Источник: http://e-history.kz/kz/publications/view/4548?utm_referrer=https%3A%2F%2Fzen.yandex.com
© e-history.kz
Марат ӘБСЕМЕТОВ,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор
Ақмола шайқасына 180 жыл
ХІХ ғасырдағы патша отаршылдарына қарсы жүргізілген барлық соғыстары ішінен Алаш елінің екі тарихи шайқасын ерекше атап өтуге болады, бұлар: Ақмола шайқасы және киелі Түркістан үшін болған соғыстар Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас, Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас. Ел үшін жанын кешіп, жауды қуған, Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас… Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан, Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас. Арқаның селі, желі, шөлі, белі, Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас. Мағжан. Қазақ тарихында бұл ұлы шайқастар хан Кенесары Қасымұлы және оның ұлы Сыздық сұлтан есімдерімен тығыз байланысты. Қазақтардың жоңғарларды ойсыратқан жеңісінен кейін қазақ жерінде тыныштық орнады. Алайда Мәскеу Кремлінің түпкірдегі патша кабинеттерінде Орталық Азияның ауқымды аумағын басып алу жоспары пісіп жетілуде еді. Патша саясаткерлері «Қазақ жерлері – Азия байлығының кілті және қақпасы» деген Петрдің аманатын еске түсіріп, қазақтың дархан даласын бөлу жоспарын даярлады. Колонияны ерікті түрде мойындаған, оның нығаюына атсалысқан, империяға қызмет жасаған қазақ шонжарларын Ресей билігі шендермен, марапаттармен және жабайы халықтарға берілетін шапан, кесе-қасықтармен және тағы басқа ұсақ заттармен сыйлап отырды. Ал, жер үшін, бостандық үшін күрескендер көздері жойылуға, өлім жазасына немесе Сібірге каторгаға айдалуға ұшыраған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сол кездегі қазақ ахуалын былай сүреттейді: «Біздің бұл Сары-Арқадағы қазаққа: «Қазақ бізге бағын, қара! – деп, «ақ патшадан жарлық алып шықтым!» – деп, Иван Семенович деген полковник келді. Сонда онымен талас Қытайдан да елші келді: «Қазақ саған қарамайды, маған қарайды!» деп. Ол екеуінен басқа қазақтың өз ішінен Кенесары, Наурызбай деген шықты. Онда олар айтты: Бағынба, қазақ, орысқа, Бағынсан, қазақ орысқа, Осы бастан амандас Сары-Арқа деген қонысқа! Береке кетер асыңнан, Билігің кетер басыңнан! Негеннен-неген күйерсің, Күйдіруші табылып, Көршілес жақын қасыңнан!… Ұлт тарихында ұлт-азаттық көтерілістің ту ұстаушы көсемі Кенесары Қасымұлының ерен ерліктері замана кеңістігінде Құс жолындай сайрап жатыр. Қазақ халқының еркіндік туын көтерген Кенесары Абылайдың немересі еді. Ол қазақ халқының еркіндігі мен тәуелсіздігін жеке басының амандығына айырбастамай, мұздай қаруланған орыс әскеріне, зеңбіректерге қарсы шығып ұлт-азаттық қозғалысын бастап кетті.
Кенесары хан. Суретші Ә. Ысмайылов, 1936 жыл
Хан Кене жасағының құрамында атақ-абыройы асқақ үш жүздің айбалтадай жарқылдаған батырлары болған.
Олар: сұлтан Наурызбай,
шұбыртпалы Ақжолтай Ағыбай батыр,
табын Бұқарбай батыр,
Басығара батыр,
сүйіндік Жанайдар батыр,
қыпшақ Иман батыр (Амангелді батырдың атасы),
табын Жоламан батыр (әрі би),
шапырашты Бұғыбай батыр,
дулат Байсейіт батыр,
атығай Аңғал батыр,
Жеке батыр (балуан Шолақтын бабасы),
қырғыз Балбай батыр.
