Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
филология және әлем тілдері факультетінде
аға оқытушы П.Бисенбаев және Е.Солтанаеваның
ұйымдастыруымен 4 курс «Қазақ тілім мен әдебиеті»
мамандығы студенттері арасында Софы Сматаевтың «Елім-ай»
трилогиясын талқылауға арналған әдеби кеш өтті
«Елім-ай» – замана шындығы
Көркем шығармаға қойылатын талаптың бірі – оның уақыт сұранысына ие болуы, замандастардың санасына, рухына әсер етіп, эстетикалық талғамына жауап бере білуі. Жазушы қаламынан туған дүниелердің тақырыптары әрқалай болуы мүмкін. Барлық түйткіл – көтеріліп отырған мәселенің өміршеңдігінде, оқиғалар мен кейіпкер әрекетінің нанымдылығында, жазушы мұратының биіктігінде. Осы жағынан алғанда, Софы Сматаевтың «Елім-ай» трилогиясы – шын мәніндегі оқырман ықыласына ие болған заманалық туынды. Романда «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанып, халық жадында өшпестей боп орын тепкен ауыр оқиғалар мен тәуелсіздік үшін болған жанкешті күрестер сипатталған. Біздіңше, талай ғасыр өткенімен ескірмей, ел есінен шықпай жүрген халқымыздың жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресі туралы туындылардың студенттер қауымына берер ғибраты мейлінше мол. Бүгінгі жас буын «Елім-ай» сияқты тарихи тағылымы бар романдарды оқып-білу арқылы өзі өмір сүріп отырған бақытты заманның қадірін тереңірек түсінетін болады.
XVII-XVIII ғасырларда орын алған тарихи оқиғаларды түгелдей шығарма желісіне сыналап енгізу мүмкін емес. Олай етудің қажеті де шамалы. Негізгі оқиғаларды адам тағдыры, оның сезімі, ішкі болмысы арқылы ашып көрсеткен жөн. Софы Сматаевтың тарихи трилогиясында осындай принцип айқын көрінеді. Романда кейіпкерлер саны өте көп. Сонда да автордың айрықша бейнелегісі келген адамдарына тоқталып өтуге болады. Олар: Жәңгір сұлтан, Ошаған би, Қазыбек би, Бөгенбай, Райымбек, Олжабай сияқты тарихи тұлғалар, Қуат пен Жомарт батырлардың отбасы, олардың арманы мен бейнеті шым-шытырық тартысты оқиғалардың ортасында көзге шалынып отырады. Осылардың басындағы жағдайлар арқылы жазушы тарихи кезең шындығынан елес береді.
Жазушы жоңғарларға қарсы күрестің бүкілхалықтық сипатын аша отырып, сол күрестің қозғаушы күштері, олардың бірлігі мен қайшылығы қандай дегенді шебер айырады. Осындағы Жәңгір сұлтанның жауынгерлік бетін танытатын көркемдік ізденістер назар аударуға тұрарлық. Жәңгір сұлтан бастаған алты жүз қазақ қолы батыр қонтайшының елу мың әскеріне қарсы тұрады. Сол күні қазақ қолы жеңіске жетеді. Ертеңіне Жалаңтөс батыр бастаған жиырма мың қол көмекке келіп, жау көп шығынмен кері шегінеді.
Романда жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақтардың қиыншылыққа толы әрекеті жан-жақты суреттеледі. Жоңғар нояндары мен қонтайшыларының төңірегі, үй ішілік өмірі, жалпы пиғылы, қатал да қайсар ерлігі, менмендігі авторлық баяндаулар тұсында анықталып отырады. Дұшпанның сұсты бейнесі, жоңғар жасағының қайырымсыз қаталдығы, шарасыз елдің ауыр ахуалы шығарманың өн бойында қайталанып, көрініс тауып отырады.
Қазақ тарихи жырлары мен аңыздары өлеңмен өрілген халық тарихы тәрізді. Оларда әлеуметтік жағдайлар мен тарихи тұлғалардың істеріне тура нақты мінездемелер жиі кездеседі. Сондықтан болар, «Елім-ай» романында XVIII ғасырдағы қазақ батырлары туралы тарихи жырларда ұшырасатын деректер мол. Бұдан, әрине, роман мен жырдың арасына тепе-теңдік белгісін қоюға болмайды. «Елім-айдың» құрылысы мен мазмұнында фольклордан ауысқан мәліметтер кездескенімен, талдау, даралау, мінездеу тәсілі жаңаша тарихи проза үлгісінде.
