ЖҰМАБЕК ТӘШЕНЕВ – ҚАЗАҚ ЖЕРІ ҮШІН АЙҚАСҚАН  ҚАЙРАТКЕР

(С. Дүйсен, Қ.Еңсенов. «Ж.Тәшенев».

Алматы, «Литера -М» ЖШС, 2012 )

 

ЖҰМАБЕК ТӘШЕНЕВ – ҚАЗАҚ ЖЕРІ ҮШІН АЙҚАСҚАН  ҚАЙРАТКЕР

Тұтас бір дәуірді қандай ұлы адам болса да жалғыз өзі өзгерте алмайды. Халықтық, елдік, республикалық сипаты бар үлкен қадамдар жасау да бір адамның ғана қолынан келе бермейді. Алайда соған ықпал ететін, түрткі болатын тұлғалар болады.

ХХ ғасырдың екінші жартысында, Қазақ елінің басына күн туған қиын-қыстау кезеңде Жұмабек Тәшенев өзін өзгелерден ерекше ірі істерімен, пәрменді күшімен, құдіретті көріпкелділігімен таныта білді. Қазақ даласының әр сүйем жері үшін озбыр күштерге қарсы аяусыз күресті. Ол «елім» деп еңіреген М.Шоқай, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, Ә.Ермеков сияқты қазақ қайраткерлерінің ісін жалғастырды. Замана талабы туған кезде оттан шығып, жалын құшқан ақ алмастай қынабынан жарқ етіп, қадір-қасиетімен халқына танылды. Сөйтіп, қазақ тарихында ойып орын алған қадау-қадау тұлғалар қатарынан берік орын алды.

Жұмабек Тәшенев өткен ғасырдың 50-60 – жылдарындағы Қазақстанның саяси элитасының қатарында болды. Саяси элитаның өз ішінде және саяси элитаға кірмей қалған топ пен саяси элитаның арасында бәсекелестік, саяси күрес жүретіні белгілі. Жұмабек Тәшенев те осы саяси ойындарға еріксіз араласты. Бұл күресте ол жеңіске де жетті және зардабында тартты.

Т.Болатов,Ж.Тәшенов

Ел тұтастығы үшін күресінде Ж.Тәшеневтің соңында не елдің ішінде, не сыртта оны қолдайтын ұйым болған жоқ, ол ешқандай үгіт-насихат жүргізетін материал да таратпады. Ол тек білімділігімен, парасаттылығымен, ұлтжандылығымен Мәскеу өктемдігінің бетін қайтарды. Республикалардың Конституциясын белден басып үйренген, олардың территориясының тұтастығын, шекарасын сыйлауды Мәскеу баяғыда ұмытқан болатын. КСРО Коституциясы бойынша одақтық республикалардың өз мемлекет құрылысын өзі анықтау, тіпті Одақтан шығу құқы мойындалған еді. Бірақ ол халықаралық талаптарға сәйкес, көрер көзге тек қағаз жүзінде ғана мойындалған құқық еді.  Дегенмен күрес барысында оны еске салуға тура келген. Қазақтың саяси элитасының ішінде сол кезде Мәскеудің қазақ жерін бөлшектеу туралы шешіміне іштей наразы болғандар, шешім қабылданар сәтте қалыс қалғандар, сыпайылып қарсылық білдіргендер де кездесті. Бірақ атамекенді саудаға салуға республикадағы жоғары басшылар арасында Ж.Тәшенев қана ашық және табанды түрде қарсы шықты. Сөйтіп, көзі тірісінде есімі аңызға айналды.

Ж.Тәшеневтің арқасында Қазақстаннның құрамында сақталып қалған жер көлемі 600 мың шаршы шақырым немесе қазіргі Қазақстан Республикасы аумағының бестен бір бөлігін құрады. Бес облыстан құралған «Тың өлкесі» республиканың тауарлық астығының 89 пайызын беретін еді. Қазақстан құнарлы жерлерімен қатар халқының санын да кемітер еді.

