Көшпелі отбасылық қағидаларындағы әдеттік құқықтағы ажырасу мәселесі

Заң ғылымдарының кандидаты,

доцент Оңғарбай Қазиев

Көшпелі отбасылық қағидаларындағы әдеттік құқықтағы ажырасу мәселесі

 

 

Ажырасу дегеніміз – некенің тоқтатылуы. Неке бұзылған соң, ажырасқандар өзара жат болып саналады. Еріне қайтып қосылу үшін әйел басқа тұрмысқа шығып, одан заңды түрде ажырасуы шарт. Сондықтан адал некені бұзудан ерекше сақтанып, әбден ойланып-толғанып барып шешкен жөн. Алла өзі рұқсат еткенімен, оған ұнамсыз көрінетін істің бәрі де осы неке бұзу. Шариатта некені бұзу рәсімі өте күрделі. Оның үдесінен шыға беруге әркімнің шыдамы жетпейді. Сол себепті қазіргі мұсылман елдерінде неке бұзылу өте сирек кездеседі. Бұрын қазақта  да солай болған. „Қайтып келген қыз жаман, қайтып шапқан жау жаман“,-деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған. Өйткені, бұрыңғы кезде неке бұзылу нәтижесінде екі рулы ел өзара қырғи-қабақ болып, жесір дауы өрбіген.

Шариат заңы некені бұзуды мәкруһ ретінде қарайды. Сол үшін де неке бұзылмайтын әрекеттерді қарастырады. Мысалы, ері әйеліне бір қатал шарт қойып, ол орындалмаса, соның нәтижесінде некенің бұзылуына дейін барса, ондайда ажырасу жолын іздейді. Түсінікті болу үшін мысал келтірейік. Ері әйеліне:  “Сен пәлен жерге баратын болсаң, сені талақ етемін, онда өзіңді ажырасқан есебінде санай бер”, – деп талап қойса, айталық, иран әйелі күйеуінің рұқсатынсыз үйінен шығып, небәрі жиырма метр жерде орналасқан дүкенге барып нан сатып әкеле алмайды. Аш болса болсын, бірақ ерінің рұқсатынсыз бұлай жасауы харам нәрсе бірақ әйелі ерін тыңдамай кете берсе, мұндай жағдайда неке бұзылады. Ал, неке бұзылса, әйелдің басы бос, өз еріне оп-оңай қайтып қосылуға хұқы болмай қалады. Еріне келіп қосылу үшін басқа бір еркекке әуелі тұрмысқа шығып, одан ажырасуы әрі ажырасқан соң мерзімін өткеруі керек. Енді еріне қайтып оралса, жаңадан өкіл әке, екі еркек куә қатысуға міндетті.

Біз бұл арада некені бұзу (яғни, шариат арқылы шешу) мен ажырасу мәнін жете түсінуіміз шарт. Некені бұзу еркіне ері де, әйелі де ие. Әйел хұқы аяққа басылмауына шариат ерекше мән береді. Некені бұзу мен ажырасу арасында айырмашылықтар бар. Неке бұзу нәтижелерін жоғарыда айттық. Ал, ажырасуда одан жеңілірек жолдар бар. Неке қиылғаннан соң, оны бұзу оңайға түспейді. Некені бұзуға қойылатын біртұтас талаптарды орындау ескеріледі. Мысалы, отбасын аман сақтау, балаларды жетім етпеу, туысқандық-жекжаттық арасын суытпау, т.б. Екі жаққа ойлануға мүмкіндік беріледі. Үй болған соң кесе-шәйнек сылдырламай тұрмайды. Бұл жалғанда төрт құбылаң үнемі түгел болып, бәрі де ойдағыдай шыға бермейді. Осының кесірінен отбасында айқай-шу, ұрыс-керіс тууы мүмкін. Сол үшін некені бұзатын жағдайлардан әрдайым аулақ болған дұрыс. Олай болмағанда, әйел мен ердің ажырасуына алып баратын жәйттерді терең түсінбей не мән бермей бірге тұра беру де арам, зор күнәға саналады.

Ажырасуда үшке дейін қайтымды ажырасу болады. Ол жайлы Құранда (2:230):

“Қайтымды ажырасуда екі ретке дейін жариялауға болады. Осы мерзім ішінде, өзара татуласуды қаласа, әлбетте, ер мен әйел бір бітімге келсе, онда жарияланған қайтымды талақ  күшін жояды.  Егер ері жарасуды қаласа әйелін қайта алуға хұқы бар. Ал, үшіншісінде әйелдеріңді намысына тимей, жақсы сөзбен шығарып салыңдар…“- делінген. Сол секілді (2:231):

“Ері үшінші рет ажырасса, онда қайта қосылуларына болмайды. Әйелі бөгде ерге тұрмысқа шығып, онан ажырасқан соң ғана заңды түрде қосылуға болады. Осылай қосылу, бір-біріне қайтып оралу күнә емес, тек Алланың қойған шектерін сақтаулары тиіс. Ақылға келетін адамдарға Алланың қойған шектері осындай”,- делінген.

