Аңыз тудырған дәуір

П.Бисенбаев,

әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Аңыз тудырған дәуір

Шығыстық сюжеттерге негізделген қисса-дастандарда «Қорқыт ата кітабындағы» Төбегөзге қатысты сарынды еске түсіретін оқиғалар жиі көрініс табады. Мәселен «Сейфүлмәлікте»: Басты кейіпкедің досы Сағадаттау аралап жүріп, «құлаған құдықтай көзі үңірейген, қой бағып жүрген бір пәлеге кездеседі. Ол ұстап алған адамына бір аяқ сүт беріп, соқыр қылады екен де, үңгірге қамап, семіртіп жейді екен. Сағадат берген сүтін ішпей шұқырға құя береді де, дәу бір мес шарап ішіп,қорылдап ұйқыға кеткенде жанып тұрған оттан екі шаланы алып барып, қорқаудың екі көзіне баса қояды. Екі көзі ағып түсе қалады». « Мың бір түннен» енген басқа сюжетте адам жегіш мақұлық  семіздеу кеме капитанын көтеріп әкеліп тасқа алып ұрады. «Жарылған қарбыздай басының мылжа-мылжасы шығады. Істікті кеңірдегінен сұғып, құйрығынан бір-ақ шығарады. Қақтап жейді. Күніне бір адамнан  жеп тауысып бара жатқан соң: «Екі темір істікті отқа қыздырып,әбден қызған соң , екі көзіне апарып бойлата сұғып жібереді». Бұл мотивтің еуропалық ғалымдар айтқандай Гомердің «Одиссеясынан» емес, түркі жұртының көне аңыздарынан алынғаны анық.

Геродот өзінің «Тарих» кітабында былай деп жазады: «Сонымен, агриппейлерге дейінгі ел бізге белгілі, олардан жоғары тұрған халықтар жөнінде ешкім де анық ешнәрсе айта алмайды, өйткені олар адам аяғы баспас биік таулармен бөлініп жатыр. Сол агриппейлердің айтуынша, тауларда ешкі тұяқты адамдар тұратын көрінеді, ал олардың ар жағында алты ай бойы ұйқыға кететін ел тұрады екен. Мен бұған мүлде сенбеймін. Керісінше, шығыстан агриппейлерге дейінгі жерге исседондар қоныстанғаны анық, ал солтүстікке қарайғы жер туралы ештеңе белгісіз болып тұрғанда, олар бірдеңе дей қоюы мүмкін бе… Осылайша, бұл халықтың бар екені анық, ал олардың жоғарғы жағында, исседондардың айтуы бойынша, жалғыз көзді адамдар мен алтын күзететін грифондар тұрады. Мұны скифтер де мақұлдайды, ал скифтерден біз аримаспылар деп скифше неге атағанын біліп алдық: «арима» деген сөз скифтерше – біреудегенді, ал «спу» – көз дегенді білдіреді екен». [1, 308]

Геродот агриппейлердің көршісі деп анықтаған исседондарды И.Забелин Оралдың бойымен байланыстырады, оралдық Исети өзенінің атауы исседондардан шықты дейді. Исседондардан кейін Геродот аримаспылар мен олардың алтын күзетуші көршілері грифондардың орналасқанын айтады. Тарихшылар шындыққа жартылай ғана жанасатын осы мәліметте шындықтыңбір ұшқыны жатыр деп есептейді. Біреулері аримаспылардың өмір сүрген мекені Орал (И.Забелин) десе, енді біреулері аримаспы тайпалары Солтүстік Қазақстанда, шамамен қазіргі Степняк қаласының маңында көшіп жүрді деседі, осы жерде ірі алтын кендері орналасқан. Аримаспыларды Алтаймен байланыстыратын да тарихшылар бар.

