Умерханова А.Б
«Қайнар» Академиясы
магистранты
Теоретикалық лексикографияның ғылыми негіздері
Мақала шағын көлемді біртілді сөздіктің ғылыми негіздерін, сөзтізбе құрамы мен құрылымдық ерекшеліктерін зерттеуге арналған. Осы сала бойынша қазақ тіл білімінде жүргізілген зерттемелердің көпшілігі өзге тілді азаматтарға арналып жасалатын екітілді аударма сөздіктердің құрылымын қарастыруға бағышталған болатын.
Түйін сөздер: тіл білімі, лексикография, сөздіктер, лингвистика
Научные основы теоретической лексикографии
Умерханова А.Б
Магистарант Академии «Кайнар»
Статья посвящена изучению научных основ малогабаритного одноязычного словаря, состава и структурных особенностей словаря. Большая часть исследований в казахской лингвистике в этой области была посвящена рассмотрению структуры двуязычных переводческих словарей для иноязычных граждан.
Ключевые слова: Лингвистика, лексикография, словари, лингвистика
Scientific foundations of theoretical lexicography
Umerhanova A.B
undergraduate of the Kainar Academy
The article is devoted to the study of the scientific foundations of a small-sized monolingual dictionary, the composition and structural features of the dictionary. Most of the research in Kazakh linguistics in this area has been devoted to the structure of bilingual translation dictionaries for foreign-speaking citizens
Keywords: Linguistics, lexicography, dictionaries, linguistics
Адам баласының тілі – негізінен сөздерден тұратын тіл. Осыны білгендіктен Ф. Соссюр де «сөздердің тіл механизмінің өзегін құрайтындығын» айтып еді [1, 143]. Осыған ұқсас пікірді орыс ғалымы А.И. Смирницкий де айтқан болатын: «Сөз – тілдегі сөздік құрамның негізгі бірлігі ғана емес ол, сонымен қатар, жалпы адамзат тілінің орталық өзегін құрайтын бірлік» [2, 183]. «Лексикография – лингвистикалық қызметтің барлық нәтижелерін жария етіп, жарыққа шығаратын негізгі канал» (В.В. Морковкин) екендігін, оның үстіне, тіл білімі ғылымындағы жеке сөздің, сөздік бірліктің барлық қасиеттерін жинақты түрде қарастыратын бірден-бір саланың да лексикография болып табылатындығын тілші қауым біледі. Осы тұрғыдан лексикографияны тіл туралы ғылым санатындағы лингвистика мен тілді танып білуге ықыласты қоғам арасын жалғайтын тілдесім қызметі десе де болғандай.
Қазіргі кезде лексикографияның негізгі салалары ретінде жалпы лексикография, терминологиялық лексикография, есептемелік лексикография және оқу лексикографиясы қалыптасып үлгерді. Олардың өздерінің ішінде де жаңа салалардың бой көтеруі – табиғи процесс. Мысал үшін терминологиялық лексикография саласында деректерді автоматты өңдеу мен сөздіктерді машина (электрондық есептеуіш машиналар) көмегімен түзу қолға алынуда. Лингвистиканың қоғам алдында есеп беретін, қоғамға көрсететін басты өнімі – сөздік. Тіл білімі ғылымынан хабары жоқ қарапайым қоғам мүшесінің түсінігі бойынша, жалпы лингвистиканың бар болмысын ақтайтын жалғыз өнім – сөздік.
Адамзат қоғамында практикалық лексикографияның пайда болып, сөздіктердің түзіле бастағанына төрт мың жылдан астам уақыт өткен. Ал содан бергі кезеңде жасалған сөздіктердің жалпы саны, ХХ ғасырдың ортасында жасалған санақ бойынша, он мыңнан асқандығы белгілі. Лексикография мәселелерін зерттеушілер сөздік түзу саласында мол тәжірибе жинақталғанымен, сөздік құрастыру тәжірибелерін қорытып, ғылыми талдау жасаудың, оны жетілдірудің ғылыми-теориялық негіздемесін даярлау ісінің тым кеш қолға алынғанын айтады. Расында да, лексикография атты ғылым саласының XX ғасырдың ортасына дейін жетілген теориясының болмағандығы да шындық. Осы орайда, лексикография теориясының мәселелерін жүйелі түрде зерттеп, оны жеке ғылыми пән ретінде қарастырудың XX ғасырдың орта кезеңіне дейін яғни академик Л.В. Щербаның еңбегіне дейін [3] жүйелі түрде жүргізілмегенін айтпай отыра алмаймыз. Кеңес Одағы тіл білімінде лексикография теориясын алғаш рет қарастырған ғалым П.Н. Денисов болатын.