Тағы да (2:232):

“Сендер әйелдеріңмен ажырасқаннан соң, ажырасу мерзімі аяқталғанда лайықты түрде, әдеппен шығарып салыңдар; заңсыз жолмен оларды ұстамаңдар, өйткені бұлай етушілер тура жолдан шыққандар болып саналады. Алланың парызын ойыншыққа айналдырмаңдар, әрдайым Алланың сендерге деген мейірі жіберген қасиетті кітаптары жайлы естеріңде тұтыңдар. Алладан қорқыңдар, Ол бәрін жақсы білетінін ескеріңдер”,- делінген.

Тағы да (2:233):

“Әйелдеріңмен ажырасып, оны күту мерзімі (күту мерзімі – 3 ай тазалану) жеткеннен соң, егер өзара келісіп бірге тұрғысы келген болса бөгде адаммен әйелінің қосылуына кедергі келтірмеңдер. Бұл нұсқау-қиямет күніне, жалғыз Аллаға сенушілер үшін. Алла сендердің пәктіктерің мен қайырымдылықтарыңды түгел біледі, ал сендер білмейсіңдер”,- делінген.

Екі ретке дейін ажырасқандар өзара келісіп, бір-бірімен қайтып табысуларына жол ашық. Бірақ үшінші рет қайтып қосылуларына болмайды. Мұндай үш рет ажырасып, қайта қосыламын дегендер табылса, төмендегідей ережелерді сақтаулары тиіс.

1.Бірінші ерінен ажырасқаннан кейін “идда” мерзімі өтуі

2.Әйел бөгде еркекпен некеге тұруы

3.Кейінгі жаңа ерімен етек қатынас жасауы

4.Екінші ерімен заңды түрде ажырасуы

5.Екінші ерінен ажырасқаннан кейін “идда” мерзімі өтуі. Содан кейін ғана бастапқы еріне, онда да “өкіл әкеге” екі ері адам куә болып, некелесіп қосыла алады.

Ажырасудың үш түрі бар:

1.Сунна – ажырасуға ниеті бар адам әйеліне етеккірі кетіп, тазаланған соң етек қатынасын жасамаған жағдайда;

2.Бидьий немесе арам ажырасуға ниеті бар адам әйелінің етеккірі келіп жүргенде, не босанғаннан соң тазаланып бітпегенінде, не болмаса етеккірі кетіп тазаланғанымен жыныстық қарым-қатынас жасалса;

3.Сунна да, бидьий да емес түрі-ажырасуға ниеті бар адам әйелімен екіқабат кезінде ажырасса, не әйелі бедеу болса, немесе кәмелетке жетпеген болса, не жыныстық қатынас жасамаған болса.

Ажырасу 1,2,3 рет айтылуы мүмкін. Талақты  тек еркек адам  айтуға құқықты. Бірден үш рет ері тарапынан “талақ” (ажырасу) айтылса, онда ерлі-зайыптылар ажырасады. “Талақты” ері әйеліне мас кезінде, қатты ашу кезінде айтса, ол есепке алынбайды.

Қасиетті Құранда (2:229): “Кімде-кім әйелімен бір не екі рет ажырасса, идда мерзімі біткенше қайтара алады. Не болмаса шариат қағидаларын сақтай отырып жібере алады”,-делінген. Мұндай ажырасу кезінде идда мерзімі өтпей-ақ әйелін қайтарып алуға ері ерікті. Бұл кезде қасында куәлар болуы керек. Ал, идда мерзімі өткеннен соң әйелі қайтып оралса, онда тағы да некесі қиылуы тиіс.

Идда – ері өлген не ерінен ажырасқан әйел қайталап ерге шығуға тыйым салынған уақыт. Сөйтіп, идданы екі топтағы әйелдер: бірі-ері өлген, екіншісі-ажырасқанда не қайтымды ажырасудағы әйелдер сақтайды.

Ері өлген әйел екіқабат болса, онда босанғанша идда мерзімін сақтайды. Ал екіқабат болмаса, онда 4 ай, 10 күн идда мерзімін ұстанады.

Егер ер мен әйел үйленген тұсында бір-бірімен жыныстық қатынастар жасалмаған болса, идда мерзімін сақтамайды. Етек кірі келмейтін әйел (жасы келген) 3 ай идда мерзімін сақтайды.

Құранда (2:235):

“Егер біреулеріңіз өліп, арттарыңда әйелдерің қалса, олар 4 ай 10 күн күтуі керек. Осы мерзімнен соң олар  басқамен үйлену үшін киініп, түзелуіне не істесе де лайықты, ол күнәға жазылмайды. Сендердің не істегендерің Аллаға аян”,-делінген.