Ертедегі гректер Қара теңіз маңындағы скифтер жайлы жақсы білген. Орта Азияның скифтері туралы олар парсылардан аз да болса естіген. Грек тарихшыларының скифтердің солтүстігі мен шығысында тұрғандар туралы мәліметтері қызық: олардың ойынша, ол жерлерде ертегідегі алыптар, басы таз агриппейлер, жалғыз көзді аримаспылар мен алтын күзетуші грифондар тұрады. Мәліметтердің бір бөлігі осы халықтар туралы аңыздармен және мифтермен сәйкес келіп жатуы да мүмкін. Сөйтіп, Геродоттың пікірінше, Полифем туралы көне грек аңызын жалғыз көзді аримаспылар жайлы мифпен қызықты етіп байланыстыруды б.з.д. VIII-VII ғасырларда Алдыңғы Азияға шапқыншылық жасаған скифтер әкелген болуы мүмкін.

Жалғыз көзді дәу жайлы сюжет Солтүстік Кавказдың қазіргі тұрғындарының эпосында кездеседі. Мысалы, нарт эпосының осетиндік нұсқасында Урызмаг аңға шыққанда тау етегінен бір отар қой бағып жүрген алып денелі жалғыз көзді адамды көреді. Сосын ол осы алыптың тұтқынына түседі. Алып ұйықтаған кезде, Урызмаг оның жалғыз көзін күйдіріп, сүйікті серкесін сойып алып, терісін жамылады да, отар қойды айдап әкетіп, нарттарға бөліп береді. У.Б.Далгат бұл нұсқаны Полифем туралы көне сюжеттің «нарттанғаны» деп біледі. Дегенмен осетиндік нұсқаның қазақ даласындағы жалғыз көзді бақташы туралы ертегімен жақын байланысы бар екенін байқайды, бұл жердің байырғы тұрғындарымен сақтар, оның ішінде сарматтар, Таяу Шығысқа келмей тұрып-ақ қарым-қатынас жасайтын. Бір қызығы, осы осетиндік нұсқа ғана көне айрықша құрылымын сақтап қалған; жалғыз көзді дәу туралы ингуш, шешен және дағыстандықтардың сюжеттері грек нұсқаларына жақын.  Жалғыз көзді дәу туралы қазақ даласында жазылып алынған  нұсқаларды ғана қарастырамыз, олар, бір жағынан, осетиндік сюжетпен, екінші жағынан, оғыздардың «Қорқыт ата»   эпосындағы сегіз аңызбен байланысын анықтауға септеседі. Алғашқы ертегіні белгілі ғалым  Ш.Уәлиханов жазып алған.

«…Қойлыбай қатерлі сапарға аттанады. Бірақ Қойлыбайдың қасында Надыр – Шолақ жоқ еді. Надыр – Шолақ «Қойлыбай тілімді алмады» деп өкпелеп, бармай қалған-ды. Қойлыбай қатын толғатқан үйге жақындағанда ұрандап, жындарын шақырып айқайлап, қылышын оңды-солды сермеп, бар қаһарын төге, ат-патымен үйге кіріп кетіп, шаңыраққа тесіле қарайды да, қылышын сермеп қалады. Қылыш шақыр-шұқыр етіп барып Қойлыбай да атынан ұшып түседі, бақсының аузы мен құлағынан қарақошқыл қан шапшиды. Толғатып жатқан қатын да есінен танып құлайды. Қойлыбай есін жиып, шаңыраққа қарағанда албастылардың қара сауыт құрсанып, қара атқа мінген патшасын көреді. Албастылар патшасының үлкен маңдайындағы тостағандай жалғыз көзі жымыңдап: «Біз сені сыйлап, көп еркінсітіп жібердік, ең болмаса бір рет бізге ерік бер!» дейді. Албастылардың патшасының қолында жеңістің тұғырындай үлкен қызыл ту желбірейді. Шаңыраққа қарай Қойлыбай қылышын сілтегенде, шақыр-шұқыр еткен албастылар патшасының мұздай құрсанған сауыттары еді. Сөйтіп, албастылар патшасы Қойлыбайды жеңіп, бір сәт масайрайды.