Ғалымның еңбегінде негізінен сөздіктер типологиясы мен сөздіктің элементтері мәселелері сөз болады [4]. Лексикографияның теориялық мәселелерін жан-жақты зерттеу ісін оқу лексикографиясы саласында жалғастырған В.В.Морковкин жоғарыда аталған екі аспектіге тағы да бес аспектіні қосып, олардың жалпы санын жетіге жеткізеді («лексикография» ұғымының мазмұнын ашу, сөздіктік лексикология, сөздіктердің типтері туралы ілім, сөздіктің құрылымдық элементтері туралы ілім, лексикографиялық құрастырманың негіздері туралы ілім, бастапқы сөздіктік материалдар туралы ілім, сөздік түзу ісін жоспарлау мен ұйымдастыру туралы ілім). Ғалым лексикография теориясының құрылымын төмендегі үлгі бойынша бейнелеуді жөн санайды:
0.0 ЛЕКСИКОГРАФИЯ
1.0 теоретикалық лексикография
1.1 лексикография теориясы
1.1.1 «лексикография» ұғымының көлемін, мазмұнын, құрылымын анықтау
1.1.2 сөздік лексикологиясы
1.1.3 сөздіктердің жанрлары мен типтері туралы ілім
1.1.4. сөздіктің элементтері мен параметрлері туралы ілім
1.1.5 лексикографиялық құрастырма негіздері туралы ілім
1.1.6 бастапқы материалдар (картотекалар) туралы ілім
1.1.7 сөздік түзу ісін жоспарлау мен ұйымдастыру туралы ілім
1.2 лексикография тарихы
1.2.1 сөздіктер тарихы
1.2.2 типтік лексикографиялық мәселелерді шешу тарихы [5]
Біз теоретикалық лексикография мәселелері бойынша осы үлгіні қабылдай отырып, оны негізге аламыз. Сол себепті лексикографияның теориясына байланысты бұдан арғы зерттеу жұмысы осы жүйе бойынша жүргізіледі. Бұл саланы жеке ғылыми пән ретінде қарастырып, теориялық тұрғыдан зерттеудің қажеттілігі бірінші рет 1817 жылы неміс ғалымы Э.Манн еңбегінде сөз болды [6]. Сол кезден бері сөздіктер, бір жағынан, лексикографиялық практиканың нысаны, екінші жағынан, лексикографиялық теорияның зерттеу пәні болып табылады.
Лексикографияның жеке ғылым саласы екендігі, оның өз ғылыми нысаны, болатындығы дәлелденді. Қандай түрлі сөздік болса да, оны түзу процесінде, белгілі бір тілге лексикографиялық сипаттама жасау кезінде лексикограф күрделі теориялық мәселелерге душар болады. Тіл-тілдегі жекелеген сөздердің мазмұны уақыт өткен сайын өзгеріске ұшырап, жаңарып отыратыны тәрізді, сол сөздерді тіркеп, түсіндірумен айналысатын лексикографияның да ғылыми әдіс-тәсілдері жаңғырып отырады. Олардың жаңа типтері мен жанрлары пайда болуда. Қазіргі кезеңде лексикография лингвистика ғылымының аясынан асып ғылым мен техниканың жүздеген, мыңдаған салаларында қызмет жасауда.
Теориялық проблематикасы бар, демек теориясы бар жеке лингвистикалық пән ретінде қарастырудың қаншалықты ақиқаттылығын анықтау үшін, ең алдымен, осы проблематиканың көлемін анықтап алу қажет. Сол үшін де лексикографияның басқа лингвистикалық пәндермен байланыстарын қарастыру
қажет. Тілдегі сөздік құрамды тіркеп, көрсеудің тәсілдері мен көлемін зерттеуші теориялық пән ретінде лексикография әсіресе лексикологиямен тығыз байланыста. Тілдегі сөздік құрамды жүйелі түрде зерттейтін пән болғандықтан лексикология көбінесе лексикографиялық туындыларда бейнеленген материалдарды пайдаланады. Шындығында, лексикология лексиканың жекелеген фактілерін зерттеумен айналысатын болса, лексикография тілдегі лексикаға жаппай сипаттама жасаумен айналысады. Сөз мәселесін зерттейтін лексикология лексикография үшін ең маңызды нәрсені: ұлт тілінің сөздік құрамына толық сипаттама жасауды, ұлт тілінің сипатын ашатын ерекшеліктерді ашып көрсету ісін жүзеге асыра алмайды Сөздік мақала құрамында берілетін сипаттамада бірліктің жеке өзіне тән грамматикалық белгілер (категориялық, парадигматикалық, синтагматикалық) қамтылады. Сөздіктің көптеген түрлерінде, әсіресе аударма сөздіктерде, бұған қосымша қысқаша грамматикалық очерк беріледі. Демек, сөздік пен грамматикада да проблематика ортақтығы бар. Сөзге толық лексикографиялық сипаттама жасау кезінде оның фонетикалық ерекшеліктері де қамтылады.
