БІЗ, СЕНІ, САҒЫНАМЫЗ, АҒА!

ҚАЗАҚ РАДИОСЫНА  –  100 ЖЫЛ

                                          Құдиярбек АҒЫБАЕВ,

               Қазақстан Республикасының Мәдение қайраткері.

БІЗ, СЕНІ, САҒЫНАМЫЗ, АҒА!

    (Ұстазым Кемелбек Шаматаев туралы толғау)

       Адамның ең үлкен қазынасы, байлығы, бағалануға болмайтын, ешбір өлшемге сыймайтын ең қымбаты – жаныңа жақын адамдарың болса керек.

Жас кезіңде ата-анаңның аялы алақаны ешбір қиындықты байқатпайды екен. Балалық бақытты күндердің қалай өткенін сезбей  қалатының да содан. Олар кеткен соң өрт шалмайтын қалың ормандай бауырларың, аға-әкпелерің қоршап, жан-жағыңды берік сезінесің. Сүйтіп, еш нәрсеге алаңдамайсың. Алайда, алтын ұя мектебіңді бітіріп, туған ауылыңнан алысқа, Алматыдай ару қалаға оқу-білім іздеп келгенде “Алатауды алты айналсаң да” таба алмайтын жандардың алдыңнан шығып, ағалық ақылымен қамқорлығын көрсетіп, жанашырлық сезімін білдіріп, қиналғанда жол көрсетіп, қолтығыңнан демеп жібергенін қалай ұмытарсың.

Міне, сондай өмір табыстырған асыл ағаларымның бірі, қолымнан жетелеп жүріп журналистика әлеміне әкелген ұстазым Кемелбек Шаматаев еді. “Мен қазақ радиосында отыз жыл қызмет еткен болсам, оның он алты жылын “Ұшқын” деп аталатын бағдарлама дайындайтын жастарға арналған хабарлар редакциясына арнадым. Оны жұрт ауызекі әңгімеде “Әуе толқынындағы “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) деп атайтын. Сондықтан ба екен, Қаз МУ-дің журналистика факультетінде оқитын талантты жастар жиі келіп, алғашқы жазған-сызғандарын ұсынып жүретін” деп жазған екен Кемелбек аға өзінің бір естелігінде.

1970 жылы алты жігіт сол кездегі Қазақтың С.М. Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің дайындық бөліміне ілігіп, келер жылы бірінші курстың студенті боп шыға келдік. Шетімізден ақын-жазушы, журналист болсақ деген биік арман біздің ақыл-есімізді баурап алғаны соншалық, Алматыдағы басқа оқу орындарында оқып жүрген жазу-сызуға жақын жүретін жастардың көбісімен дерлік танысып, олармен тығыз аралысып, ой-пікірлерімізді бөлісетінбіз. Бұл бір өте керемет кез еді-ау. Сабақта отырып та, оқудан қолымыз қалт еткен шақтарда да қолымыздан дәптер мен қалам түспейтін. Ермек Әзімбаев досым газет-журналдарға хат жолдаудан жалықпайды. Мен болсам “тисе терекке, тимесе бұтаққа” дегендей, сол кезде студентер өте құлақ қойып тыңдайтын Қазақ радиосының “Ұшқын” жастар бағдарламасына араға күн салып, хат арқылы жазғандарымды боратамын да жатамын. Бұл еңбегім зая да кетпеді. Курстас достарымның арасында қазақ эфирінен атым жиі аталынып, тәп-тәуір беделім көтеріліп қалды. Бірде, курсымыздағы үлкен топтың старостасы, Лениндік стипендиат Ержұман Смайыл факультеттегі газет-журнал мен радио-телевидениеге қатысып, белсенді көрініп жүрген бес-алты ұл қыздарды жинап, бірінші курстың студенттерімен кездесу ұйымдастырды. Солардың қатарында менің де атымның аталғанын көріп, кездесуге шақырылғанымда төбем көкке бір елі жетпей қалған. Бәлкім, осылай жүре берер ме едім, бірінші сессияны ойдағыдай тапсырып, ауылдан екінші семестрге сабаққа келген күні старостамыз, бәрімізден жасы да жолы да үлкен Бибігүл Мәтенова – Биапамыз аудиторияда, үзіліс кезінде маған “көзайым” хабарды жеткізген еді.

