды көкке көтермеске. Журналистика факультетінде жасы сексенге таяп қалған, бізге қазақ әдебиеті теориясынан сабақ беретін Белгібай Шалабаев деген ағайымыз болды. Соғысқа қатысқан, сөзі сыпайы, мінезі мінәйім кербез кісі еді. Аудиторияға кіріп, аяғындағы кебісін босағаға шешіп, асатаяғын тықылдатып кеп орындыққа сүйегені, кәстөмін шешіп, орындықтың басына еппен ілгені, көзәйнегінің көздерін қол орамалымен сүртіп, ескірген пәпкісіндегі сарғайған журналын асықпай ашып, студенттердің фамилиясын түгендеп шығуының өзі бір ерекше мәдениет еді. Сол ағайымыз лекция бітіп, үзіліске шығысымен өзі жақсы көретін бір-екі студентін оңаша шақырып ап, өзіміз оқитын университеттің желке тұсындағы орналасқан Алматы қонақ үйіне жеткізіп тастауымызды өтінеді. Алматы қонақүйінің алтыншы қабатында шағын буфет жұмыс істейді. Онда соғыстан аман-сау оралған майдангер ақын-жазушы, ғалым ағаларымыз бас қосады. Біз буфетші жеңгейге көмектесіп, құрақ ұшып қызмет етеміз. Белгібай ағамыз елу грамм «Қазақстан» коньягін ғана ішеді, сосын құрдастарының әңгімесін тыңдайды. Түс ауа радио үйі жақтан ақсаңдап Әнуарбек Байжанбаев ағамыз келеді. Ол кісі келгенде ағаларымыз бір желпініп, арқаланып қалады. Өйткені, осы қонақүйдің бастығы Рейстагқа ту тіккен атақты батыр Рахымжан Қошқарбаев та анда-санда Әнағамыз келгенде сол кісіні көріп, сәлем беру үшін осында бас сұғады. Олардың әңгімесі былай тұрсын, жауды жағадан алған тірі батырларды өз көзімізбен көрудің өзі ауылдан келген балалар, біздер үшін сөзбен айтып жеткізе алмас оқиға еді. «Жеке кісіні де, қоғамды да алға жетелейтін – амбиция» дегенді оқып едім, бір кітаптан. Сол сөздің растығына мен, осылайша, бірінші курста оқып жүргенде, буыным толық қатпай жатып-ақ көз жеткізе бастадым.
Радио – ауыл мен қаланың арасын жалғап тұратын бірден-бір ақпарат құралы еді ол кезде. Ауылға келсем танитын жұрттың бәрі менен, алдымен, Әнуарбек Байжанбаев ағамызды, басқа да есімдері эфирден күнде аталып жататын аға-апаларымызды сұрайды. Бір рет Рейхстагқа ту тіккен батыр ағамыз Рахымжан Қошқарбаев туралы шағын суреттемемді тыңдап, оны Әнуарбек Байжанбаев ағамыз оқығанын естіп қалған бір көршіміз қой сойып, қонақ етіп, бала деместен үйінің төріне отырғызып күткені бар.
