КАРТАЕВА А., ЖЕТПІСБАЕВА Р.
ф.ғ.д., профессор
Қайнар академиясының магистранты
ЗӘКИ АХМЕТОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ АБАЙ ТАҒЛЫМЫ
Абай мұрасы – сан ұрпақтың ой-дүниесіне даналық дәнін егіп, ақыл санасына ізгілік нұрын сепкен рухани тағлымы мол қазына. Абай тағлымы – қанша ұрпақтың нәр алып, рухани азық еткен зерттеудің қайнар көзі. Бұл тақырыпты қастерлеп, ғұмыр бойы зерттеп, жас ұрпаққа таныту мақсатында қаншама ғалымдар мен қалам қайраткерлері қажырлы еңбек етті. Сол ғалымдардың ішінде 1951 жылдан бері абайтану ғылымына салмақты үлес қосқан академик Зәки Ахметовтің еңбегі зор. Келешек жас ұрпаққа академик Зәки Ахметовті Абай тағлымының дарынды мұрагері ретінде танытып, артында қалдырған ғылыми мол мұрасын зерттеуді қажет деп білеміз.
Ғылымдағы жолын ұлы Абайды зерттеуден бастап, өмірінің соңына дейін кемеңгер ақынмен рухани бірлікте өмір сүрді. Жарты ғасыр ғұмырын арнаған Абай тақырыбы – ғалымның жүрегінің қызуы, жігерінің қуаты болды. Академик С.Қасқабасовтың сөзіне ден қойсақ: «Сонау 1951 жылы жазылған «Лермонтов и Абай» атты еңбегінен басталған Абайға деген құштарлық 1995 жылы «Абайдың ақындық әлемі» атты монографияны дүниеге әкелді. Сол жылы жарық көрген «Абай» энциклопедиясына да басты-басты мақалаларды Зәки Ахметов жазды. Ұзақ жылғы абайтануға арналған еңбегі үлкен абырой әперді, Зәкең Мемлекеттік сыйлыққа ие болды», – дейді [1, 5 б.].
Абай тағлымын бойына сіңіріп, санасында мәңгі тербетіп, жанына қуат еткен З.Ахметов ғылыми-шығармашылық жолында ақын мұрасы жайлы іргелі зерттеу еңбектер жазып, түйінді пікірлер айтып, теориялық негіз қалыптастырды. Сол еңбектердің ішінде абайтану ғылымына зор үлес қосқан «Лермонтов и Абай» (1951), «Абайдың ақындық әлемі» (1995), «Поэзия шыңы – даналық» (2002) атты монографиялық еңбектері, көптеген ұжымдық кітаптары мен сандаған мақалаларын атауға болады.
З.Ахметов Абай шығармашылығын тұтас қарастырып, толық әрі жан-жақты зерттеп жұртшылыққа ұлағат етті. Ақынның өлеңдері, қарасөздері, поэмалары мен аудармаларына ғылыми сипаттама жасап, оқырманды Абайдың ақындық әлеміне қарай бойлатады. Абай шығармаларының қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында өзінше бөлек, өрісі аса биік, мүлде жаңа ой-пікір, көркем сезім әлемі екенін түсіндіреді. «Абайдың ақындық әлемі» атты еңбегінде З.Ахметов ақын лирикасын тақырып-тақырыпқа қарай бөліп, өлеңдерінің ішкі мазмұнына үңіледі. Соның ішінде Абайдың ақындық өнер мен ән-күй туралы толғаныстары жайын сөз қылғанда, ғалымның озық ойлары мен зерделі талдаулары Абайдың эстетикалық танымын ашуда жаңа көзқарастардың қалыптасуына бағыт береді. Алдымен өлең деген ұғымның Абай поэзиясында қандай мағынада қолданылатынын анықтай отырып, ғалым мына терминдерді ұсынады: өлең, өлең сөз, поэзиялық шығарма, ән өлең, күй, әуен. Абай поэзиясындағы өлең ұғымының осындай мағынада қолданылғанын айтып, әрбіреуіне жеке-жеке талдаулар жасайды. Осы жөнінде айтқан академиктің мына пікірі келешек зерттеушілерге ой салады: «Айрықша көңіл аударарлық жай – Абай өлең турасында айтқанда жазып шығарылып, оқылып айтылатын өлең сөз бен әнге салып айтатын өлеңнің арасын бөліп, шек қоймайды» [2, 156 б.]. З.Ахметовтің анықтауынша, Абайдың поэзиялық шығарма нағыз өмірлік қажеттіліктен туатын, үлкен мақсатқа жұмсалатын сөз деп қарағаны – есте ұстайтын жайт. Абайдың ақындық өнер мен ән-күй туралы толғаныстарын талдау барысында, ғалымның ақын поэзиясының тағлымдық мәніне ерекше назар аударып отырғаны байқалады.