  • Қыздар-жігіттер, мен кеше Қазақ радиосына барған едім, біздің Кудрды (мені солай атайтын) – Құдиярбек Ағыбаевты, «Ұшқын» редакциясының басшылары іздеп жатыр екен. Сенімен танысқылары келеді, – деді ол. Жүректегі жастық желпініспен сол жылы Қазақ радиосының табалдырығын жүрексіне аттадым. Абай Өтегенов, Әнуарбек Байжанбаев, Нәзила Баймұратова, Мадрид Рысбеков, Кемелбек Шаматаев, Қасымхан Ерсарин, Шаншархан Төрегелдиев, Дүйсенбек Қанатбаев,  Руслана Құдайбергенова, Құсман Игісінов, Дінәш Нұрмұханбетов, Махмет Түменбаев секілді аттары қазақ эфирінен “жер жарған” аға-апаларыммен бірден қоян-қолтық аралас-құралас боп кетем деген ой өңім түгілі түсіме де кірген жоқ еді. Кемелбек ағам бірінші танысқан күні-ақ қолымнан жетелеп, төртінші қабаттағы бухгальтерияға апарып, ашқұрсақ студентке, маған тиесілі, талайдан бері жинақталып қалған  қаламақымды өз қолымен әперіп, бір байытып тастағаннын қалайша ұмытайын.

Ұстазым Кемелбек Шаматаев туралы еске алғанда оның менің жеке өміріме қатысты үш бірдей қамқарлығын ерекше атап өткім келеді. Оны Кемелбек ағамның үш феномендігі десем артық болмас. Алғашқысы, бірінші курста оқып жүргенде мені жаңа танысқан ағаларымның бірі журналға қызметке шақырды. Сол кезде редакциядағы Кемелбек пен Шаншархан ағаларым мені қызғыштай қорғап, жіберместен, жандарында ұстап қалуға тырысты. Себебін кейін білдім. Әлі қабырғасы қатпаған, оң-солын тани қоймаған, мұрты жаңа тебіндей бастаған балаң жігіт бөтеннің жетегінде кетпесін, теперіш көрсетпесін, жаман әдеттерге, ішімдікке үйретпесін деген екен. Екіншісі, сол жылы курстас досым Ермек Әзімбаев екеумізді шақырып алып, «Ұшқын» бағдарламасының жанынан студенттерге арналған жаңа радиожурнал ашуды, оған екеумізге жетекшілік етуді тапсырды. Бұл бізге көрсетілген үлкен жауапкершілік, зор сенім еді.

  • Бір апта уақыт беремін. Студенттерге арналған, әзірге айына бір рет

шығатын жаңа бағдарламаның атын үйден өздерің ойластырып келіңдер, – деді Кемелбек аға.

Ермек екеуміз он ойланып, жүз толғанып дегендей, «Балдәурен» деген атты ұсынғанда, Кемелбек аға сәл-пәл ойланып отырды да:

