ҰСТАЗ БЕН ШӘКІРТ

 

 

Құдиярбек АҒЫБАЕВ, жазушы

ҰСТАЗ БЕН ШӘКІРТ

хикая

Өмір қызық, от боласың жанасың,

Суық ұрса, кейде , гүлдей тоңасың.

Табыстырған тағдыр жайлы бұл аңыз,

Шәкірті мен ұстазының арасын.

* * *

Күн күлімдеп, шуақ шашқан аспаннан,

Жаңа оқу жылы еді басталған.

Тәрбиеші келіп кірді сыныпқа,

Шәкірттерін көру болып басты арман.

Таныс оған сыныптағы әр бала,

Жәудір көздер қарап отыр таңдана.

Тек, біреуі жүзі сынық, бүрісіп,

Бөлектеніп отырғаны сол ғана.

-Үміт күткен, шәкірттерім, жалынды,

Жақсы көрем, – деді ұстаз, – бәріңді.

Бір сәт, көзі түсіп әлгі балаға,

Ойға шомып, уайымға салынды.

Барлық бала одан оқшау тұратын,

Жандарына жолатпайтын, қуатын.

Жуынбаған, киімі де ескірген,

Денесінен күлімсі иіс шығатын.

Оқуға да төмен еді талабы,

Сабағына келмей кейде қалатын.

Мұғалім де тәртібіне ренжіп,

Қоятұғын екі деген бағаны.

Бүгін міне, жайып қағаз-қаламын,

Ұстаз отыр қорытындылап сабағын.

Әр балаға жеке жасап талдама,

Толтырды ол, мінездеме парағын.

Сүйкімсіздеу бала ғана қалғанды,

Ұстаз оның жайын ойлап толғанды.

Мінездеме жазу үшін бұрынғы,

Жазбаларын көрейін деп қолға алды.

Қолына алып, оқып шықты шыдамай,

(Өмір деген, тосын сый ма, бұ қалай?..)

Мұғалімі сыныбында бірінші,

Мінездеме қалдырыпты мынадай:

«Алғыр бала. Нұр шашады көзінен,

Ұқыптылық байқалады әр сөзінен.

Бұл баланың мұғалімі болғанды,

Мәртебе деп қабылдаймын өзіме».

Ары қарай оқи берді шыдамай,

(Неткен қатал, бұл өмірдің сынағы-ай!..)

Мұғалімі сыныбында екінші,

Мінездеме толтырыпты мынадай:

«Ғажайып бұл, оқушының мінезі,

Достарына сыйлы болып жүр өзі.

Отбасында орын алған жағдаймен,

Арпалысып жүргендей ме, күресіп?!

Соңғы кезде ойға батып, не түрлі,

Көп ашылып, сөйлемеуге бекінді.

Анасының ауыр халде жатқаны,

Жас жүрегін сыздататын секілді…»

Тәрбиеші оқи берді ары қарай,

(Бұл қырсықтың, аяқтан кеп шалғаны-ай!)

Мұғалімі сыныбында үшінші,

Мінездеме қалдырыпты, жалған-ай:

«Жас баланың көңіліне қаяусыз,

Жара салды, қатал тағдыр, баянсыз.

Ең сүйікті, анасының өлімі,

Соққы болып тиді оған аяусыз.

Ішкі әлемін қалың тұман жапқандай,

Жалғыздықтан жан дауасын тапқандай.

Ыждаһатпен, ынта қойып, тырмысып,

Жұрт көзінше оқу оқып жатқандай.

Әкесі де бөлмейді оған көңілін,

Адамдарға сөніп барад сенімі.

Бұл балаға, қазір көмектеспесек,

Қиын болып кеткелі тұр өмірі…»

Тәрбиеші өзін ұстап тұра алмай,

Ерік беріп, көздің жасын бұлады-ай.

Мұғалімі сыныбында төртінші,

Мінездеме қалдырыпты мынадай:

«Бұл баланың, оқитұғын түрі жоқ,

Кешегі көп достарының бірі жоқ.

Сабаққа да қызықпайды, құлықсыз,

Ұйықтап қала беретұғын күні көп…»

***

Өткен жылдың уақыт ұрлап іздерін,

Жаңа оқу жылы келді күздегі.

Ұстаздардың гүлге толып құшағы,

Шәкірттердің бал-бұл жанды жүздері.

Ұстаздарын қуандырып бір сәтке,

Беріп жатыр қымбат-қымбат гүл-дәсте.

Тек, бір бала, қолындағы сыйлығын,

Ұсынуға қымсынып тұр бір шетте.

Бұл заттарды беруге ол қысылды,

Бермесіне болмасын да түсінді.

