Хамитбек МҰСАБАЕВ
ел баһадүр батырының ерлігін ұрпаққа үлгі етті
Кейкі батырдың СҮЙЕГІ 95 жылдан соң жер қойнына тапсырылды
2017 жылдың 15 қыркүйегі күні таң саз бере киелі Торғай өңірі ұлы дүбірге толды. Жан-жақтан ағылған жұрт даңқты Кейкі батырдың сүйегі жер қойнына берілетін Тасты ауылына қарай бет түзеді. Өйткені мұнда ешбір елдің тарихында болмаған оқиға өткелі тұр еді. Әлем тарихына көз жүгіртсек ел қорғаған аруақты батырының сүйегін 100 жылға жуық уақыттан соң жерлеген ұлт жоқ екен.
Осы бір қасиетті шара қазақ халқына, оның ішінде Торғай еліне бұйырыпты. Ол – Кейкі атамыздың бас сүйегін салтанатты түрде жерлеу рәсімі! Рәсім басталмас бұрын жаршылар Алаштың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасының ең соңғы 10 жолын асқақ дауыспен қайта-қайта оқып тұрды. Ал бұл жиналған жұрттың жүрегін әлдилеп, ерлердің ерлігіне тағзымды күшейте түсті:
«Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас, ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас, ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас, ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас, Арқаның белі, желі, шөлі, селі ұмытпаса, ел де ұмытпас».
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің тікелей өзінің демеуші тауып, ұйымдастыруымен Кейкі батырға 16 қырлы әсем кесене орнатылған еді. Осы кесененің маңы құжынаған халыққа толды. Ел рухы аспандады. Жұрт Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік жерлеу комиссиясын асыға күтті. Бұл комиссияның құрамында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Қостанай облысың Құрметті азаматы С. Ахметұлы бар еді. Олар арнаулы ұшақпен батырдың сүйегін Торғай топырағына жеткізді.
Іле Мемлекеттік жерлеу комиссиясының мүшелері Гүлшара Әбдіқалықова, Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Венгрияның Қазақстандағы елшісі Барани Андраш, Парламент депутаты Қуаныш Сұлтанов және жазушы Сәбит Досанов кесененің алдына қойылған батырдың бас сүйегінің жанына келді. Жиналған қауым ерекеше рухтанып, жасыл қыжыммен көмкерліген бас сүйекке ерекше ықыласпен қарады. Осы кезде облыстың бас имамы Б.Тәжімбеков батырдың рухына арнап, арнайы құран бағыштады. Қасиетті дұғалар барша қауымды өзінің рухани қуатымен жігерлендірді. Дұға батырдың рухына бағышталып болған соң, оны жерлеу жөніндегі комиссия мүшелері бас сүйектің соңынан еріп, кесене ішіне кірді. Батырдың басы арнайы орынға жерленген соң, оның қаны тамған Жалаулыдан әкелінген топырақ салынды. Бұл жерде де батыр ата рухына бұға бағышталды.
Мұнан соң рәсімге жиналған жұрт кесене ішіне еніп, батыр рухына тағзым етті. Ал кесене ішіне Кейкі батырдың салауаттарынан үзінділер жазылып қойылыпты. Оны оқыған адамдар ерекше тебіреніске бөленеді.
Иә, Торғай даласы бұрын-соңды болмаған ерекше оқиғаны бастан кешті. Сонау киелі Шақшақ Жәнібек Тархан атамыздан басталған қаһармандық рух ұлы даланы кернеп, әрбір қазақ баласының жүрегіне зор қуаныш пен алапат қайрат-жігер құйып тұрды. Тебіренбеген адам жоқ. Жерлеу рәсімі өте жоғары деңгейде өтті. Бүкіл іс-шара тамаша ұйымдастырылды. Мәдениеттілік пен өркениет талаптары ерекше салтанат құрды. Әрине осыған дейін де талай іс-шара өтті. Бірақ солардың бірде-бірі Кейкі батыр тойындай жоғары деңгейде өтпегені анық. Рас, бұған дейін Шақшақ Жәнібек атамыздың 300 жылдық тойы да жоғары деңгейде атап өтілгені белгілі. Бірақ Кейкі атамызға жасалған іс-шаралар ерекше болды. Елім деп еңіреп туған есіл ердің алтын басының туған топырағына тапсырылуы – әр қазақтың һәм бар қазақтың тұла бойын шымырлатып, шалқар шаттыққа бөледі. Ұлы Дала дүбірлеп тұрды. Ол дүбір – әрбір Алаш баласының бойынан анық аңғарылды.
