Екі алыппен қатар тіл табысқан Уәли хан

ҚАЗАҚ БIЛСIН

Әріптің көлемі: Қалыпты

Фотограф:

Екі алыппен қатар тіл табысқан Уәли хан

Уәли ешқашан көршіге «толық мойынсұндым» деп айтпаған. Уәде де бермеген. Тек қажет кезінде саяси ұстамдылықпен өз талаптарын айта білді. Мысалы…

ҚАЗАҚ БIЛСIН / 22.09.2016, 10:38 / 713 / 0

Хан Абылай дүниеден озған уақыт. Жұрт абыр-сабыр. Көңілде күдік пен үміт қатар тұр. Күдік – қазақтың болашағына, кемеңгер басшыдан айырылған халықтың ертеңгі күні үшін. Үміт – бір жаратқанның мейіріміне түсіп, Абылайдан кем түспейтін білімді һәм білікті елбасшы бұйырарына сенімді. Ертеңгі сайлауды күткен халықтың негізгі ойы осы еді.

Игі жақсылар, сұлтандар, би мен батырлар бүгінгі Қызылжар қаласынан 250 шақырым жерге жиналған екен. Ішінде Абылай ханның інісі Сұлтанмәмбет, Барақтың ұрпағы Дайыр сұлтан, Әбілмәмбет ханның үрім-бұтағы Әбілпейіздің ұлдары сынды беделі мен білімі қатар келгендер көп-ақ. Жиын аса көпке созылмапты. Аз кеңесе келе, бәрі бірауыздан Уәлидің үміткерлігін қолдап, сұлтан енді хан атанады.

Әкесі Абылайдың көзі тірі кезінде бірқатар маңызды істерді атқарған Уәли кәнігі саясаткер атанған. Хан сенім артып, сұлтан Уәлиді Ресей жеріне келіссөз жүргізу үшін аттандырудың өзі неге тұрарлық?! Сол кезде қазақ даласында зерттеуші ретінде (ал шын мәнінде жансыз (шпион) болған) өз көргендерін жазып жүргендер: «Уәли сұлтан басқаларына қарағанда салиқалы, есті адам. Алда-жалда Абылай дүниеден өтсе, көпшілік хандыққа соны лайық көреді» деп жазған. Сондай-ақ, ел арасында үлкен ханның өзі мұрагерлікке осы ұлын қалдырып кеткен деген сөз бар.

Сонымен, Уәли таққа отырады. Әрине, жақтастарымен қатар бақталастары болғаны анық. Хан болса өз міндетін абыройлы атқаруға кіріседі. Қос тараптан адуынды екі көрші тұр. Жығылсаң, қайта тұрғызбайды. Еркінсісең, ашық соғыс бастайын деп тұр. Сондықтан сыртқы саясатта Уәли әкесінің үлгісін ұстауға ниеттенеді. Ол – екі алыппен қатар тіл табысу. Осыған бекінгеннен кейін арнайы хаттар жолдай бастайды.

Орта жүздегі Уәлидің хан сайлауын қос тарап та қолдады. Қытай боғдыханы 1781 жылы 26 шілдеде Уәлиді қазақ ханы ретінде таныған хатын жібереді. Қытай қолдауына ие болған соң, Уәли хан II Екатеринаға тамыз айында өзінің хан тағына отырғанын хабарлап, бауыры Есім сұлтан бастаған қазақ елшілерін аттандырады. Жауап 1782 жылдың 25 ақпанында келіпті.

Бір ескерер жәйт,

Уәли ешқашан көршіге «толық мойынсұндым» деп айтпаған. Уәде де бермеген. Тек қажет кезінде саяси ұстамдылықпен өз талаптарын айта білді. Мысалы, орыс әкімшілігіне жазған хатында, шекаралас қазақ ауылына орыс-казак жасақтарының қысым көрсетпеуі және төрт түлік жайылатын жерлерді рұқсатсыз пайдаланбауды талап еткен. Дегенмен, орыс билігі бірде бір талапты орындауға құлық танытпады. Сөзден іске көшкен Уәли өз иелігінен өткен саудагерлерді тоқтатып, салық төлеттіріп, қарсы келгендердің мал-мүліктерін алып, өздерін ұстап қалып отырады. Бұл сол кездегі орыс офицерлерінің рапорт-баяндамаларында анық көрсетілген. Бірақ көп кешіктірмей орыс билігі жазалаушы топ жіберіп, кектерін алған екен…

Тарихшылардың пікірінше, осы жағдай Уәли ханның ел арасында беделін түсіріп жіберген. Бірқатар рубасшылары өзгенің қоластына кіруге бекінеді.Сондай-ақ, орыс тыңшыларының астыртын әрекеттерін де қосыңыз. Ел бектерін көндіре, дәлелдей, басқа аймақ басшысына бағынуға итермелейді. Соңында Уәли ханның айналасы тек өз төлеңгіттері және атығай-қарауыл рулары ғана қалады.

Қанша тырысса да Уәлиді өз уысында ұстай алмайтынына көз жеткізген орыс билігі жаңа жоспар құрады. Бұл Орта жүзге тағы бір хан сайлау. Осылайша екі қоянды бір оқпен атып алуына мүмкіндік жасау. Бұл үшін найманның төртуыл руының басшысы Бөкей Барақұлы таңдалады. 1817 жылы арнайы хатпен: «Бөкей Барақұлы Орта жүздің ханысың», – деп жарлық жібереді.  Осылайша орыс патшасы Орта жүздегі дәстүрлі хандық басқаруды екіге бөліп, Уәлидің аталас бауырларын хан бекіту арқылы ханның заңды билігін шектеп, оларды бір-біріне айдап салуға бар күшін салды. Тіпті патша хатында «Уәли ханда бұрыннан адал 9 болыс қалды, ал 13 болысқа Бөкей Барақұлы бекітіледі» деп анық жазылған. Сөйтіп, қазақ даласында бір ордаға қос басшы пайда болып, байырғы басқару дәстүрі бұзылады. Ал бірнеше жылдан кейін 40 жыл ел билігін ұстаған Уәли хан да дүниеден озады.

© Рүстем Шыхымұранұлы