  • Жақсы екен, бірақ, менің ойымша, «Балдәурен» балалық шақты еске

сап тұрғандай, ал біз жаңа радиожурналымызды «Гүлдәурен» деп атасақ қалай қарайсыңдар, – деді. Бұл атау бізге қатты ұнады. «Гүлдәуреннің» алғашқы санына мені редактор етіп бекітті. Түнімен ұйықтай алмай, жаңа хабардың жоспарын қалай етсем екен деп қатты қобалжыдым, бір жағынан сеніп берілген тапсырма қиялымды шарықтатып жіберді. Алғашқы сүйінші хабарға өнер мен мәдениеттегі еңбегі сіңген апа-ағаларымыздан сөз сұрап, студент-жастардың өздерінен сұхбат жүргізгенім есімде. Әсіресе, хабарды М.Әуезов атындағы академиялық театрының жұлдыздары Фарида Шәріпова мен Торғын Тасыбекова, Зәмзәгүл Шәріпова апаларымыздың жүргізуі одан бетер құлпырта түсті. «Гүлдәуреннің» алғашқы хабары эфирге шыққан бойда бір аптаның ішінде студенттерден бір бума хат алып үлгердік. Бұл Ермекке екінші хабарды шығаруға үлкен көмегін тигізді. Хабардың келесі сандарында бір айдарымызды жастардың махаббат тақырыбына арнауымыз қараңғы түндегі найзағай отындай жарқ еткізіп, біздің радиожурналымыздың рейтингін демде-ақ биікке көтеріп жіберді. Тыңдарманнан енді қапшық-қапшық хат алатын болдық. Редакция меңгерушісі Мадрид Рысбеков, Кемелбек Шаматаев, Дінәш Нұрмұханбетов, Махмет Түменбаев ағаларымыз Ермек екеумізге дән риза. Бірінші курстың студентіне ең танымал хабардың редакторы деп эфирден атымыздың аталуы біз үшін үлкен мәртебе еді. Бұл менің болашағымды түгелдей жаңа бағытқа бұрып, үлкен армандарға жол ашқан оқиға болды. Кемелбек аға бастап, «Ұшқын» редакциясының ұжымы Қазақтың Қыздар педагогикалық институтында студенттермен кездесу өткіздік.  Алматының жоғары оқу орындарындағы студент-жастармен де тығыз байланыс құрдық. Ермек Әзімбаев, Әуез Бейсебаев, Тілеуқабыл Мыңжасаров, Ғалия Қайдаулова секілді бүгінде есімдері елге таныс құрбы-достарым қол ұшын беріп, көмекке келді. Редакция жұмысына тереңдеп кірісіп кеткенім сонша оқу-теориялық білім алу жағын әлсіретіп жібергенімді жасыра алмаймын. Топта бірге оқитын Ержұман Смайыл, Айтбай Сейітов,  Биапа – Бибігүл Мәтенова сияқты жасы үлкен курстас апа-ағаларым менің оқуды жұмыспен қатар алып жүруіме көп көмегін тигізгендерін айтуым керек.

Ермек Әзімбаев досым аса талантты жігіт еді. Оның шығармалары, әңгімелері «Жұлдыз», «Лениншіл жас» газеттерінің бетінде жариялана бастады. Кейін оның назары біртіндеп баспасөзге ауа бастады. Сөйтіп, «Гүлдәурен» радиожурналына мен тұрақты жетекшілік ете бастадым. «Гүлдәурен» радиожурналы 2000 –шы жылдарға дейін эфирден үзбей беріліп тұрды.

Кемелбек Шаматаевтың үшінші феномені де қызық. Бір күні түскі ас кезінде Кемелбек ағам үйге баратынымызды айтты. Сара жеңгем ет асып, дастарханды жайнатып қойыпты. Жап-жас балаға мұнша құрмет көрсетіп жатқандарына қатты ыңғайсызданып отырмын. Тамақ үстінде Кемелбек ағам мені Сара жеңгеме жер-көкке сыйғызбай мақтады.