Рет-ретімен тігілген киіз үйлерде жайылған ақ дастархандар жиналған көпшіліктің қуанышына айналды. Әр үйдегі қонақ күтушілердің пейілі мен мейірімі – оларды ыстық ықыласқа бөледі. Бірде-бір адам шет қалған жоқ. Облысымыздың бірқатар аудандары әкеп тіккені киіз үйлерде де қонақтарға деген көңіл ерекше болды. Барлық аудандардан тігілген киіз үйлердің күтушілері тойға қатысқан қауымға ақ дастархандарындағы адал дәмдерін татқызды. Ал халық болса Кейкі батырға деген шексіз ықыласын ақ жарыла айтып жатты.
… Сол күні ел де, жер де, толқыған көл де, жібектей есілген жел де Кейкі ата рухын жан-жаққа әйгілеп жатты.
Той тойға ұласты. Алдымен қазақ күресінен балуандар сайысы өтті. Жан-жақтан келген күш иелері жан алысып, жан берісті. Боз кілемнің үстінде бозтайлақтай бұлқынды, жолбарыстай жұлқынды, арыстандай алқынды. Олардың күресіне халық риза болып қол соқты. Өйткені балуандар тойға жиналған халыққа тамаша қызық сыйлады. Мұндайда қазақ баласы үндемей жай тұрған ба, әркімнің делебесі қозып, өзі үміт еткен балуанға жігер беріп бағуда.
– Іштен сал!
– Жамбасқа сал!
– Тік көтеріп алып, жерге топ еткіз!- дескен айғайлар талайдың арқасын қоздырды.
Әртүрлі салмақта бірінен-соң бірі боз кілемге шығып, күрескен балуандар көпшіліктің көңіліне жел бітірді. Ең бастысы, адамдардың бойындағы шаттық сезімі шарықтап тұрды. Гу-гу әңгіме, әркім өзінше бал ашқан жорамал соншалықты қызып тұрды. Дегенмен сайыстың аты сайыс қой. Балуандар бірте-бірте іріктеле бастады. Күші асқандар топ жарып, алға шықты. Ал, содан кейін күш асқандар арасында айқас басталды. Мұның қызығы тіпті ғажап болды. Алайда, күштінің аты күшті ғой. Ең шешуші шайқастар есімі республикаға кеңінен белгігі кезінде «Қазақ барысы» атанған Мұхит Тұрсынов пен Айбат Сейтеннің, Ғабит Балғынбаев пен Дауіт Рысбектің арасында өтті. Бір-біріне беріспей, әдіс-айласын асырып баққан балуандар біразға дейін бір-біріне беріспей бақты.
Ал халық болса тіптен көтеріліп кеткен. Оларға ақыл-кеңестерін айтып, айғай салуда. Күлкі де, шаттық та, қуаныш та тап бір осы араға жиналғандай. Кейбір қызу қанды жігіттер «бұл жолы анау жеңеді, мынау жеңеді» деп жанындағыларға жорамалын айтып, қызынуда.
Сонымен қазақ күресі нәтижесі төмендегідей болды. 1-ші орынды Арқалық қаласынан келген балуан Ғабит Балғынбаев, 2-ші орынды Астана қаласынан келен Айбат Сейтенов, 3-ші орында Шығыс Қазақстан облысына қарасты Семей қаласынан келген Мұхит Тұрсынов, 4-ші орынды өзіміздің Аманкелді ауданының балуаны Дәуіт Рысбек өзара бөлісті. Бәріне де қомақты сыйлықтар тапсырды. Бас балуан Ғабит Балғынбаевқа темір тұлпар мінгізді.
Қызықтың көкесі Тастыдағы бәйге алаңында жалғасты. Алдымен топбәйге өтті. Қазақ бұрын тоқ бәйге дейтін. Біраз адам топбәйге не деп аң-таң болды. Сөйтсек топбәйгеге тай да, құнан да, дөнен де, ат та қатысатын бәйге екен. Жаңа заман енгізген өзгеріс болар, мұндағы қызық тіптен бөлек болды. Қалың тобыр аттар алғашқы айналымдарда жұптарын жазбай жарысты. Қара жерге топылдап тиген тұяқтан қою шаң көтеріліп, ол маңайға тарап жатты. Сол шаң ішінен суырылып шыққан жүйріктер ауыздықтарын қарш-қарш шайнап, алға қарай атылып бақты. халық қызыққа кенелді. Алғашқы келген бес атқа бәйге берілді.
