Қазақ байғұстың басынан ауыртпалық арылмады

Қазақ байғұстың басынан ауыртпалық арылмады

 

Қазақ байғұстың басынан ауыртпалық арылмады. Патшалық билік тұсында да, тіпті одан арғы уақытта да ата-бабаларымыз мамыражай ғұмыр кеше алмады.
Қазақ халқының күллі тағдыры күреспен өтіп келеді. Содан патша тақтан құлаған кезде өз алдына тәуелсіз ел, мемлекет болудың сәті түсе қалғандай көрінді. Осындай күнді аңсаған Алаш арыстары халқымыздың бар жауапкершілігін өз мойындарына алып, Үкімет құрып еді. Егер оларға ерік беріліп, дегендеріне жеткенде, сөз жоқ, гүлденген Алаш елі, байлығы ырысына айналған Қазақ атанып, бабалар қалдырған қасиетті жердің қазба байлықтарының арқасында «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» ғажап заманның рахатын көрер едік. Аяулы арыстарымыз дегеніне жете алмай, бәрі атылып кетті.
Кім атты, кім аттырды?
Міне, осы мәселе әлі күнге дейін жабық қалпында тұмшалануда. «Қазақтар бір-бірлерін ұстап берген» дейді елдің бір бөлігі. «Жоқ, бүгінгі және кейінгі ұрпаққа сабақ болу үшін бәрін ашайық, әшкерелейік» дейді екінші бөлігі. Қалай дегенде де ақиқат айтылуы керек. Ондай сатқындық, ұлт алдындағы опасыздықтың тамырына балта шабылу үшін өз басым сталиндік жеке басқа табыну дәуірінде орын алған қасіретті оқиғалардың жария болғанын құптаймын.
Неге?
Иә, осы сауал – бәрімізге ортақ сауал. Өйткені қазақты қудалайтын, өз жерінде емін-еркін өмір сүргізбейтін бақытсыздық тіпті күрделеніп кетті. Бұрын ата-әжелеріміз бен әке-шешелеріміз Сталин саясатынан зар илесе, енді бүгін өз қандасымыз дейтін Назарбаев дәуірінің құрбаны болып отыр. Ол табаны күректей 30 жыл илеуінде ұстап, есімізден тандырды. Ақ, қараны айыра алмайтын, бір қазақ бір қазақты жау көретін халге жеттік. Ақиқатты айтқан, адамша өмір сүру мәселесін сөз еткендердің бәрін жаппай жазалайтын, атып-асатын, өз бастарын ғана емес, бірге туған бауыр, бала-шағаларын да қағыс қалдырмай қырып салудан тайынбайтын «тәуелсіз, қатты дамыған» мемлекеттеміз. Өзі өсе алмай, іргеміздегі аждаһа елінің көз құртына айналған аз қазақ НӘН-нің мәңгілік мызғымай билік құруы үшін жаныққан, көздері қанға толған өз қандастарының қолынан өліп, жоқ болып жатыр. Ол билікте отырған жылдардың біреуі де қан төгусіз, қайғы-қасіретсіз өткен жоқ. Ажал құшқан арыстарымызды санамалай-ақ барша ел біледі. Жаңаөзен қырғыны анау… Енді әкесінің соңынан қазақтың болашағы болып өсіп келе жатқан баласын да жер жастандырған масқара оқиғаның куәсіміз…
Соңғы үш-төрт күннен бері қазақ елі күңіреніп тұр. Бәрінің аузында – Жанболат. Әкесінің топырағына шөп шықпай жатып оны да НӘН билігі өлтіртті. Сөйтіп, қылмыстарын жасырудың да орайын келтіре қойды. Тағы да әдеттегідей қасірет қамыты момын, қақ-соқпен ісі жоқ, саясаттан мүлде аулақ, жан сақтаудың қамын күйттеп жүрген 21 жастағы Өміржан Рахмет деген баламыздың мойнына ілінді. Өзі ілмиген, аузынан сөзі түсіп тұрған байғұс баланың анасы екі қолтығына екі балдағын ұстап жылап-еңіреп отыр. Жамбыл облысынан екен. «Бәрімізді асырап отырған осы бала еді. Өзіміз пәтерде тұрамыз» дейді…
Ей, опасыз билік!
Ей, осы билікті ұзартуға ұмтылған бейбақтар! Сендер Құдайдан қорықсаңдар қайтеді? Сендер өзі ертеңдеріңді ойлайсыңдар ма? Әр нәрсенің жауабы болатынын, қиянат құр кетпейтінін қаперге алсаңдаршы!
Бүгін Алматыда рұқсат етілген митингі өтеді. Ол жерде бұдан да ауыр сөздер айтылады.
Бүгін қазақтың қасіреті ашына айтылатын күн, ағайындар! Елдің ертеңін ойлап, әрекет жасауға ұмтылу үшін бару керек деймін мен… Талғат Айтбаев