Ақжолтай Ағыбайдың батыр бауырларын атап өтейік: Ханнаби датқа,
Еже би,
Мамыт батыр,
Шодыр батыр,
Сармырза би,
Бектемір молда,
Келе батыр,
Таңабай тушы,
Үкілі Қошқарбай батыр,
Меңлібай батыр,
Дулат батыр,
Толыбай батыр,
Шынбай батыр,
Ұстабай мерген,
Таңаша батыр,
Шешенқара батыр,
Қазықбас батыр,
Барқы батыр,
Шолақ батыр,
Тайжан батыр,
Шаншар батыр,
Шауыпкел батыр,
Бекей батыр,
Балта батыр,
Шопат батыр
, Айжігіт кәлпе (әулие),
Итаяқ күйші,
Сәтқозы сері.
Патша өкіметі, Ақмола жеріне орнығудан бұрын, қазақ руларын патша жағына тарту үшін ауқымды жұмыстар жүргізді. Орталықтан арнайы тапсырмамен келген подполковник Шубин Омбы облыс бастығы генерал-лейтенант Сент-Лоранға 1830 жылы 28 маусымда Ақмола сыртқы округын ашу туралы мәлімдеме береді. Ақмола жұртына: Арғыннан тараған – Темеш, Алтай, Шұбыртпалы, Бөрші, Тінәлі, Тоқтауыл, Қақсал; Қыпшақтан – Қарақыпшақ, Құлан; Кіші жүздің Алшын, Тама ұлыстарына Ресей бодандығын қабылдау бойынша хаттар жолданғаны хабарланады. XIX ғасырдың 20-30-ші жылдарында Сармырза Ханнәбиұлы (1786-1838) Шұбыртпалы руын басқарған. Орыс подполковнигі Шубин Ақмола қазақтарын Ресей қарамағына қосу үшін Шұбыртпалы көлдің бойында отырған Шұбыртпалы рубасшысы Сармырза биге және басқа ел ақсақалдарына елші жібереді. Бұл жайт 1830 жылы 29 шілде айында Шубиннің Омбы бастығына жолдаған рапортынан көрінеді: «Ресейдің жаңа басқармасы қарамағына қосылуға Шұбыртпалы, Тоқтауыл, Алшын, Тама, Көксал болыстары билеріне шақыру хаттарымен іссапарға жіберілген урядниктер Чириков пен Сорокин Қоңырқұлжа Құдайменді және Ғұбайдолла Уәлиев сұлтандарының басшылары қасында маған қаратып мынаны жеткізді: Шұбыртпалы болысының биі Сармырза, Тоқтауылдан Жүзбай, Қожақ және Құнанбай, Алтай болыстары… отрядта болуға уәде беріп еді, алайда осы уақытқа дейін әлі ешкім келмеді» (ОММ. 338-қор, 1-тіз., 693-іс, 46-47-бб.). Жан-жағын болжай білетін Сармырза би олардың сөзіне, берген уәдесіне мүлде сенген жоқ. Шұбыртпалы руын Ресей бодандығына кіргізу туралы ауызша айтылғанмен мүлде біреуге елін кіріптар етуді құптамаған еді. Қайта Саржан мен Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне белсенділікпен қосылды. Оған себеп болған жағдай 1827-1830 жылдары орын алған естен кетпес қанды оқиғалар. 1827 жылы Көкшетау бекінісінен шыққан майор Мингриев 200 әскермен келіп шұбыртпалы ауылының 58 адамын өлтіріп, дүние-мүлкін тонап, бүкіл малын айдап кеткен еді. 1830 жылы Көкшетау жақтан шыққан жеті жүз патша әскері әңгіме-келісімге шақырған болып, ақыр аяғында алдап қолға түсіріп, шұбыртпалының 120 адамын өлтірді, аман қалғандары қанды қырғыннан қашып құтылды. Сол себептен туған бауырларынан, малынан айырылған шұбыртпалы азаматтары колонизаторлармен ашық соғыс майданына шыққан еді. Қазақ жерінің кіндігіне орналасқан Ақмола – Ресей империясы үшін бір зор форпост міндетін атқарды, отарлау саясатының орталығы болды. Бұл жерге империянының түпкір түпкірінен әскерлер жиналып, топталып Орта Азия жерлеріне шабуылға шығушы еді. Бұл патшаның қанды саясатына еркін өскен ел қарсы шықты. Осыдан 180 жыл бұрын Ресей империясына «жерімізді бермейміз, құл болмаймыз» деп Кенесары хан Сары-Арқада ұран тастап, үш жүздің басын қосып Алаш елін бір тудын астына жинаған еді.
