Әсет Әссанди,
баспагер-журналист
Жас маман 50 мың теңге жалақы алады
ТАҢҒЫ ОЙ
1) Жас маман 50 мың теңге жалақы алады, Парламент депутатының жалақысы – бір миллионға жуық. Не деген алшақтық! Жас маман – болашағымыз! Ол жас отбасының иесі болуы да мүмкін. Оған баспана, көлік, жиһаз алу керек. Парламент депутатында осының бәрі бар. Әділдік қайда?
2) Көп балалы отбасының әр баласына 21 мың теңгені береміз деген билік, оны жыр қылып жіберді. Қиналған отбасы банкке барып, несие алайын десе, табысы жетпейді, ал 21 мың теңгеге әрекет жасаса, табысы асып жығылады. Бұл не – елді мазақ ету ме? Әр отбасының әр баласына жәрдемақы қарастыру қажет. Және оның мөлшері 21 мың емес, одан қомақтырақ болу шарт! Болашағын ойлаған ел бала-шағаны жәутеңдетпейді!
3) 100-150 пайыз өсіммен несие берген шағын несие ұйымдарын, букмекерлік конторларды жаппай жауып, олардың иелерін жауапкершілікке тарту керек. Ел қиналып жүргенде, оларды осындай жолмен тонауды тоқтату керек!
5) Зейнет жасын бұрынғы қалпына түсіру қажет! Және зейнетақы қоры дегенді жауып тастап, онда жиналған ел қаражатын иелеріне толығымен қайтарып беру керек. Зейнет жасындағы азаматтарға зейнетақыны Мемлекеттік кірістер департаменттері төлеу керек. Қарттығымызды қамтамасыз етпесе, өмір бойы салық төлеп не керек?!
6) Қазақстан сияқты табиғаты мен кен байлықтары жеткілікті елде коммуналдық төлемдер белгілі бір мөлшерге дейін тегін берілу керек. Ел байлығы – халық байлығы. Халықтың заңды үлесі болу керек!
7) Зейнет жасына жетсе де, басшылық қызметте отырып алғандардың зейнетақысын төлемей, тоқтату керек! Майлы жерде отырған соң, құрметті демалысына кеткісі келмейтіні түсінікті болар. Олардың бәрін құзырлы органдар арнайы тексеруден өткізіп отыру керек!
8) Мектеп директорлары, мекеме басшылары, басқарма-бөлім басшылары, департамент тұтқасын ұстап отырғандар, ректорлар мен колледж директорлары, аурухана бас дәрігерлері, билік басындағылар, Парламент депутаттары бес жылдан соң орындарын босатып, жаңа лептің келуіне жол ашу керек! Сонда ғана тіршілігімізге қан жүгіреді. Бес жыл мерзім өткен соң дәл сол орынға қайта жайғасуға жол бермеу парыз!..
9) Күні бүгінге дейін алынған несиелердің бәрін елдегі жемқорлардың есебінен жауып тастау керек, қарапайым халықты одан әрі қинай бермей. Банк басшылары мен иелері жылдық өсімі 2 пайыздан аспайтын несиелерді қысқа мерзім ішінде халыққа ұсыну қажет.
10) Жас отбасылар мен көпбалалы отбасыларға кәсіпкерлікпен айналысу үшін қайтарымсыз субсидияларды қарастыру керек. Және оны алудың жолын қиындатып жібермей, жаппай беруді қарастыру қажет.
11) Айыппұлдар мәселесін жаңадан қарастыру керек. Айыппұлдармен елді езіп жіберуге болмайды! Барлық әкімшілік айыппұлдарды 2-3 есе азайту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Тек қана парақорлар мен жемқорларға салынатын айыппұлдарды арттыруға болады.
Әсет Әссанди,
баспагер-журналист
—
Отправлено из Mail.ru для Android