Оқырманға арнау

«Қазақ» газеті

27.01.2017

Махмұт Нәлібаев

«Қазақ» газеті Ақылдастар

Алқасының Төрағасы

 

                             Оқырманға арнау

 

Ұлттық сананың жаңғыртушысы, ұлт басылымдарының атасы, Алаш арыстарының үні болған «ҚАЗАҚ» газетіне алдағы 2-ақпанда 104 жыл толады. Қазақ баспасөзінің арғы-бергі тарихын ой көзімен шолатын болсақ, ұлт үшін қызмет еткен басылымдардың көп болғанын көреміз. Алайда солардың арасында «ҚАЗАҚ» газетінің үні де, сөзі де бөлек болды. Өйткені, «ҚАЗАҚ» жарыққа шыққанда халық рухы серпілді, қалғып кеткен ойы оянды. Ел ортақ мүдде төңірегіне топтаса бастады. Жол айқын, мақсат белгілі еді. Ол қазақтың дербестігі, ешкімге тәуелсіз азаттығы. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов бастаған ұлт көсемдерінің арман-тілегі дүйім жұртты осы биік мақсаттарға жетеледі. Алайда отаршыл империя заманынан аман шыға білген «ҚАЗАҚ» газеті Кеңес өкіметінің Қазақстанға билік орнатуға тырысқан алғашқы күндерінде-ақ – 1918 жылдың наурызында біржола жабылды. Көп үзамай оның құрылтайшылары мен авторларының басым көпшілігі саяси қуғын-сүргін кезінде атылып кетті. 

«Ел дертінің себебін ұғып, емін білген» (Мұхтар Әуезовтің 1923 жылы «Шолпан» журналында жазғаны) «ҚАЗАҚ» газеті араға 88 жыл салып 2006 жылдың 22 наурызында бұрынғы басылымның заңды жалғасы ретінде жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің ұйытқы болуымен N226 санынан қайта жарық көрді.

«ҚАЗАҚ» газетінің екінші тынысын ашқан Қоғабай ағамыз 2014 жылы ауыр науқастан қайтыс болғанда газеттің бар ауыртпалығы Жасұлан бастаған редакция ұжымына, редактордың отбасына, Гүлбаршын жеңгей мен ұрпақтарына түсті. Екі жыл көлемінде газетті шығарып келді. Былтыр жыл соңында материалдық жағынан редакцияның қиналғанын  көріп, тарихи басылымға демеу болып, редакцияға ғимарат беріп, өз қол астыма алған едім. Қазір газеттің үшінші тынысын ашуға тырысып жатырмыз.

Ең бастысы, газет таралымын арттыру мақсатында біраз істер атқардық. Атап айтқанда, бұрын «Мир Пресстің» Астана мен Алматы қалаларындағы дүңгіршектерінде, ірі сауда орталықтарындағы «нүктелерінде» сатылып келген «ҚАЗАҚ» газеті енді «Караванның» Алматы қаласындағы 69 дүңгіршектеріне сатылымға түсіп отыр. Сонымен қатар, «Logistic BK» компаниясымен отырған келісімшарт негізінде Алматының 25 бизнес орталықтарында, Қазақстан Жазушылар одағында, Баспа үйінде, ҚР Үлттық кітапханасында, Арбатта және Медеу, Алмалы аудандарының кейбір жеке секторларында (тұрғын үйлерде) тегін таратылады. Осылайша ұлттық, мерзімді басылымдар арасында «ҚАЗАҚ» газеті алғашқы болып осындай қадамға барып отыр (бұл жерде жарнамалық газеттерді айтып отырғаным жоқ). Бұдан бөлек, «ҚАЗАҚ» газетін әуе жолдарында, темір жолдарда тегін таратуды жоспарлап отырмыз.

Рас, бүгінгі «ҚАЗАҚ» газеті тарихи маңызы зор жүкті абыроймен арқалап, зор жауапкершілікті сезініп, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов қалаған, Қоғабай Сәрсекеев жалғаған істі жалғастырып, қазақтың сөзін сөйлеуден еш танбайды.