Абай поэзиясының қуаттылығын көрсету үшін өлеңдерінің тіл бейнелілігіне, өлең өрнектеріне теориялық талдау жасайды. Қарасөздерінің тақырыптық, жанрлық ерекшеліктеріне, поэмаларының сыр-сипатына зерттеу жүргізеді. Абай шығармаларын оқып түсіндіру мақсатында оқырмандарға қажетті деген негізгі мәселелерді қамтып, жүйелі әрі ұғымды тілмен нақты беруге тырысады. З.Ахметовтің өз сөзімен айтсақ: «Бұл тұрғыдан қарағанда Абай творчествосына оның танымдық, көркемдік мәнін, негізгі тақырыптық арналарын, адамгершілік сарын-әуендерін айқындауға, талдап айтуға тірек боларлық біртұтас концепциялық көзқарас қандай қажет болса, әр шығармаға тереңдеп үңіліп, өзіндік сипатын ұғып-түсіне білу сондай қажет екені анық», – деген [2, 3 б.]. Ғалымның Абай шығармаларындағы әрбір сөзге өте мұқият қарап, әр шығармасына жіті көзбен үңіліп, өзіндік сипатына ерекше мән беруі – оқырманға ақын әлемінің тереңдігін түсіндіру еді. Яғни Абайдың сыршылдығын, суреткерлігін, ойшылдығын нақтылай түсіп, ақынның аса қуатты дарыны мен сан қырлылығын ашып көрсетеді. Автор Абайдың адамгершілік мұраттарын жан-жақты толық сипаттап, оның шығармашылық мұрасының танымдық, тағлымдық мәнін жүйелі ашып көрсетуді мақсат етеді.
Абай поэзиясының шеберлік қырлары мен сыршылдық сипатын басты нысанаға алып зерттеуді көздейтін болсақ, З.Ахметовтің «Поэзия шыңы – даналық» атты еңбегіне жүгінетініміз анық [3]. Себебі бұл еңбекте автор Абайды керемет суреткер ақын және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері, сонымен бірге ойшыл ақын ретінде оқырманға танытып, Абайдың ақындық дарыны аса қуатты және сан қырлы екенін дәлелдеп, ғылыми теориялық талдауларды ұсынады.
Абай өлеңдеріндегі ақын тұлғасы мен ақын бейнесіне ғылыми түсінік беріп, ақын бейнесінің әр өлеңде әр қырынан, әр түрлі көркемдік тәсілдер арқылы нақтылы көрініс табатынын тұжырымдайды. Ғалымның өлеңдегі лирикалық тұлға, ақынның бейнесі және оның поэзиядағы көркемдік көрінісі мәселесіне берген анықтамасы әдебиет теориясынан бізді дұрыс бағытқа бастайды. Лирикалық қаһарманның басты ерекшеліктеріне тән ұстанымдарды бере отырып, лирикалық қаһарман деген ұғым ақынның көптеген шығармаларында ой-сезім дүниесінің, мақсат-мұраттарының бірлікте тұтастықта көрінетінін пайымдайды. Абай поэзиясындағы ақын тұлғасын ашу үшін автор өлеңдегі лирикалық қаһарманның мінезіне, оның ішкі сыры мен көңіл күйіне, ой дүниесіне көз жібере отырып, ақын тілінің бейнелілігі мен көркемдігіне, шеберлік қырларына толық талдау жасайды. Соның нәтижесінде Абай лирикасының құдіретін оқырман жүрегіне жеткізуді мақсат етеді. Сол мақсатына З.Ахметов жетті де. Себебі өзінің айтқан мынадай сөзі бар: «Поэзиялық шығарманы ақынша сезініп, ақынша сөйлеу бар. Ол үшін өнерпаздық қабілет, үлкен шабыт керек. Алған әсеріңді айтып жеткізетін әдемі тіл керек» [2, 4 б.]. З.Ахметов ұлы Абайды зерттеу кезінде басшылыққа алатын ең негізгі қасиеттерді осылай ескертеді. Осы қасиеттерді өзі ұстана отырып, З.Ахметов Абай өлеңдерін оқырманға, жалпы жұртқа түсінікті жеткізіп, ақын поэзиясына құштар етті.
Зәки Ахметов өзінің көп жылғы ғылыми-шығармашылық қажырлы еңбек жолында Абай даналығын оқырман жүрегіне жеткізіп, зерттеп жазумен қатар, Абай мұрасын жас ұрпаққа талмай оқытып, шәкірттерінің санасына сіңіріп, ақын тағлымын үлгі етті және сол сара жолды нұсқады.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Қасқабасов С. Алғы сөз / Академик Зәки Ахметов және руханият мәселелері: «Академик З.Ахметовтің ғылыми мұрасы және қазақ әдеиетану мәселелері» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы: Үш Қиян, 2003. Б.14-19.
- Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. – Алматы: Ана тілі, 1995. – 272 б.
- Ахметов З. Поэзия шыңы – даналық. – Астана: Фолиант, 2002. – 408 б.