Әнуарбек ағаның қолына жаңа қалам ұстаған жас буынға деген көзғарасы ерекше болатын. Мынау тәжірибе өтуге келген студент екен деместен, оның жазған дүниелеріне ерінбестен назар аударып, ұнаған хабарына өзінің пікірін білдіруден жалықпаушы еді. Белгілі ғой, радиодағы журналист-қаламгерлердің көбі Әнуар аға мен Сауық апайға хабарларын оқытсақ дейді. Ал Әнуар ағаның көбіне алдымен газетке жарияланып, айқара бетін алып жататын сала құлаш ресми хабарларды оқудан қолы босамайды. Қашан көрсең студияның ыстық бөлмесінде, жарқыраған электр лампасының астында айқара бетке үңіліп, бір қолында бокалға құйылған шайы, анда-санда білдіртпестен жұтып қойып, шұқшиып қоңыр даусымен сала-құлаш баяндамаларды оқып жатқаны. Сол оқығаннан түс ауа бір-ақ босайды. Не деген, таусылмас қажыр-қайрат десеңші!.. Бес бет материалды микрофонға оқып, болдырып қалатын біз сияқтыларға бұл бір қияметтің қияметі болып көрінеді. Әнуар аға диктор бөлмесіне шығысымен терезе жаққа қарап, көзәйнегін қолына ап, біраз көзін жұмып, демалып отырады. Мұндайда, бір-бір хабарды қолтығына қысқан қаламгер інілері жандары ашып, есіктен сығалап, өтініш айтуға бата алмай тұрады. Өйткені, ол кісі әрбір сөзіңе жан кіргізіп оқығанда, нашарлау жазған дүниеңнің өзін танымай қаласың. Осындай бір сәтте жастық аңғалдық па, боранда қалған шопан ерлігі туралы жазған суреттемемді қолыма ұстап, ағаның қасына жетіп барыппын. Әнуарбек аға шаршап отырса да материалымда алып, тізесінің үстіне қойып, парақтап, әр жеріне белгі сап, аяғына дейін зейінмен оқып шықты. Сосын орнынан тұрып, студияға бет алды. Артынан қалбақтап ұшып келе жатқан мені көріп, алдымыздан жолыққан жазушы Дінәш Нұрмұқанбетов ағам:
-Әнеке, әдеби хабарларды оқытып алсам ба деп едім. Жас балдарға, басқа да дикторлар бар емес пе?..- деп қалды.
-Біле-білсең, балалық ойлар – даналық ойлардың бастауы!.. Ғұмырлық ойлар – ғұмырдың басында туады, адастырмайды, дамиды! Іште Сауық пен Мырзабек отыр. Соған барарсың, – деп жауап қатты. Әнуарбек ағаның осы қарапайым айтылса да жүректен шыққан ойлары менің санамнан мәңгі орын теуіп, өшпестен сақталынып қалды десем де болады. Арада талай жылдар өтіп, есейген, қалыптастым-ау деген кезімде де, осы сөздер, маған, өзгеге ұқсаудың оңай, өзіңе ұқсаудың қиын екенін еске салып тұратын. Шіркін, бүгіндері ойлап отырсам, жан дүниесі кең сарай, бір өзі бір мектеп, асыл ағалар екен ғой! Қазір ғой, әлемді танимын деп, әлек боп жүргенде өзін өзі танып-білуге уақыты қалмай қалатын жастардың көбейіп бара жатқаны.
Әнуарбек ағадан біз сырттай жүріп те сабақ алдық, еліктедік, үйрендік, оқыдық. Олай дейтінім, бірде дикторлардың бөлмесіне бас сұқсам, Әнуарбек ағам конкурсқа келген бейтаныс жас қыз-жігіттерге сөз өнері жайында әңгімелеп отыр екен. «Мәтінді қолыңа алғанда, ешқашанда, сөзіңді тіліңе билетуші болма. Ойыңды ақылыңа билет, сонда сөзден де жаңылмайсың, айтқан сөздерің де тыңдаушыңа ұғынықты боп естіледі, діттеген мақсатыңа жетесің!» деп отыр екен. Кейін бұл ақыл – тікелей эфирден хабар жүргізген кездерімде мен үшін де аса құнды кеңес болды, журналистік өмірімде, микрофонмен жұмыс істеп, сұқбат алушымен әңгімелесер кездерде де, алдымен, Әнуарбек ағаның осы сөздерін үнемі есіме алушы едім.
Атақты ғалым Л.Н. Гумилев пассионарлық тұлғаларды қоршаған ортаны өзгертуге қажетті күш-қуаты бар адамдар деп атаған ғой. Адамзат тарихындағы өз ортасын өзгертіп, оны жаңа белеске көтеру үшін мақсатты түрде іс-қимыл ұйымдастыра алатын тарихи тұлғалардың бәрін де пассионар тұлғалар деп атаған. Олардың бойындағы қасиеттердің ең үлкені «белсенділік» және «іс-қимыл жасауға ынтықтық» дейді ғалым. Пассионар тұлға кейде көздеген мақсатына жету жолында өзін-өзі құрбандыққа да шалуы мүмкін екен. Пассионар тұлғаның осы қасиеті іс-қимылдың барлық бағыттарында да көрініс табады. Бұл қасиет тіпті, адамның бала жасынан-ақ көрініс беретін көрінеді. Ғалым оны адамның психикасына қанмен берілетін қасиет деп те атайды. Олардың ерік-жігері орасан болады, сонымен бірге, олар іс-қимыл барысында өздерінің ашуы мен ақылын тежеп ұстауға қажетті қуатпен қамтамасыз етілген. Л.Н. Гумилев пассионер тұлғалар қатарына Жанна Д.Аркты, Александр Македонскийді, Наполеон Бонапартты жатқызады.