Саясатты жасаушы адамды саясаткер деп атайтыны белгілі. Ж.Тәшеневтің кеңестік замандағы ұлтжанды қазақ қайраткері деуге болады. Біріншіден, ол кеңестік замандағы «ұлтшыл» деп жабылатын  жаладан қаймықпай, жоғары басшылықта қазақ ұлтынан басшы кадрлар қалыптастыруды батыл қолға алды, яғни «қазақтандыруға» күш салды. Оның бұл әрекеті Жоғары Кеңесте және үкіметті басқаруы кезінде айқын көрінді.

Екіншіден, ол шаруашылығы экономикасы саласының білгір маманы, әрі осы саладан екі дессертация жазған ғалым болғандықтан, Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамытудың, әсіресе жер өңдеу технологиясын қатаң сақтауды жақтаушы болды. Басқаша айтқанда, экономикалық саясат пен э кономика ғалымында өзіндік із қалдырды.

Үшіншіден Жұмабек Тәшенев қазақ өнері мен мәдениетінің үлкен жанашыры және ұйымдастырушысы болды.

Кеңестік заманда әр түрлі бетбұрыс кезеңдердегі өзгерістерге байланысты басшылық қызметтерде жүрген мемлекет қайраткерлеріне деген көзқарастар жиі өзгеріп, үнемі құбылып отырған. Бұған әсіресе өткен ғасырдың 50-60-жылдарындағы Қазақстандағы саяси оқиғалар нақты дәлел бола алады. Кеңес үкіметінің басшылары ұлтжанды қазақ қайраткері Жұмабек Ахметұлын, бейнелеп айтқанда, бір облыста оқшаулап ұстады және оның әрбір қадамы бақылауда болды. Сондықтан ғалым Кәрішал Асан Атаның Тәшеневті «шынжырдағы дала жолбарысына» теңеуі – өте орынды баға.

Қазақтың өткен ғасырындағы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен Жұмабек Ахметұлы Тәшенев сияқты екі ірі тұлғаның сыйласып, ынтымақтаса жұмыс жасауын тағдыр жазбады. Екі тұлғаның республика игілігі үшін жарасымды жұмыс істеуіне жеке бастарының пендешіліктерімен қатар, сол кездегі «күншіл қазақтардан» түсетін «домалақ арыздарды» Кремль билеушілері оларға қарсы шебер пайдаланды. Бір-біріне қарсы айдап салуға тырысты. Бұл отаршылдардың ертеден келе жатқан «бөліп ал да, билей бер» әдісі болатын.

Ж.Тәшенев өзінің жоғары лауазымды қызметтерін, сол арқылы КОКП мен орталық Үкімет берген құзіретін халқы үшін, оған игілікті істер жасау үшін тиімді пайдаланды. Үлкен қызметтердегі орны үшін қазақтан шыққан кейбір партия-кеңес функционерлері тәрізді «жабысып» қалмады. Рас, Ж.Тәшенев заманында одан кейінірек те білімі мен біліктілігі, іскерлігі жөнінен онымен деңгейлес жоғары лауазымда қызмет еткен, қазақтан шыққан кадрлар болды. Бірақ қиын сәтте, ел мен жердің тұтастығына қауіп төнгенде, ешқайсысы Ж.Тәшенев сияқты өздерінің қызметін «құрбандыққа» шалуға бара алмады, қазақы пайыммен айтқанда, «жүректілік» жетіспеді. «Мәскеу билігіне және жергілікті басшыларға қарсы шықсаң, қызметімнен айырылып қалармын» деп «қалтырады». Міне, сондықтан да Жұмабек Ахметұлының есімі мен халқы үшін жасаған ерлігі ұлтының жадында мәңгі сақталады.

 

 

(С. Дүйсен, Қ.Еңсенов. «Ж.Тәшенев».

Алматы, «Литера -М» ЖШС, 2012 )