Қорыққан халықта ес-түс қалмайды. Қойлыбай болса денесінен қауқар кетіп, өлексеге ұқсап жатып қалады. Ал үйдің іші-сыртын көк тұман басып, онан шыққан айқай-шу елдің үрейін ұшырады. Бұл Қойлыбайдың жын-шайтандарынан құрылған түмені мен албастылардың жалғыз көзді пат-шасының ғаламат шайқасы еді. Одан соң қара арғымақ ауада қалықтап бір орында тыпыршып тұрып алады. Кенет алыстан соққан қатты желдің ысқырығы, аспанды шатырлатқан найзағай ойнап, бір үлкен қара бұлт жүйіт-кіп кеп үйдің үстіне төніп, ауаны қараңғылық басады, у-шу үдей түседі де, шатыр-шұтыр қатты дыбыстар естіледі. Содан соң қара бұлт батысқа қарай жөңкіле жөнеледі. Бұл келіп жеткен Надыр-Шолақ еді. Ол Қойлыбайдай сүйіктісінің қасіретіне шыдап жата алмапты. Қолдарына қарағай сапты найза ұстаған Надыр-Шолақтың таңдаулы жауынгерлері жұбын жазбай келіп, жалғыз көзді албастылар патшасының кеудесіне найзаларын сүңгіпті. Албастылар қашты, қара бұлт ашылғанда Қойлыбай айқайлап орнынан атып тұрып:

– Айналайын, Надыр-Шолақ, сенің құрбаның болайын! – деп қобызын тартып:

– Оны тірідей ұстап маған алып келіңдер! – деп бұйырады. Осы кезде толғатқан қатын да өзіне-өзі келіп: «Иншалла, тәуба!» – дегенге тілі келеді.

Албастылар күйрей жеңіледі, ал патшасы қол-аяғы байланып Қойлыбайдың аяғының астында жатты, оны бақсы қызметке алып, албастылардың бастығы етті».

Аңыз Надыр-Шолақтың жалғыз көзді алып албастыны жеңуімен аяқталады. [2,118-119]

Бұл ертегіде албастының бейнесі ғана Полифемді еске түсіреді, ал сюжеті шамандықпен байланысып жатқандықтан, мүлдем басқа сипатқа ие. Дегенмен жалғыз көзді дәудің мұнда албастылардың патшасы ретінде суреттелетінін айта кету керек, бұл жындар ирантілдес скиф ұрпақтарының нарттық аңыздары мен Солтүстік Кавказдың түркітілдес халықтарының аңыздарында «алмасты» деген атаумен кездеседі. Оғыз ұрпақтарында бұл жын жаңа туған сәбилерді ұрлап, қанын соратын әйел бейнесінде көрініс тапқан.

Қазақ даласында жалғыз көзді дәу туралы басқа да сюжеттер жазылып алынған. Мәселен, Н.В.Остроумов екі нұсқасын ұсынады. Бірінші ертегінің екінші бөлімі Полифем туралы сюжетпен толығымен сәйкеседі. Әңгіменің детальдары осетиндік сюжетке ұқсайды (мысалы, аңға шығу, бір отар қойды бағып жүрген жалғыз көзді дәуді кезіктіру, кейіпкердің серкенің терісін жамылып құтылып кетуі).  Н.В.Остроумов мысалға келтірген жалғыз көзді дәу туралы екінші бір қазақ ертегісі де осыған ұқсас.

Бұл нұсқаның детальдары «Қорқыт ата кітабындағы» Төбегөз жайлы аңызға жақын, мұның өзі Орта және Кіші Азия оғыздарының эпикалық дәстүрлерінің үзілмей келе жатқанына дәлел бола алады. Оғыздар жаңа отанында бұл сюжетті ортаазиялық детальдарды молынан қоса отырып жетілдірді, ондайлар «Одиссейде» де болмаған.

Зерттеуші ғалымдарға жалғыз көзді дәу туралы екі оғыздық нұсқа мәлім. Оның алғашқысы шыққан тегі жағынан түрік-селжүк болып табылатын Әбубәкір ибн Абдаллах ибн Айбек ад-Давадариге тиесілі. 1309 жылы ол араб тілінде «Дурар ут-тиджан на таварих гурар  уз-заман» («Атағы жайылғандардың тарихынан інжу-маржан») атты шағын шежіре жазып, оны Малика насер Мухаммед ибн Калавунға арнады. Онда оғыздың Төбегөз туралы ертегісінен үзінді келтіріледі. Тарихшының айтуына қарағанда, Әбу Мүслим Хорасан (755 жылы өлтірілген) қазынасынан  парсы тілінде жазылған кітап табылған, ол Анушраван Сасанидтерінің танымал билеушісі (531-579 жылдары билік құрған) Бузургмихр Бахтаган Фарсиға тиесілі болып шықты. Мұның «Улухан-ата битигчи» деп аталатын түркі шығармасының аудармасы екені анық, батырлық эпос сипатында жазылған. Халиф Харун ар-Рашид (763-809) билік құрған кезеңде кітапты Бағдаттан шыққан Жебрейіл Бахтяшу араб тіліне аударған, тап осы данасын Әбубәкір пайдаланған. Өкінішке қарай, аталған көне түркі ескерткіші біздің заманымызға толықтай жете алған жоқ. Тек Төбегөз туралы үзіндісі ғана сақталған.

