Құдиярбек АҒЫБАЕВ
РУХАНИЯТ
ӨМІР САБАҚТАРЫ
(Эссе)
1970 жылы Каз МУ-дің журналистика факультетінің дайындық бөліміне түсіп, келер жылы бірінші курсқа іліктім. Қазақ радиосының «Ұшқын» студент-жастар бағдарламасына «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей, күн сайын боратып хат жазатынмын. Бұл еңбегім зая кетпесе керек, бір күні университетте лекция өтіп жатқанда Бибігүл Матенова деген қыз жақсы хабар жеткізді.
– «Ұшқын» редакциясындағы ағайлар сенімен танысқылары келеді екен, – деді ол. Жүректегі жастық желпініспен сол жылы Қазақ радииосының табалдырығын аттадым. Әнуарбек Байжанбаев, Абай Өтегенов, Мадрид Рысбеков, Кемелбек Шаматаев, Шаншархан Төрегелдиев, Дүйсенбек Қанатбаев, Дінәш Нұрмұханбетов секілді аттары қазақ эфирінен «жер жарған» ағаларыммен бірден «қоян-қолтық» аралас-құралас боп кетем деген өңім түгілі түсіме де кірген жоқ. Бірінші курста оқып жүргенде Кемелбек ағаның жетекшілігімен студент-жастарға арналған «Гүлдәурен» радиожурналына (авторлық бағдарлама) редактор болып бекітілдім. Бұл –менің болашағымды түгелдей жаңа бағытқа бұрып, үлкен армандарға жол ашқан оқиға болды. Алматының жоғары оқу орындарындағы студент-жастармен тікелей әрі тығыз байланыс құрдық. Республиканың түкпір-түкпірінен күнде «қапшықтап» хат аламыз. Оны ретке келтіріп, өңдеп, эфирге жаратуда Ермек Әзімбаев, Әуез Бейсебаев, Тілеуқабыл Мыңжасаров, Ғалия Қайдауылова секілді бүгінде есімдері елге таныс құрбы-достарым қол ұшын беріп, көмекке келді. Редакция жұмысына тереңдеп кірісіп кеткенім сонша, оқу, теориялық білім алу жағын әлсіретіп жібергенімді жасыра алмаймын. Топта бірге оқитын Ежұман Смайыл, Айтбай Сейітов сияқты жасы үлкен курстас ағаларым менің оқуды жұмыспен қатар алып жүруіме көп көмегін тигізгендерін айтуым керек.
«Біз де бала болдық, атқа қатар қондық» демекші, бірінші курсты ойдағыдай тәмәмдап, ауылға кәдімгідей, көкірегімізді «жел кернеп», бүгінгіше айтқанда, «жұлдыз ауруымен» ауырып келдік. Кеңес Одағының Батыры, атақты панфиловшы, академик Мәлік Ғабдулин, академиктер Зейнолла Қабдолов, Бейсенбай Кенжебаевтардан дәріс алып, Әнуарбек Байжанбаевтай ағамызбен күнде қол қысысып амандасып, бірге қызмет істеп жүрсең, қалайша басыңды көкке көтермеске. «Жеке кісіні де, қоғамды да алға жетелейтін – амбиция» дегенді оқып едім, бір кітаптан. Сол сөздің растығына мен, осылайша, бірінші курста оқып жүргенде, буыным толық қатпай жатып-ақ көз жеткізе бастадым.
Радио – ауыл мен қаланың арасын жалғап тұратын бірден бір ақпарат құралы еді ол кезде. Ауылға келсем танитын жұрттың бәрі менен алдымен, Әнуарбек Байжанбаевты, басқа да есімдері эфирден күнде аталып жататын аға-апаларымызды сұрайды. Бір рет Рейхстагқа ту тіккен батыр ағамыз Рахымжан Қошқарбаевпен жүргізген шағын сұхбатымды тыңдап қалған бір көршіміз қой сойып, қонақ етіп, бала деместен үйінің төріне қолтықтап көтеріп отырғызғаны бар.
Осының барлығын сырттай бақылап жүрген әкем Молдабайдың маған сыр бергісі келмейтінін байқасам да іштей қуанышында шек жоқ екенін сеземін. Әйтсе де, «қар қанша жауса да, жазға жетпейді» демекші, әкемнің ыстық ықыласына ие болу оңайға түспейтіні ап-анық. Кейде, ол кісімен үнсіз отырып қалатын сәттеріміздің өзінде біздердің бір-бірлерімізге ештеңені де түсіндіріп жатудың қажеті болмай қалатынын білдіретін кездері де болады. Адам өмірі деген қызық қой! «Құдай бар болса – ол сенің әкең» деген қағиданы кішкентайымыздан санамызға сіңіріп өскен баламыз. Анам өте ерте көз жұмғаннан кейін шығар, әің де, шешенің де орнында бір ғана арқа сүйер боп қалған адам, осы кісі еді.
Мен өз өмірімде кездесетін шешімін табуға тиісті нәрсе болса бірінші боп өзім қадам жасауды әкемнен үйрендім. Сол үшін де әкеме өмір бойы қарыздармын. Мәселен, мен үйде жалғыз жүріп, оның үстіне бірнеше ананың арасында тәрбиеленген соң, көбіне томаға тұйық боп, іштей өз ойыммен арпалысып өстім. Менің жан дүниемде не болып жатқанын менен басқа кім түсінер деп ойлаушы едім. Осындайда, әкемнің шынайы келбеті, өткір де қара қылды қақ жарып айтатын сөздері, бір нәрсені айтса жеріне жеткізіп түсіндіретіні, өтірік пен жалғандыққа, жағымпаздыққа жаны төзбейтін мінезі маған көмекке келетін. «Арманың – есектің арманындай шолақ болмасын!» дейтін. Шынымды айтар болсам, ол маған еш нәрсені де арнайы қалыпқа салып үйреткен жоқ. Ешкімнің баласын да саусағымен көрсетіп, «соған ұқсамадың» деп мысал еткен де емес. Қайта өз бетіңше өмір сүр, қалай өмір сүргің келсе, солай өмір сүр, тек қана, алған қателігіңнен қорытынды шығар. Қателіктеріңді қайталаушы болма. Жан-жағыңда ылғи да, сені жақсы көретін адамдар ғана жүретін болсын. Солардың өмір сүру салтына бейімдел. Қиындықты, жақсы мен жаманды солармен бірге бөлісуге қашанда дайын бол. Өзіңе толықтай сеніп тапсырылған еркіндікті асқан жауапкершілікпен пайдалансаң ғана іздеген мұратыңа, шындыққа жетесің», деп үйретті.
Кейін есейе бастаған шағымда мен де жұрт секілді өмірден талай мәрте қателіктер жібердім. Бірақ, әкемнің жастайымнан қалай өмір сүргің келсе солай өмір сүруге еркіндігімді бере отырып, асқан жауапкершілікті де талап еткенін, өз қатемді өз мойныммен көтеруге ерте бастан тәрбиелеуі менің көптеген тығырықтан өз бетіммен әрекет жасап шығуыма көмектесті.
Бұл – менің жастайымнан алған өмір сабағым еді.
Құдиярбек АҒЫБАЕВ
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.