Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
аға оқытушылары П.Қ. Бисенбаев,
Е.М. Солтанаева
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетінде аға оқытушы П.Бисенбаев және Е.Солтанаеваның ұйымдастыруымен 3 курс «Қазақ тілім мен әдебиеті» мамандығы студенттерімен «Жазушының шығармашылық лабораториясы» атты пән ауанында орыстың классик жазушысы М.Шолоховтың шығармашылығына арналған әдеби кеш өтті
«Тынық Дон» эпопеясы
«Тынық Донның» оқиғалық – құрылымдық негізін тарихи хроника емес, бірнеше отбасының трагедиялық тағдыры құрайды. Жазушы басты назарын қара нанның қадірін түсінетін Мелеховтар шаңырағына аударды. Үй иесі Пантелей Прокофьевич ескі ескі қазақ дәстүрін жанын сала қорғайтын, өз дегені болмаса өзгеге құлақ аса қоймайтын өжет жан. Ол ешқашан бел жазып дем алуды білмейді. Қашан көрсең таң атқаннан күн батқанша жұмыс жасап, бүтін шаруасын дөңгелетіп отырғаны. Бір кезде татар хуторының көнеден келе жатқан тәртібіне жалғыз өзі қарсы тұрған Прокофии әкесінің бекзаттық, тәкәппарлық қасиеттерінің жұрнағы мұның да, ұлы Григорийдің де бойынан табылушы еді. Шығармада казак әйелінің ауыр тағдыры мен биік адамгершілік болмысын танытантын кәрі Ильинична бейнесі өте әсерлі шыққан. Ал жаңа Ресейдің тағдыр талайы Мелеховтардың кіші буыны Петр, ригорий, Дуняшкалардың трагедиялық өмір жолдары арқылы ашылады.
«Тынық дондағы» әйелдер бейнесінен, әсіресе Аксинья мен Наталья бойынан махаббат үшін бәрін, тіпті өз өмірін де құрбандыққа шала алатын, жан – тәнімен шексіз сүйе білетін қайратты сұлу тұлғаның жиынтық бітімін көреміз.
Қазан төңкерісі мен азамат соғысы Мелеховтар шаңырағының қалыптасқан тұрмыстық – отбасылық жағдайына тосын өзгерістер әкеледі. Дәстүрлі туыстық байланыстар үзіліп, жаңа мораль, жаңа наным – түсініктер туындай бастайды. Шолоховтың жеке тұлға концепциясы адамды төңкеріс тәжірибесі арқылы сынақтан өткізу керек деген ұғымды ғана білдірмейді, сонымен бірге адам баласы халық тарихының қойнауынан бастау алатын гуманистік идеалдар арқылы да жетілуге тиіс дегенге саяды. Одан демократизм принцептерін дамыту жайы да сырт қалмайды.
Ресейдің казак – шаруаларына өте – мөте ауыр тиген күрделі тарихи үдерістер Григорий Мелеховтың бейнесінен көрініс табады. «Басты кейіпкер трагедиясының себебі неде?» деген мәселені жазушы әлеуметтік, ұлттық, тарихи, психологиялық факторлар аралығында шешуге талаптанады. Ақиқатты іздеуші тұлға бейнесі, ой қуған тәкаппар адам драмасы орыс әдебиетіне оншалықты жат емес. Төртінші томның соңындағы Григорийдің шын сөзін айтып, ағынан жарылатын сәтін еске түсірейік: «жас Листникий мен анау Кошевой сияқтыларға мен үнемі қызыға – қызғана қарайтынмын… Оларға бәрі басында – ақ түсінікті болатын, ал маған әлі де бәрі күңгірт. Олардың , екеуінің де өзіндік тура жолы бар, соңғы тұрағы да белгілі. Ал мен он жетінші жылдан бері мас адамдай шатқалақтап жолсызбен жүріп келемін… Ақтардың қолбсшылары үшін мен жат болдым, үнемі күдікпен қарайтын, басқаша болуы да мүмкін емес еді. Диханның баласы, сауатсыз казакпын. Мен қалай олармен туысам. Олар маған сенбеді. Кейін қызылдарда да осы жағдай қайталанды. Мен соқыр емеспін, эскадрондағы коммунистер мен комиссарлардың маған қалай қарайтынын байқадым…Шайқаста менен көз алмай, әр басқан адымымды көзден таса қылған жоқ… Әрі қарай шыдай алмадым. Ыстықтан тас та жарылады емес пе?».