Топ бәйгеде бірінші болып, Алматы қаласынан келген Жеңіс Смайловтың «Триумор» атты тұлпары келді. Бұл жүйрікте шапқан баланың аты-жөні Ақжол Жұмабай. Кейкі атамыздың тойында Ақжол тілеп келген Ақжолдың жолы болды. Ол бәйге атына шабудың шебері екен. Атын жарыстың соңына дейін бабында ұстай білді. Орынсыз қамшы ұрған жоқ. Сөйтіп ол темір тұлпарды олжалады. Екінші орынды Астана қаласынан келген Арман Төлеуовтың «Болашақ» аттты жүйрігі еншіледі. Оған шапқан баланың аты-жөні – Аян Аманжол. Аянның да жолы болды. Оған 1 млн теңге қаражат берді. Үшінші орынды Көкшетау қаласынан келген Дастан Кенжетаевтың «Мисс Троя» атты жүйрігі алды. Оған шапқан бала – Есдәулет Рысбайбеков. Оған 700 000 теңге ақшалай сыйлық берілді. Төртінші, бесінші орындарды Амангелді ауданының азаматтары Өмірзақ Ілиясов пен Амандықтың «Пират» және «Гармония» атты жүйріктері қанжыға байлады. «Пиратқа» шапқан баланың ат-жөні Алмат Жұмаділдаев. «Гармонияға» шапқан бала Николай Горбунов. Бұларға теледидарлар сыйға тартылды.
Бәйгенің ең қызығы аламанда жалғасты. Мұнда да 40 жуық ат бақ сынады. 25 шақырымдық бұл бәйгеден әркімдер-ақ үміткер болды. Бәрі де өздерінше аттарын баптап, жаратып келген. Алайда олардың аттарының бағын бәйге анықтады. Аламан бәйгеде бірінші орынды көршілес Торғайдан келген Марат Әбеуовтың «Бұйражал» деген тұлпары иеленді. Оған мініп, шапқан баланың аты Ершат Баймырза. Оған темір тұлпар сыйланлы. Екінші орынды Қарағанды қаласынан келген Бейбіт Смайыловтың «Гаухартас» деген тұлпары алды. Оған мініп, шапқан баланың аты Ерқанат Шадырбаев. Аламандағы бар қызық осы «Гаухартас» пен «Бұйражалдың» арасында болды. «Гаухартас» деп аталатын қара көк ат ең соңғы сәтке дейін аламанның алдында жүрді. Ат емес, Байтал екен. Ең өкініштісі көмбеден өтуге 30 метрдей қалғанда «Бұйражал» басып озып, көмбеден озып өтті. Сөйтіп, бас бәйгені «Бұйражал» қанжығасына байлады. Оған темір тұлпар берілді. Бұған өкінбеген көрермен аз болды. «Гаухартаста» шапқан бала соңғы сәтте бала өзінің әлсіздігін білдіріп алды. Қайта-қайта қамшы ұрды. Сол қамшы «Гаухартастың» кежегесін кейін тартты. Өйткені тұлпар шамшыл болады ғой. «Гаухартас» қамшыдан соң кейіндей берді. Ия бәйгеде мұндай өкінішті сәттер кездесіп қалады. ғой. Алда әркімнің есінде қалатын бір жайт осы болды. «Гаухартасқа» 2 000 000 теңге берілді. Үшінші орынды Алматы қаласынан келген «Нұрай» шаруа қожалығының келген «Ливерпуль» атты жүйрігі иеленді Оған шапқан баланың аты-жөні Ақжол Жұматай Ақжолдың жолы ақ болды. 1 000 000 теңге берілді. Төртінші орында Қамысты ауданындағы Оразәлі Жүсіповтың «Саваш» атты жүйрігі еншіледі. Оған шапқан Сергей Үргенішбаевқа 500 000 теңге берілді. 5-ші орынды өзіміздің Аманкелді ауданындағы «Нарбай» шаруа қожалығын дағы белгілі кәсіпкер, және Кейкі батырдың ұрпағы Таңатар Ахметовтың «Ақ жайдақ «атты жүйрігі алды. Шапқан бала Арнұр Құрманалинге 250 000 теңге берілді. Осылайшы топ бәйге мен аламан бәйгеде он атқа бағалы сыйлықтар тапсырылды. Бәйе қызығы одан да керемет болды.
