ИБРАҺИМНІҢ МИЛЛЕТІ, МҰХАММЕДТІҢ ҮММЕТІ

Құдиярбек АҒЫБАЕВ

 

 

 

 

 

 

ИБРАҺИМНІҢ МИЛЛЕТІ, МҰХАММЕДТІҢ ҮММЕТІ

 

 

13 05 2016 0

Кеңес үкіметінің кезінде Ұлы Отан соғысының ардагері, есімі елге белгілі қайраткер бір атамыздың республикалық әдеби-қоғамдық “Жұлдыз” журналында: «Интернационалист дегеніміз – кім?» деген тақырыпқа берген сұқбатын оқыған едім.

  • Менің жасым сексеннің үстінде. Құдайға шүкір, кемпірім екеуміз он қыз өсірдік. Солардың бәрін, Мәскеуден, екіншісін – Алматыдан дегендей, оқытып, жоғары білім әпердім. Он қызым он түрлі ұлттың өкіліне тұрмысқа шықты. Олардың ішінде африкалық негр күйеу балам мен немерелерім де бар. Сондықтан, мен нағыз интернационал отбасының атасымын, – деп, өзінің сезімін мақтанышпен жеткізген еді, ардагер атамыз.

Ол кездерде, обалы не керек, біздер, қазақтар «интернационалдық борыш» дегенді осылайша қабылдадық, түсіндік. Қазақ өзгеге – донор, басқа ұлт – қазаққа вампирлік қарым-қатынаста болды. Біз оны интернационализм деп қабылдап, басымызға көтердік. Дәріптедік, мақтан еттік. Сонда, мен ойлайтынмын: өзге ұлттармен қыз алысып, қыз беріссең, өз тіліңді ұмытып, бір отбасында әке-шешесі, немерелері бәрі орысша шүлдірлесіп, бір-бірлерін, ата-әжесін танымаса, міне, солар, нағыз интернационалистер деп. Ол кездері орталықтың, партиялық саясаттың үгіт-насихаты сондай бағытта жүргізілгені анық. Қазақстанды коммунизмнің лабороториясына айналдырды. Қалай десек те, «Біз, моңғол халқы құрлы жоқпыз ба? Жеке мемлекетіңнің болғанына не жетсін!» деген асыл арманның дәні – әр қазақ баласының миында ақырындап пісіп-жетіліп келе жатқан шағы еді, бұл. Бірақ, адамдардың азаттыққа, бостандыққа жетсек деген ұмтылысы, үкілі үміті үзілмейді екен. Үміт дегеніңіз де, түнгі аспан секілді ғой. Қай жағыңызға қарасаңыз да көк жүзіндегі жарқыраған жарық жұлдыздарды көресің. Оларды ешнәрсе де, қандай тартылыс күші де өшіре алмас, сірә.

Желтоқсан оқиғасына дейін қазақстандағы интернационализм тек қана қазақ халқының тарихы мен ұлттық құндылықтарын жою есебінен ғана жүргізілгені анық. Әйтсе де, осы әділетсіздікті жан-жүрегімен түсініп, оған араша түскен, қайғысын бөліскен өзге ұлт өкілдерінің де болғанын көзіміз көрді, талай мәрте куәсі болдық. 1985 жылдың күзіндегі бастан өткерген мына оқиға да кеудеміздегі тәуелсіздікке қол жеткізсек деген осындай асыл армандарымыздың маздай түсуіне септігін тигізгендей еді.

Республикамызға танымал тележурналист, филология ғылымдарының кандидаты Әмір Әбусағитұлы Молдабеков екеуміз Қазақ радиосында бірге қызмет етіп жүргенде «Ақбидай» бағдарламасының тапсырмасымен бір жарым ай Целиноград облысына іссапарға аттандық. Астықты өлкеден

күнделікті тікелей репортаж жүргізіп тұру үшін үкімет астымызға «Газ–30» Волга машинасын беріп қойған. Қазақтың «осы жері – көш жер» деген сөзінің төркінін осы тың өлкесіне келгенде шындап түсіндім. Аудандардағы егінді алқаптардың бригадалары бір-бірінен 10-30 шақырым, кейде одан да алысқа ұзап кетеді. Бір жолы Астрахан ауданына қарасты Көктас ауылына кешкі бесін шамасында келіп жеттік. Күні бойы тамақтанбағанбыз, қарындарымыз аш. Әмір осы өңірдің жігіті болған соң сөз бастады.

  • Бұл ауылдың орыстарының бәрі пеш соғудың, нан пісірудің хас шебері. Облыстың ең үздік наубайшы әйелдері осы ауылда тұрады. Тіпті, қазірдің өзінде, жаңа піскен нанның жұпар иісі мұрныма кеп тұр, – деді.

  • Қалаға барған соң түн ішінде нан іздеп жүреміз бе? Одан да осы жерден екі-үш бөлке нан сатып алайық!

Шағын елді мекенге бұрылып, өзеннен өте бергенде көпірдің жанынан қармағын суға сап, балық аулап отырған жасы қырықтар шамасындағы орыстың мұжығын көріп, тоқтай қалдық. Одан жөн сұрамақ боп:

  • Здраствуйте!..- деп, амандасқан едім, ол көкшіл көздерін қадап, бір түрлі жақтырмаған сыңай танытты.