Лексикографияның негізгі қызметі лексикалық бірліктің мағынасын ашу болғандықтан ол сөздің мазмұндық құрылымының компоненттерін қарастыратын ғылым ретіндегі семасиологиямен тығыз байланыста дамып отырады. Осы тұрғыда, мысалы, сөздің басты, лексикалық мағынасынан өзге мағыналары мен мәндері туралы айтуға болады. Сөз болған мағыналар тілді тұтынушылар арасында белгілі бір сөздің мәніне қатысты болатын алуан түрлі мазмұнды белгілер мен жағдаяттардың жиынтығын береді. Демек, сөз мағынасының құрамы мен құрылымына, оларды сөздіктерде қамтудың әдіс-тәсілдеріне қатысты мәселелер екі пәнге ортақ болып табылады. Лексикографиялық туындыларда ұлттық тілге тән ассоциациялар жүйесі бейнеленеді. Бұл мәселенің психолингвистикаға қатысы болатыны белгілі. Демек, лексикографияның дамуы үшін психолингвистикалық, этнолингвистикалық, лингвомәдениеттанымдық зерттеулердің нәтижелері маңызды болмақ.
В.Г.Гак теоретикалық лексикографияның қарастыратын мәселелері қатарында сөздіктердің жалпылама типологиясы мен жаңа типтерін жасауды; сөздіктің макроқұрылымын зерттеуді (лексиканы сұрыптап алу, сөздер мен сөздік мақалаларды орналастыру принципі, омонимдерді беру, сөздікте және оның соңындағы қосымшада қосалқы материалдарды: грамматикалық мақалаларды, дәйектемелерді, т.б. беру); сөздіктің микроқұрылымын, яғни жеке сөздік мақаланың құрылымын (сөздің грамматикалық және фонетикалық түсіндірмесі, мағыналарға бөлу мен жіктеу, сөздік анықтамалардың түрлері, шартты белгілер жүйесі, тілдік дәйектеме материалдардың түрлері, фразеологияның берілуі, қосалқы деректерді орналастыру, т.б.) зерттеуді атайды [7, 258-259].
Теоретикалық лексикографияның құрамы туралы қазақ лексикографиясында бізден бұрын жүргізілген зерттеу жұмыстарында жақсы жазылған: «Қазіргі кездегі әлемдік лексикографияда қалыптасқан жіктеме бойынша теоретикалық лексикография өзара байланысты екі бөліктен:
лексикография теориясы мен лексикография тарихынан құралады. Лексикографияның тарихы түрлі тарихи дәуірлер мен кезеңдерде жасалған сөздіктерге жалпыфилологиялық талдау жасап, оларды ғылыми айналымға қосу мәселелерімен айналысады. Лексикографияның теориясы сөздік түзу тәжірибесін қорытып, жүйеге салады, сөздіктердің тарихи тұрғыдан қалыптасқан жанрларын жетілдірудің теориялық мүмкіндіктерін зерттейді. Сөздіктерді түзудің ұстанымдары (принциптері) мен әдіс-тәсілдерін жасайды. Лексикографияның теориясы лексикографияның тарихына, лексикографиядағы отандық және әлемдік дәстүрлерге, сондай-ақ‚ теориялық зерттеулерге сүйенеді. Лексикографияның теориясы, тарихы, практикасы өзара бірлікте қарастырылатын‚ бірінсіз бірі болмайтын‚ бірімен бірі өте тығыз байланысты‚ біріне бірі тәуелді салалар болып табылады» [8, 25-33]. Біз де осы тұжырымды жөн көреміз.