Ал, біздер ше?.. Біздер де, есімдері аңызға айналған Бауыржан Момышұлы, Рейстагқа ту тіккен хас батыр Рақымжан Қошқарбаев, жау тылында ойран салған партизан Қасым Қайсенов сияқты ағаларымызды көріп, қайсыбірінің әңгімесін естіп, атақты панфиловшы, Кеңестер Одағының Батыры, ұстазымыз Мәлік Ғабдулиннен сабақ алып, қазақтың Левитаны, майдангер, атақты диктор Әнуарбек Байжанбаев ағамыздың тәрбиесін көріп, осындай қазақтың пассионар ұрпақтарына еліктеп өстік.
Он бес жылдай Т,Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясында доцент, кафедра меңгерушісі боп қызмет атқардым. Автор, телерадио комментаторы мамандығы бойынша арнайы мастер-класс ашып, ондаған балаларға комментаторлық, репортаж, хабар жүргізушілік мамандықтың қыр-сырын оқыттым. Онда индивидуальді сабақ деген болады. Әрбір студентпен 45 минут күн сайын жеке шеберлік сабағы өтеді. Бұл жалпы өнер институтына тән екен. Сонда мен, Әнуарбек ағаның айтқан ақылдарын үнемі жұмысымның басты бағдары етіп алдым.
Менің тобымдағы он екі баланың әрқайсысынан жеке шығармашылық иесін қалыптастырып, алдымен, тұлға шығаруды мақсат еттім. Бірде мынадай қызық оқиға болды. Аудиторияға кірсем, қыздарым жыламсырап отыр. «Не жағдай?..» десем, оқу орнының проректоры кеп, қыздарыма орынсыз ренжіп, «сиыр секілді жайылып жүресіңдер» деп айыптапты. Содан, проректорға кірдім. Болған жағдайды баяндап, «осы қазір, студенттерімнің алдына барып, кешірім сұрайсыз. Мен, Мәлік Ғабдуллин, Әнуарбек Байжанбаевтардай адамдардан тәрбие алған адаммын. Олар «Сөз қонбағанға – ем қонбайды» дейтін. Қазір сіз тіл тигізген студентімнің бірі – республикалық «Ана тілі» газетінің бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарады. Біразы телевидениеде, радиода хабар жасап, елге танылып қалды. Мен олардан жоғарыдағы ағаларымдай жеке тұлға жасаймын деп жүрсем, сіз сиырға теңепсіз. Сіздің моральдық этикаға жатпайтын мінезіңізді ректордың алдына мәселе етіп қоямын. Егер, ол кісі, сізге шара қолданбаса, бұл оқиға астанаға, министрілке дейін жеткізілетін болады» дедім. Проректор жігіт біраз сипақтап тұрды да, шыдай алмастан, бірден сынып түсті. Екі сөзге келместен, студенттерімнің алдына барып, кешірім сұрады. Қазір ойлаймын, сонда, менің жоғарыда сөздерін мысал етіп келтірген, Мәлік, Әнуарбек ағаларымның әруағы басты-ау деп. Құдайға шүкір, сол студенттерімнің бірі бүгіндері белгілі ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Мақпал Жұмабай – «Қазақстан» телерадио корпорациясы төрайымының орынбасары, ал, Берік Көшербайұлы Есенбаев – «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі боп еңбек етіп жүр.
Міне, мен осылайша, өз өмірімде, кездесетін шешімін табуға тиісті нәрсе болса, бірінші боп өзім қадам жасауды – жан дүниесі кең сарай Әнуарбек Байжанбаевтай ағаларымнан үйрендім. Сол үшін де оларға өмір бойы қарыздармын.
Құдиярбек АҒЫБАЕВ,
“Құрмет” орденінің иегері.
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.