Құрастырушы – Талғат АЙТБАЙҰЛЫ
12-том
«Тоғанай Т» Алматы 2018
Уақыт ұзаған сайын мәнін жоғалтпай, маңызы тереңдей түсетін ұлы оқиғалар болады. Кеңестер Одағының ыдырап, социалистік жүйенің күйреуіне себепкер болып, әлемдік саясаттың өзгеруіне дем берген Желтоқсан көтерілісі дәл сондай тарихи теңдессіз оқиға. Компартия билік басынан кетті дегенімізбен, оның бишігін ұстаған бұрынғы басшылық тонын теріс айналдырып киіп, ел билігінің тізгінін бермей отырған бүгінгі жағдайда көтерілістің өз бағасын ала алмай, қасиетті Алаңда ұлт намысы үшін қан төгіп, ғажап ерлік көрсеткен батырлары бағаланбай, қағаберіс тірлік кеше берері де айтылуға тиісті ақиқат. Алайда уақыт өтеді, заман өзгереді. Сол кезде ел тағдыры саудаға салынып, кім қандай әрекет жасап еді деген сауал алдымызды кескестейтін сәтте күмілжіп қалмау үшін, айғақ-кітаптардың кезекті томын өздеріңізге ұсынып отырмыз. Әдеттегідей таралымы аз екенін де естеріңізге сала кетеміз. Кітап көпшілік оқырмандарға арналған.
Алматы 1986 Желтоқсан: айғақ-кітап.
/Құраст. Талғат Айтбайұлы. – Алматы:
Әмір МОЛДАБЕКОВ,
халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының иегері.
Желтоқсан көтерілісі – үлкен тарихи оқиға
Желтоқсан көтерілісі – үлкен тарихи оқиға. Оның жолы ауыр болды. Әлі де солай. Тәуелсіз ел болдық десек те, ол билік үшін үрей тудыратын жабық тақырып. Желтоқсан айы жақындағаннан басшылықтан тыныштық кетеді. Қаланы студент жастардан тезірек тазартуға кіріседі. Бұрын қысқы сессиялары қаңтарда болса, оны бір айға оздырып, желтоқсанның басына қояды. Жастар қай заманда да қозғаушы күш болған. 1986-ның желтоқсанында да дәл солай болды. Оған әкелген КПСС-тің 344 345 тізгінін ұстаған горбачевшіл биліктің шовинистік ұстанымы. Осы ұстанымға біздің үлкен билікте жүрген қазақ азаматтары да белсене араласты. Дәл қазір аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйын. Алматыда қазақтар көбейіп кетті, ондағы жоғарғы оқу орындарында орыстар азайды деді. Сөйтіп, процентке шақты. Осындай қудалау әрекеті Желтоқсаннан әлдеқайда бұрын басталған. Қазақтың өз жерінде, өз топырағында теперіш көруі қарсылық тудырды. Колбиннің бірінші хатшылыққа келуі жай себеп болды. Бірақ, осыны жасаған орталық өз кінәсін мойындамады. Алаңға шыққан қыз-жігіттерімізге көресіні көрсетті. Араларында ажал құшқандары да бар. Биліктің есебі бойынша санаулы ғана еді, ал шын мәнінде олай еместігін ішіміз сезеді. Қай кезде де қиянатқа қарсы тұрып, өктемдік көрсеткен күшке бірдеңе дейтіндер санаулы болады. Желтоқсан көтерілісіне байланысты Жұбан Молдағалиевтің, Салық Зимановтың, Сейдахмет Бердіқұловтың, Әзілхан Нұршайықовтың не дегенін, ұлтымыздың сөзін қалай сөйлегенін жақсы білеміз.
Солардың бәрінен бұрын осы қасірет оқиғасына қатысты өз ойын айтқандардың бірі де бірегейі Марат Кәрібайұлы Барманқұлов. Мәкеңді бүгінде білетіндер өте аз. Ол кісі телевидение саласының асқан білгірі еді. Бүкіл Кеңестер одағының осы салада жүрген мамандарына аты таныс. ҚазМУде ұстаздық етті, декан болды. Ғылым докторы, абзал азамат еді. Тура 17-ші желтоқсанның 18-інші желтоқсанға ауысатын түні біздің университетте үлкен жиналыс өтті. Оған Мәскеуден келген Соломенцев пен Разумовский қатысты. Университеттің ұстаздарын шәкірттеріне дұрыс тәрбие бермеген деп кінәлады. Бетіне түгі шыққан Соломенцев ұлтшылдықты үдеткенсіңдер, оқу орындарыңды жабамын деп шүйілді. Сонда бәрі аузын буғандай үнсіз қалғанда, Марат Кәрібайұлы орнынан тұрып: «Қазақ университеті болғаннан кейін мұнда қазақтар оқымағанда кімдер оқиды?!» – деп, қасқиып қарсы тұрып сөйледі.
Бұл сол уақыт үшін ерліктің ерлігі еді. Уақыт емші ғой. Айлар озып, горбачевшіл билік өздерінің қателігін сезінді, демократиялық сайлаулар басталды. КСРО Жоғарғы Кеңесіне бүкіл Кеңестер Одағы бойынша журналистерден бір депутат сайлану керек еді. Эдуард Сагалаев пен Марат Барманқұлов іріктеліп шықты. Эдуардтың аты озып, Марат ағамыз аз ғана дауыспен қалып қойды. Бірақ осының өзі мақтаныш етерлік жетістік еді. Бүгінде Марат Кәрібайұлы арамызда жоқ. Алайда ол кісіні білетіндердің бәрі сағынышпен еске алады. Мінезі мәйін, ішкі мәдениеті өте жоғары ғажап кісі болатын. Әкесі «халық жауы» болып кеткен. Жетім боп өскен. Бірақ жастайынан шыңдалып, өзін жан-жақты жетілдіріп, үлкен биікке қол жеткізген ағамызды бүгін Желтоқсанда жазықсыз жапа шеккен қазақ жастарының шын жанашыры деп еске алып отырмын.
Әмір МОЛДАБЕКОВ,
халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының иегері.
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.