Кемеңгер келбеті

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

аға оқытушылары П.Қ. Бисенбаев,

Е.М. Солтанаева

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетінде аға оқытушы П.Бисенбаев және Е.Солтанаеваның ұйымдастыруымен 3 курс «Қазақ тілім мен әдебиеті» мамандығы студенттерімен «Жазушының шығармашылық лабораториясы» атты  пән ауанында орыстың классик жазушысы Лев Толстойдың шығармашылығына арналған әдеби кеш өтті  

 

 

Кемеңгер келбеті

 

Лев Толстойдың  әрбір жаңа шығармасы оқырман үшін үлкен жаңалық болды. Жазушы «Соғыс және бейбітшілікті» бес жыл жазды, «Анна Каренинаны» жазуға да сонша уақыт жұмсады. Бірінші кітапта әйгілі тарихи оқиғалар сөз болса, екінші кітапта жазушы замандастарының тағдыры баяндалды. Осы қос шығарма Толстой-суреткерді күллі әлемге мәшһүр етті. Дегенмен Толстой шығармаларының ішіндегі шоқтығы биігі – «Анна Каренина» романы деп білемін. Нақты проблемалар төңірегіне шоғырланған оқиғалар тізбегі эпикалық ой өзегінің көркемдік тұтастығын дәлелдейді.

     «Соғыс және бейбітшілік» романына қарағанда, «Анна Каренинада» сұлулық пен адамгершілік әлемі зұлымдық әлемімен астасып жатады. Анна романда бақыт іздеуші әрі бақыт сыйлаушы кейіпкер ретінде көрінеді. Бірақ оның жолында бас көтерген зұлым күштер кедергісі әйел өмірінің қайғылы жайтпен аяқталуына себепші болды. Сондықтан Аннаның тағдыры терең драматизмге толы. Ширыққан драматизм мен шытырман психологиялық күйзелістер романның өн бойынан анық байқалады.

Толстой оның махаббаты мен аналық сезімін адам бойындағы құнды қасиеттер ретінде қатар алып сипаттайды. Аннаны Вронскиймен байланыстыратын оған ынтық болған кездері болса, ал Каренинді еске алса мейірімді ана, сүйікті жар болған мезеттері ойға оралады. Анна алдыңғысы да, соңғысы да болғысы келеді.

Толстой мұрасы әлем әдебиетіндегі теңдесі жоқ әлеуметтік проза үлгілерінің біріне жатады. Жазушы қаламынан туған өмір шындығын әлем тарихынан бөліп-жарып қарастыруға болмайды. Әлем жұртшылығының Толстой шығармаларына деген қызығушылығының бір себебі осында. Сондықтан әрбір жаңа ұрпақ Толстой мұрасын қайта қолға алар. «Ғалымның хаты өлмейді» демекші, жазушының классикалық туындылары ешқашан маңызын жоймайды. Демек, адам табиғатындағы Толстой көрсеткен жағымсыз мінез, кесапат кеселдер қаламгер заманымен бірге өтіп кетпейтіндігін есте тұтып, жат қылыққа бой алдырмау ләзім.

Образбен ойлайтын жазушы қауымға өмірлік тәжірибеден туындайтын қисынға негізделген интуиция мен алда болатын жайттарды елестете алатын қабілет-қарым тән екені айтылып жүр. Жюль Верн техника әлі дамымай тұрған уақытта  сүңгуір қайық туралы жазды.   М.Ю.Лермонтов патшаның тақтан таятынын айтса, Кафка мен Т.Манн фашистік жүйенің орын алатынын алдын ала сезген. Ғ.Мүсіреповтің түсінде көрген бейтаныс адамын өңінде де сол қалпында жолықтырған сәттері болған екен. Олардың киген киімі мен кездескен жері де еш өзгермеген. Қаламгерлер келешекте дәл осындай оқиғалар орын алады деп кесіп айтпайды, осылай болуы мүмкін екенін ескертеді. Сөйтіп, адамдарды қоғамдық дамудың келесі бір кезеңінде орын алуы мүмкін небір жайттардан сақтандырады, не соған алдын ала дайындайды.

Ал қоғамдық санада өз үнімен танылған Толстойдың XX ғасырдың басында айтқан  ой-тұжырымдары қазіргі таңда да өзекті екені анық. Мысалы, ол өлім жазасын қолдануға қарсы болған. Жазушы адам жанын алу бір Жаратушының қолындағы іс деп біледі. Ол тіпті біреудің сыртынан ғайбат сөз айтуды үлкен күнәға жатқызады. Қаламгер заманында  қылмыскерлер мен кісі өлтірушілерді өлім жазасына кеспеу ақылға сыймайтын нәрсе болып көрінсе, бүгінде әлемнің көптеген елдері өлім жазасынан бас тартты.  Сондай-ақ Толстой жануарларды еті мен терісі үшін өлтіруге  үзілді-кесілді қарсы шығып, вегетарианец болған. Оның замандастары өздері үшін тіршіліктің көзі боп көрінетін жануарларға деген ондай жанашырлықты түсінбесе,  бүгінде жануарларды қорғауға байланысты қаншама іс-шаралар атқарылуда. Былайша айтқанда, өркениеттің кейбір белгілерін жазушы алдын ала болжап білгендей. Толстой отбасы, ата-ана мен бала, ер мен әйел қарым-қатынасы  мәселелеріне қатысты да маңызды жазбалар қалдырды. Оның дана ойлары қазіргі педагогика саласында да құнды болып қала бермек.

Л.Толстойдың «Жазуды кәсіп қылудың керегі жоқ, жер жыртып, етік тігіп  немесе басқа еңбекпен нәпақа табуға болады. Алайда жазбауға шамаң болмаған кезде ғана жаз» деген сөзін әдебиетші қауым жақсы біледі. Патша билігінің төңірегіне қадірлі отбасынан шыққан граф Толстой тек қаламды ермек қылмаған, үлкен тәжірибе жинақтап, түрлі жұмыстар атқарған. Адам табиғатын, қоғам сырын зерттеген. Жастық шағын Ресейдің оңтүстік бөлігінде әскери қызметте өткізген жазушы соның арқасында «Кавказ повестері», «Казактар», «Севастополь әңгімелері» мен «Соғыс және бейбітшілік» романындағы ұлы сүрең суреттерін шыншылдықпен жазып шыққан.

Бірде атақты сурет жинаушы П.М.Третьяков белгілі қылқалам шебері И.Н.Крамскийді Ясная Полянаға Л.Толстойдың портретін салып келуге жұмсайды. Алыстан ат арытып келген ол графты өз үйінен таппайды. Сөйтіп, Крамский сол маңайды аралап жүріп, ағаш жарып жатқан жұмысшыдан: «Лев Николаевичтің қайда екенін білесіз бе?» деп сұрайды. Әлгі жұмысшы бойын тіктеп, оған мұқият қарайды да: «Оны қайтесің? Мен соның өзімін» деп жауап қатады.

Жазушы әрбір кейіпкерін шығарма оқиғасына кіріктірмес бұрын оның шағын көріністердегі психологиялық көңіл күйі қандай болуы мүмкін деген жайттарға жауап іздейді. Мәселен, Л.Толстой таяққа жығылған шаруаның жан тебіренісін нанымды етіп көрсету үшін қызметшілеріне өзін ағашқа таңдырып байлатады да, «ал енді аямай дүре соғыңдар» деп бұйырады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

аға оқытушылары П.Қ. Бисенбаев, Е.М. Солтанаева