Ақпарат айдынында адаспа…

Орынбасарова Ажар

Ақпарат айдынында адаспа…

 

      Қазіргі таңда әлемдік ақпарат кеңістігінің мүмкіндігі артты. Географиялық шекараның нақты өлшемі болғанымен, ақпараттық шекараның белгіленген шегі жоқ.  Сондықтан тексерілмеген ақпараттардың жаппай  таралуы көптеген мәселелерді туындатып отыр. Бұл мәселемен күресудің бірден бір жолы – фактчекинг.

 

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде тексерілмеген ақпараттардың жиі әрі тез тарайтынын байқадық. Мәселен, осыдан алты-жеті ай бұрын қазақстандық біршама ақпараттық сайттар «Димаш Құдайберген Қазақстанның денсаулық саласына 500 мың доллар сыйға тартты» деген тақырыптармен ақпарат берген еді. Тіпті әлеуметтік желілер жаңалықты бір-бірімен жарыса бөлісіп, әншінің абыройын асқақтатты. «Жарайсың, Димаш», «Барлық азамат сендей болсын» деген жағымды пікірлер легі көбейді. Айтылған мадақ пен тілекке дау жоқ, дегенмен ақпараттың анық-қанығына жетпей, тақырыпты сол қалпында  жарыса жариялаған бұқаралық ақпараттардың кемшілігіне көңілің түседі. Тек артынан барып қана, Димаштың бүкіл медицина саласына емес, C.U.R.E үкіметтік емес қайырымдылық қорының ішінде амбассадор болып, бөлінген қаржының ішінде, спонсорлар тізімінде болғаны белгілі болды. Бұл ақпараттың дұрыс тексерілмей, жарияланғанын кеткен қателік. «Біз қателестік. Редакция қателесті» деп ешбір БАҚ кешірім сұрамағаны көңіл қынжылтты деді артынан медиа мамандар. Осындай қарапайым мысалдың өзі тексерілмей, манипуляцияланып берілгенде, тіс бата бермейтін салмақты салаларда орын алып жатқан олқылықтар саны қанша екенін санау мүмкін емес шығар. Сондықтан, ақпаратты жарияламас бұрын «он рет өлшеп, бір рет кес» қағидасын ұстану керек. Оның негізі – фактчекинг. Сонымен фактчекинг дегеніміз не?

Фактчекинг – журналистикаға жат емес. Ол жүз жылдан бері журналистикамен дос, алайда  уақыт өткен сайын өз әдіс-тәсілдерін жаңартып отырды. Көпшілік танымында «факт» және «чекинг» сөздері тек «ақпаратты тексеру» деп тікелей аударылғанымен, оның біз білмейтін мүмкіндіктері мен тылсым қырлары жетерлік. Фактчекинг журналистиканың жаңа тынысы болғанымен, оның мамандық ретінде пайда болғанына жүз жылдан асты. Мәселен, алғашқы фактчекерлер қазіргі цифрлы технологиясыз баспа редакцияларында жұмыс істеген. Яғни, олар қарапайым фактілерді тексерумен айналысқан адамдар. 1923 жылы жарық көрген АҚШ-тың тұңғыш апталық басылымы «Time» тарихынан оның ішінде баспа процесінен фактчек элементтерін көруге болады. Басылымның негізін қалаған Люс пен Хедден мақаланы жазуда зерттеу процесіне баса назар аударған. Сол кездерде Time редакциясы Нью-Йоркте көпшілікке арналған кітапхананы өз іштерінде «өлім көшесі» деп атаған екен. Өйткені, фактчекерлер, яғни деректі тексерушілер ол жерге бумаларға жиналған қағаздарын көтеріп барған деседі, ал қағаздарда белгілі тұлғалардың есімдері болған. Бұл басылымның қызметкерлері дереккөздерді кәсіби түрде тексерумен айналысқанын дәлелдейді. Сонымен қатар Тайм басылымның мұрағатында бір кездері қызмет жасаған Эдуард Кеннедидің памфлеті сақталған екен. Онда «егер де материал болмай жатса… қөңілге қонбаса, қыздар мұның жолын табады» деген әзіл өлең жолдарын келтірген [1]. Бұл кездерде университетті бітірген қыздар бірден өз мамандығы бойынша жұмыс жасай алмаған, сондықтан оларға материал тексеру міндеті жүктелген. Яғни, қыздарды «фактчекерлер» деп атаған.  Бұл жағдай өзге де редакциялардың тарихында кездескен.

