Шеңберден шықпағандар

Бүркітбай Аяған,
Мемлекет тарихы институтының директоры,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Шеңберден шықпағандар

03 тамыз, 15:01

 

Шағын ғана тарихи немесе саяси тақырып оқырмандардың үлкен қызығушылығын оятады. Бірақ Жеңіс Байқожаның 15-21 шілде 2018 жылғы «Central Asia Monitor» басылымының 23-санында шыққан «Құрбандықтарды ойдан құрап… КСРО-ның жазалаушы органдары мен қазақ интеллигенциясы: аңызды кім және қалай құрастырды» атты мақаласы мені тарихшы ретінде бей-жай қалдырмады. Жеңіс Байқожа мақаланы әзірлеу барысында жазылған тақырып бойынша арнайы әдебиеттерді қарап шығуды ойына да алмаған. Немесе жеке адамдар бойынша үлкен тиражбен шыққан зерттеулік мемуарларды оқымаған.

Мақаланың негізгі мәні немесе мақала авторының «Оқиға бойынша ескертпелері» бойынша, қазақ интеллигенциясын қуғынға ұшыратты деген әңгіме миф: «барлық әңгіме боямалап айтылған және сенімсіз» дегенге саяды. Оның айтуынша, интеллигенцияны қудалауға ұшыратты деген ұғым бүкіл журналистік зерттеулер, оның ішінде Майя Бекбаеваның жазғандары да ойдан құралған көрінеді. Ол кезеңде қалаларда қазақ мектептерін «ашудан оңай» ештеңе болмапты. Жазалаушы органдар қудалауды мақсат тұтпапты-мыс.

Жоғарыда айтып кеткенімдей, кеңестік партия және құқық қорғау орындары қызметкерлерінің КСРО және Қазақстанда адамдарды заңсыз тұтқындау және аңду жұмыстарына қатысты көптеген монографиялар, диссертация мен кітаптар жарық көрді. Осы орайда, Қазақстанға қатыстыларын ғана атап өтейін. Мысалы, Қазақстан тарихының (көне дәуірден бүгінге дейін) IV томының «Қазақстандағы саяси репрессия», «Кеңестік кезеңдегі Қазақстандағы тарихи-демографиялық тенденциялары» және басқа да тарауларында толығырақ берілген.
1993, 1997, 2005, 2007 жылдары «Атамұра» баспасы үлкен тиражбен алдымен 11-сыныпқа, сосын 9-сыныпқа арналған, «Қазақстанның жаңа тарихы» атты оқулық шығарды. Бұл оқулықтар қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек тілдерінде жарық көрді, оның «22»-ші параграфында кеңес дәуіріндегі қудалау әдістері жан-жақты суреттелген. Онда кеңестік билікке тікелей бағынышты соттың, саяси оппозиция мен өзгеше ой-пікір білдірушілерге қатысты шығарған әділетсіз шешімдері де айтылған.
20-30 және 50-жылдардағы сұмдық қуғын-сүргіндерге қарамастан, қазақ интеллигенциясы тым-тырыс отырған жоқ-ты. Қолынан келгенше қарсылық танытты. Кеңестік тәртіпке қарсылық ашық немесе «андеграундтық», яғни көлеңкелі сипат алды.
Кәсіби журналист Майя Бекбаева теледидар арқылы Отанымыздың ұлы адамдары тағдырына терең сараптау жасап шыққан. Мен және менің әріптестерім де, көзі қарақты адам әрі тарихшы ретінде Майяның еңбектеріне дән ризамыз. ОГПУ-НКВД-ның қарапайым жұмыс тәжірибесінен Жеңіс Байқожаның мүлдем мақұрым екені оның мына сөйлемінен-ақ белгілі: «Ойланыңдар! – дейді автор, – күдіктіні 1925-19344 жылдар аралығында тоғыз жыл бойы күн сайын тергеп отырды дейді!». Жеңіс мырза, сіз мұрағаттарда ізденген жоқсыз, зерттеуші емессіз, әлбетте құқық қорғау орындарының қызметін саралаған жоқсыз. Бірақ сізге кез келген зерттеуші кәсіби маман, «бақылаудағы адамдарды» органдардың ондаған немесе жиырма жыл бойы бақылауда ұстап, «белгіленіп кетуін» қадағалағанын айтып бере алады. Шетелге барып келген кез келген талант, кез келген адам автоматты түрде «бақылауға» алынды. Мысалы, талантты скрипкашы, бұрынғы әскери тұтқын Айткеш Толғанбаев соғыстан оралып, 1992 жылы ақталғанға дейін өмір бойы «кеңсеге» барып, «белгіленіп» отырғаны жайлы өзінің естелік кітабында жазып кетті. Депортацияланған халық өкілдерін де солай ұстады.
Белгілі жазушы Медеу Сәрсеке Ұлы даланың ұлдары жайлы «Евней Букетов», «Қаныш Сәтбаев», «Ермұхан Бекмаханов» атты бірнеше монографиялар циклын шығарды. Онда автор Ермұхан Бекмахановтың өмір бойы құқық қорғау органдарының бақылауында болғаны жайлы жазады. Академик, депутат Қаныш Сәтпаев болса, «ұлтшылдық» көзқарастары үшін сотталып, түрмеде атылған үш бауырын өмір бойы ақтай алмаған күйінде дүниеден өтіп кеткені белгілі.
Жеңіс Байқожа «адамда театр ұжымының көзінше алып кетіп, ертеңіне көгерген күйінде жібере салатын ол қандай чекист?» деп таң қалғансиды. Бірақ чекистер кез келген орында, кез келген жерде тұтқындай беретін. Мысалы, нарком Темірбек Жүргеновті жұмысында тұтқындады. Тұрар Рысқұловты әйелінің көзінше қамап, балаларын жетімдер үйіне таратып жіберді. Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа көптеген тұлғаларды көп отырғызбастан, құпия түрде түнде атып тастады. Әлихан Бөкейхановты қызы Лизаның көзінше алып кетсе, Нығмет Нұрмақов, Нәзір Төреқұловты Мәскеуде тұтқындап, өлім жазасына кесті. Жазушы Юрий Домбровскийді ұстап алып, босатып жіберді, ұстап, қайта босатты. Ол өмір бойы бақылауда болды.
Белгілі тарихшы Ермахан Бекмахановты ақтау үш кезеңге созылды. Бірінші рет 1954 жылы кезеңдік және саяси ақтау, екіншісі 1954-56 жылдары – ісін қайта қарап, КазГУ-де кафедра меңгерушісі қызметіне қайта тағайындау, үшіншісі – 1956-92 жылдары оның ғылыми тұжырымдамасын ақтау. Ұлы ғалымның өмірі осылай-ақ өтіп кетті. Азапты қудалаудың салдарынан Е.Бекмаханов ауырып, ерте қайтыс болды.
Талантты ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедханов өзінің ғылыми-зерттеулері үшін ғана қудалауға түсіп, қапасқа қамалды. Тарихшы Бекежан Сүлейменовтың тағдыры да осыған ұқсас.