Григорийдің көздегені – қалайда ақиқат шындыққа жету. Шығарма желісі барысында Григорий түрлі сынақтан өтеді. Алдымен, хутордағы ауыр еңбектің жемісін көреді. Ягодныйдағы Листницкий үйінде дайын ас, жеңіл өмірдің дәмін татады, билікті де кемдікті де байқайды, ақ та қызыл да болады. Егер қарама – қарсы бағыттың өкілдері саналатын Листницкий мен Кошевой өз шындығын тапқан болса, егер бұл кейіпкерлерге тән қасиет қаталдық деп танылса, Г. Мелехов осы екі әлемнің нақ ортасында тұрып екеуін де теріске шығарады.
Григорий төңкерістің ауыр кезеңдерінде көп қателіктер жібереді. Ол жасаған іс – әрекеттеріне түрткі болған жағдайларға талдау жасайды. Кейде тығырықтан шығар үшінші жол тапқандай үміттеніп қалады. Бірақ таптар тартысы саналатын аласапыран уақытта басқа бағытпен дер шағында анықтап алмағандығы. Сол үшін басты кейіпкер тағдыр тәлкегіне ұшырайды.
Шығарма соңында Шолохов біржақты байламға келмейді. Түрлі мысалдармен өрнектей отырып, Мелехов бейнесінің қат – қабат қайшылықтардан тұратынын атап өтеді. Жазушының сөзіне қарағанда, Григорийдің жалын шарпыған даланы елестететін жан дүниесі адамдық қасиеттерден ада емес. Адасып Фомин бандасына тап болатын Мелехов иілуді білмейтін тәкаппар мінезінен жаңылмайды.
Қаламгердің ертеректе «Дон әңгімелерінде» қол жеткізген табыстары «Тынық Донда» жаңа сапаға ие болады. Эпопеяда проблемалар ауқымы өмірдің негізгі заңдылықтары мен ұлттық мінез, әлеуметтік өзгерістер мен ұлт тағдыры, қоғамдық ілгерілеу барысындағы ұлттық пен таптықтың арасалмағы сияқты мәселелер төңірегіне топтасып, кеңи түскен. Шолохов бұл туындысында «халық», «қоғам», «тап» деген категориялармен шектеліп қалмай, «ұлт өмірі», «ұлт тарихы», «ұлт тәжірибесі» сияқты ұғым – түсініктер енгізеді.
Шолохов халықтың тарихи – әлеуметтік тәжірибесіне сүйене отырып, ширек ғасыр бойы орыс жұртының ұлттық мінезін зерттейді. Жазушы ұлттық болмысты аса дәріптеп жатпайды, оны негізінен ұлттық мәдениет ерекшеліктері қызықтырады. Эпопея сияқты көлемді дүние халық өмірінің қыр – сырын кеңірек ашып, бейнелеуге зор мүмкіндік береді. «Тынық Донда» халық тағдырындағы айтулы әлеуметтік жетістіктер көрініс табады. Кітапта «Тынық Донды» «казактар эпопеясы» атандырған сыншылар айтқандай, казактар бірлестігінің жойылуы бейнеленбейді. Жазушы бүтін ұлт өмірін, халық тағдырын қадағалап отырады.
Көзқарасы, мақсат – мүддесі ешқашан үйлеспейтін екі әлем бір – бірімен қақтығысқан сәтте үлкен – үлкен тарихи өзгерістер орын алатыны мәлім. Мұндай жағдайда трагедиялық қайшылықтарды айналып өту мүмкін емес. Халықтың жақсы қасиеттері мен дәуір қайшылығын бойына сіңірген бас қаһарман эпопея ұстанымына сай келеді.
Шолохов халықтық қоғамдық тарихи құбылыстарға берген бағасына,адамершілік ар – ождан талаптарына сүйеніпқана қоймайды, мақал – мәтел, жыр, ән, өлең сияқты әдеби үлгіледі де молынан пайдаланады. Ауыз әдебиеті – жазушы үшін халықтың ертеде орын алған оқиғалар жайындағы пікірі, халық дүниетанымын зерттеуге қажетті құрал. Эпопеяның бас жағындағы, жеке бөлімдеріндегі эпиграфтардың ескі казак жырларынан алынуы, әрине, тегін емес. Романның стилі, ырғағы, лексикасы, барлық баяндау компоненттері түгелдей образды халық тілін қайта жаңғырту мақсатына бағынады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
аға оқытушылары П.Қ. Бисенбаев,
Е.М. Солтанаева
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.