Батыр қыз Шәйлі қыз

Шолпан Габбасова

Өлкетанушы Қ. Алтыбаевтың

«Атамекен Зайсан» кітабынан.

 

Құралайды көзіне атқан мерген Шәйлі қыз

 

 

Бүгін Сіздерді Зайсан өңірінің тағы бір батыр қызымен таныстырғым келеді. Бұл қыз жайлы біз жақта көп айтылмайды, насихат жетіспейді. Әңгіме Шәйлі қыз жайлы.

Шәйлі қыз – руы жастабан. Құралайды көзіне атқан мерген. Жәдік жастабанның бас батыры Алдиярдың қарындасы. Алдияр су ішерлігі таусылып дүниеден өткеннен кейін, топырағының беті суымай, басшысынан айырылып, иесіз қалған қаралы ауылды Қамбар төре естерін жиғызбай шабады. Алдиярдан ғана сескеніп, керейлер иемденген шұрайлы қонысқа ертеден қызығып жүрген төре аянбай кірісіп, жайбарақат, бейбіт елді ата қонысынан түре қуады.

Сол кезде Арқар бұлақтың иек артпа белдерінен бір салт атты Қамбардың көп аттыларына «Жекпе-жек», «Жекпе-жек» деп айғайлап, тізгінін тежемей, қалың аттыларға көк сүңгідей қадалады. Балаң жігіт нағыз бала қыран болып шықты. Оның майданнан өліспей шықпаймын деген сыңайы байқалады. Найзасымен қарсы келгеннің сойыл-шоқпарын оңай қағып тастап, болат сүңгісін қара саннан сонша ептілікпен түйретіп өтіп, екі-үш жігітті жер қаптырып үлгереді. Ашу қысқан Қамбардың жантайта сілтеген шоқпары жас батырдың көк желкесінен тиіп, сыпырылып ат сауырынан жерге құлағанда қап-қара бұрымы шұбатылып, мойыл түстес қара қан сырғып ақты. Қанға былғанып жатқан тоқпақтай қос бұрымды көргенде ешкімге дес бермейтін Қамбар да әйел затына қол көтеріп, өз сүйегіне өшпес таңба салғанына налығандай сазарып теріс бұрылды.

     Шәйлі қыз қайтыс болған осы жерді халқы батыр қызды есте мәңгі сақтау үшін Шәйбұлақ деп атады. Шәйлі қазасы Қамбар төренің де болмыс-бітімін түбірімен, қайта туғандай ғып өзгертті. Алкеуделік мінезін ұмыттырып, ойланбай, толғанбай қадам жасамас адамшылық дейтін соқпақты көрсетіп кеткендей болды. Бұл туралы жазушы К. Сегізбайдың «Беласқан» романында жан-жақты баяндалған.

Өлкетанушы Қ. Алтыбаевтың «Атамекен Зайсан» кітабынан.

P.S. Қамбар төре – Байжігіт елінің Жұмық руының төресі, Санияз төренің ұлы.