Тағы да (2:241):

“Егер біреулеріңіз өліп, арттарыңда әйелдерің қалса, оларға бір жыл бойына жететін күнкөріс берулерің керек. Оларды үйден қуып шығуға тыйым салынады. Ал егер өздері кетсе, өздері білсін, сендер талқыға қалмайсыңдар”,- деп жазылған.

Тағы да (68:7-8):

“Оларды идда мерзімінде өздерің тұратын үйде қалдырыңдар, ең жақсы жағдай жасаңдар, оларды қиындықта қалдыру үшін қыспаққа түсірмеңдер. Егер олар екіқабат болса, нәрестеге залал келтірмейтіндей етіп жақсылап бағыңдар. Ал нәрестесі болып оны емізетін болса, онда онымен жақсы қарым-қатынас жасап, кеңесіңдер. Ал нәрестеге қиындық келтіретіндей болса, оны басқа әйелге емізуге беріңдер.

Кім байлық иесі болса, ол байлығын аямасын. Ал дәулеті шектелгендер  де сараңдық жасамай, Алланың бергенін жұмсасын. Алла әркімге өз несібесін береді”,-деп айтылған.

Шариатта: үшке дейін ажырасушы еркек әйелін идда мерзімінде үймен, тамақпен қамтамасыз етуі тиіс. Ал мүлдем ажырасып кетсе де, бәрібір үймен қамтамасыз етеді. Ал әйел екіқабат болса, онда үйге қоса қаржы төлеп тұрады.

Ері өлген әйелге идда мерзімінде жасанып киінуге, сән-салтанатты бұйымдар тағынуға т.б. тыйым салынады. Үйден бет алды шығуына да болмайды. Бірақ, басқа ер адамды қабылдап, сөйлесуіне рұқсат, тек онымен оңаша жеке қалуына тыйым салынады[1, 20-28 б.б].

Мына жәйттар некелесуге кедергі келтіреді:

– жақын туыстық, дінсіздік, емшектестік, әйел саны бір мөлшерден асуы, сүйек жақындық;

  • 7 атаға дейін қазақтар бір атаның баласы есептелініп, туысқан болып табылады, өзара қыз беріп, қыз алысуға тыйым салынады. Мұндай қағида әлем халықтары ішінде қазақтарда ғана бар;
  • қазақтар діні басқаға қыздарын ұзатпайды. Ер жағы үйлене береді;
  • емшектес деп бір анадан емген басқа ру баласын айтады. Бір анадан емгендер туыстас болғанымен, өзара үйленбейді. Сондықтан да туған құдағиларына немесе қайын енелеріне үйленуге тыйым салынады. Сол секілді бірден апалы-сіңілі қызға да үйленуге рұқсат етілмейді; Ежелден әйелді босандырып, сәбидің кіндігін кескен адам кіндік шеше атанған. «Кіндік шеше-дегеніміз сонау ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр». Оған қатысты түрлі жөн-жораалғылар бар. Шариғи тұрғыдан бұрынан жақын туыстығы жоқ кіндік шеше мен бала туысқан болып есептелмейді. Алда-жалда бала есейіп, кіндік шешесінің қызын айттырып жатса, діни тұрғыдан шариғатқа теріс келмейтін дәстүрлер ағаттық болмайды.

– неке қиылмай бірге жатуға рұқсат етілмейді.

Неке қиылып ерлі-зайыпты болғандарға міндеттер жүктеледі. Ол:

– ері әйелін киім-кешекпен, күнкөріспен, тұрғын жаймен қамтамасыз етуі тиіс.;

– әйелі ерінің әмірін екі етпей, үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысуы тиіс. Әйел ерінің рұқсатынсыз келісім жасай алмайды[2, 350 б].

Некенің бұзылуы мына жағдайларда жүзеге асады:

  • ері 4 жыл бойы хабар-ошарсыз кеткенде;
  • мұсылман дінінен безіп, басқа дінге өткенде;
  • үйленген соң кемшіліктері (ақыл-есі кем, белі жоқ, жаман ауру, т.б.) анықталса;
  • неке заңсыз қиылса;
  • ерлі-зайыптылардың бірі өлгенде;

Әйел босанған соң  40 күнге дейін, етеккірі тазарғанша, ерлермен жақындаспаған.

Ерлі-зайыптылар өз міндеттерін орындамағанда, өзара ренжісіп қалған жағдайда ауыл ақсақалдары араласып талқыға салады. Лажы болса отбасын ажыратпау жағы көзделеді. Тіпті болмағандары сол арада ері үш рет талақ айтып ажырасады[3, 194 б].