Кенесары әскерімен шайқас. Суретші Николай Каразин, 1891 ж.
1838 жылдың 7 тамызы, Ақмола бекінісі. Кенесары сарбаздары Ағыбай батыр, Наурызбай батыр, Басығара батыр, Иман батыр, Жанайдар батыр, үкілі Қошқарбай батыр, бөрші Базар батыр таңның атысынан бастап қас қарайғанша жанқиярлықпен мұздай қаруланған патша әскерімен шайқасты. Бекініс алапат отқа оранды. Кенесарының бір отрядын басқарған Басығара батыр қалаға өршелене ұмтылып енді. Батыр мерт болды. Хан Кене алған бағыттан қайтпауға және батырдың мәйітін қалдырмауға жарлық берді. Хан жарлығынан жігерленген Ағыбай, Иман, Наурызбай батырлар бастаған отрядтар дұшпан шебіне басып кірді. Ұрыс кең қанат жайды. Қараңғы түскенше бәсеңсімеді. Ағыбайдың осы шайқастағы шебер қолбасшылығы, батылдығы, тұйыққа тірелген тұстарда жол тауып кететін тапқырлығы Доскей Әлімбайұлының жырында жырда былайша суреттеледі: …Кененің қалың ләшкері Күнбатыстан қаптады. Қорғанды қандай мықтады, Оған кірген шықпады, Көшеде жүрген өзгесі, Үріккен қойдай ыққаны. Сонда Ағыбай батыр сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Соңымнан ер, халайық! Сарт шапанын алуға Енді бізге ылайық, Шапанды майға малайық. Етегіне от жағып, Жағасын іліп найзаға, Ағаш үйдің тастатып төбесіне, Үйге өрт салайық! Осылайша өрт салады, Дұшпандарға дерт салады… Қорықпай енді кім қалады Көбі қашып кәпірлер, Қорғанға барып тығылған Көшенің іші толған қан… Бұл қанды қырғын айқаста Ағыбай батыр сарбаздары күш басымдылығын көрсетіп, қаланы басып алады. Түн ішінде әскери старшина Карбышев пен аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендин қалған солдаттарымен қашып құтылады. Сәкен Сейфуллин өзінің «Кене хан жайында» мақаласында: «Бұл шайқаста Басығара батыр оққа ұшады. Қазақтар патша әскерлерінен оның денесін қайтарып алып, оны қаланың шетіндегі «Көкбел» мекеніне жерлеудің сәті түседі. Зираты жақын уақытқа дейін бар болған» деп жазады. Осы қиян-кескі Ақмола шайқасында шұбыртпалы руының басшысы Сармырза би де соңғы деміне дейін аянбай айқасып, ерлікпен қаза табады. Осы шайқаста қаза болған баһадүрлерімен бірге Ақмоланың «Көкбел» деп аталатын ежелгі зиратына жерленеді. Арада бірнеше жылдар өткен соң руы қаракесек Иманқұл деген азамат шаһиттерге арнап ескерткіш тас ойдырып, батырлар жерленген қорымның құбыла жағына орнатады. Кенесары бастаған дауылпаз баһадүрлердің Ақмола үшін бір күнгі соғысының дүбірі – мыңжылдықтардың еншісі, ұлт тарихының алтын парағы, рух сабағы. Осыған дейін жергілікті халық та, Астананың көкірегі ояу жаңа тұрғындары да «Ақмоланы жаудан алған, ғасырлардан келе жатқан тәуелсіздік мұратының алтын арқауын жалғаған Хан Кене сарбаздарының қорымы қайда?» деп сұраушы еді. Құдайдың кереметімен сол қанды заманның белгісі ретінде, қазақ рұхынын символы іспеттес, аман қалған бір тарихи қөктас Астана төрінде орналысқан ежелгі мұсылман қорымынан табылды. Тапқан азаматттар – араб және шағатай тілдерін жетік білетін Ұларбек Дәлейұлы мен Ашу Ахат. Кейін Бұл ескерткіш екі ғасырға жуық уақыт өтсе де бүгінге аман жеткен баға жетпес жәдігер. Ескерткіш таста көне шағатай тілінде, араб әріптерімен: (кей жерлері өшіп кеткен) «…Ережеп айының соңғы оразасында. 