Отандық журналистиканың проблемаларын қашан талқылаймыз?
Наши новости / Дежурный по стране
25 май 2018, 8:19
Кеше бір шаруамен Рысқұлбеков көшесінің бойында орналасқан мекемеге бармақ болып такси ұстадым. Барар жерімді айттым да отыра кеттім машинаға. Шопыр бала жиырма бес-отыздардың ол жақ, бұл жағындағы жігіт екен. Күн ұзағына іші пысқан болуы керек, ә дегеннен әңгімеге тартты мені. “Қайда жұмыс істейсіз аға” – дегеннен бастады бірден.
Журналистпін деп едім, басым бәлеге қалды. Ананы бір сұрап, мынаны бір сұрап, өзі де тыныштық таппады, маған да тыным бермеді. Бензин неге қымбаттады, пәтер бағасы түсе ме, теңгенің жайы не болмақ, зейнетке шығу жасы ұзара ма? Баян тағы да ажырасты дейді ғой.
Не керек, жол бойы біраз мәселенің басын қайырып тастадық. Өзі бір тәп-тәуір бала екен деп келемін ішімнен. Содан, жетер жеріме жеткенде ақшасын беріп шыға беріп едім, жаңағы жігітім “Аға осы көшенің аты кімге берілген? Қайрат Рысқұлбеков деген кім еді?” – демесі бар ма.
Жайдары көңілім су сепкендей басылды да қалды. Не ашу шақырарымды, не баланы аяп мүсіркерімді де білмей қалдым. Бет жүзіне қарасаң ақылсыз жігіт емес сияқты. Жол бойғы әңгімесінен біраз нәрсеге қанық екенін, білмегенін сұрап білуге құштар екенін байқап үлгердім.
Сөйтіп отырып тәуелсіздіктің символына айналған Қайрат Рысқұлбековты білмеуінің сыры неде? Осы сұрақ бүгін күні бойы мені мазалап қоймады. Меніңше кінә бұл жас жігітте емес. Дәлірек айтқанда жалғыз оның кінәсі емес.
Бүгінгі таңдағы қазақстандық ақпарат кеңістігі нағыз қоқыстың мекеніне айналып барады. Атыс, шабыс, зорлық, қантөгіс. Одан қала берді, кім болса соның іш киімін ақтарған, кімнің кіммен тұрып, кіммен жатқанын өсектеген былапыт әңгіме. Дені сол.
Ілуде бір тұщымды, мәні мен мағынасы бар материал кездеседі. Олардың өзі жаңағыдай нөпірдің арасында білінбей өтіп кетіп жатады. Ал оны қай оқырман қайдан іздеп, қайдан аршып алып жатады? Амал жоқ, жаңағы өсек-аяң ақпаратыңды қылғытып жұта береді, жұта береді. Содан барып жаңағы жігіт тәрізді оқырман қалыптасады. Түкке қажеті жоқ нәрсенің бәрін біледі. Ал санасына нәр, рухы мен жігеріне оттық, болмысына тірек, болар, көкжиегін кеңітер дүниелерді білмей өте береді.
Мен бұл әңгімені неге айтып отырмын дейсіздер ғой. Осымен міне, үш күннен бері Алматыда еуразиялық медиа форум жұмыс істеп жатыр. Тақырыптары ауқымды, келелі. Әлемдік журналистикаға қатысты небір проблемалар көтерілді. Хош делік. Керек дүние. Әлемдік журналистикадағы тенденцияларды білген артық болмас.
Ал енді отандық журналистиканың проблемаларын қашан талқылаймыз? Отандық журналистика жоқ, бітті, өлді дегенде бәріміз жамырап қоя береміз. Өлмесе де өлімші халде екені рас. Ал енді соны реанимациялау үшін не істеу қажет? Соны да осындай жиындарда, бөлек сессия ретінде талқылап, шетелдік мамандардың пікірлерін білуге болмас па еді? Әлде өзге елден келген қонақтардың алдында ұят болады деп жылы жауып қоя береміз бе?
Осымен міне, оныншы жыл өткізіліп отыр медиа форум. Тек ұйымдастыру шараларының өзіне қыруар қаржы кетті осы уақыт ішінде. Ал осы жиындардың қазақстандық журналистикаға титтей болса да практикалық пайдасы тиді ме? Тисе неге біздің отандық журналистика соншама мүшкіл халде? Неге осыншама мүсәпір күйде?
Жаңағы жас жігіттің Қайрат Рысқұлбековты білмеуі оның кінәсі емес. Оған қажет кезінде сол жайында айтып, жазып, көрсетіп бермеген біздің кінәміз. Білім беру мен ақпарат тарату саласында жүргендердің кінәсі деп білем.
Біздің халық нақұрыс емес. Білімпаз, ізденімпаз. Тек сол халыққа қажетті ақпаратты бере білу керек. Халықтың жадын кімді кім зорлап, кіді кім алып қашқаны жайлы өсек-аяңмен емес, шын мәнісінде құнды ақпаратпен толтыра білу керек. Міне, отандық журналистиканың бүгінгі таңдағы міндеті.
Осы міндетті анық ұғынбай, халықаралық, әлемдік журналистиканың мәселелерін талқылау бос әуре. Себебі, дамыған елдердегі журналистика мен, дамушы елдердің журналистикасының миссиясы мүлдем екі бөлек.
Кемеліне келген, экономикалық, әлеуметтік институттары дамыған және ең бастысы ЗАҢ атаулыны басты, әрі бұлжымас құндылық деп білген қоғамда журналистика жәй ғана ақпарат таратушы бола алады. Ал даму жолына енді түскен, оңы мен солын енді тани бастаған, мемлекеттік басқару жүйесі мен халық арасында байланыс орнай қоймаған және ең маңыздысы – қоғамдық сананы дамытып үлгермеген Қазақстан сияқты елде журналистика ақпарат таратушы ғана емес, сонымен бірге ағартушы, әрі идеолог функциясын атқаруы тиіс.
Мұқтар Түменбаев, журналист
Дереккөз: Фэйсбук
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.