Көріп отырғанымыздай, оғыздардағыжалғыз көзді дәу туралы аңыз  эпикалық дәстүр шеңберінде қалыптасқан: албастының туу жағдайы, оның өсуі, оғыздармен күресі. Шығарма кейіпкердің дүниеге келуі мен балалық шағы туралы аңыздаулардан басталады, есейе келе ол кейіпкер барлық батырлық эпостардағыдай жалғыз көзді дәумен алысады. Бұл сюжеттің негізін оғыздар Орталық Азиядан әкелді десе де болады, бұған жалғыз көзді дәу туралы оғыз аңыздарының көне үлгілері дәлел болмақ. «Улухан-ата битигчи» кітабындағы Төбегөз туралы сюжеттің «Қорқыт ата» кітабындағы аңызбен байланысы айдан анық: Төбегөз туралы екі аңызда да бір ғана кейіпкер – Аруздың ұлы Басат жеңіске жетеді.  «Улухан-ата битигчи» кітабындағы пері, Төбегөздің анасы, «Ұлы теңізде» өмір сүрген. «Қорқыт ата кітабында»Төбегөздің әкесі «ұзын бұлақтың» басында отырған періні кездестіреді. Төбегөздің әкесінің он үш қой терісінен тігілсе де, басын жабуға жетпейтін бас киімінің сипатталуы екі ескерткіште де ұшырасады. Басатты Төбегөзбен ұрысқа шақыру үшін оятатын жауынгер қызға келсек, «Қорқыт ата» кітабында ол алтыншы аңыздағы Селджан-хатун бейнесінде көрініс береді. «Улухан-ата битигчи» кітабында кейін «Қорқыт ата кітабына» енгізілген басқа да көптеген детальдардың болғаны анық.

Жалғыз көзді дәу туралы оғыз аңыздарының  Фирдоусидің «Шахнама» жырындағы Зоххак пен Исфандияр туралы аңыздармен ұқсас жақтары бар. Зоххак күн сайын ирандықтардан екі жасөспірімнен алып отырған, олардың миымен өзінің иығындағы шайтандардың сүюінен өсіп кеткен жыландарды тамақтандырған (оғыздарда да осыған ұқсас оқиға бар). «Шахнамада» Армаил және Кармаил деген екі еркек өз еріктерімен жауызға аспаз болуға жалданады («Қорқыт ата кітабында» Төбегөз күн сайын екі жасөспірімнен басқа, оғыздардың екі аспазды жеткізуін талап етеді). «Шахнамада» Зоххактың асханасы үшін ирандықтар әр отбасынан бір жасөспірімді жеткізіп отырады. Каве деген ұстаның он сегіз ұлынан біреуі ғана тірі қалғанда, күйзелген ол жалғыз ұлын аман алып қалуын өтініп, жалынады (оғыз аңызында  әйел адамжегіш құбыжыққа жалғыз ұлын бергісі келмей Басат батырдан көмек сұрайды. Басат та Каве сияқты жыртқыш адамға қарсы тұрады).

Төбегөздің осал жері жалғыз көзі болатын, Басат оның көзін шығарып, жеңіске жетеді. Бұл мотив «Шахнамада» да бар. Исфандияр шапса қылыш, атса оқ өтпейтін қоладан соққандай мығым денелі болады, Самұрық құс Рүстемге оның жалғыз осал тұсы – көзіекенін айтады. Сонда ғана батыр Исфандиярдың жалғыз көзіне оқ атып, жеңеді. Оғыз нұсқасында құбыжықтың көзін қыздырылған темір істікпен шығарса, «Шахнамада» Самұрық Рүстемге тамаристен («Одиссейде» – зәйтүн ағашы) жасалған жебені отқа қыздыру керектігін айтады.  Рүстемнің әкесін бағып-қағыпөсірген алып құсты Төбегөздің анасы – пері қызымен салыстыруға болады.