  • Бір кездері осы бала Қазақ радиосының бас директоры болады. Менің

осы сөзімді ұмытпағын, Сара. Сен де сол кезде ағаңның осы айтқан сөздерін есіңе ала жүрерсің, – деді Кемелбек ағам, енді маған қалжыңдай сөйлеп. Өңім түгілі түсіме кірмейтін нәрселердің айтылып жатқанына ыңғайсызданып, ұялғаннан жерге кірердей болдым. Өмір деген кездейсоқтықтан тұрады десек те, бұл естіген сөздердің кейін шындыққа айналғанын ойлағанда адам бойындағы интуиция, қазақша сана түйсігі дейміз бе, осындай сезімдердің кейде кісіні алдамайтынына көз жеткізгендей боласың. Арада сан жылдар өтіп, Қазақ радиосының бас директорының бірінші орынбасары, кейін бас директоры қызметін атқарып жүргенімде  Кемелбек ағама бір кездері мен жайында айтқан сол бір жылы лебізін есіне салғаным бар. Ол кісі ештеңе болмағандай сабырлы қалпында тыңдады. Өмір-ай десеңші!

Өмір – мектеп, ұстаз – үлгі, қызмет – тәрбие екен. 1986 жылы мен Ауыл шаруашылығы бас редакциясына ауыстым. Қызмет жолымен Қазақ радиосының барлық редакциясында дерлік еңбек етіппін. «Ұшқында» жүрген кезімізде Кемелбек Шаматай ағамнан ұшқындап тұратын жүйріктікті, насихатта жүріп Шаншархан Төрегелдиев ағамнан қолдағы деректі ойнатып, тез жұмыс жасап, жылдам хабар жасауды, «Шалқардағы» Тұрғынбек Шопанов ағамнан очерк пен суреттеме жанрына қалам тартуды, соңғы хабардағы Руслана Құдайбергенова апамнан тікелей эфирде хабар жүргізуді, кейін көп жылдар Қазақ радиосының директоры болған Мадрид Рысбеков пен Қуаныш Орманов ағаларымнан редакциядағы, жалпы радиодағы басқару тетіктерін, ұйымдастыру жұмыстарын үйрендім десем артық айтпаған болармын.  Бұған қоса әдеби тақырыптарға да қалам сілтеп, классик жазушыларымыздың әңгімелеріне радиоинсценировкалар, радиоқойылымдар жасап жүрдік. Оған театр артистері мен музыканттар қатысып, хабардың көркін аша түсетін.

Кемелбек Шаматаев шығармашылығының ең биік шыңға өрмелеген екі сәтінің куәсі болдым. Бірі – жоғарыда әңгімелеген «Ұшқын» жастар бағдарламасына сіңірген еңбегі. Қара сөздің өзін өлеңмен өріп, хабардың композициясын сәт сайын құлпыртып, ән мен мәтінді біріктіріп жіберетін. Екіншісі, өзім радионың басшылығында жүрген кездерде Кемелбек ағаның данышпан Абай хакім тақырыбына арнайы хабар жасауы болды. Ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толуы қарсаңында Кемелбек аға философия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есіммен бірлесіп жүргізген әрқайсысы жарты сағаттық 54 хабардан тұратын «Асыл сөздің астарлары» деген герменевтикалық түсіндірме тәсілімен әңгіме циклдарын дайындады. Бұл – Кемелбек ағаның нағыз шығармашылық шабыттың биігіне көтерілген кезі еді. Осы хабарлар циклы үшін Кемелбек Шаматаев мерекелік Абай және Қазақстан журналистер одағы сыйлықтарының лауреаты атанды. Сірә, академик Зейнолла Қабдоловтың «Кемелбек Шаматайдың қалыптастырған радиожурналистік мектебі бар» дейтіні де осы тұс болса керек.

Інілерін ет-бауыры езіле жақсы көретін, бір басында толған талант: ақын, сатирик, аудармашы, журналист, жүргізуші Кемелбек Шаматаев осындай жан еді ғой. Сенің кіршіксіз жүрегіңді, алғаусыз көңіліңді, асқар таудай болмысыңды, кішіпейіл мінезіңді, әуе толқынында сөзбен өрнек салған қоңыр даусыңды – бәрі-бәрін сағынамыз әлі, аға!

Құдиярбек АҒЫБАЕВ,

               Қазақстан Республикасының Мәдение қайраткері.