Дәл осы күні түстен кейін сағат 14-те Арқалықта Кейкі батыр атамызға арналған ғылыми конференция өтті. Ол «Кейкі батыр Көкембайұлы. Өмірі мен өлімінің тарихы» деп аталды. Республикалық ғылыми-тәжірбиелік осы конференцияны облыс әкімі ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде Кейкі батырды ұлықтау Тәуелсіздігіміздің арқасында және Елбасымыздың салиқали саясатының арқасында қол жеткізген жетістік екенін атап көрсетті. Конференцияда Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен Венгрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани құттықтау сөз сөйледі. Облыс әкімі А. Мұхамбетов Кейкі батырды ұлықтау шараларына үлес қосқан барлық азаматтарға алғыс айта келіп, осы шараны алғаш ұйымдастырған, Қазақстанның Ресейдегі өкілетті елшісі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағанбетовтың рәсімге жолдаған жедел хатын оқып берді. Конференцияда Парламент депутаты, саяси ғылым докторы, профессор Қуаныш Сұлтанов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы Зиябек Қабылдинов, ҚР Орталық Музейінің директоры, тарих ғылымының докторы Нұрсан Әлімбай, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лаураеты, ақын Серік Тұрғынбекұлы баяндамалар жасады. Министр А.Мұхамедиұлы өзі жасатқан Кейкі батыр мүсінін Арқалық музейіне табыс етті. Конференцияда облыс әкімі А. Мұхамбетов Кейкі батырға қатысты тың деректер мен конференция материалдарының басын қосып, жеке жинақ шығаруды өзінің орынбасары Марат Жүндібаевқа тапсырды.
Кейкі батырдың ұрпағы Сейтқазы Қосжанов атасын ұлықтауға мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан ауқымды істерге алғысын жеткізді. Конференцияны қортындылаған облыс әкімі кезінде Торғай облысының орталығы болған Арқалықта Кейкі батырды ұлықтау рәсіміне көптеген жұмыстардың жүргізілгенін мәлімдеді. Үкімет тарапынан 2 млрд теңге қаражат бөлінгенін айтты. Келер жылы қалада ет комбинаты ашылмақ. Оған Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстарының жақын маңдағы ауылдардың шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлері малдарын өткізетін болады.
Конференция соңында марапаттау болды. Орталық Музей директоры Нұрсан Әлімбай, өлкетанушы Шөптібай Байділдин, Арқалық қаласының әкімі Амантай Балғарин, Кейкі батыр кесенесінің авторы Бек Ыбыраев, «Алюминстрой» ЖШС бас директоры Абай Мұқанов, журналист-жазушы Мақсұтбек Сүлейменов, Аманкелді ауданының әкімі Нұржан Өтегенов Кейкі батыр естелік белгісімен марапатталды. Конференция соңынан қаламгер Серік Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» спектаклі көрсетілді. Қойылым соңында ҚР Халық артисі Ерсайын Төлебай, көрнекті жазушы Сәбит Досановтар сөз сөйлеп, Кейкі батырдың рухын ұлықтау қазақ халқының рухын көтергенін мәлімдеді. Ал, 16 қыркүйек күні Арқалықта Кейкі батырға арналған ақындар айтысы өтті. Оған ақындардың 6 жұбы қатысып, 12 ақын күш сынасты. Айтыс нәтижесінде бас бәйгені Маржан Есжанова иеленді. 1-ші орынды – Айбек Қалиев, 2-ші орынды – Дидар Қаниев пен Мұхтар Ниязов, 3-ші орынды – Тоба Өтепбаев, Әсем Ережеқызы, Саягүл Бірлеспек иеленді.
Айтысқа қатысқан барлық ақындарға сый-сияпат жасалды. Аманкелді ауданының әкімі Н.Өтегеновтің Кейкі батырдың ерлігін насихаттауға байланысты және осы шараға белсене ат салысқан ақын-журналистерге тағайындаған екі сыйлығы ақындар Жұма-Назар Сомжүрек пен Хамитбек Мұсабаевқа тапсырылды. Сондай-ақ Құлан Қыпшақ ұрпақтары тағайындаған сыйлықтар ақын Серік Тұрғынбекұлына, Мақсұтбек Сүлейменовке, Шөптібай Байділдинге тапсырылды. Мұнымен қатар олар қазақ күресінде үшінші, төртінші орын алған балуандарға бір-бір теледидар табыс етті.
Суреттерде: Кейкі батырдың бас сүйегін салтанатты түрде жерлеуден көріністер.
Автор туралы: Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Қостанай облысы Амангелді аудандық «Амангелді арайы» газетінің бас редакторы
Об авторе: член Союза журналистов Казахстана, главный редактор газеті «Амангелді арайы» Амангельдинского района Костанайской области
Аннотация: В репортаже рассказывается о торжественном погребении останков легендарного героя национально-освободительного движения казахов, лидера восстания в Торгае 1916-1918 годов Кейки батыра Кокембаева. В ауыле Тасты Амангельдинского района Костанайской области батыру установлен мемориальный комплекс.
Аңдатпа. Репортажда қазақ ұлттық-азаттық қозғалысының аңызға айналған қаһарманы, 1916-1918 жылдардағы Торғай көтерілісінің көсемі Кейкі батыр Көкембаевтың сүйегін салтанатпен жер қойнына тапсырылу рәсімі сөз болады. Қостанай облысы, Амангелді ауданының Тасты ауылында батырға арналып мемориалдық кешен тұрғызылған.
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.