Умаждалған қағаздағы сыйлығын,

Мұғалімге оңаша кеп ұсынды.

Бір оқушы байқап қалды, бүлдірді,

Мазақ етіп, жұрттың бәрін күлдірді.

Осы кезде басу айтып мұғалім,

Бұл балаға ризалығын білдірді.

Бала бұған қалды қатты қуанып,

Сыйлықтарын көрсетті ол шығарып.

Иіс су мен көзі сынған білезік –

Мұғалімі қабыл алды құп алып.

Мұғалімнің білезікті таққаны,

Ұнап қалды, иіс суды жаққаны.

Арқасынан қағып тұрып ұстазы:

«Тамаша екен, сыйлығың!» деп мақтады.

Көңіл күйі көтерілді баланың,

Мұғалім де бастап кетті сабағын.

Білезікті көрген сайын қолынан,

Қуаныштың жасы жуды жанарын.

Үзілісті ұзақ күтті, шыдады,

Мұғалімге жақын барып сұрады:

-Білесіз бе? – деді, жәймен күбірлеп, –

Анашымның исі, сізден, шығады!..

Есіне алып шәкіртінің сұрағын,

Сабақтан соң, ұстаз ұзақ жылады.

Бұдан кейін дәрісінде үнемі,

Қайырымдылық туралы сөз қылады.

Ұстазының оған ауып назары,

Баланың да нұрға толды ажары.

Аналық бір мейірімді сезініп,

Өмірінің оралғандай базары.

Ұлы Наурыз мерекесі күні еді,

Ұстазына бала жазды тілегін:

«Ең, ғажайып, ұстазыма!» деген сөз,

Мұғалімнің елжіретті жүрегін.

***

Ұмытылып жүректегі жара да,

Күндер зулап, бес жыл өтті арада.

Ұстазымен қимай әрең қоштасып,

Оқу іздеп кетті бала қалаға.

Бір күндері сәлем хатын жолдапты,

Ұстазының ақ батасы қолдапты.

Университетке түсіп, грантпен,

Дәрігерлік мамандықты таңдапты.

Тағы бірде, баяндады, өз халін,

Әкесінің дүниеден озғанын.

Тағдыр енді, ғашық болып бір қызға,

Үй болуды маңдайына жазғанын.

Өмір тосын сыйға толы, кім білген,

Тойдың күнін белгілеп те үлгерген.

Ұстазына, анасының орнына,

Қатысқанын қалайтынын білдірген.

Ұстаз күтіп, той өтетін көктемді,

Астанаға алып-ұшып жеткенді.

Тойда тағып, білезікті баяғы,

Анасының иіс суын септі енді.

Көрген кезде ұстазын ол шаттанды,

Жүрегі оның жарылуға шақ қалды.

Достарымен таныстырды бір-бірлеп,

«Ең, сүйікті, ұстазым!..» деп мақтанды.

Бір хош иіс мұрынына жеткенін,

Анасының иіс суын сепкенін,

Сезінгенде құшақтады ұстазын,

Байқамады көздің жасын төккенін.

Оралғандай , сол бір шақта, балалық,

Бөленгендей мейірімге аналық,

Көздерінен ыршып шықты ыстық жас,

Жылдар бойы іште қалған қамалып.

Анасының еміреніп басынан,

Сипағандай алақаны шашынан,

Хош иісін ұмытпапты, жадында,

Ақ дидарын көргендей-ақ қасынан.

Мұғалім де тұрды жүзі күлімдеп,

«Айналайын, аман жүргін, күнім!» деп,

Микрофонды алып бала қолына,

Былай деді, жұртқа даусы дірілдеп:

-Жалғыз қалған кездерімде көзге ілген,

Қорған болып, қиындыққа төздірген.

Ұстазыма, шексіз менің алғысым,

Бұл өмірге керегімді сездірген.

Ұстаз, маған, сенгеніңе – рахмет!

Тойыма арнап, келгеніңе – рахмет!

Өз күшіме сенуіме мүмкіндік,

Дер шағында, бергеніңе – рахмет!..

Ұстаз көріп үмітінің жанғанын,

Көз жасына ие бола алмады.

Құшағына қысып тұрып шәкіртін,

Жүректегі сөзін оған арнады:

-Ұстаз болу іс екенін ардақты,

Тағдыр маған, сен арқылы аңдатты.

Сендерменен – бірге өсіп мерейім,

Сендерменен – арман құсым самғапты.

Анашыңа, бүгін, мені теңедің,

Сүйтіп, ғажап мейірімге бөледің.

Өзіңменен танысқалы өмірдің,

Мектебінен сабақ алып келемін!..

 

Құдиярбек АҒЫБАЕВ