Журналистика ақпараттың отаны болған соң, ақпаратты тексеру –  бұрыннан бар процесс деген ой әр адамда болуы заңды. Бұл сұрақты медиа зерттеушілер, гейткипинг теориясы арқылы түсіндіреді.  Негізінен бастапқыда баспа редакцияларында фактчек қызметі болмаған, өйткені, журналистер мен редакторлар бұл міндетті  өздері атқарған. Гейткипинг теориясын – қақпашы немесе қақпа күзеті деп те атайды. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпараттың фильтрден өтуін әлдебіреу қадағалайды және бақылайды дегенмен түсіндіріледі. Осы кезде Платонның «Мемлекет» еңбегінде айтқандай, мемлекеттік биліктегі білімді адамдар өз халқына қандай ақпарат беру керек, нені және қанша мөлшерде беру керектігін өздері шешеді деген ойы шындыққа келеді.

Дүние жүзінде 2003 жылдан бастап саяси саладағы мәлімдемелерді және ақпараттарды тексерумен шұғылданатын факчекингтік жобалар саны күрт өсті. Қазақстанға бұл дем әлемдік тәжірибеден 2017 жылдың 10 мамырында келді және Орталық Азиядағы фактілерді тексеретін тұңғыш тәуелсіз ресурс ретінде өз жұмысын бастады. Нақтырақ айтсақ, украина медиа тәжірибесімен қалыптасты. Бүгінде factcheck.kz жобасы елдегі ақпараттарды, мемлекеттік шенеуіліктердің сөздері мен мәлімдемелерін тексереді.

Қазақстандағы және әлемдегі жалған ақпараттардың таралу деңгейі коронавирус індетінің пайда болуымен өрши түскенін әбден байқауға болады. Тіпті шетелдік медиа мамандар ақпараттың адам санасына қалай әсер ететіні жайлы өз зерттеулерінде жаза бастады. Мәселен,  «Фейк жаңалықтар. Бұл өте күрделі» деп жазды медиа сарапшы Клэр Уардл өз зерттеу мақаласында. 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап әлемдік медиалар Қытайдың Ухань қаласынан белгісіз аурудың пайда болғаны жайлы ақпараттар таратты. «Қытайда белгісіз пневмония таралып жатыр» деп жазса Риа Новости, ал BBC «Жұмбақ қытай вирусы: алаңдауға себеп бар ма?», «Қытай билігі елде пневмонияның белгісіз түрі басталғанын хабарлады» деп жазды Forbes және басқа медиалар. Осылайша үреймен басталған ақпараттар, жалған ақпараттар дауылына әкеп соқтырды.

Пандемия қарсаңында Қазақстандық factcheck.kz жобасы әлемдік фактчек жобалармен бірігіп, 10 мыңнан астам ақпараттарды тексергенін мәлімдеген болатын.  Ал Халықаралық Фактілерді тексеру желісі инфодемиямен күресте қарқынды жұмыс жасады. Нақтырақ айтсақ, DatosCoronaVirus альянсы әлем бойынша тараған жалған ақпараттарды жинақтай келе,«CoronaVirusFacts» деп аталатын ашық деректер базасын іске қосты, онда әлемнің 70 елінің фактчекерлері өз мақалаларын 40 тілде жариялады.

Бүгінде ақпараттың шынайы болуы маңыздырақ.  Өйткені әлем болып үлкен дағдарыстарды бастан өткерудеміз. Ол экономикалық, ақпараттық, экологиялық дағдарыс. Пандемия қарсаңында «вакцина» жайлы қастандық теориялары өте көп тарады. Сәйкесінше, жалған ақпараттар жұртты дүрліктіріп, билікке деген сенімді жоғалтуға әкелді. Бұл жалған ақпараттардың таралуының бірден бір әсері. Ақпарат айдынында сана тазалығын сақтап, сандар мен сөздерді орынды қолданып, жалған ақпарат жапсырмасын түбегейлі жою үшін сауатты болуыды үйренейік!

 

 

Орынбасарова Ажар                                             12.10.21 ж