Осындай парсы-түркі халықтарына ортақ эпикалық қос желінің өзара байланысын түсіндіру оңай емес. Бұл мәселенің қыр-сырын ашуға септесетін мәліметтер жоқтың қасы. Дегенмен парсылық эпостағы бірқатар образдардың оғыз жырларында кездесетіні жайлы дерекке назар аудармай қоюға болмайды. Бізге жеткен үлгілерден мәлім болғандай,түркі фольклорындағы жалғыз көзді дәу – албасты сияқты мифологиялық кейіпкерлер  қатарында парсылық әдебиеттерден енген пері, дию, айдаһар секілді ертегілік бейнелер де үлкен орын алады.

Екінші жағынан, Афрасияб пен басқа да түркі тұлғаларына қатысы бар «Шахнама» желісіндегі көптеген дүниелер көне түркі аңыздарымен бірігіп кеткені айқын байқалады, олардың ертедегі түркі ескерткіштерінде де ізі сайрап жатыр: Махмұд Қашқаридің «Түркі тілдерінің сөздігі», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», «Қорқыт ата туралы кітап», сондай-ақ Рашид ад-Диннің «Жылнамалар жинағы» және т.б.

Төбегөз туралы сюжеттің барлық нұсқалардағы детальдарыоның оғыз жұртынан шыққанын  дәлелдей түседі. «Қорқыт атакітабындағы»Төбегөз туралы әңгіменің басында Аруз қожа деп аталатын оғыз бектерінің бірі көшіп жүргенде емшектегі баласын жоғалтып алады, оны кейін ұрғашы арыстан  тауып алып, емізеді. Бұл эпизод түркілердің алғашқы бабасы Ашинаны қасқырлардың өсіргені туралы генеалогиялық мифке жақындайды[3,22]. Төбегөзбен сөйлесіп тұрған Басат былай деп  айтады: «Әкем атын сұрасаң – берік (кәрі) ағаш. Анамның атын сұрасаң – арыстан-патша». Бұл оғыздардың түркі генеалогиялық мифінде орныққан тотемдік ағаш туралы аңызын еске түсіреді.

Төбегөз туралы аңызды оғыз эпикалық дәстүрімен ондағы кейіпкерлердің есімдері де байланыстырады. Шығармада көптеген оғыз батырлары таныстырылады, соның ішінде, оғыз эпикалық жырының басты кейіпкері Салор Қазан да бар. Әрине, бұл аңызда оның тұлғалық бітімі айтарлықтай көрінбейді, басқа да оғыздармен бірге ол Төбегөзден қорлық көреді. Басты кейіпкер ретінде мұнда Қиян-Селжүктің ағасы Басат екі рет көзге түседі. Қиянның аты «Қорқыт ата кітабында» жиі ұшырасады, ол Селжүктер әулетінің негізін қалаушы  атақты Селжүк бейнесінде көрініс береді. Басқа да танымал оғыз бектерінен аңызда Алып Рүстем, Бюкдез Эмен, ал ең бастысы, оғыздардың ханы Байындырдың есімдері ұшырасады.

АңыздағыТөбегөздің дүниеге келуі туралы сарынның маңызы ерекше. Оның әкесі – қара торы қарт,  бақташы, анасы – пері қызы (Полифемнің теңіз құдайы Фетидадан туғанын еске түсірейік). Пері қызының бейнесі оғыз ұрпақтарының халық әдебиетінде жиі ұшырасады, ол фантастикалық сюжеті бар барлық дастандар мен ертегілерде зұлымдық бейнесіндегі әйелді елестетеді. Түрікмен эпосы «Көрұғлының» кейіпкері перілер елінен әйел әкеледі; «Шабехрам» түркмен дастанында пері қыздары бірге ұшып жүргенде, олардың біреуі кейіпкердің тұтқынына түседі. «Оғызнаманың» ұйғыр жазбасының эпизодында қыз аспаннан сәуле түрінде түседі. «Оғыз қаған оны көріп, ғашық болады, онымен махаббат қызығына бөленеді». «Қорқыт ата»  кітабында бақташының пері қызымен кездесуі де осы мағыналас. Алайда пері түркілік емес, көне ирандық мифологияның образы болып табылады. Оғыздардың бұрынғы отанында (Орталық, кейіннен Орта Азияда) Төбегөз туралы көне түркілік сюжет ирандық элементтерді сіңіргені анық. «Оғызнаманың» ұйғыр жазбасында суреттелген бала туғанда жарықтың сәуле түсіруі Төбегөз туралы аңызда да кездеседі. Онда жаңа туған нәресте салынған қап жарық сәуле түсіріп тұрды.