1838 жыл. Сармырза қарулы капірлер қолынан жекпе-жекте шаһит. Саржан өкілі 50 – жасауыл. Ақмола. Ханның өкілі төрелер, 200 сардар… көшті. Алла тағала шаһиттердің жанын жәннатта…» деп айқын жазылып тұр. 1838 жылы Кенесары батырларына қойылған көктас. Астана, «Көкбел» зираты Содан бері Астана жұрты бұл бейітті «Баһадүрлер қорымы» деп атап кетті. 180 жыл өтсе де қазақ елі Ақмола үшін шайқасқан өз батырларын ұмытқан жоқ. Ел басына қатер төнген сәттерде басын өлімге тігіп, шаһит кешкен батыр бабаларымыздың рухы бәлкім сезген шығар, бұл ұлы күрес болашақ ұрпақ үшін, болашақ қазақ мемлекеті үшін, болашақ ел ордамыз – Астана үшін жандарын пида қылғаны! 2018 жылғы 3-4 тамыз күндері Астана қаласында 180 жыл бұрын Ақмола шайқасына қатысқан, ел бостандығы үшін жанын берген батырлардың ұрпақтары ескі қорымда шейіт болған аталарына құран бағыштады. Батырлар жерленген «Қараөткел» зияратты аралап, бір-бірімен қауышқан бауырлардың қуанышында шек болмады. Кенесары ханнын ескерткішіне барып гүл шоқтарын қойды, бас батыры Ағыбайдың көшесінде есіл ерлерді еске алды. Бұдан кейінгі шара Тәуелсіздік сарайында академик Рахман Алшанов бастаған «Ақмола шайқасынын 180 жылдығы» атты ғылыми тәжірибелік конференциямен жалғасты, 1500 беттік «Арғын-Қаракесек-Шұбыртпалы шежіресі» кітабының таныстырылым рәсімі өтті. Еліміздің бас діни орталығында «Әзірет сұлтан» мешітінде ұлт-азаттық қаhармандарына ас берілді. Басқосу барысында ақсақалдар бабалар рухына дұға арнап, өткенге салауат айтып, елдің болашағына бейбітшілік тіледі. 4 тамыз күні еске алу шаралар Астана маңындағы Шұбыртпалы көлі бойында жалғасты. 500 жылдығы орай келген Хақназардың жаужүрек батыры Шұбыртпалы (Темірқожа) батырға арналып құран бағышталды, азаттық үшін атқа қонған талай батыр бабаларымыз еске алынып тағзым етілді. Қырық үй тігілген алаңда арналып ас берілді. Әдеттегідей спорт сайыстары ұйымдастырылып, бәйге өткізілді. Жыршы-термешілер сайысы өтті, әншілер ән мен жырдан шашу шашты. Бұл өткен шаралар – кешегі халқымыздың ұлт-азаттық көтерілістегі құрбан болған бабаларымызға бүгінгі буыннан тағзым, 180 жыл өтсе де келер ұрпақ ата-бабаларының тәуелсіздік жолында қандай қасіреттерді бастан өткергенін біліп жүруіне қажет тағылым еді.
Марат ӘБСЕМЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)
Источник: http://e-history.kz/kz/publications/view/4548?utm_referrer=https%3A%2F%2Fzen.yandex.com
© e-history.kz
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.