Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
Қазақтың билігі – орыстілді!
Қазақтың билігі – орыстілді! Орысша сөйлейді, орысша ойлайды, орысша армандайды, орысша мақсат іздейді, орысша бақытты болғысы келеді… орысша… орысша… орысша…
Бәрі орысша: тұла бойы орысша, болмыс-бітімі орысша…
Қысқасы, қазіргі қазақ билігіндегі орысшалар түгелімен кетпей, қазақ нағыз тәуелсіз бола алмайды. Орысшалар отырғанда, қазақ Еуропа қайта құру және даму банкіне (ЕБРР) тікелей шыға алмайды, табалдырығынан да аттатпайды…
Сондықтан, менің ұсынысым мынадай:
- Елімізде қалада өскен және орыстілді қазақ жігіттері кезкелген мекемедегі бастықтың үшінші орынбасары болып, ана тілінің нәріне сусындасын. (Кеңестің кезінде егер мекеме бастығы қазақ болса, оның орынбасары, міндетті түрде орыс болып тағайындалатын (жазылмаған) заң болған. Осыны қазір орыстілділерге қарсы қолдануымыз керек). Расында, Қазақ төңкерісінен бері орыстілділер бір ғасыр сайрандады ғой, «дүние – кезек» деген, енді орынды босатсын! Билікте толып жатқан орысбайлар жүргенде, Қазақ Елі ешқашан қазақ тілінде сөйлемейді. Бұл – аксиома!
-
Биліктің ұшарбасында және барлық сатыларындағы жауапты лауазымдарда қазақ тілінің майын тамызып сөйлейтін ауылдың жігіттері отыруы керек. Біріншіден, олар анасының тілін сатпайды; екіншіден, ұлтының намысы мен мүддесін аяқасты етпейді.
Сонда ғана қазақ ұлтының ар-ожданы мен рухы бодандықтан құтылып, нағыз бостан болады. Барлық сатылардағы билік таза қазақ тілінде сөйлейді. Көшелерде, көліктерде, балабақшаларда, мектептерде қазақтың тілі естіліп тұрады. Қазақ Елі түп-тұқиянымен қазақ тілінде сөйлейді.
Бір тіл, бір мақсат, бір болашақ – қазақ елінің іргесін бекітеді!
…Есіл туған ер Доспанбет жырау құтқара гөр азаптан, алдыңа келіп жүгіндім:
«Айналайын Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда?
Еңсесі биік боз орда,
Еңкеймей кірер күн қайда?
…Күмбір-күмбір кісінетіп,
Күреңді мінер күн қайда?
Толғамалы ақ мылтық,
Толғап ұстар күн қайда?
Алты құлаш ақ найза,
Ұсынып шаншар күн қайда?
…Еділдің бойын ен жайлап,
Шалғынға бие біз байлап,
Орнықты қара сабадан
Бозбаламен күліп-ойнап,
Қымыз ішер күн қайда?..»
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА