МҰСАЛЫ Ләйла Жұматайқызы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті
Тіл мәдениеті мен тазалығы
Ұлттық болмысымыздың көрінісі болып табылатын таза да көркем тіліміз үшін қазақ атты халыққа мәңгі қарыздармыз. Бірақ осы бабадан қалған рухани аманатқа қаншалықты адал болып, қаншалықты оны қадірлеп-қастерлей алып жүрміз?!
Тілдің көркемдігі мен байлығы тек сөйлеу кезінде ғана жүзеге асатын тұрақты құбылыс, қалыптасқан қағида бойынша әдеби тілдің нормалары болуы тиіс. Жоғарыда айтып өткендей, оның тілдік (лексико-грамматикалық), прагматикалық, коммуникативтік, этикалық нормалары бар. Жастардың сөйлеу мәдениетін арттыруда белгілі дәрежеде осы нормаларға сүйенеміз. Тіл білімі бойынша ғылыми еңбектерде көрсетілгендей, сөйлеу мәдениеті мен дағдысы бірізділікке, тілдік бірліктерді белгілі бір тәртіп, заңдылыққа бағындыра жұмсайтын морфологиялық, синтаксистік, лексикалық, орфоэпиялық, орфографиялық, стилистикалық нормаларға негізделеді. Бұл нормалар қайдан туындайды деген сұраққа тілтанушы ғалым Р.Сыздықова өзінің мына бір пікірінде «Норма – негізінен тілдің өзі ұсынған тәртіп, нормалану – сол тәртіптерді тілдің өзінің қалыптастыруы» деп жауап береді. Демек, әр тілдің өзіндік табиғатынан келіп туындайтын табиғи нормалар ғана тіл болмысын сақтап тұрады. Біздің ана тіліміз түркі тілдері жүйесіне енетіндіктен, кейбір ортақ заңдылықтар сақталуы тиіс. Осындай табиғи әрі тарихи нормалардан ажырамасақ, тіл табиғаты да бұзылмайды.
Тілді пайдалану, яғни сөйлеу әр адамның ішкі мәдениетіне байланысты. Сөйлеу мәдениеті, жазу мәдениеті, оқу мәдениеті ұғымдары бір-бірімен тамырлас, келіп, сөйлеу өнерін құрайды. Сөйлеу мәдениеті әрбір мәдениетті, парасатты адам үшін өте маңызды тілдік дағдыға айналуы керек.
Әдеби тілдің мәдениетін арттырып, нормаларын анықтап, жетілдіре түсу тіліміздің, жалпы ұлтымыздың болашағы үшін маңызды мәселе екендігі даусыз. Қазір мән бермей жүрген тілді қолданудағы кемшіліктер мен олқылықтар түптің түбінде тіліміздің табиғатының бұзылып, тамырынан ажырап, сапасының төмендеуіне әкеледі. Қазір филология ғылымында лингвистикалық экология мәселесі көтеріліп жүр. Тіл функциясында стилистикалық қатынастардың бұзылуы, сөйлеу этикасының төмендеуі, тілдік жағдаят, тілдік сана, тілдік тұлға мәселелерін сандық және сапалық тұрғыдан зерттеу, мониторинг жасау лингвистикалық экология мәселелеріне жатады.
Жүсіп Баласағұн бабамыз «Ақыл мен білімнің тілмашы – тіл» деп айтқан екен, демек ақылымызды, білімімізді танытатын бірден-бір дәнекер құрал – сөз. Қазіргі заманның прагматик жастары осы ақиқатты, ақылың мен білімің сауатты сөйлеу мен жазудан басталатынын барынша ұғынып, тіл мен әдебиетті құрметтеуге үйренуі керек. Ана тілдің жүйесі мен жөнін, стильдік ерекшелігі мен эстетикалық сипатын назарда ұстап, тереңдей беру қажет.
Әдеби тілдің мәдениеті мен нормасын қалыптастыру бағытында тілдік, әдеби жаттығулар, ауызша-жазбаша тапсырмалар, көркем мәтін талдау, талқылау сағаттары т.б. филологиялық бағыттағы кешенді жұмыс жүргізілуі тиіс. Жастардың мәтін талдау, мәтін құрастыру дағдыларын жетілдіріп, сөйлеудің жүйелілігі, дәлдігі, бейнелілігі, мәнерлілігі талаптарын үнемі шыңдап отыру қажет. Бір-бірінің сөйлеу әрекетін, жазба мәтіндерін сыни тұрғыдан өзара талдау, кемшіліктерін түзеу, бағалау, өңдеу жұмыстары да көп нәтиже береді. Мектепте, ЖОО-да бұл жұмыстарды жүйелі түрде сауатты ұйымдастырып, әдістемелік тұрғыдан жетілдіріліп тұруы қажет. Тіпті бұл бағытта арнайы орталықтар құрылып, зерттеу жұмыстары жолға қойылса да артық емес. Оқу бағдарламаларына әдеби тіл мәдениеті мен нормаларына қатысты арнаулы курстар, таңдау пәндері енгізіліп, жас ұстаздарға арналып тіл мәдениеті бойынша оқу-әдістемелік құралдар жариялауды күн тәртібінен түсірмеген жөн.
Оқыту үдерісіне қосымша тіл мәдениетіне байланысты тәрбиелік іс-шараларды да үнемі жүргізген жөн. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінде түрлі бағыттағы тілдік клубтар, лингвистикалық болжау орталығы, ғылыми-шығармашылық бағыттағы «Көкжиек» клубы, жас аудармашылардың «Тәржіман» ұйымдары жұмыс істейді. Бұл студенттік ұйымдардың бәрінің де мақсаты – жастарға рухани тәрбие беру, тіл мәдениетін, тұлғалық қабілеттерін шыңдау. Мәселен, «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық клубының көркем туынды әлемі талданатын дәстүрлі оқырмандар конференцияларында тіл мәдениеті мәселелеріне мән беріліп отырады.
Б Момышұлының «Тіл тазалығы үшін күрес – ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес» деген афоризмі әр қазақтың есінен еш шықпайтын қағидасы болып қалуы керек.