Жеңіс Байқожаның «В зоне комфорта» еңбегіндегі «бүкіл қазақ жазушысы шалқып өмір сүрді» деген пікірі де толықтыруды қажет етеді. Кейбір жазушылардың «элиталық» үйлерде, партия көсемдерімен көрші тұрғаны рас. Бірақ бұл жай, көз алдау үшін жасалған іс. Шын мәнінде талай жазушы, журналист, оқымысты, ата-анасымен тұратын үлкен отбасылар екі адам айнала алмас тар пәтерлерде тұрып жатты. Солай бола тұра, осы уақытта Кеңес әскері, КГБ, әскери-теңіз флотынан Қазақстанға еш қатысы жоқ болса да, босап шыққан жап-жас «мамандарға» Алматыдан кең, даңғарадай пәтерлер үлестіріліп отырды.
Жеңіс Байқожаның сауатсыздығы мен Кеңес заманына бүйрегі бұратынын тағы да дәлелдейін. Мысалы, ол: «1960 жылдардағы «жылымықтан» бастап, 1980 жылдарға дейін Кеңес Одағын әшкерелеген қатарында диссиденттер болған жоқ. Қазақ интеллигенциясы бұл қозғалысқа қатысқан жоқ» деп жазады. Ол үлкен әбестік деп ойлаймын.
Билікке қарсы бас көтерген топтың бірі Батыс Қазақстан облысындағы жастар ұйымы еді. 1940 жылдың көктемінде 14 адамнан тұратын ұйым құрылып, Қазақстанның тәуелсіздігін және халықаралық ұйымдарға мүше болуын талап етті. Арандатушылар ұстап берген топ қамауға алынды. Оның жетекшісі Ғұбайдолла Әнесовты НКВД қабырғасында атып тастады. Ол кезде Ғұбайдолланың жасы бар болғаны он жетіде еді.
«Жас тұлпар» ұйымы жайлы 1970 жылдары белгілі болды. Қарағандыда ЕСЕП (Елін сүйген ерлер партиясы), Павлодарда «Жас ұлан» ұйымы құпия жұмыс істеді. Екі ұйымның да бағдарламасы, жарғысы және функционалдық бөлімдері құрылып, аймақтармен байланыс жасап та үлгерді. Бұл ұйымдардың бәрінің мақсаты – қазақ мәдениеті мен тілін қорғау, республиканың территориялық тұтастығы еді. 1970-73 жылдары КазГУ-де «Сары-Арқа» ұйымы жұмыс істеді. Бірақ бұл ұйымның барлығын КГБ қызметкерлері тауып алып, тас-талқан етті (қараңыз: «Қазақстан тарихы», 4 том, 615 бет). Кейбір деректер бойынша бүкіл елде мұндай ұйымның саны жиырмадан асты. Сол «Сары-Арқаны» ұйымдастырған Әміржан Әлпейісов, қазір Еуразия Ұлттық университетінің доценті.
СОКП-ның ұлттық және әлеуметтік саясатын сынағандардың бірі жоғары оқу орнының оқытушысы, жас маман Махмет Құлмағамбетов еді. Оны 1962 жылы 10 жылға соттады. Оған кезінде өте ауыр, «маркстік-лениндік саяси экономика теориясына қатысты антикеңестік пікірлер білдіріп, СОКП мен жетекшілеріне жала жапты… Зиянды ұлтшылдық пікірлер таратты, буржуазиялық елдерді, олардың демократиясын, мемлекеттік құрылымын, АҚШ-тың капиталистік өндірісі мен экономикасын мадақтады» деген айып тағылған болатын. Бүгінгі күні мұндай айып денеңді тітіркентпей қоймайды.
1983 жылы Кеңес билігі «құқық қорғаушыларды кредитке ауыстырған» уақытта Құлмағамбетов түрмеден босап шықты. Махмет ағамыз халықаралық тыңдауларда саяси тұтқындардың еңбек күшін әртүрлі құрылыстарда зорлық-зомбылықпен пайдаланылғаны жөніндегі айыптауларға куәгер ретінде қатысып, сөз сөйледі. Еуропада қалған Махмет Құлмағамбетов, шетелде қайтыс болды.
Өзге көзқарас пен пікірі үшін сотталған тағы бір диссидент Хасен Қожахметов еді. 1977 жылы ол екі жылға сотталды. Екінші рет 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін тағы да түрмеге түсті.
Мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Ал Жеңіс Байқожа өте күрделі тақырыпқа қалам тарта отырып, өте-мөте жеңілтек пікірлер айтады. Мұндай аңызды ойлап табу – шындықты ашуға кедергі ғана келтіріп қоймайды. Оқырмандарды адастырады.