Софы Сматаев романында қазақтан шыққан сатқын Қатыран дегеннің жауыздық бейнесі ашылады. Қатыран өз ауылының сәби балаларының қанын өзі ұрттап, жаудың жасамаған қатыгездігін жасайды. Бұл – Әнуар Әлімжановтың «Жаушы» романындағы Қаражал бейнесі сияқты оқушыны ойландырарлық, өз ішінен шыққан жаудың сыртқы жаудан анағұрлым қауіптірек екенін ұқтыратын бейне.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
аға оқытушылары П.Қ. Бисенбаев,
Е.М. Солтанаева
Софы Қалыбекұлы Сматаев
Софы Қалыбекұлы Сматаев 1941 жылы 22 маусымда Қарағанды облысындағы Киік стансасында дүниеге келген. 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, бір жылдан кейін Мәскеудің Болат және қорытпалар институтына ауысқан. Негізгі мамандығы – инженер-металлург. Мәскеудің «Орақ пен балға», Туланың, Теміртаудың металлургия зауыттарында, Қазақ КСР Ғылым академиясының Металлургия және кен байыту институтында қызмет атқарды. Біраз жыл «Жұлдыз» журналы проза бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан КП Орталық Комитетінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі болды. 1989 жылдан Қазақ КСР мемлекеттік Кітап палатасының (қазіргі ҚР ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы) бас директоры болып қызмет істеген. 2006 жылдан Алматы қаласы әкімдігінің кеңесшісі.
Алғашқы кітабы – «Астана оттары» өлеңдер мен балладалардан құралған. Негізгі прозалық кітаптары – «Елім-ай» роман-трилогиясы, «Ақжелең», «Бұлақ», «Мәңгілік бастауыш», «Біз құлмыз ба, кімбіз?» романдары; «Алау», «Алғашқы асу», «Қайран жастық»— повесть, әңгімелер жинағы, сондай-ақ «Жұмбақ қыз», «Жамбыл», «Жаяу Мұса», «Айбибі – Нарбота», «Бойдақтар» операларының либреттосы, «Сен кімсің?», «Әзіл-әзәзіл», «Жұлдызым менің жоғары», «Тағдырлар», «Алтын құндақ», «Зар заман», «Далам-ай – панам-ай», «Қазақша кек қайтару», «Қазақша көкірек керу», «Көгілдір такси», «Той үстіндегі топалаң», «Көрер ем күнім туса», «Тосқауыл», «Үміт пен күдік» т.б. пьесалары бар. «Аймаңдай», «Біржанның соңғы жұлдызы» (реж. Т.Теменов), «Тағы да Еңлік-Кебек» (реж. Б.Шәріп) киносценарийлері, шығармаларының 17 томдығы жарық көрген (2008).
В.Шекспирдің «Юлий Цезарь» драмасын, венгр жазушысы И.Добозидің «Сейсенбіден бейсенбіге дейін» повесін, ұйғыр жазушысы Х.Абдуллиннің «Жолдастар», Ю.Мухлисовтың «Садыр палуан» романдарын, Короленконың, В.Солоухиннің, А.Лупанның, Е.Исаевтың, Вс.Иванов, П.Загребельныйдың әңгіме, өлеңдерін тәржімалаған. «Елім-ай» романы, т.б. туындылары көптеген шетел тілдеріне аударылған.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. «Құрмет» орденінің, «Парасат» орденінің иегері. Қазақстан Республикасының бірнеше медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен марапатталған. Жезқазған, Балқаш қалалары, Ағадыр, Қарқаралы, Шет аудандарының Құрметті азаматы.
Шығармалары: Астана оттары. Өлеңдер мен балладалар. А., «Жазушы», 1968; Армысың, ана! Әңгімелер, повесть. А., «Жазушы», 1970; Алау. Повесть. А., «Жазушы», 1974; Елім-ай. Роман. 1-ші кітап. А., «Жазушы», 1976; Ақжелең. Роман. А., «Жалын», 1979; Елім-ай. 2-ші кітап. Роман. А., «Жазушы» 1980; Қобыланды батыр. Повесть. А., «Жалын», 1981; Алғашқы асу. Повестер. А., «Жалын», 1982; Бұлақ. Роман. А., «Жазушы», 1983; Песнь моя – боль мая. Роман. Кн.1. М., «Советский писатель», 1983; Ой маржандары. Мақалдар. А., «Жалын», 1984; Ғарышқа көз тіккен жер. Әңгімелер. А., «Жалын», 1985; Песнь моя – боль моя. Роман. Кн.2. М., «Советский писатель»,1987; Мәңгілік бастауы. Роман. А., «Жалын», 1987; Үш пайғамбар. Мақалалар. А., «Дәуір», 1992; Мой друг, мой брат. Рассказы. А., «Жазушы», 1988; Әзіл-әзәзіл. Пьесалар. А., «Өнер», 1988; Елім-ай. Роман-трилогия. «Санат», 1998; Жарылқап батыр. Роман. «Айқос», 2000; «Қайран жастық», Повестер. Астана. «Елорда», 2001; Елім-ай. 3-ші кітап. А., «Қазығұрт», 2003; Елім-ай. Роман-трилогия. «Атамұра», 1-ші кітап; 2–3-кітаптар. «Фолиант», 2003; «Біз— құлмыз ба, кімбіз?». Роман. «Елорда», 2005; «Базарың құтты болсын». Киноповестер. «Құс жолы», 2007; «Әулет сыры» . Дастан. «Құс жолы», 2007; «Ұядан қияға ұшқандар». Дастан. «Құс жолы», 2008; «Аналар-ай – Даналар-ай». Дастан. «Құс жолы», 2008; Он жеті томдық шығармалар жинағы. «Ел-шежіре», 2008.
Осы жердесіз: Негізгі бет » Өзге тақырыптар » Өмірбаян
Толығырақ: http://alashainasy.kz/omir/sofyi-kalyibekulyi-smataev-51781/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.