«РУХАНИЯТ»
О, ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫ ҚЫРСЫҒЫ!..
Осы, біздер, үлкен ұрпақтың кейінгі жастарға не қалдырып жатқанын дөп басып айта аламыз ба?.. Әке балаға нені мұра етіп қалдырып жатқанын айта аламыз ба?.. Байлық па, банктерге тыққан мол ақша ма? Шет елдерден, еліміздің үлкен қалаларынан сатып әперген ғимараттар ма?.. Әлде, бағасы миллион тұратын қымбат көліктер мен ұшақтар ма? Бірақ, ондайларға қарап отырып, он жыл былай тұрсын, ертеңгі күніңнің қалай-қалай төңкеріліп кетерін, заманның қалай өзгеріп кетуі мүмкін екенін неге ойламаймыз. Миллиардтаған ақшасымен бастарын қайда тығарын білмей жүрген байшікештердің өмірі басқаларға неге сабақ болмайды. Адамдар байыған сайын ашкөзденіп, сараңдық пен тойымсыздық санасын билеп, халық мейірімнен, иманнан айырылып, қатыгезденіп барады.
Ойдан құрастырудың керегі жоқ, көзіміз көріп, құлағымызбен естіген бір әпкеміздің тағдырын баяндап бергім келіп отыр. Қырық жылдан астам акушер-гинекология саласында еңбек етті. Үлкен облыстың бас гинекологы болып қызмет істеді. Күйеуі көп жылдар бойы ауданда, облыста сол кеңес замандағы агропромның, ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болды. Бір сөзбен түйіндесек, екеуі де облыстың бетке тұтар билік басындағы азаматтары еді. Ол кезде де, қазірде де жасыратыны не бар, оңтүстіктің халқы кісіге күні түсіп тұрса, шаруасын бітірерде пара бермей істету дегенді білмейді де, түсінбейді де. Әкпеміз бен күйеуі екеуінің бұл жағынан келгенде ұзақ жылдар бойы, тіпті, зейнет жасына шыққанша алақандары қызып, қолдары жүріп тұрды. Ең ауқатты отбасыларының қатарынан саналды.
Мысалы, біздің үй ауыр тұрмысты бастан өткеріп, анам төрт айлық кезімде көз жұмған соң ба, ол кісіні көрген адамдар былай тұрсын, үйімізде суреті де қалмаған. Әкеміз де дүниеден ерте өтті. Содан да шығар, ана дегенде ет бауырымның езіліп тұратыны. Осы, адамдар, аналарын неге төбелеріне көтеріп жүрмейді екен деп, ойлайтынмын. Айтайын дегенім, жездеміз облыстың білдей басшысы боп тұрғанда оның анасы мен туған бауыры өзі туып өскен ауылында тұрмыстың тауқыметін тартып, ала дорбасын иығына асып, базарды жағалап, қиыншылықпен өмір кешіп дегендей, ақыры ауру-сырқаудан көз жұмды. Ал туған бауыры тура жолдан адасып, әйелі мен баласын тастап, ішкілікке салынды, ақыр соңында түрмеге түсіп, сонда қайтыс болды. Әйелі екі жасар баласын бауырына басып, төркін жұрты Жетісай жаққа бас сауғалап кетті. Кетерінде сол келін қайнағасы мен абысынына келіп, алдынан өтті.
- Сіздерде де, құдай берген жалғыз бала бар, міне, ол да ер жетті.
Менің балам сол ағасының қасында серік болып, өссе деген арманым бар. Туған бауырыңыздың баласы болған соң, әкеліп отырмын. Асырап аламын десеңіздер, қолдарыңызға табыстап кетемін. Құдай алдында сұрамаймын. Бала етіп алыңыздар! – деді. Байғұс келін балам ең болмаса, жетімдік көрмей, таршылық көрмей, ел қатарлы өссе екен деп ойлаған болуы керек.
Әкпеміз де, жездеміз де ләм-лим деп, міз бақпады. Сол сазарған күйінде келіндерін төркініне шығарып салды.
- Алқаштың баласы – алқаш болмағанда, кім болсын. Керегі жоқ! –
депті әпкеміз.
Келін мен бала хабарсыз, сол кеткеннен мол кетті.
Тағдыр деген де, балалар ойнайтын кәдімгі үлкен, айналып тұратын аттракцион ойыны сияқты ғой. Арада бес-алты жыл өткенде әпкеміз бен жездеміз Жетісай жаққа бір құдалықтың ретімен жолдары түсіп, қонаққа барады. Мына қызықты қараңыз, бұлар түскен үйдің іргесіндегі кішкентай қоржын тамда баяғы келін мен немересі екеуі тұрады екен. Келін мен бала ата-апаларын көрген соң, жылап көріседі. Құлдыраңдап кеп атасының мойнына асылған алты-жеті жастағы қара бала, тіпті де, жатсынар емес. Тура бір, оның кішкентай жүрегі туған бауырларын қашан келеді деп, асыға күткен секілді. Атасының аулада тұрған машинасын ауыл балаларынан қызғыштай қорып, «менің атамның машинасына тимеңдар!» деп, иемденіп те алған. Бірақ, тағдырдың бұдан да үлкен «тартуы» оны алдан күтіп тұрғанын бала көңілі сезген жоқ еді.
Қызықтың үлкені қонақтар қайтар кезде басталды. Әпкеміз бен жездеміз машиналарына мініп, ауладан шыққаны сол екен, кішкентай немерелері қолды-аяққа тұрмастан шырылдап: «Мені өздеріңмен ала кетіңдер!.. Сендерді, ұзақ күткен едім ғой!» деп, сол жерде шырқырағанда, айнала тұрған елдің сай сүйектерін сырқыратады. Анасы оған «сенің бауырларың бар. Атаң мен апаң бар. Олар бір күні келіп, сені ертіп әкетеді, үлкен қалаға апарып, мектепке береді, қыдыртады. Сен атаң мен апаңның баласысың» деп, үнемі құлағына құяды екен.
- Жалғыз балаңның қасына серік болатын еді ғой. Өз бауырыңнан
қалған тұяқ емес пе. Қалай көзің қиып, тастап кетесің, – деп, қасындағы кісілер сан рет айтқанда да, жездеміз бен әпкеміз міз қатпай, безеріп отырыпты. «Машина ауладан шығып, бір шақырымға дейін ұзағанша әлгі бала соңдарынан «ата-апалап» жүгіріп, шаңға көміліп, көрінбей қалғанда, жүрегіміз шаншып ауырды. Оған қарап тұру мүмкін емес еді» дейді көзбен көргендер.
Біздің уақытымызда кейде шындықты айту, шындыққа жүгіну, сөзде тұру, мейірімді болу, бауырмалдық таныту сәннен қалғандай ма деп те қаласың. Есесіне, адал, ақпейіл, мейірбан адамдар ескі-ескі замандардан қалған ескерткіштер тәрізді. Әрине, ондайларды қазір де жұрт мақтайды, бірақ не құрметтеушілері, не еліктеп сол жақсылықты жалғастырушылары жоқ.
О, бұл да, ізгілікке үрке қарайтын, есесіне, оңбағандық етек жайған, біз өмір кешіп жатқан заманымыздың, ұлы қырсығы шығар!..
Бір ұлы данышпанның сөзі ойымда қалыпты: «Қайырымы, мейірімі жоқ кісі жарымайды. Олар қуаныш дегеннің не екенін сезіне алмайды. Сөйтіп, ақыры өмірінің соңы бұлыңғыр боп өтеді. Ал, мейірімді кісі өзі де мейірім көреді» деген. Сонымен, әлгі әкпеміз бен жездеміздің бұдан соңғы өмірі қалай болды десеңізші. Жалғыз балалары үлкен азамат боп, мінезі түріне сай, көркем жігіт болып өсті. Алматыдағы іргелі оқу орнына түсіп, таңдаулы мамандыққа да ие болды. Салық комитетіне қызметке тұрды. Үйленді. Үш қызы дүниеге келді. Өкініштісі, бұл тағдырдың кейде ойламаған жерден адамның тағдырын күрт өзгертіп, астаң кестең етіп, ойрандап жіберетінін қайтерсің. Сол жалғыз бала, осыдан бес-алты жыл бұрын көлігімен жолда келе жатқанда, алдынан кездейсоқ кезіккен қаскөй қанышерлердің қолынан қапияда қаза тапты. Еш кінәсы жоқ, жүзінен бал тамған, ернінен балалықтың сүті кеппеген, аяғынан енді тұрып келе жатқан, ақылды да, көрікті, мөп-мөлдір бала еді-ау. Әпкеміз жалғыз баланың кенеттен келген ауыр қазасын көтере алмады. Өмірінде бір рет, ең болмаса, ел секілді демалыс алып, курортқа бармаған ол, жұмыс-жұмыс деп жүріп, бір-ақ күнде миынан инсульт алып, Астана қаласындағы ауруханада он тоғыз күн комада жатып, көз жұмды. Сол он тоғыз күнде күйеуі пәленбай жыл отасқан сүйген жарының жағдайын білуге бір рет те болса ат ізін салған жоқ.
О.., бір кем дүние-ай, десеңізші!.. Бұл әңгіменің ары қарайғы жалғасын айтпасам да болады.
Айтайын дегенім, оныншы емес, жүзінші ұрпағыңның қандай болатынын бабаларымыз дәл болжаған ғой. Солардың бәрі де ертеңгі болашақты дүниемен, ақшамен емес, рухани байлықпен өлшеп барып, таразылап айтқан екен. Кун-цзы (Конфуций) деген данышпанның мына сөзі де осыған саяды: «Ұрпақтан – ұрпаққа, әкеден – балаға не қалып жатқанын дәл білсем, оныншы емес, жүзінші ұрпаққа да не қалатынын дәл болжап біліп, айтып берер едім» депті ол.
Құдиярбек АҒЫБАЕВ