Қазақ қауымында ежелден бері қалыптасқан әдет-ғұрып бойынша ері қаншалықты жаман, ынжық, тіпті, кемтар не өте кәрі болған күнде одан әйелдің айырылысуға қақысы жоқ. Өйткені кезінде қалыңмалын толық төлеп, молдаға некесін қидырып  алған соң, әйел оның меншігі болып есептеледі де, кімге арыз етпесін, қолдау таппайтын.

Дегенмен көшпелі өмірде әйел тарапынан күйеуінен ажырасу үшін қойылатын талаптардың міндетті түрде орындалатын түрі де болатын. Біріншіден, жас әйелдің күйеуі өзінің күйеулік міндетін орындауға дәрменсіз, кем қуат болған жағдайда, күйеудің мұндай дәрменсіздігі куәлар алдында сарапқа салынып дәлелденсе, онда әйелі балаларды жолдан тапқан болып есептеледі. Күйеуі балаларын әйеліне бермей алып қалғысы келсе, екі адамды куәға тартып, балалардың әкесі өзі екенін дәлелдеуі керек. Өйтіп дәлелдей алмаса балалар шешесіне еріп кетеді. Егер белінен айырылған еркек әйелімен ажырасуға келіспей емделуге мұрсат сұраса, оған бір жыл мұрсат беріледі, егер осы уақыт ішіде оған ем қонбаса, онда әйелдің басқа біреуге жар болуына жол ашылып, төленген қалыңмал кері қайтарылады. Билер алдында, әйелдің талабы орындалады[4, С.59; С.235]. Екіншіден, күйеуі 10-12 жасар бала болып, әйелі (әмеңгерлік әдетпен қосқан жесір жеңгесі) 25-30, тіпті 40 жаста болса, немесе баласы тым жас бай адамдар кедейдің бойжеткен қызын қолқанат ету үшін қалыңын беріп “қол бала” етіп кіргізіп алған жағдайда (әйелдер жас баланың ержетуін күтсе әбден қартайып, өмірден еш қызық көрмей өту қаупінен сескенуден) билер кеңесі мұндай әйел талабын қолдайтын[5, С.1]. Үшіншіден күйеуі әйелін жазықсыз жәбірлеп, ұрып-соға берсе, әйел ең алдымен ата-енесіне айтады. Бұл нәтиже бермесе, беделді туысқандарына шағым береді. Одан да нәтиже шықпаса, төркініне хабарлап, олар өз тарапынан құдасының алдынан өтеді. Содыр күйеу бұғанда құлақ аспай, жазықсыз әйелін жәбірлеуді үдете түскен жағдайда әйел төркіні билер алдына жүгінісіп, теңдік алуға мүмкіндігі болады[6, С.347].

Егер әйел күйеуінен немесе оның басқа әйелінен көрген қысымына шыдамай қашып кетсе, онда еркекке қатаң ескерту жасалады, егер бұндай жағдай үш мәрте қайталанса, онда еркек әйелінен де, оның жасауынан да айырылады. Күйеуінің қырын қарауына әйелдің өзі жазықты болса, онда әйелге күйеуіне мырзам деп бағынып, барлық бабын жасауы керектігі жөнінде айтылып, қатаң ескерту жасалады. Әйелі күйеуінің адалдығына күмән келтіріп, оның өзімен ерлі-зайыптық қатынаста болмайтынын айтып айыптаса және еркектің үйіне қонбайтыны шынымен анықталса, онда еркектің әйел, балашағасынан, әйелінің жасау-жабдығы, еншісінен айрылып қалуы мүмкін. Бірақ көбіне ел ағалары еркекке үш мәрте ескерту жасаумен тынады. Әйелдің талабымен ажырасу деген кемде-кем болатын жағдай[7, 64 б]. Бірақ билер шешіміне қай жақ салмақты болса, сол жақтың ықпалы әсер етіп, үкім не әйел, не еркек пайдасына шешілуі де ықтимал.

Егер күйеуінің қатал жазалар қолданылуы әйелінің аздап болса да кінәсіне байланысты болса, онда тіпті әйел басқа біреуге қашып кеткен күннің өзінде билер үкімі бойынша әйелді күйеуіне қайтарып, дүремен жазалайтын да, оны азғырып, айнытушы айып төлейтін[8, С.104].

Күйеуі аз ғана мал-мүлкіне қарамай, оны орынсыз шашып рәсуасын шығарса, әйелінің  де жағдайына қарамаса немесе кедейліктің салдарынан әйелін асырауға шамасы келмесе, күйеу туыстарын неше дүркін ескерткенмен еш нәтиже болмаса, әйел билер алдына барып күйеуінен ажырасуға ерікті болған[9,  С.394].