Сөз соңында айтарым, СОКП-ның идеологиялық қысымы жағдайында, билік жүйесі емес, қарапайым тұрғындар, оның ішінде көзі ашық адамдар кінәлі болып шықты. Автор мақаласында өздерінің этностарының ұлттық мүдделерін қорғаған космополит либералдар (Эльчибей, Гамсахурдия, Джемилев) жөнінде айта келе, қазақ интеллигенциясының олар тәрізді қозғалыстарға қатыспағанын, билік тарапынан жәбірленушілерді қолдамағанын өкінішпен әңгімелей, «Жас тұлпар» өзінің алдына тек қана, қазақ халқын оқу-ағарту, ана тілін және рухани құндылықтарын сақтау мақсатын ғана қойғандығын айтып, қомсынғандай рай танытады.
Кешіріңіз, Жеңіс мырза, халқының ұлттық тілі мен рухын сақтауға шақыру және әрекет ету қазір жеңіл көрінгенмен, саяси құрсаудағы сол кеңестік кезең үшін, ол батылдық. Елдікті ешқашан халықаралық ұйым шешіп бере алмайды. Елдікті сақтайтын төл ұлтың, ел-жұртың ғана. Сондықтан да, тарихи кезеңдерде дара тұлғалар ақыл-ойдың күшінің өзі жерде қалмайтынын білген әрі болжаған. Дәл осы үшін де Жеңіс мырза, қазақ зиялыларының еңбектерімен толығырақ танысса, көзі шайдай ашылар еді.Түңілмей, түсінер еді.
Бәріңізге белгілі, қазақ интеллигенциясы да «коммунистік идеология» шеңберінде өмір сүріп, өзгелерден артық та емес, кем де емес, сол кеңестік шеңберде еңбек етті. Бүгінгідей бостандық таңы атқанша, отандастарымыздың қаншама тағдыры тәлкекке түсті. Елінің көш бастар зиялы қауымы болмаса, Қазақстан тәуелсіз мемлекеттілігін қалпына келтіре алар ма, еді? Осыны түсінуіміз керек, ағайын!

Бүркітбай Аяған,
Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор