Әйтеке би мұрасы туралы әңгіме

   Пазылбек Бисенбаев,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

 Қазақ әдебиетінің тарихы және әдебиет

теориясы кафедрасының аға оқытушысы.

            

  Әйтеке би мұрасы туралы әңгіме

Әйтеке би мұрасының жиналуы мен таралуы жайында не айтасыз?

   Әйтеке би айтты деген шешендік сөздер ауыз толтырып айтарлықтай соншалықты көп те емес. Аты аңызға айналған би мұрасы Ғылым академиясының Орталық қолжазба қорындағы  №1061, №1065 бумаларында сақтаулы тұр. Жалпы, осындағы шешендік сөздердің  бірнеше  нұсқалы болып келетіні байқалады. Оның басты себебі аталмыш жанр үлгілерінің ауызша туып, ауызша тарайтындығында. Бұдан  ауызша туып, ауызша тараған шығармалардың деңгейі жазба  әдебиетке қарағанда төмен болады деген ой тумаса керек. Халық  сүзгісінен өткен фольклорлық туынды ғасырлар қойнауында жетіліп, шыңдала түспек. Шешендік сөздерді көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстайтын да сол халық. Негізі, ақын-жазушылардың  шығармаларын оқып отырып, қай мәтіннің кімдікі екенін анықтауға болады.  Ал XIX ғасырдың екінші жартысында, не болмаса XX ғасырдың басында хатқа түскен  шешендік сөздерден автор қолтаңбасын байқау қиын.  Қолжазба қорында сақталған мәтіндерден  Қазыбек бидің немесе Әйтеке бидің  стилін таныдық деп ешкім де айта алмайды. Шешендік сөздер қашанда қаумалаған қалың елдің алдында, әлеуметтік маңызы бар үлкен жиындарда дүниеге келеді.Ондай басқосуларға әр түрлі рулардан  өкілдер қатысады. Үш биге тиесілі сөздердің үш жүзге кең тарауының сыры осында болса керек. Бір қызығы, баспа бетін көрген мәтіндерде  шәкірт бала Әйтеке әйгілі Қазыбек бидің сынынан өтеді. Жас талап биге бата беріп, төрелік  айту тізгінін ұсынатын да Төле би мен Қазыбек би екені көрінеді. Жалпы, шешендік сөздерді құрылымына қарап термелі сөз, пернелі сөз деп жіктеп бөлу қалыптасқан. Термелі сөзде өлеңдегідей ұйқас, ырғақ сақтала бермейді.. Әйтеке би өзінің шешендік ойларын көбіне термелі сөз үлгісінде баяндаған.

 Қазақтың маңдайына біткен Әйтеке би сынды ірі тұлға жайында жазылған тарихи жырлар бар ма?

  Қазақ  – атақты адамдарын ерекше  сыйлаған, олардың қадір-қасиетін терең түсінген  халық. Сол себепті елім деп ерен ерлік көрсеткен ерлер ісін насихаттап, жас ұрпақ санасына құйған, олар  туралы көлемді жырлар шығаруды белгілі ақындарға табыстаған. Аталмыш дәстүрдің беріге дейін сақталып келгені анық. Бұл мәселе жайында М. Әуезовтің «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде кеңірек сөз болады.. Ұлы Абайдың айтуына қарағанда, қадірлі, сыйлы адамдар жайлы жыр шығару – ұрпақ  алдындағы парыз.

Қазанғап Байболовтың Есім хан, Төле билерге арнап шығарған  көлемді  жыры бар. Оның  «Төле би» туындысында үш жүздің атақты билеріне жеке-жеке баға беріледі. Бұл шығарма «Қазақ әдебиеті» газетінің 1991 жылғы 4 қаңтардағы санында жарияланды.  «Құс қанатымен, ер қатарымен» дегендей, үш бидің, соның ішінде Әйтеке бидің болмыс-бітімі осы туындыда айқын көрініс тапқан. Мұнда Тәуке ханның ақылшысы, кеңесшісі болған, «Жеті жарғы»  аталатын әдет-ғұрыптық заңның негізін қалаған үш бидің елге сіңірген еңбегі қатар аталады.

 Әйтеке би айтты дейтін шешендік сөздерде басқа жанрлардың белгілері байқала ма?

Әйтеке бидің Орманбет биге айтқан сөзінде :

Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,

Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін.

Егер бай болып, елге пайдаң тимесе,

Батыр болып, жауға найзаң тимесе,

Елден бөлек үйің күйсін,-

деген жолдар бар. Әйтекенің Орманбет биге айтқан сөзі – шешендік сөздің бір жұрнағы. Бұл мәтіннің жанр  құрылымына үйлесе  бермейтін тұстары бар. Біріншіден, шешендік сөздердің  басында келетін түсіндірме сөз нақты емес. Оның қай жерде, қандай жағдайға байланысты айтылғаны міндетті түрде көрініс табуы тиіс. Екіншіден, шешендік сөздер бір ғана шешендік даудың үстінде тумайды.  Кез келген жиын-тойда, келелі кеңестер барысында да айтылуы мүмкін.

Әйтеке би тағы бір сөзінде:

Суалмайтын суат жоқ,

Тартылмайтын бұлақ жоқ.

Құйрығы суда тұрса да,

Қурамайтын құрақ жоқ.

Дүние деген пәни бұл,

Баласы жоқта шырақ жоқ.

Бәрінен қиын сол екен,

Артында қалған тұяқ жоқ,-

депті. Бұл шешендік толғауды кейбір жинақтарда көңіл айтудың үлгісі деп береді. Алайда  ғұрыптық жырлардың, соның ішінде  көңіл айтудың формасы мүлде басқа… Толғау бір балаға  зар болған адамның атынан айтылғанымен, мұнда иісі қазаққа  мәлім пәлсапалық мәні бар тұжырым байқалады.

  Жарық көрген мәтіндерден Әйтеке бидің қандай қасиеттерін байқауға болады?

Әйтеке бидің шешендік дауға араласып, тәжірибе жинақтап жүрген шағында Төле би мен Қазыбек би оған: «Жақсы жігіт қандай болады?» деген сауал қойыпты. Әйтеке: «Дұрыс сөзді тыңдай білген, басқаға сөзін тыңдата білген жақсы жігіт болады»,-деп жауап беріпті.Осы уақытта түлкі даулаған екі кісі келеді. Оның төрелігін Төле би мен Қазыбек би Әйтеке биге табыстайды. Бірінші кірген жауапкер:  «Мен түлкінің терісі жетілсін деп жаздың басынан ін қорып жүр едім»,- дейді. Екінші талапкер: «Мен кешегі қансорада түлкінің ізіне түсіп індетіп алдым»,- дейді. Әйтеке би: «Түлкі арлан болса, ізіне түсіп індеттегендікі; ұрғашы болса, жүні жетілсін деп жаз бойы ін қорығандыкі. Өйткені ұрғашы ін сақтайды, еркек түз сақтайды»,- деп дауды шешіп береді. Қазақ халқы аңшылық өнерді терең игерген, ат баптап, құс салған халық емес пе? Саятшылық саласында  өзара келіспей қалатын жайлар аз емес. Осы мәтін арқылы кесім айту үшін түйінді сөзді тауып айту шарт екендігіне көзімізді жеткізгендей болдық. Жалпы, билік айтатын адам қазақ өмірінен, салт-дәстүрінен жан- жақты хабардар болуға тиіс. Бұдан Әйтеке бидің аңшылық өнерге  де жетік екендігін байқаймыз. Негізі, қазақ әдебиетіндегі   сал-серілер мұрасының орны ерекше. Олардың бойында сан қырлы өнер тоғысқан:  әнші, күйші, саяткер, белдескеннің жауырынын жер иіскеткен балуан, яғни сегіз қырлы, бір сырлы жандар болған.  Бұл топтағы өнер тарландары  шешендік өнерді Тәңірі  берген қасиет ретінде қадірлеген.  Бір жағынан, шешендік сөздер ғұрыптық жырлар сияқты белгілі бір жерде айтылған. Дау үстінде, жиын тойда ақыл-насихат түрінде айтылуы да ғажап емес. Алайда олар ақындар сияқты кез келген тақырыпта сөйлей бермеген. Олардың айтқан шешімі шешендік өнерге қойылатын талаптардың шегінен шықпауға тиіс болған.

  Шешендік сөздердің көбіне мағынасы терең, айтар ойы астарлы болып келеді. Осының сыры неде?

Ертеде  Кіші жүздің бір барымташы жігіті  Ұлы жүз аумағында  болған қақтығыста қаза табады. Әйтеке би құн даулап Төле бидің еліне келеді. Төле би: «Жол болсын!»- деп қарсы алады. Әйтеке би: «Айтқаныңыз келсін, жол болмақ сізден болсын, біз тірімен танысқалы, өліге болысқалы келдік»,- дейді.Төле би : «Бұйрығыңызға құлдық, қылышыңызға мойнымыз, құшағыңызға қойнымыз»,- деп жауап береді. Әйтеке: «Мойын бұрмайсыз ба?»-деп қалады. «Жарлық сізден болған соң, жабдық бізден»,- дейді Төле би. Төле би тысқа шығып кеткен соң, Әйтеке бірге келген жолдастарына: «Сіздер не ұқтыңыздар?  «Ердің құны –  екі ауыз сөз» деген осы. Төле би отаулап қыз беретін болды»,- депті. «Оны қайдан білдіңіз?»- дейді жолдастары. «Қылышыңыз болса- мойныма» дегені- айыбын мойындағаны, «құшағыңыз болса- қойныма» дегені- кісінің құнына жасаулап қыз беремін дегені. Мен тұспалдап «айнып қалмайсыз ба?» деп едім, «сіз келіссеңіз, біз қамына кірістік деп шығып кетті»,- деген екен.Бұл көріністен  билердің  бір-бірінің ойын айтқызбай-ақ түсінгенін аңғаруға болады.

Осы шағын құн дауының өзінен-ақ екі бидің де мақсаты елді жақындастыру, туыстастыру екенін байқаймыз. Қазақтың үш данасы- Төле, Қазыбек және Әйтеке билер- жекелеген рудың сойылын соққан билер емес,олар күллі қазақтың беткеұстар азаматтары болған.