Әйелдің бұл айтылған себептерден басқа да, яғни шариғат жолымен де некелескен күйеуінен ажырасуына мүмкіндік болатын. Ол некеге тұрғанда некенің ақ адал болуын алдынала әңгімелеп, келісіп алады, осы шарт бұзылғанда ол айрылысуға хақылы. Бұлар негізінен күйеудің әйелге күнкөріс (нафаха) қалдырмай кетіп қалуына байланысты. Әйелін ері бағып-қақпай, асыраудан қашса немесе басқа жаққа кетсе, онда әйелі жері мен мал мүлкінің бір бөлігін сатып пайдалануға хұқылы. Еш күнкөріссіз 6 ай 10 күн хабарсыз қалдырса, немесе 7 жыл із-түссіз жоғалып кетсе, күн-көріс болған күннің өзінде екі кісі куәмен қазилер алдына келіп жоғарыда айтылған шарттардың шындығы туралы ант берсе болды, әйел күйеуінен ажырасуға рұқсат алады[10].

Ал еркектер тарапынан әйелін жазалауға, талақ етуге хақысы-бұл азаматты түсінгісі келмей басынған әйелдерге ғана қолданатын шара болатын. Әйел тастау қазақ арасында көп болмағанымен кездесіп тұратын. Онда да бірнеше себептері болатын. Біріншіден, әйел жеңілдікке салынып, күйеуінің көзіне шөп салса, ол жағдай бұлтартпай дәлелденген күнде ол айырылысуға хақылы болатын[11, С.91; С.25]. Зина үшін әйелдің күнәсі еркектен зор, себебі ол өзінің арсыз қылығымен еркекті зинаға итермелейді. Бұл тұрғысында Құранда Аллаға, қиямет күніне сенетін болсаңдар зинақорларға аяушылық жасамаңдар, олардың жазасы 100 дүре деген, өйткені қоғам отбасынан құралады.  Қазақ халқы сол отбасына қол сұғу не болмаса болашақ ұрпақ таратар адамның ар-ұятына дақ салғанның жазасы тас-боран деген. Сүйекке таңба деп өлтіріп те жіберген, әруақтарды қорламайық деп мазарға да жерлемей бөлек шұңқырға аластатып тастаған. Ертеректе, қазақтың әдет-ғұрып және “Жеті жарғы” заңдары бойынша, ері зина жасап жатқан әйелі мен көңілдесін өлтірсе, құн төлемейтін болса[12, 293 б]. XІX ғ. мұндай жаза қолданылмайтын. Күйеуі  бар әйел көңілдестік үстінде  ұсталса, онда күйеуі оны баладан, жасаудан айырып, қарақан басын төркініне қайтарып, ал оның көңілдесінен ат-тон айыбын талап етуге құқылы. Алайда көбінесе көңілдестерге басқа жаза қолданылады. Екеуін де жартылай жалаңаштап, беттеріне күйе жағып, мойындарына күйген құрым киіз байлап, ел аралатады, бұл жаза – “бетіне күйе жағып, мойнына құрым іліп, ауыл айналдыру” деп аталады. Екіншіден, әйелі үй шаруашылығын басқара алмайтын топас немесе ешкімді сыйлай білмейтін көргенсіздеу болса, куәлер арқылы дәлелдеуі керек. Және әйелін төркініне құр қол қайтармай, кем дегенде ат мінгізіп, үйінен әкелген жасауын түгел беріп төркініне апарып салатын.

Ажырасу кезінде күйеуі әйеліне қарғыс айтып, өз балаларының әкесі екендігіне күмәнданып, мойындамай қазыға жүгінсе. Қазы Шариғат заңына сүйеніп, баланың әкесі “бөтен” екенін дәлелдеп, бәтуа шығарса, ерлі-зайыптылар біржола ажырасады да, “бөтеннен” туған бала анасының қолында қалады.  Әйелдің екі немесе үш адамды куәға тартып ақталуға еркі бар, ондай жағдайда куәлар да, әйелдің өзі де құдай алдында ант-су ішулері керек[13, 25 б].

Әйелімен  ажырамауы үшін еркек ешкімнің алдына барып жүгінбейді, шын мәнісінде ажырасқысы келген еркек алақанымен тас уыстап екі қолын төбесіне қойып куәлар алдында “талақ еттім” деп үш рет қайталаса болды, олардың арасыдағы некелестік қатынас дереу үзілу керек те, ажырасу актысы аяқталған боп саналады. “Талақ еттім” деу ислам дінінің шариғатына байланысты қалыптасса, төбесіне тас уыстаған екі қолын қою “тәңір алдында шын пейіліммен сенен безетіндігімді айтып отырмын” деген пиғылын білдіру ишараты, яғни тәңір алдында әйелін тастайтындығына берген анты сияқты. Мұндай әйелге әмеңгерлік, “Ерден кетсе де елден кетпейді” делінетін заңдылықтар істетілмейді. Егер осылай “талақ” айтып ант ішсе, содан кейін бір-біріне қайта қосылса олардан пайда болған баланы “зина” жолымен тапқан болады.