Лексикографияның теориясында қарастырылатын алғашқы мәселе, бірінші аспект – «лексикография» ұғымына анықтама беру болып табылады. Белгілі бір ғылым саласының арнаулы ғылыми тілін, ондағы ғылыми аппарат құрамын, ұғым мен зат, құбылыс атауларының табиғатын талдау ісімен салалық метатіл ілімінің айналысатыны белгілі. Лексикографияның да өз метатілі бар [9, 64-72; 10]. Ғалымдардың лексикография терминіне берген анықтамалары әртүрлі. Испан лексикографы Х.Касарес оны «сөздік жасау өнері» деп атайды [11, 28]. ХХ ғасырдың орта шеніндегі ғалымдар осыған ұқсас көзқарасты ұстанған: «Лексикография – сөздіктерді түзу өнері, сөздік түзу техникасы» [12, 9]. Кеңес Одағы тіл білімінің өкілдерінің пікірі бойынша лексикография – «сөздік түзу бойынша жасалатын ғылыми жұмыс» [13, 137; 14], «сөздік түзумен айналысатын ғылым түрі» [15, 173]. Лексикографияға үлкен лингвистикалық сөздікте: «сөздік түзудің теориясы және практикасымен айналысатын ғылым саласы» [14, 258-259] түрінде түсінік беріледі. Қазақ тіл білімінде аталмыш терминге берілген негізгі анықтамалардың бірінде (Ғ.Қалиев) ол екі мағынада: 1) сөздік жасаудың теориясы мен практикасын зерттейтін тіл білімінің саласы; 2) белгілі бір тілдегі я ғылым саласындағы сөздіктердің жиынтығы – ретінде көрінеді [12, 197]. О.С.Ахманованың лингвистикалық терминдер сөздігінде: 1) сөздік түзу туралы ғылым; 2) тілдегі лексикаға сипаттама жасау ретінде сөздік түзу ісі; 3) тілдегі немесе білім саласындағы сөздіктер жиынтығы [15, 215] – деген анықтама беріледі. Кірме сөздер сөздігінде: 1) сөздік түзу ісі; 2) тіл біліміндегі сөздік түзудің теориясы мен тәжірибесін зерттейтін сала; 3) сөздік түрінде басылған еңбектердің жиынтығы, сөздік түріндегі әдебиет [14: 174, 336]. Кеңестік дәуірдегі екі тілді (аударма) лексикография теориясының негізін қалаған ғалым В.П. Берковтың пікірі бойынша, лексикография: 1) сөздік түзу ұстанымдарын зерттеумен айналысатын ғылым саласы, сөздік жасаудың теориясы; 2) сөздік түзу ісі; 3) тілдегі сөздіктердің жиынтығы; 4) елдегі сөздіктердің жиынтығы [12, 4].
Жоғарыда келтірілген анықтамалар бойынша дау айту қиын. Алайда, бұл жерде бір мәселені естен шығармаған жөн. Ол сөздің бастапқы этимологиясына қатысты мәселе.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
- Ысқақов А. Кіріспе сөз // Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 1-том. Алматы, 1974. 3-22 бб.
- Томанов М., Малбақов М. Г.Ю.Клапрот қазақ тілі жайында // ҚР ҰҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. 1989. №1.
- 3. Букин И. Русско-киргизский и киргизско-русский словарь. Ташкент, 1883.
- 4. Лаптев И. Материалы по казак-киргизскому языку. М., 1900.
- 5. Ильминский Н.И. Материалы к изучению киргизского наречия. Казань, 1861.
- 6. Киргизско-русский словарь. Оренбург, 1897.
- 7. Бокин Т. Русско-киргизский словарь. Верный, 1913.
- Абай. Қалың елім, қазағым. Алматы: Атамұра, 2002.
- Абай. Қарасөз, поэмалар. Алматы: ЕЛ, 1993.
- Махамбет. Алматы: Арыс, 2001.
- Малбақов М.Қазақ тілі түсіндірме сөздігінің құрылымдық негіздері. Филология ғылымдарының докторы диссертациясы. Алматы, 2003.
- Радлов В.В.Опыт словаря тюркских наречии. Том 1-4. СПб, 1888-1911.
- Мұсаева Ж. Қазақ лексикографиясында қолданылатын атаулардың метатілдік табиғаты. Фил. ғ.к. авторефераты. Алматы, 2006. 26 б.
- Түсіпқалиева Р.Қазақ лексикографиясы: екітілді шағын сөздіктердің құрылымы. Ф.ғ.к. авторефераты. Алматы, 2007.
- Көбденова Г. Қазақ тілінің тарихи лексикографиясы. Ф.ғ.к. авторефераты, Алматы, 2008.