Төбегөздің тауға кетуі туралы сарынға келсек, оның жол бойындағыларды тонап, қарақшыға айналуы Көрұғлының өмір жолындағы эпизодтарға ұқсас және сөзсіз оғыздардың батырлық дәстүрімен байланысып жатыр. Алайда қарақшыға айналу сарыны оғыздардың жаңа отаны Кіші Азияда туған болатын.

Енді  айдаһар туралы тағы бір аңызды еске түсірейік, ол Балканда  15-ғасырда тараған аңыз. Төбегөздің оғыздардың арасында пайда болғаны тәрізді, айдаһар да селжүктердің арасынан табылады. Осыған байланысты, «Қорқыт ата  кітабында» ҚазанныңТөбегөзді айдаһармен теңейтінін еске түсірейік. «Төбегөзқара айдаһар болып көтерілді» дейді ол.

Сонымен, Төбегөз туралы сюжет оғыздардың көне эпосымен тығыз байланысты және ол оғыздар Кіші Азия мен Кавказ маңына көшіп келмей тұрып туған. Бұл аңыз – тарихи оқиғалары мен ертегілік-мифтік элементтері қатар жүретін жалғыз эпикалық шығарма. Басаттың жер бетін құбыжықтардан  тазартуға бағышталғанәрекет-амалдары  суреттелетін көріністер осы сюжеттің өте ертеде пайда болғанына дәлел деп есептейміз.

Түркі халықтарындағы жалғыз көзді дәудің образы қоғамдық құрылыстың даму барысына қарай әртүрлі өзгерістерге түсті. Адамжегіш құбыжық жайындағы аңыз алғашқы қауымдық құрылыста да, яғни түркі халықтарының аңшылық кезеңнен малшаруашылығына көшкен кезінде-ақ тууы мүмкін еді. Бұған мына  дерекдәлел бола алады: қазақ нұсқасындағы бас кейіпкер – аңшы; ол өзінің жауы, жалғыз көзді бақташы дәуді жеңгенімен, оның малына қызықпайды. Төбегөз бейнесі  оғыздар мал шаруашылығына әбден көшкен кезде түпкілікті орнықты. Оғыздардың жаңа отанындағы тарихи жағдайлар, көршілерімен араласуы көптеген көне элементтерді ығыстыра отырып, Төбегөзге жаңа сипат дарытты, ол енді ересен күшке ие бітім сүйгіш бақташы-дәу емес, бүкіл оғыз еліне қауіп төндіруші қарақшы.

Сөйтіп, оғыздардың жалғыз көзді дәуі Төбегөзді, олардың Византиямен VII-VIII ғасырларда тығыз қарым-қатынаста болғанына қарамастан, «Одиссейдегі» Полифемнің ықпалымен пайда болды деу шындыққа жанаспайды. Біз бұл жерде әртүрлі халықтардағы эпос дамуының типологиялық ұқсастықтары жайлы сөз етіп отырмыз. Дегенмен де Геродоттың жалғыз көзді дәудің бейнесі көне Грекияға Шығыстан келді деген пікірін де ескермеске болмайды. Әрине, бұл болжам ғана. Түпкілікті шешім айтуға мәліметтер жеткіліксіз болып отыр.

 

Әдебиеттер

  1. Геродот. История. Т.- Москва, 1885
  2. Валиханов Ч.Ч. Сочинения. Т.- Алма -Ата,1961
  3. Гумилев Л.Н. Древние тюрки.- Москва, 1967