Күйеуі әйелін талақ тастамай, екі өзара келісімге келіп ажырасса, 3 ай, 10 күн өткеннен кейін қайта жарасуларына болады. Тек некелерін қайта қидыруға тиіс.

Сондай-ақ, еркек әйеліне бір немесе екі рет қана “талақ” айтса, онда қайта қосылуларына болады. Ол үшін талақ болған әйел сырт көз үшін басқа біреумен некелесіп, үш күн бірге тұруы керек, бірақ онымен ерлі-зайыптылық қатынас жасамайды. Үш күн өткеннен кейін әйел жалған күйуінен “талақхат” алып ажырасады да, бұрыңғы күйеуімен қайта некелеседі.

Кейбір газет материалдары Н.И.Гродеков жазбаларындағы ажырасу процестерінен алынған деректерді беріп отырды: “1870 жылы Қаракөл болыстығының №4  ауылының қазағы Ташмұхамед Бибітов Алпысбай Таңатовтың қызы Софияға үйленіп, Софияның соқыр болып қалуы себепті ажырасуға талап арыз жазады. Би Достан Аманов шешімі бойынша ажырасу қағазы беріліп, әйелден күйеуіне шапан мен жылқы өндіріледі”. “1898 жылы Қурамин уезінде өткен 4-ші билер сьезінде Жалаңтөбе болыстығының әйелі Тәжігүл Матықованың Піскен болыстығының  қазағы күйеуі Жұмабайдың жынды болуына байланысты ажырасу талап арызын қарап, Тәжігүлден Жұмабайға 30 сом өндіріліп, ажырасу қағазы беріледі”[14, С.129-132; С.320]. Осы мәліметтердің өзі-ақ қазақ қоғамында ерлі-зайыптылардың ажырасуы процесі күрделі болғандығын көрсетеді. Дегенмен ажырасуға тілек білдіру еркектердің ерікті ісі болды.  “Талақ” сөзді бірден, бір мезгілде, қатарынан үш рет айтуға болмайды, әрі әбден ойланып-толғанып, кесіп-пішіп барып айтуды міндеттейді. Ашу үстінде, мас кезінде айтылған талақ заңсыз[15, 47 б].

Ал, Абай Құнанбаевтың өзі қатысқан 1885 жылғы Шар билер сьезінде некелік дауларға көңіл аударып, некенің бұзылуына қатысты мынандай қағидалар бекіткен: “Егер де біреу қызды некелесіп алса, біреуге малға сатпасын, талақ қағаз беріп ықтиярынша қоя берсін, егер де қатынын малға сатса, сатып алған малын қайтарып, ат, шапан жазасын берсін“ делінген[16, №48].

Яғни, мұнда некенің бұзылуы туралы норма бекітілген. Некенің бұзылуы турасында Ж.Ақбаевтың мына бір  жазбасын келтіре кеткен жөн сияқты. Онда: “Ажырасқан кезде үстем адам ері болып табылады, ол өз әйелін кез келген уақытта тастап кете алады. Әйелінен ажырасқан еркек жөнінде қазақтар ол әйелін талақ етті… басқаша айтқанда, оны бейшара және жалғыздық күнін кешетін мәңгілік бақытсыз етті дейді”[17, №10].

И.А.Козловтың 1882 жылы жазылған “Қазақтардың дәстүрлік заңдары” деп аталатын мақаласында некенің бұзылуына тоқталады: “…Ерлі-зайыптылар ажырасқанда немесе екеудің біреуі өлгенде неке бұзылады.

Ажырасу көбіне екі жақтың келісімен болады:

а) күйеуі әйелінің басқа адамға күйеуге шығуына рұқсат еткен жағдайда, екінші күйеуден қалың мал талап етуге құқылы.

Ескертпе: Бұндай жағдайда, яки әйел бір еркектен екінші еркекке кеткенде, бірінші күйеуі талақ хат немесе талақ қағаз беруі керек. Егер әйел төркініне кетсе, онда әйелдің әкесі бұрыңғы күйеу баласына қалың малдың 1/2 бөлігін қайтарады, ал қалған 1/2 бөлігін қызы екінші рет күйеуге шыққанда қайтаруға міндетті;

ә) күйеуі әйеліне талақ хатты ақысыз бермейді, кейде талақ хаттың ақысына оның жасауын алып қалады;

б) кейде әйелімен тұрғысы келмеген еркек оны басқа еркекке толық қалың малын алып береді;

в) қалың малы төленбей, күйеуге шыққан әйел қалған уақытында күйеуін тастауға құқылы;

Ескертпе: Ажырасу әйелдің талабымен болған жағдайда, оған 10 күннен 30 күнге дейін мұрсат беріледі. Егер әйел осы уақыттың ішінде басқа еркекке тимесе, онда бұрыңғы күйеуімен қалады.

г) ерлі-зайыптылар балиғатқа толмаса;

Ескертпе: Белгілі себептермен күйеуінен кеткен әйел екінші рет күйеуге шықса, онда екінші күйеуі оның бұрыңғы күйеуіне қалың мал төлеуге тиіс, жасауын әйел өзімен бірге әкетеді”[18, 34 б].

Ерлі-зайыптылар қандай себеппен ажырасса да, балалар әкеде қалатын.  Тек кейбір жағдайда ғана кәмелетке толғанша, емшектегі жас нәрестені  шешесімен жіберетін. Ұл бала есі кіріп, өз бетінше ішіп-жей алатын, ешкімнің көмегінсіз киініп-шешіне алатын, әжетін өтей алатын жасқа, шамамен, 7-9 жасқа келгенде ғана әкесіне беріледі. Себебі, баланың жағдайын жасап, ішер-жемімен қамтамасыз ету, оны бағып-қағу-жалпылай алғанда әкенің міндеті. Оның үстіне, есі кірген ұл бала  ер кісінің тәрбиесіне зәру. Қыз бала бой жеткенге дейін анасының қасында қалғаны дұрыс. Бұл-ханафи  мәзһабы бойынша үкім. Ал мәлики мәзһабаның негізін қалаушы Имам Мәлік «Ұл бала балиғат жасқа дейін анасының қасында қалады» десе, Имам Шафиғи (р.а.) «Жеті жасқа толған бала кіммен қалғысы келсе де өз ықтиярында. Қаласа, анасымен, қаласа, әкесімен қалады. Бірін таңдап алып, кейін шешімін өзгертемін десе де өзі біледі» деп бұл мәселенің басқа да қырын алға тартады. Егер әйел бала көтермеген болса, ері онымен ажыраса алмайды, тек екінші рет үйленуіне рұқсат етілген. Ал, мал-мүлік жағына келсек: әйелін күйеуі тастаса киім-кешек, төсек-орын, мінер ат, көш көлігі, т.б жасаумен келген дүниесі өзіне беріледі, қалыңмал қайтарылмайды; күйеуін әйелі тастап кеткен уақытта ештеңе берілмейді де, қалыңның қайтарылуын талап етеді; әйелдің кетуіне күйеудің өзі кінәлі болған жағдайда әйел өз дүниесін алғанмен, қалың қайтарылмайды.

Көшпелі отбасылық қағидаларындағы әйелдің дәрежесінің төмендігі құқы бойынша қазақ әйелдерінің билер алдына жеке өз басының мәселесі болмаса, басқа іс туралы баруға қақысы жоқ болатын. Би алдына куәлік беруге, ант ішіп, жан беруге әдет бойынша әйел жіберілмейді. Ал шариат заңы бойынша тіпті қажет боп қалған уақытта әйелге ерлер киімін кигізіп, одан ант қабылдауға рұқсат берілетін көрінеді[19, С.95]. Бұл жердегі мәселе күнәлі адамға әділ үкім шығару керектігі, айтылады. Бұның өзі Оңтүстік  Қазақстанға  ғана  тән  болған.

Сөйтіп, қазақ қауымындағы  патриархалды-феодалдық қарым-қатынастың салдарымен ислам дінінің әсеріне байланысты әйел атаулыны төмен санап, оларға күйеуі мен билер тарапынан тәкаппарлықпен қарау орын алды. Әсіресе әйелдерге талап күшті болды. Әйелдердің ажырасу жөнінде ниет білдіруге құқы болмады. Ол тек еркектердің еркіндегі іс болды.

Абай өз шығармаларында қазақ әйелін бостандық пен теңдікке жеткізуге кедергі жасайтын әдет-ғұрыптар мен институтарды қатаң сынға алды. Оның ойынша, әйелді рухани қамауда ұстап, құқын аяққа таптау ескіліктің сарқыншағы, өркениетті ел санатына қосылу үшін міндетті түрде арылатын ең басты кемшіліктердің бірі ретінде танылады.

Міне, осы жағдайларды ескере отырып, Абай қазақтың некелік әдеттік құқығына біршама реформаторлық өзгерістер енгізе отырып, ерлі-зайыптылардың некеден ажырасу туралы мәселелерінде де  орасан зор көңіл бөлді. Бұрын іс жүзінде пайдаланып келген әдеттік құқық нормалары некенің бұзылуына әртүрлі негіздерді пайдаланған болатын. Осыған байланысты қазақ қоғамында әр жердің билері өздері әділ сот атқарған аймақта жергілікті әдеттегі құқық нормаларын қолданып отырған. Соның нәтижесінде некені бұзу себептері  мен оның негіздері сот практикасында кеңейтіліп қолданылып, көп жағдайда заңсыздыққа жол берілген еді. Революцияға дейінгі қазақ қоғамының оңтүстік аймақтарында ерлі-зайыптылардың ажырасу процесі қазақтың әдеттегі құқық жүйесі-негізінде емес, керісінше шариғат шарттары арқылы шешіліп отырады. Осындай жағымсыз қимыл-әрекеттерді байқаған Абай неке бұзылуының негізін өзі жазған ереженің нормаларында бір жүйеге салу мақсатын көздеді. Ереженің 42-бабын Абай мынадай мағанада бекітеді: “Қазақ салт-дәстүрі бойынша күйеуінен әйелін ажыратуға болады. Күйеуі белсіз немесе жыныс мүшесі ауруға шалдықса, ондай жағдайлары болмаса да күйеуінің келісімімен ажыраса алады”[20, 29 б]. Осы норманың екінші тармағында Абай әйелі мен күйеуінің арасының жас мөлшерімен шектелуін енгізеді. Құда түскен қалыңдық пен күйеу жігіттің де ажырасуы мүмкін. Егер күйеуі қыздан жиырма бес жас үлкен, бір мүшесі кем, керісінше қыз күйеуінен тоғыз жас үлкен, кейде күйеуі қалың малын төлей алмаса, денсаулығы сауыға алмастай нашар, жағымсыз қылықтар әшкереленіп, басынан еркі кетсе, әйел мен күйеуді, қалыңдық пен жігітті ажыратуға тура келеді[21]. Бұл баптан ХХ ғасыр қарсаңында қазақтың отбасылық мәдениеті бірталай алға қарай қадам жасағанын көреміз. Бұл да әйелдің тең құқықтыққа ие болуына қарай жасалған реформаторлық қадам деп түсінгеніміз жөн.

Абайдың әйел бостандығына ара тұрып, сол идеяны әлеуметтік практикада заң жүзіне асыру – оның асқан көрегендігінің белгісі еді[22].

 

Пайдаланған әдебиеттер

1.Өсеров Н. Мұсылмандық неке заңдары. Алматы, 1997. 20-28-беттер.

2.Өсеров Н. Шариат. Алматы, 1996. 350 б.

3.Өмірзақов Ө. Ресейге қосылғаннан не ұттық? Алматы, 1999. 194 б.

4.Баллюзек Л. Народные обычаи// Записки Оренб. отд. РГО. Вып. ІІ. Казань, 1871. -С.59; Козлов И. Обычное право киргизов//Памятная книжка Западной Сибири. Омск, 1882.-С.235

  1. Малышев Н. Обычное семейное право киргизов. Ярославль, 1902. -С.1

6.Д’Андре. Описание киргизских обычаев, имеющих в орде силу закона// Материалы по казахскому обычному праву. Сб. І. Алма-Ата, 1948. -С.347.

7.Қожабекова Б. Қазақы неке. Алматы, 1994. 64 б.

8.Малышев Н.Обычное семейное право киргизов. Омск, 1902. -С.104.

9.Козлов И. Обычное семейное право киргизов//Памятная книжка Западной Сибири. Ярославль, 1882.-С.394.

10.Бұл да сонда.

11.Материалы по казахскому обычному праву, собранные чиновниками Оренбургской пограничной комиссии в 1846 году  //Материалы по казахскому обычному праву. Сб. І. Алма-Ата, 1948. -С.91; Баллюзек  Л., Народные обычаи// Записки Оренб. отд. РГО, Вып. ІІ. Казань, 1871. -С.25.

12.Өсеров Н. Шариат. Алматы, 1996. 293-бет.

13.Қожабекова Б. Қазақы неке. Алматы, 1994. 23-бет; Юсуф әл-Кардауи. Ислам қағидалары: Адал мен Арам. Алматы, 2001. 25-бет.

14.Z. Женщина в кочевом быту// ТВ. 1889. № 33. -С.129-132; Гродеков Н.И. Киргизи и каракиргизи Сыр-Дарьинской о области. Т. 1. Юридический быть.Ташкент. 1889. -С.320.

15.Өсеров Н. Қазақ әдет-ғұрып заңдарына шариаттың әсері. Алматы, 1998. 47-бет.

16.Карахалев А. Древний суд биев// Кирг. Степ. Газета. 1888. №48.

17.Ақбаев Ж. Қазақтардың отбасылық-неке қатынастары туралы ойлар// Парасат, 1992. №10.

18.Қожабекова Б. Қазақы неке. Алматы, 1994. 34-бет.

19.Гродеков Н. Киргизы и каракиргизы… Ташкент, 1889. -С.95.

20.Өзбекұлы С. Абай және адам құқы. Алматы, 1995. 29 б.

  1. 21. Бұл да сонда.

22.Бұл да сонда.

Заң ғылымдарының кандидаты, доцент Оңғарбай Қазиев