АДАМ ЖАНЫ – ЖҰМБАҚ

АДАМ ЖАНЫ – ЖҰМБАҚ

«Мінез, құлық – адамның өзінің кейпін көрсететін айнасы», дейді  Гете. Қырық алты жылдан астам уақыт сегіз отбасы аралас-құралас боп, тонның ішкі бауындай демекші, достығымыз жарасып келеді. Алматы мен Астананың қалам ұстаған журналистері түгелге жуық біледі десем қателеспеймін: біздерді «сегіз –  қыран, сегіз – аққу» деп атайды. Солардың ішінде Ержұман Смайыл ағамыз бен Жақан жеңгеміздің алар орны ерекше бөлек.

Мінез дегеннен шығады,  Президент сыйлығының тұңғыш иегері  атанғанда оның үйінде осы қуанышына ортақтасып, кең дастархан басында «сегіз аққу мен сегіз қыран» бас қосқанбыз. Осы қуаныш үстінде Ерағаң сөз бастап: «Абысын тату болса – ас көп» деген, осы аққудай келіндерім бір-бірлерімен  тату-тәтті болып жүрсе,  қырандары ешқайда қалықтап кете қоймас. Мынау, бастарыңа тартқан орамалым болсын», деп, алған Президент сыйлығының жартысын теңдей етіп, келіндеріне өз қолымен үлестіріп бергені есімде. Ал енді, осындай, күнде болмаса да айында немесе аптасында  дәмдес боп  жүрген Ерағаның біз өзіміз танып білмеген беймәлім тұстары да бар десем, сенер ме едіңіз?!

Белгілі қаламгер-журналист Бауыржан Омарұлы ұстазы Ержұман жайында «Ана тілі» газетінде жарияланған «Қатепті қара нар» деген эссе-мақаласында: «Осылай да, осылай, «Сіз туралы мақала жазайын деп едім» деп алдыңызға барсам, менде не шаруаң бар. Басқаларды жазсаңшы! Айналайын, тыныш жүре алмайсың ба, осы?!» деп, дүңк ете қалуыңыз мүмкін. Сондықтан, өзіңізге білдірмей осы дүниені жаздым. Жазбасыма болмады. Кессеңіз, бас, міне…» деп, ағынан ақтарылыпты.

Адам жаны – жұмбақ қой. Сол жұмбақтың шешімін оңай тауып қойсаң, ол адамың қызық болмай қалатыны және бар. Ал енді, таба алмасаң ше?..  Олай болса, қырық бес жылдан астам уақыт бірге жүрген Ержұман Смайыл ағамыздың әлі күнге дейін өзіміз үшін беймәлім боп келе жатқан   бір ғана қырына тоқталайын.

«Дария, егерде, сабырлы боп ағып жатса, оның терең болғаны» дейді, Шекспир деген данышпан. Сол айтқандай, Ерағаңның да өмірінде бір басына жетерлік, жұмыр басты пенденің жүріп  келе жатқан жолы бар. Сонау кеңестік кезеңде туып, Ленин өсиетіне құлақ құрышын қандырып өсті. Мектепте пионер галстугін тақты ма, жоқ па, ол жағын анық білмеймін. Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жүріп, жүзден жүйрікке ғана бұйыратын Лениндік стипендияны иеленді. Комсомол мен партияның бас газеттері «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстанда» ұзақ жылдар бойы  бас редактордың орынбасары, кейін Бас редакторы, Президенті болып та қызмет атқарды.

Ресми жиындардың бәрінде галстуксіз  жүретін Ерағаң биліктің бас кеңсесі Орталық Комитетке де галстук тақпай баратын. Бір қызығы, оны айтасыз, Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты атағын Елбасының қолынан алғанда да, Елбасымен бірге түскен суреттерден Ерағаңның мойнынан галстук тағып алғанын  байқамадық. Тіпті, Елбасының өзі,  Америка сапарында ма, ұшақ ішінде Ержұманнан неге осы үнемі галстуксіз жүретінін, оның себебін сұрапты-мыс деген әңгімелерді де ел аузынан ара-тұра еститінбіз. Әрине, оған Ерағаның не деп жауап бергенін білмейміз. Ержұман Смайыл ондай әңгімелерді ұнатпайды. Әйтеуір, оның галстукті көрсе жақтырмай теріс айналып, қолына ұстамайтынының сырын ешкім білмей-ақ  келеді.

Бүгін осы сауалымызға жауап табармыз деген оймен жаһанданудың технологиялық жарқын жетістігі деп жүрген интернетті ашып жіберіп, галстук деген дүниенің «қашан, қайдан, қалай» пайда болғанына зер салдық. Сөйтсек, галстук дегеніңіздің алғашқы нобайлары ерте замандардан-ақ  бар  екен. Ежелгі мысырлықтар, қытайлықтар да оны мойындарына  таққан. Ол бір елдерде адамның әлеуметтік мәртебесін айқындаса, екінші бір елдерде мойынбау тағып жүру – адамның құлдық статусын  көрсеткен екен. Демек, галстук – о бастан-ақ, биліктің   өзін өзі даралап көрсетуінің немесе басыбайлы құлдық көріністің символына айналған.

Галстуктің бүгінгі заман адамдары үшін жалғыз ғана пайдасы бар: жұмыстан үйіңе шаршап келіп, мойынбауыңды рахаттана шешіп, диванға құлағанда, неден болса да құтылғандай, ауыр жүкті иығыңнан түсіргендей, бойың жеңілденіп қалғандай күй кешесің. Мысалы, арабтар галстуктің орнына бастарына сәлде орап жүреді. Жұрт сән үшін немесе бас киім деп ойлауы мүмкін. Сөйтсек, сәлде де әуелде бас киім үшін емес, пайғамбар заманындағы дін таратушылардың ақирет киіміне арналған ақ матаны өзімен бірге ала жүру үшін басына орап алған нәрсесі  екен.

…Жан-жануарлардың ішінде бостандық пен еркіндікті сүйетін қасиет, тек, көк бөрілерде ерекше дамыған ғой. Олар мойнына қарғыбау салдырмайды, адамның ақылы мен айласына мойынсұнбайды, айдауында жүріп, айтқанына көнбейді. Олай болса, ноқтаға басы сыймайтын Ержұман Смайыл секілді адамдардың да бойындағы өзгеден ерекшелеп тұратын, мойнына мойынбау салдырғызбайтын мінезі – оның дара да, туабітті ерекше қасиеті болғаны ғой деген ұйғарымға келдік.

 

Құдиярбек  АҒЫБАЕВ