  • Уағалайкүм ассалам! – деді, ақырын тіл қатып.

  • Ойбай, түріңізге қарасам… орыс сияқтысыз… Сосын…

  • Өзбектер айтады екен: «қазақтың жаманы орыс болады» деп. Естіп пе едің? Шүлдірлемей, қазақша сөйлей бер, інім! – деді, әлгі жігіт ағасы.

  • Көріп тұрсыз, ұзақ жолдан келе жатырмыз. Осы ауылдан нан сатып алайық деп бұрылдық. Жөн сілтеп жібермес пе екенсіз, – дедім.

  • Бұл ауылдың өліп жатқан орысының қойынынан екі бөтелке арақ пен бір бөлке нан табылады, – деді де, ол орнынан тұрып, қармағын жинай бастады.

  • Сонымен, сізді кім дейміз? – дедім, енді көңіліміз жайланған соң.

  • Кім екенімді білгің келеді екен ғой?.. Онда, айтайын. Сен мұқият, құлақ қойып тыңда. Орыстың бел баласымын, неміске жиенмін, қазақтың құдасымын, башқұрттың күйеу баласымын. Енді мына сұрағыма жауап берші. Сонда менің ұлтымның қандай болғаны және кімнің үмметіненмін?!. Қайтарған жауаптарың көңілімнен шықса, үйімде құтты қонағым боласыңдар, – деді ол.

  • Нағыз интернационалист екенсіз ғой, – дедім, ойланып жатпастан.

  • Жо-оқ, қателестің, інім, – деді ол, ішкі қынжылысын сездіріп. – Мен өзімді интернационал адаммын деп ойламаймын.

  • Кешіріңіз!.. Олай болса, қателікті түзетуге мұрсат беріңіз! Сіз… нағыз мұсылман баласы болдыңыз, – деп, жұлып алғандай жауап бердім.

Ол, кенет, мен жаққа жалт бұрылды да, жүзі күлімдеп, өзіне қарай қапсыра құшақтай алды:

  • Дегенмен, інім… енді ғана жөнге келдің! Мен – Ибраһим пайғамбарымыздың миллетінен, Мұхаммед пайғамбарымның үмметіненмін. Аты-жөнім Горелов Алексей Павелұлы. Мына қасыңызда бірге жүрген жолдасыңыз Әмір – менің ескі танысым, інім, ауылдасым. Бағаналы бері әдейі, сізге, көрсем де көрмегендей, білсем де білмегендей боп тұрған едім, – деп, бізге енді ғана ақтарыла сөйледі.

Облыстағы орденді комбайншы, еңбек ардагері Владимир Алексейұлы Гореловпен таныстығымыз осылай басталған еді. Қазақ ауылдарын күні бойы аралап, ана тілімізде еркін сөйлеп, өз ойын жеткізе алатын кейіпкер іздеп, сарылып жүрген кезіміз емес пе. Құдайдың өзі көктен іздеп жүргенімізді жерден кезіктірді деген осы!..

«Жақсыда – жаттық жоқ». В. Горелов біздің жақын туысымыздай болып кетті. Осы ауылдағы қазақ ағайындары оны өз бауырындай санайды екен. Төрде ілулі тұрған мондолина аспабын қолына алып, қазақ әндерін, оның ішінде, Сәкен Сейфулиннің «Тау ішінде» әнін нақышына келтіре орындағанда аузымыз ашылып тыңдадық.

  • Мәдениет үйіндегі қазақ әншілері үйірмесінің жетекшісі. Ауылдағы бос жүрген жас жігіттер мен қыздардың басын қосып, қазақ әні мен биін насихаттап, бар өмірін соған арнап жүр, – деді, Әмір ауылдасының тағы бір қырынан сыр тартып.

  • Бұл жақтың ауа райын жақсы білесің ғой. Қыста елу градусқа дейін күн суытады. Ел болған соң – өлім-жітім деген де бар. Боран тұрып кетсе жер тоңға айналып, қазуы қиындап, жерлеу рәсімін кейінге қалдырып жататын кездер де болады. Міне, сондайда мәйітті ұстап тұру үшін деп, өткен жылы Володя ағамыз өзі бас болып жүріп, ауыл сыртындағы мұсылман зиратына үлкен мәйітхана ғимаратын тұрғызып, сауапты іс жасады.

…Өзі айтқандай, «Орыстың бел баласы, немістің жиені, қазақтың құдасы, башқұрттың күйеу баласы, Ибраһим пайғамбардың миллетінен, Мұхаммед пайғамбардың үметіненмін» дейтін Владимир Алексейұлы Горелов ағамыздың бойынан сол бір кеңес дәуірінің кезінде-ақ болашақ қазақстанның азаматы бейнесін қиялымда болса да елестететінмін.

Өмірдің өзі ойып жасаған оның сол бір жарқын бейнесі жылдар жылжып, өзі бұл дүниеден өтсе де, әлі көз алдымда. Жақсының аты өлмейді. Олардың жасаған өнегелі істерін ұмыта алмайды екенсің.

Құдиярбек АҒЫБАЕВ

 

13 05 2016 0